ЛАТЫН — КЕЛЕШЕК КІЛТІ

Елбасы латын әліпбиіне көшу туралы Жарлыққа қол қойды

 %d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b

26 қазан күні Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсы­беков пен Прези­дент Әкімшілігі Басшысының бірінші орын­басары Марат Тәжинді қабылдаған бола­тын. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев латын қар­піне негіз­делген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық шығару қажеттігіне тоқталған еді. Сонда Мемлекет басшысы қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшірудің маңыздылығына назар аударған. Енді, міне, Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан республикасы Президентінің жарлығы

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын

графи­касына көшіру туралы

 Қазақ тілі әліпбиінің кирил­лицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Қоса беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілсін.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрсын;

қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін;

осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдасын.

  1. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақ­стан Республикасы Президентінің Әкімші­лі­гіне жүктелсін.
  2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолда­нысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.  

Астана, Ақорда, 2017 жылғы 26 қазан №569.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы

26 қазандағы №569 Жарлығымен бекітілген

 90b88430428e95f956925b5f4ee5f761

 

Ұлы мақсат жолындағы басты қадам

Жаңғыру жазудан басталады

Ерден ҚАЖЫБЕК,

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламалық мақаласында айтыл­ғалы бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан латын әліпбиі мәселесі әр түрлі пікір-көзқараспен ширатыла келе, түйінін тауып, ресми түрде жаңа бетбұрыс кезеңіне өтті. Бұл – тарихи шешім.

Қазақ еліне құтты болсын айтамын. Осымен үлкен жұмыс аяқталды деп есеп­темеу керек. Керісінше, қат-қабат, қыруар, маңызды жұмыстың басы деп қабылдауы­мыз керек. Келесі жылдан бастап тиянақты іске асыруға кірісеміз. Алда әлі жаңа әліпбидің іске асыру тетіктерін бағдарлау, ғылыми-әдістемелік жоспарын жасау, көпшіліктің кеңесін зерделеу секілді толып жатқан міндеттер тұр. Жұмыс басталды. Латын әліпбиіне көшкенде тіл ережелері қайтадан жасала­ды. Ең бастысы, тіліміздің бүкіл заңдылық­тарын өзінің табиғатына сай жасап шығаруымыз керек.

Зиялы қауым өкілдері, тілшілер қауымы жаңа әліпбидің ережелерін, оқулықтарын, мұғалімдерін дайындау ісіне асықпай, науқандатпай жұмыла кіріскені жөн. Тіл білімі ғылымының заңдылықтары бойынша олқы тұстарын жетілдіріп, қолға алынуы тиіс маңызды кезеңдерін жүйелеп, тізімін жасап, жоспарлы түрде жұмыс істеуге ғалымдары­мыз әзірлігін осы сәттен бастап кетуі керек. Халықаралық тәжірибені ескеріп, өз тіліміз­дің негізіне сүйене оты­рып, жаңа әліпбимен қазақи, төл дыбыстың заңдылықтарына сәйкестендіріп, бір тілдің табиғи ерекше­лігіне бағындыру оңай шаруа емес. А.Бай­тұрсынов негізін қалап берген жап-жақсы, жан-жақты төл, ғылыми жүйе­мізге оралу­дың мүмкіндігі бұл. Сөзбен емес, білек сыбанып іс-қимыл танытатын кезең келді. Мемлекеттік маңызы зор бұл іргелі мақсатты орындауға Тіл білімі инсти­туты жұмыла кіріседі. Ең бастысы, мемлекеттік тілімізді бүкіл қоғамдық салада еркін қол­да­нылатын дара, негізгі, әрі жұмыстың, әрі қарым-қаты­настың құра­лына айналды­руы­мыз керек. Негізгі мақсат – Қазақстан­дағы әр азамат­тың мемлекеттік тілді жетік білуіне жағдай жа­сау. Өйткені, тіліміз еркін дамыған жағ­дайда Қазақстан тәуелсіздігі тұғырына түседі деп есептейміз. Латын әліпбиін қабыл­дау да осы ұлы мақсат жолындағы басты қадам.

 

Өмірзақ АЙТБАЕВ,

«Қазақ тілі» қоғамының президенті, филология ғылымының докторы, профес­сор, академик

Латын әліпбиі халқымыздың тұтастығы үшін қажет

Бүгін еліміз үшін маңызы зор тари­хи шешім жүзеге асты. Елбасы латын әліп­биіне көшу туралы Жар­лыққа қол қойды. Енді 2025 жылға қарай іс қағаздары, мер­зімді баспасөз, оқулық­тар – бәрі де латын әліпбиімен басы­латын болады. Деген­мен, мен латын әліпбиі әлі талай талқыға түседі деп есеп­теймін. Өйткені, онда әлі де тал­дайтын, талқылайтын мәселелер бар­шы­­лық. Себебі, жаңадан енгізілетін латын әліпбиінде ұлттық тіліміздің заң­дылығының бәрі толық сақталуы тиіс. Сонда ғана бұл жалпы халық қол­даған әліпби болып есептеледі.

Қалай десек те, латын әліпбиі халқы­мыздың ұлттық тұтастығы үшін, бірлігіміз үшін, керек десеңіз, түркі халықтарының тұтастығы үшін ауадай қажет.

Расында халқымыз небір аласапыран замандарда көп қиындық көрді. Араб жазуынан латынға, латыннан кирилли­цаға көшіп жүре тұра халқымыз білімге ұмтылы­сының арқасында ешбір халық­тан қалыс қалған жоқ. Бұл біздің жоға­ры мәдениет­тілігімізді аңғартса керек. Ал бүгін, міне, тәуелсіз елде есімізді жинап, өз жазуы­мызды қалыптасты­руы­мыздың сәті келді. Себебі, оң мен солымызды әбден танып, өткеннің кемші­ліктері мен жетістіктерін  бойы­мызға сіңіріп, нақты шешім жасайтын дәуірге жеттік.

Әліпби мәселесі ұзақ уақыт бойы жан-жақты талқыланды, иі қанды. Елбасы әу бастан-ақ бұл шаруамен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты айналысуы тиіс ескенін айтты. Сол сәттен бастап инсти­тут мамандары бұл мәселемен түбе­гейлі айналысып келді. Латынға көшкен елдердің тәжірибесін зерттеді. Ғылыми тұрғыдан негіздеуге тырысты.

Енді Елбасы қаулысымен бекітілген әліпбиді жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларына жеке пән ретінде оқыта беру керек. Газет-журналдар мен интернет сайт­тардың жартысын жаңа латын әліпбимен шығарып, жұртшы­лықтың көзін үйрете берген абзал. Сонымен бірге, кириллицадан латынға ауыстырып беретін компьютер бағдар­ла­маларын да дайындай беру қажет. Сонда биыл мектепке іліккен бала 2025 жылы мектеп бітіргенде латын жазуына көшуге толық дайын болып шығады.

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті

Апострофпен жазу да, оқу да оңай болмақ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қоғам талқылауына ұсынылған болатын. Енді, міне, күні кеше Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жар­лыққа қол қойды. Бұл әліпби түркі халық­тарының ішіндегі үздік әрі ең қолайлы әліпби. Ұсынылған нұсқа оқуға да, жазуға да ыңғайлы. О баста мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру туралы сөз бол­ғанда, оның бірнеше шарттарға сай келуі ескертілді. Мәселен, «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты. Әліпбидің жаңа нұсқасында бұл бар. Екінші мәселе, әріптердің саны 34-тен аспасын делінді. Бұл шарт та толықтай  орындалды. Үшіншіден, түрік тілінің фун­даменталдық ерекшелігі ескерілсін деген ұсыныс болды. Бұл ережеге де сай келіп тұрмыз. Төртіншіден, техникалық тұрғыдан да көп шығынды қажет етпейтін нұсқа болса деген ұсыныс айтылды. Барлық ком­пьютерлер стандартпен шығады. Қазір интернет, цифрландыру, модернизация заманында өмір сүріп жатырмыз. Мәселе­нің осы қырын да ескеру керек. Ал апост­роф клавиатурада бар. Апострофпен жазу да, оқу да оңай болмақ. Ұлттық, өзімізге тән дыбыстарымыз апостроф арқы­лы көр­сетіледі. Соған орай, жаңа нұсқада барлық ды­быстар қамтылды. Біз бір деммен әліп­бидің жақсы үлгісін таңдадық. Көрші жат­қан өзбек елі әліпбиді төрт рет ауыс­тырды. Алдымен, қабылдады. Кейін қолда­нысқа енгізгенде қосымша өзгертулер жасал­ды. Соңында компьютердің перне тақтасынан шықпайтын әліпбиді қабыл­дады.

Әрине, қоғам болған соң әрбір жаңа­лық жеңіл қабылдана бермейді. Дегенмен, жаңа ұсынылған  нұсқаның артықшылығы көп.

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің мұрағаты Алматы қалалық Мәдениет және архивтер басқарма­сымен мақсат-мүдделерін тоғыстыра оты­рып, латын әліпбиі тақыры­бы бойын­ша «Дөңгелек үстел» басында әңгіме өткізді.

Онда елге белгілі Бейбіт Қойшыбаев, Асқар Жұмаділдаев сынды қоғам қайрат­керлері салиқалы ой-пікірлерін ортаға салды. ҚР Президенті мұраға­тының дирек­торы Борис Жапаров та латын әліпбиінің мемлекет келешегі үшін маңызды екендігін атап өтті. Ал А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі Орын­­тай Жұбаева тіл тақырыбын талайдан бері зерттеп жүрген маман ретінде латын әріптеріне талдау жасап, өткен тарихтан мысалдар алып, тар­қатты.

Алқалы жиында студенттер де бей-жай қалмай, батыл ойларын білдірді. Жас ұрпақ та сөздерін латын әліпбиіне көшудегі мақсатымыз мемлекетіміздің атағын әлемге асыру деп түйіндеді.

Бұл кездесуде, сондай-ақ, айтулы мұра­ғаттағы латын графикасындағы құжаттар ұсынылды. Архив кітапхана­сының қорын­дағы сирек кездесетін кітаптар мен газет-журналдар көрмесі де назар аудартты.

 

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ  ҚАЗАҚТЫ ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕМЕН ҚАУЫШТЫРАДЫ

дейді Медеу ауданына қарасты №5 қалалық клиникалық ауруханадағы латын әліпбиіне көшуге байланысты өткізілген жиынға қатысушылар

Нұржамал  ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Жиынды ашқан аурухананың бас дәрігері Болат Садықов бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып, жұрт­шы­лық арасында түрлі ой-пікір қалып­тастырып жатқан  қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне жан-жақ­ты тоқталып, осы бағыттағы қоғам алдында тұрған ендігі ең басты міндет болып табылатын  Елбасының осы бастамасына  қолдау  көрсету екенді­гін атап өтті.  Қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күші бұқара халық екендігін баса айтқан бас дәрігер әріптестерін осы істе белсенділік танытуға шақыр­ды. Ал жиынға қатысқан Медеу ауда­ны әкімінің орынбасары  Ғани  Май­лыбаев  қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесінің  көкейтестілігіне тоқталды. Қазақ қоғамында қызу талқы­ланып жатқан латын әліпбиіне ауысудың Қазақстан азаматтары үшін   қиындығы мен тиімді тұстарын  атап айтқан аудан әкімінің орынбасары латын тіліне ауысу түркітілдес елдермен қарым-қатынасты, еуропа тілдерін  үйренуді жеңілдетеді. Елбасы атап өткендей латын әліпбиіне көшу бола­шамызға жасалған батыл қадам, шын мәніндегі қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады дей келе,  білім, мәдениет, рухани құндылық­тарымыз­дың  орталығы болып санала­тын Медеу ауданы жұртшылығының латын әліпбиіне көшуді жат көрмей­тіндігін, бұл істе  көш басынан көріне­тіндік­терін жеткізді. Латын әліпбиіне көшу қазір қиындық туғызғанымен, ертең еліміздің  дамуына тигізетін пайдасын, осықадам арқылы Қазақ­станның төрткүл дүниемен  жаңа рухта қауы­ша­тындығын айтқан аурухана­ның балалар дәрігері С.Құрманалина,  қабылдау бөлімінің дәрігері С.Аханова, 1 бет жақ хирургиясы бөлімінің меңге­рушісі Хайроев, 2-бет жақ хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі А.Жаппаровтың ой-пікірлері жиналысқа қатысушы­лар­дың көкейіндегі көрікті ойларды дөп басты. Ал жиынды қорытын­дылаған ауруха­наның бас дәрігері Болат Садықов ендігі кезекте  қазақ тілін латыншаға көшірудің маңызды­лығын барлық қызметкерлерге, емделу­шілерге түсінді­ру­­дің маңыздылығын айта келіп,   латын әліпбиінің  әліппе­сімен жақсы таныс әріптестерін  ла­тынға көшудің жаңа нұсқасын қол­дауға, осы бағытта  атқарылуға тиісті  маңызды істерді бір­лесіп қолға алуға шақырды.

 

АЛАТАУЛЫҚТАРДЫҢ

ПІКІРІ АЙҚЫН

Аудан мұғалімдері латын әліпбиіне

көшкенді қолдады

2017 жылғы қазан айының 25 жұлдызында «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының ұйымдастыруы­мен №179 жалпы білім беретін мектепте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Латын әліпбиіне көшу» бағыты бойынша мектептің «Ынтымақ» бастауыш партия ұйымының ұжымымен кездесу өтті. Кездесуге «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Алмасаев Мұханқали Тұрашұлы және партияның идеология бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шараны №179 мектеп директоры  Шара Талғатқызы Иманбекова ашып, «Латын әліпбиіне көшудің»  маңыз­дылығына баса назар аударды. Осы тақырып аясында мек­тептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі  Б.А.Мұста­фина  «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі» атты баяндама жасап, латын әліпбиінің тиімділігін жан-жақты ашып айтты. Кездесудің екінші бөлімі жалпы ашық пікірталас түрінде өтті. Жиынға қатысушылардың  барлығы өзойла­рын білдіріп, ұсыныстарын айтты. Басқосуда қатысушылар латын әліпбиі бойынша өздерінің аттарын және Абайдың өлең жолдарын жазып, мысал келтіріп жатты.

Жиналыс қорытындысы бойынша барлық қатысу­шылар латын қарпіне көшудің маңыздылығын түсініп, қолдайтындарын айтты.

Салтанат АХМЕДЖАНОВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *