Әл-Фараби шығармалары қазақ тіліне аударылса

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

филология ғылымының  докторы, профессор.

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қоғамға зор сілкініс әкелді. Бұл бағдарламалық мақала ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру­дағы қадамымызды нықтай түсетін   маңызды құжат.

Елбасының бағдарламалық ма­қаласы жарық көргеннен кейін ұлттық сананың жаңғыруы туралы нақты айтылып, жұмыстар жүргізіле бастады. Республикамыздың барлық өңірлерінде  рухани жаңғыруды не­гізге алып, ұлттық құндылық­тары­мызды жаңашылдық­пен насихаттауға бағытталған істер қолға алынды.

Заман көшіне сай, саяси және экономи­ка­лық салаларды жаңар­тумен бірге, ой-сананы рухани жаңғырту қажет. Мұндай жұмысты қоғамдық сананың озық жаңғыр­уынсыз елестету мүмкін емес. Қоғам­дық сананы жаңғыртудың маңыз­дылығын ел түсінеді.

Мемлекет басшысының  мәдениет пен руханият арқылы қоғамның болашағы туралы бағдарламалық мақаласы  –  маңызды страте­гиялық құжат. Онда еліміздің әрбір азаматы­на бағдар болып есептелетін жалпы­ұлттық бірегейлікті нығайтудың  жаңа тұжырым­дамасы көрсетілген.

Халықтың жүрекжарды  лебіздері мен қолдауына ие болған мақалада білім, өзін-өзі дамыту, ұлттық біре­гейлік, ұлттың мәдени және рухани деңгейі сияқты өмірлік маңызы бар мәселелерге мән берілген.

Елімізде және әлемде болып жатқан қоғамдық үдерістердің терең философиялық сараптамасы жаса­лып,  рухани даму, ұлттық ерекше­лікті сақтау және әлемдік қауым­дастықтың техникалық, мәдени жетістіктері­нен қалмау, туған жер мен мәдени мұраны қорғау мәсе­лелері кеңінен айтылған.

Мемлекет басшысының бағдар­ламалық мақаласында ұлттық біре­гейліктің маңызды мәселелеріне жауап берілген. Жаңа үлгідегі жаң­ғырудың бірінші шарты өзіндік мәде­ниетті, ұлттық кодты сақтау, тарихи тәжірибе мен салт-дәстүрлерге ыждағаттықпен қарау қажет. Өнегелі  істерді қоғамдық сананы жаңғыр­тудың алғышарты ету маңызды іс.

Мемлекет басшысының мақала­сында қоғам мен жеке адамның  жаңғыруының негізгі бағыттары  да көрсетілген.

Біріншіден, бұл – ұлт көшбасшы­сының болашақ қазақ қоғамының құрылуына негіз еткен бәсекеге қабі­леттілік принципі. Бәсекеге қабілетті болмай жеке адамның және ұлттың табысты болуы мүмкін емес: ол ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық. Бәсекелес­тікте әрбір ел азаматы үнемі озық ұлттық дәстүрді қолдана отырып алға жылжуы тиіс.

Екіншіден, бұл «өз ұлттық және жеке ресурстарыңды толық білу, оларды үнемді жұмсау, болашағыңды жоспарлай білуді» білдіретін праг­матизм, ол бірқатар әдеттер мен стереотиптерден бас тартуды, сондай- ақ, прагматикалық мінез-құлықтың, ұлттың ұтымды ойлауын, ата-баба дәстүрлерінің тарихи жаңғыру тәжі­рибесін  қамтиды.

Үшіншіден, Елбасы ұсынған қоғамдық сананы жаңғыртудың басты ерекшелігі – ұлттық кодқа бейім­ді­лікті, өз мәдениетімізді, ұлттық «Мен­ді» сақтау. Бізде мәдениеттің маңызды элементтері барлық уақытта үлкенге құрмет көрсету, жеті атаны білу, қонақжай­лылық болды. Абай­дың дана ойларынсыз, Жамбылдың өткір шу­мақ­тарынсыз, Құрман­ғазы­ның сиқыр­лы әуенінсіз, өз өлкесінің тарихынсыз  еш қазақстандықтың өмірін елестету мүмкін емес.

Мақалада ХХІ ғасырда ұлттық рухты көтеру­дің  жолдары мен шешім­дері көрсе­тілген. Бұл – ұлттың дамуына мүмкіндік бермейтін өткен­нің ескірген элементтерінен құтылу арқылы мәдени бірегейлікті сақтау.

