Куба коммунизмнен бас тартты

Ел Конституциясына осындай өзгеріс енгізілді

Венесуэладағы жағдай шиеленісіп тұр

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Тарихтың толқынды да төңкерісті өзгерістерімен бүгінде әлемде  бес социа­листік  мемлекеттің қалғаны белгілі.  Олар: Қытай Халық Республикасы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Корей Халық Демократиялық Республикасы,  Куба  Социалистік Республикасы және Лаос  Халық Демократиялық  Республикасы.

Қытай социалистік ел саналғанымен экономикада капитализмге тән радикал­ды реформалар жасап,  нарықтық қаты­насқа көшу  арқылы ЖІӨ жөнінен  АҚШ-пен тайталасатындай алдыңғы орынға шықты.  Сонда да  саяси даму бағытынан айнымай, өздеріндегі қоғамдық құры­лысты «социализмнің қытайлық үлгісі»  деп атайды.

Осы сияқты Вьетнамда 1992 жылы қабылданған жаңа Конституция  бойын­ша  Коммунистік партия жетекші рөл атқарғанымен, экономикада белгілі бір деңгейде еркіндік беріліп, шет елдермен кең көлемде қарым-қатынас жасауға мүмкін­дік берілді.

Лаоста 1986 жылдан бастап эконо­миканы партияның бақылауы босаңсып, жеке меншіктің өріс алуына рұқсат етілді. Нәтижесінде өндіріс күрт қарқынды дамуға көшті.  1991 жылы қабылданған жаңа Конституцияда марксизм-ленинизм идеясынан бас тартылып,  социализм мен коммунизм құру мақсаты алынып тастал­ды. Лаостың қазіргі  ұраны: «Бейбітшілік, Тәуелсіздік, Демократия, Бірлік және Гүлдену!».

КХДР (Корей Халық Демократиялық)  1972 жылы қабылданған (1992, 1998 және 2009 ж.ж. бірқатар өзгерістер енгізілген)   Конституцияның  1-бабында КХДР-де билік жұмысшылар мен шаруаларға, еңбекші интеллигенцияға және бүкіл   еңбекші халыққа тиесілі деп айтылға­нымен,  елді ең алғаш құрылған 1948 жылдан  бері  Ким әулеті  (Ким Ир Сен – Ким Чен Ир –  Ким Чен Ын) басқарып келеді. Елдегі билік пен басқару  КЕП (Корей Еңбек Партиясының) құзыретінде. