Қазақстандық оқушылар әлемдегі ең беделді математикалық олимпиадада алты медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастыруда. Аустралияда өткен мектеп оқушыларына арналған ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі — Математикадан халықаралық олимпиадада (International Mathematical Olympiad, IMO-2025) отандық оқушылар алты медаль жеңіп алды.
Мирон Юркевич — Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы;
Амирлан Аманжолов — Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 11-сынып оқушысы;
Марғұлан Шарел — Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы;
Амир Сахипов — Алматы қаласындағы РФММ мектебінің 11-сынып оқушысы;
Ерасыл Алтынбек — Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы;
Ерқанат Кеншілік — Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Биыл олимпиадаға 112 елден 650-ге жуық үздік жас математик қатысты. Қазақстан құрамасы тағы да үздіктер қатарынан көрініп, төрт күміс және екі қола медаль иеленді.
Еске сала кетейік, IMO олимпиадасы 1959 жылдан бері өткізіліп келеді және ол әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді (International Science Olympiads). Қазақстан бұл жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль және 29 құрмет грамотасын жеңіп алған