Төртіншіден, білім культі – бұл ұлт жетістігі. Халқымыз бәсекеге қабілет­тіліктің және адамның болашақтағы табысының негізгі факторы – білімге әрқашан ұмтылды. Мемлекеттің басты басымдығы – халықаралық аренада Қазақстанның ұстанымын нығайтуға ықпал ететін жан-жақты дамыған жастар екені даусыз.

Бесіншіден, тек эволюциялық даму Қазақстанның және әрбір қазақстан­дықтың жеке тұлғалық деңгейде  өсуіне мүмкіндік береді.

Алтыншыдан, шет тілін, оның ішін­де ағыл­шын тілін үйрену арқылы сана ашықтығы,  байланысты жүзеге асыру, жаһандық әлемде жұмыс істеп, жаңа тәжірибені қолдану, техноло­гиялық серпілісті қабылдауға әзірлік, өзгеріс­терге, үздік жетістіктерге қабілеттілік.

Мемлекет басшысы осы мақаласы арқылы қоғамдық сананың жаңғыр­уына негіз болатын таяу жылдарға нақты жобалар белгіледі.

Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің латын қарпіне кезең-кезеңмен көшуі. Латын әліпбиіне көшу ғаламдық ақпараттық әлемге жол ашады. Қазіргі кезде әліпбидің жаңа үлгісі бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.

Білім саласындағы жаһандық бәсе­кеге бейім жоғары санатты мамандар даярлау мақсатында гуманитарлық бағыт­тағы әлемнің ең үздік 100 оқу­лы­ғы қазақ тіліне аударылу ісі қолға алынды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласының шыққаны­ның бір жылдығына орай Астанада өткен жиынға қатыстым. Қазіргі кезде 18 кітап аударылған. Ол дұрыс, керек дүниелер. Осы ретте болашақта тө­мендегідей мәселелерге көңіл аудар­ғым келеді.

Мысалы, елімізден шыққан 30 Әл-Фарабилердің шығармалары неге қазақ тіліне аударылмайды. Қазақтар деген кітапты шығаратын кез келді. 1970–1975 жылдары Мәскеуде Шығыс­тану институтында аспиран­турада оқып жүргенде Институт директоры КСРО Ғылым академия­сының ака­демигі Бободжан Ғафу­ровтың «Таджики. Древнейшая, древняя и средневековая история» атты кітабы (1972) Мәскеуде орыс тілінде жарық көрді. Кейін ол бір­қатар батыс Еу­ропа елдерінің тіл­деріне тәржі­маланып, басылып, тәжік халқын әлемге паш етті.

2014 жылы Қазанда өткен ха­лықаралық ғылыми конференцияда болғанымда орыс тілінде шыққан «Татары» атты көлемді кітапты көрген едім. Сол кітаптың 2017 жылы Стамбұлда түрік тілінде де шыққанын көзім шалды.

Тарихшы ғалымдарымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол  шығара, тізе қоса отырып «Қазақтар» деген кітапты неге жазбайды, шығармайды? Қашанғы алаңдаймыз. Рухани жаң­ғыруда ұлттық код мәселесі айты­лады. Код біздің тіліміз, әдебиетіміз, мәдениетіміз, тарихымыз, дініміз және т.б.

Осыдан біраз бұрын «Алматы ақшамы» газеті тілшісіне берген сұхбатымда қазақ жерінен шыққан 30 Әл-Фарабилер жайлы айтып, жұрт­тың назарын аудардым. Бұдан басқа Сайрамилер, Жендилер, Яссауилер, Керде­рилер, Испиджа­билер, Сығна­қилер, Баласағу­нилер, Таразилер, Итқанилер, Мерки, Құланилер ше?

Бұларды да қолға алып, әдебие­тіміз бен мәдениетіміз, тарихымызға кіргізуіміз керек. Ұлыларымызды Отанына оралтуымыз қажет.

Елбасымыз – Ұлт лидері Н.Ә.На­зарбаев «Болашаққа   бағдар: рухани жаңғыру» ғалам­дық бағдарламасында көне ғасырлар қой­науында жатқан мәдени, ғылыми, рухани мұралары­мызды терең игеріп, бүгінгі жаһан­дану дәуірінде тұрған Қазақстанның келешегіне кең, молынан пайдалануға қажетті тікелей бағыт белгілеп берді.

Осындай бағдарлама қоғамдық сана-сезімнің жаңғыруы мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің дамуына жаңа серпін беретіні даусыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *