Әл-Фарабидің ескерткіші тұратын орын әлі бос тұр

немесе 43 жыл бұрын жасалған ескерткіш

 

Осыдан 43 жыл бұрын Алматыдағы әл-Фараби даңғылы мен Достық даңғылының қиылысында ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған ескерткіш орнатылуы керек болатын.

 

Әсел ДАҒЖАН

 

Неге десеңіз, сонау Кеңестік кезеңде, 1977 жылы сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ликасы үкіме­тінің қаулысымен Алматыда әл-Фара­биге ескерткіш орнату жайлы бүкілодақтық байқау жарияланады. Байқауда үздік шыққан ескерткіш жобасы әл-Фарабидің 1105 жылдығына орай Алатаудың етегінде орнатылуы тиіс еді.

Неліктен ескерткіш тиісті жерге орнатылмай қалды? Редакциямызға қоңырау шалған мүсінші, Қазақстанның өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Ескен Серге­баев бізге осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп, ескерткіш орнатылатын жердің әлі бос тұрғанын айтты.

–       Кеңес Одағы кезінде біз оқып өскен әл-Фараби әлі де сол әл-Фараби. Заман өзгергенмен, ұлы ойшылдың мұра­сы, артына қалдырып кеткен құнды қазынасы маңыз­дылығын жойған жоқ. Олай болса, биыл 1150 жылдығын атап өтетін бабамыздың мерей­тойына орай бір кездері орнатылмай қалған ескерт­кішті өз тұғырына қондырсақ, туристік тартымды­лыққа баса мән беріп отырған Алматыдай алып шаһар­дың эстетикалық тартымдылығы арта түскен болар еді. 43 жыл бұрын жасалған әл-Фараби ескерт­кіші неге аяқсыз қалды деген сұрақ мазалап отыр ғой, айтайын. 1977 жылы Қазақ Кеңестік Социа­листік Респуб­ликасы үкіметінің қаулы­сымен Алматыда әл-Фарабиге ескерткіш орнату жайлы бүкілодақтық байқау жариялан­ды. Ескерткіш әл-Фараби даңғылы мен (бұрынғы Ленин) Достық даңғылының қиылысындағы көпірдің оң жағында орнатылуы керек болатын. Байқауға сол кездегі одақтас елдің бәрінен бас-аяғы 54 жоба келіп түседі. Ленинград, Кишинев, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан дейсіз бе, одақтас елдің бәрінен түрлі жоба келе­ді. Сол кездегі ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер саласындағы белгілі қайрат­кер­лерден құралған әділқазылар алқасы қос архитектор М.Жақ­сылықов пен С.Коханович және мүсінші ретіндегі менің жасаған жобамызды үздік деп танып, бірінші орынды жеңіп алдық. Содан Бас жоспар бойынша екі даңғылдың түйіскен жерінде қолына кітап ұстаған әл-Фарабидің 8 метр­лік қола мүсіні, астында сұр түсті гра­ниттен жасал­ған ұзын­дығы 3 метр болатын тұғыры бар, тұғырдың соңы биік­тігі 16 метрлік аркаға ұласатын кешен болатын. Басында сәлдесі бар, иығы желбіреп тұр­ған кең киімді әл-Фарабидің динамика­лық фигурасы – шығыс мұсылман елдеріне тән адамзат баласының мәңгілік білім алуға деген құлшынысы мен талабының символын көрсетіп тұр. Компози­цияның идеялық мәні осындай болатын. Арканың іш жағында Пифагор мен Аристотельден бастап бүгінге дейінгі ұлы тұлғалардың 76 бейнесі салынған рельеф­тер болатын. Мұндай арка­лар шығыс елдеріндегі белгілі ғимараттардың бәріне тән, ол храмға кіретін есіктің сим­волын атқарады. Ал біздің композицияда ол әл-Фарабидің білім есігі арқылы мәңгілікке қадам басқанын білдіреді.

Біздің жоба жеңіп шыққан соң біз бірден жұмыс­қа кірісіп кеттік. Сол кезде осы істің басы-қасында жүрген Өзбек­әлі Жәнібеков аптасына бір рет келіп, Оқушылар сарайының астында жұмыс жасап жатқан біздерді тексеріп кететін. Рельефтарды жасап бітіріп, әл-Фарабидің мүсініне кірісе бергенімізде саяси жағдайлардың әсерімен ескерт­кіштің бәрін тоқтатуға тура келді. Оның орнатылуы белгісіз мерзімге шегерілді де, сол күйі қолға алынбай қалды. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Биыл сол бабамыздың 1150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өткелі отырмыз. Сол 43 жыл бұрын ескерткіш орна­тылатын жер әлі бос тұр. Әл-Фараби ескерт­кішін өз тұғырына неге қондырмасқа? Қазір Медеу мен Шымбұлаққа туристер ағылып жатыр. Сонда Абай мен Достық даңғылдарының қиылысында 175 жыл­дығы тойланатын Абай тұр, одан жоғары жүр­сеңіз, 1150 жылдығы аталып өтетін әл-Фараби жар­қы­рап тұрса, қаланың эстетикалық келбетімен қатар тарихи тартымдылығы да арта түсетін еді. Мен осы мәселені айтып, Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев пен қала әкімі Б.Сағынтаевқа хат жаздым. Егер қала әкім­дігі қолдап жатса, біз жұмысты бастап кетуге әзірміз, – деді мүсінші Ескен Аманжолұлы.

Айта кетейік, Ескен Сергебаев М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театрының алдындағы Әуезовтің ескерт­кіші, Павлодардағы С.Торайғыров, Ақтөбедегі Әбілхайыр хан мен Ахмет Жұбанов ескерт­кіштерінің авторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close