Ұлар – биік таудың сәні

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ғалымдардың мәліметтері бойынша 200-ге жуық құстардың тізімі келтірілген. Қанаттылардың көбісі – тау құстары. Кәсіптік маңызы бар құстардың ішіндегісі қырғауыл тұқымдастары. Ал, олардың ең үлкені – гималай ұлары. Гималай ұлары немесе қарабауыр ұлар (Tetraogallus himalayensis) – жыл бойында шырша ормандары аймағынан жоғары жерде тіршілік етіп, таудың альпі белдемінде ұя салады. Ірі тауықтәрізді құс, салмағы 3 кг шамасында. Денесінің үстіңгі жағы сұр, майда тамшы тәрізді өрнегі бар, асты – қара-сұр. Басының екі жағы, тамағы және жемсауы ақ, жемсауында қара көлденең дақтары болады. Ұясында 7-12 жұмыртқа болады. Жылына бір рет жұмыртқалайды. Өсімдіктердің жасыл бөлігімен, баданалармен, ұрықтармен, арша жиделерімен, кейде жәндіктермен қоректенеді.(Б. Омархан. Орнитология.Алматы «Жібек жолы» 2008ж) Қыс мезгілінде таудың күнгей бетінде қары аз түсетін аймақтарда мекендейді. Топтасып жүреді, яғни әр топта 10-15 кейде 30-ға дейін дарақтар байқалған. Ұлар — өте сақ келеді. Бір-біріне шұрылдап дыбыс шығару арқылы белгі береді. Міндетті түрде біреуі қарауылда тұрып айналаны шолып қарап тұрады. Негізінен қырдың төменгі жағынан бастап өрге қарай жайылады. Мекендеу орындары жақпар және қорым тасты аймақта. Қатты үріккен кезде тобырымен шуылдап қарсы беткейдегі екінші қыратқа ұшып барып қонады. Көп жағдайда қырдан еңіске сырғанай ұшып барып көтеріледі. Қонғанда да жақпар тастың бергі қырдан қарағанда көрінбейтін жағына тығылады. Таудың тыныштығын күзететін, ұзақ жыл осы салада жұмыс істеп келе жатқан инспекторлардың айтуынша, қонғаннан кейін ұзақ уақыт жылжымайтын көрінеді. Сәлден соң біреуі ғана басын қылтита көтеріп айналадағы жағдайды бақылайды. Егер тыныш болса қалғандарына белгі беріп, содан кейін ғана жайылуға көшеді. Қыс мезгілінде тауешкілер табынының соңынан тіктен-тік төмен қоныс аударады. Себебі қар қалың түскенде тұяқтылардың тебіндеп жайылған орындарынан қорегін тауып жейді. Ұлттық паркте тауық тәрізді құстар арнайы санаққа алынады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бекітілген әдістемелік нұсқаулығына сәйкес Ұлттық парк бас директорының бұйрығымен тауық тәрізді құстардың көктемгі және күзгі санақтары жүргізіледі. Көктем мезгілінде құстардың «күй ойнақ» немесе «шағылысу» кезеңіне сәйкес ұйымдастырылып, аталықтарының дауыстары нысанаға алынады. Ал, күз мезгілінде балапандарымен қоса есептелініп санақ жұмыстары жүреді. Сонымен қатар «табиғат жылнамасы» ғылыми есеп үшін фенологиялық бақылау, мониторинг (фотоқақпандардың біріне түскен фото көрініс берілген) жұмыстары жүргізіліп алынған деректер тіркеледі. Ұлттық парк аумағында қораздарының әндетіп дауыс шығаруының басталуы (шағылысу, жұптасу кезеңінде) наурыз айының соңғы аптасында байқалып, балапандарының кездесуі маусым айының алғашқы аптасына сай келді 2019ж бақылау бойынша. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қаскерлік жасаған азаматтар жазаланады. Соның бірі аталған құсқа байланысты келтірілген залалдың мөлшері төменде көрсетілген. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшері №18-03/158 2015 жылдың 27 ақпанынан бастап (11.05.2017ж өзгертулер мен толықтырулар бар)
№п/п Жабайы хайуанның атауы Зиянды өтеу ставкасының мөлшері айлық есептік көрсеткішпен(әрбір дарағы/килограмы үшін/ұясы үшін)
114 Гималай ұлары 10
Қазақ халқы ұғымында «ұларды шулатпа» деген тиым сөздің бар екенін білеміз. Егер де отбасы өзінің отағасынан немесе отанасынан айырылғанда артында қалған перзенттері «ұлардай шулап қалды» — деген ұғым бар. Сондықтан да қазақ үшін киелі құстың бірі ұларды шектен тыс мазалап, бекер шулатпайық! Өйткені ұясын бұзу, жұмыртқасын алу, шектен тыс рұқсат етілмеген тау шатқалдарына шығу (жұмыртқа шайқау кезінде үркіту) санының төмендеуіне алып келеді. Кәсіптік маңызы бар құсты қорғап санының өсуіне мүмкіндік туғызайық.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Ғылыми зерттеу жұмыстары және таулыагробиоәртүрлілік бөлімі. Т.М. Жапарқұлов

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *