ЛАТВИЯДА ПРЕЗИДЕНТТІ СЕЙМ САЙЛАЙДЫ

  • Бұл елді алдағы төрт жылда Эгилс Левитс басқарады
  • Оны «орыс тілділер»  жақтырмайтын сыңай танытып  отыр

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Балтық жағалауындағы Латвия Республикасында ел конституциясына сәйкес президентті  парламент (Сейм) сайлайды. Жуырда Сеймнің кезектен тыс сессиясында Латвия президенті болып, 64 жастағы  халықаралық дең­гейдегі заңгер Эгилс Левитс сайланды. Оны бұл лауазымға  Ұлттық бірлес­тіктің бастамасымен жетекші каолиция ұсынып,  Сеймдегі 100 депутаттың 61-і  жақтап дауыс  берді. Бұған дейін 2015–2019 ж.ж. мемлекет басшысы қызметін атқарып келген 53 жастағы, мамандығы биолог Раймондс Вейонис екінші рет президенттік сайлауға түсуден бас тартты.

Сірә, Кремльдің көзқарас-саяса­тынан туындап жатқан болса керек.  Осындай жаңалық хабар тараған бойда  Ресей  билігінің ықпалындағы  БАҚ құрал­дары мен  әлеуметтік желілер Латвияның жаңа президентін сынаған, теріс  мазмұндағы  мақалалар жария­лауға көшті. Олардың жамандап, қара­лауынша  Э.Левитс бала кезінде орта  мектепте Латвияда оқығанымен, 1972 жылы ата-анасымен  Германияға қоныс аударып, батыстың тәлім-тәрбиесін алған. Сонау 90-жылдары Кеңес Одағы тарауы  алдында Латвияда құрылған «Атмода» – тәуелсіздік  қозғалысына келіп қосылып, Ұлттық майданның қызу қолдаушыларының бірі болған. Осындай белсенді де ұлтшыл әрекеті үшін Latvіjas cels («Латвия жолы») партиясының атынан 1993–1995 ж.ж. 5-шақырылған Сеймге депутат болып сайланған. Заңгерлік білім және тәжі­рибесін пайдаланып «Латыш Латвиясы» тұжырымдамасын жазуға, оның заң түрінде күшіне енуіне  үлес қосқан. Латвия Конституциясында азамат еместердің мәртебесін және де латыш­тардың  басқа ұлттық топтардан артық­шылықтарын айқындайтын  преамбула  енгізуге  қатынасып, ықпал еткен.

Бір сөзбен айтқанда, Эгилс Левит­стің бойында  Ресейге іші жылып, бет бұрмайтындай русофобиялық қасиет­тері мен пиғыл-пайымы жетіп-арты­лады.

Мәселен, Латвиядағы орыс тілді­лердің  құқығын қорғаушы, публицист Владимир Линдерманның сөзіне қарағанда: «Левитс – ұлшылдық ұяда тәрбиеленген. Ол жетекші элитаға, ұлт­шылдарға және каолицияның  беделді өкілдеріне қолайлы да жағымды».

Ал РГГУ (Ресей мемлекеттік гума­нитарлық университеті) шетелдік аймақ­тану және сыртқы саясат кафе­драсының  аға оқытушысы, заң ғылы­мы­ның кандидаты, сарапшы Вадим Тру­хачевтың  пікірінше: «Латвияда  прези­денттің рөлі мен құзыреті аз. Ондағы бағыт-бағдарды  сеймнің қолдауына сүйенетін үкімет айқындайды. Парла­ментте отырғандардың көпшілігі, әсіре ұлтшылдар-русофобтар, сол себепті русофобия қазіргі Латвияның  мемле­кеттік ұстанымы деуге болады. Және де мұндай саясаттың жақын жылдарда өзгеруі екіталай. Бұрынғысынша жалғаса береді. Демек, қандай да бір жақсылық, Ресей-Латвия қатынасынан әлдебір   ілгерілеу күту бос әуреші­лік»…

Айтпақшы, Эгилс Левитс прези­денттікке сайланғаннан кейінгі өзінің алғашқы  өткізген баспасөз конферен­циясында Baltkom радиосы журнали­сінің:  «Сіз орыс  тілді БАҚ құралда­рына  сұхбат беруге қалайсыз?», – деген сауалына: «Оған әрқашан  дайынмын. Бірақ та тек қана мемлекеттік – латыш тілінде сұхбат беремін», – деп жауап берген. Оның бұл әрекетін  Ұлттық бірлестік өкілі Райвис Дзинтрас сияқты патриоттар: «мықты тұлға» осылай етеді деп қолдағанымен, орыс тілділер ұнатпады. Кейбіреулер: «мұнысы орысшаны жетік білмегендіктен шығар», – деп жуып-шайды.

Нақтылық үшін  айтар болсақ, Левитс пен журналистің арасындағы  диалог былай өрбіген:

Журналист: «…Сізді  сұхбаттасуға шақырсақ келісер ме едіңіз? Сіз орыс­ша сөйлесе аласыз ба? Бәлкім,  латыш тілінде сөйлесуге тура келер.

Президент:  Мен орысша білемін. Бірақ онша жетік емес. Орыс тілін мектепте оқығанмын. Тәуір бағалар да  алғанмын. Десе де, Латвияда мемле­кеттік тілде сөйлеймін. Басқа тілдердегі  БАҚ құралдарына да солай деймін. Кез-келген журналистпен сұхбаттасуға дайынмын, тек  мемлекеттік тілде  ғана».

Әрине, әркім де  өз бағасын беріп, өз пікірін білдіруге құқылы. Дегенмен, әділеттілік пен ақиқат үшін Эгилс Левит­стің Латвия президенті болып сайланғаннан кейін  Сейм депутатта­ры­ның алдында сөйлеген сөзін де келтіре кетуді  жөн көріп отырмыз. Ол былай деген:

Қымбатты Латвия адамдары!

Біз Латвия мемлекетін бұрынғы буыннан мұра етіп алдық. Оны ата-бабаларымыз күреспен қорғап, негізін қалады. Латвия – біз үшін асыл арман­дарымызды  жүзеге асырып, бостанды­ғымыздан  рух алатын және өз тілімізде сөйлейтін мекен.

Латвия мемлекеттілігін  нығайту ісі ешқашан тоқтамайды. Сондықтан біз Латвияны келесі ұрпаққа күшті, қауіпсіз және жасыл желекті етіп қалдыру жолында қажырлы еңбек етуміз қажет. Менің бүкіл жұмысым осынау  асқақ міндеттерді орындауға арналады. Мен бүкіл Латвия халқының, барлық көзқа­рас­тағы адамдардың, барша  ұлт өкілдерінің, барлық діндегілердің, Латвияда өмір кешетін, осы өңірде   тұратын күллі азамат­тардың президенті боламын.  Мен  кедейлердің де, байлардың да президентімін. Мен шеттетілгендердің және сенімі мен үмітін жоғалтпағандардың  да прези­дентімін. Мен бүкіл қызметімді Латвияда биік ынтымақтың болуына, өзімізді лайықты, мемлекетімізге  керекті ету жолына  арнаймын.

Біз – Латвия, Еуропа және бүкіл әлем шұғыл өзгерістер заманында өмір сүріп отырмыз. Қазіргі қоғам он жылдан соң мүлде өзгеруі мүмкін. Сол үшін оны күні бұрын көре біліп, ортақ игілігімізге бағыттауымыз керек.  

Латвияда –   Мазрибтен – Индраға, Ипикден – Скайсткалнеге  дейін, адам­дарымыздың  таланты мен білімін  елімізді    заманауи да тұрақты  мемлекет  етуге  бағыттай алатын  ғаламат әлеует бар. Барлық әлемдегі латыштарды, Латвия­ның барлық тұрғындарын  осы іске жұмылып, үлес қосуға шақырамын.

Өзгерістер болады, алайда негіз сақта­лады. Бұл  ғасырлар бойы латыш халқын, латыш тілін,  латыш мәдениетін сақтап қалудың кілті болған және солай болып қала бермек.

Құрметті депутаттар, маған сенім көрсеткендеріңіз үшін рахмет!

Латвияның игілігі жолындағы қызметі үшін президент Вейониске рахмет!

Өзімнің бәсекелестеріме, басқа да үміткерлерге Латвия мемлекетінің тари­хындағы  алғашқы ашық  президенттік сайлауға қатысқандары үшін рахмет  айтамын!

Мен  қолдау білдіргендері үшін өз отбасыма да алғыс айтсам деймін. Сондай-ақ,  біздің  мемлекетіміздің  мейлінше батыл, ақылды және әсем болуы үшін күн сайын тер төгіп, еңбек етіп жатқандарға  да айтар алғысым шексіз!

Келіңіздер, бірігіп жұмыс істейік! Латвия мәңгілік жасасын!

Бұдан қандай да бір сөкеттік, оғаш­тық  байқалмайды. Бұл нағыз отаншыл азамат,  көреген көшбасшының көкейі­нен шығып, көкірегінен төгілген сөз.

Әйтсе де, Ресей  басылымдарының латвиялық көшбасшыны қалайда  мұқа­тып, оған көлеңке түсіру амал-әрекеті ме екен?  Олар бас кеңесі Санкт-Петер­бургте орналасқан Kantar TNS компа­ниясы жүргізген  сауалнама «нәти­жесін»  бір-бірінен көшіріп басуда.  Компания жүргізген  зерттеу бойынша  Латвия  тұрғындарының  30 пайызы ғана  жаңа президентті  қолдайтын көрінеді. 33 пайызы қарсы, 19 пайызы  екіұдайы пікірде, 18 пайызы Эгилс Левитсті тіпті білмейді-мыс.

Жалпы, орыс қоғамы мен ресейшіл  саясаттанушылар мен  сарапшыларға өзге елдегі өз тілін, өз дәстүрін, ұлттық ерекшелігін  қорғайтын – отаншылдар жақпайды. Сол себепті олар   Латвия, Литва және Эстониядағы  өкімет басына келгендерді өз еліндегі орыс тіліне көзқарасына және Ресейге ұстанымына қарай бағалайды. Сондайлардың  айту­ларынша  Латвияның   Эгилс Левитске дейінгі президенттері: Гунтис Улманис, Валдис Затлерс, Андрис Берзиньш және Раймондс Вейонис Мәскеуге қатысты  радикалдық пиғыл танытпай, жұмсақтау саясат ұстанған.  Басқаша айтқанда,  жаулық  мінездерін ашық  көрсетпеген. Бұлардың  мазасызданып, алаңдайтыны –Эгилс Левитсті патриоттық каолиция – Ұлттық бірлестік  қолдап-қуаттап, ұсынғандарына қарағанда, бұл солардың  айтқанынан шықпай, айдауымен жүруі ықтимал.  Ресей үшін ондай басшы тиім­сіз. Орыс жұртының осындай  көзқара­сына қарамастан  Левитс  Рига­дағы  біраз­дан дау болып келе жатқан  неміс-фашист басқыншыларынан азат еткен кеңес әскерлеріне орнатылған ескерт­кішті  алуды қолдамайтынын білдірді.

Латвия Республикасының  жаңа президентін салтанатпен ұлықтау рәсімі  алдағы 8 шілдеге жоспарланған.

«Ақшамның» анықтамасы:

Эгилс Левитс (латыш. Egіls Levіts) 30 маусым, 1955 жылы Латвия КСР-ның астанасы  Рига қаласында туған. Сондағы №2 латыш орта мектебінде оқыған. Отбасымен 1972 жылы ( КСРО мен ГФР арасында этникалық немістер мен еврейлерді қабылдау жөніндегі келісімге орай) Герман Федеративтік Респубикасына қоныс аударған. Білім алуды Мюнстерде жалғастырған. Гамбург университетінің  екі факультетінде оқып, аяқтамағандықтан ол өзін жартылай саясаттанушы және жартылай заңгер санайды. 1983 жылы «Ref. іur.» фирмасында заңгердің көмекшісі болған.

1992-1993 ж.ж. Латвияның Швециядағы елшісі. 1993-1994 ж.ж. Валдис Биркавс  үкіметінде әділет министрі. 1993-1993 ж.ж. Латвия Сеймі (парламентінің) депутаты. 1994-1995 ж.ж. Австрия, Венгрияда, Швейцариядағы Төтенше және өкілетті елші. 1994–2004 ж.ж. адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының судьясы. Халық­ара­лық арбитраждық сотта да судьялық қызмет атқарады. 2018 ж.  екінші рет Еуропалық Одақ сотының судьялығына бекітілді. Осы жылы көпшіліктің даусымен «Еуропаның Латвиядағы адамы» атанды. 2007 жыл­дан бері  президенттік қызметке бірнеше мәрте ұсынылып, ақырғы рет 2019 жылдың  29 мамырында  жұлдызы жанды.

Латвиялық заңгерлер: Юрис Боярс, Роман Апситис, Валдис Биркавс, Вилнис Эглайс, Айвар Эндзиньш, Талавс Юндзис, Андрей Крастыньш және Роланд Рикардспен бірігіп, Латвия Республикасының тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру туралы декларацияны жазысқан. Ел Конституциясына қайшы келмейтіндіктен, 2015 жылы  босқындарды қабылдау туралы үкімет шешіміне  қолдау көрсетті. 2016 жылы  Еуроодақтағы әкімшілігіндегі ең жоғары жалақы (268215 еуро) алатындардың қатарына енгенімен, аса шалқыған дүние мүлкі жоқ.  Марупе және Энгуреде жер телімдері, Рига мен Цесисте пәтерлері бар. Әзірге отбасы жайында мәлімет айтылмайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *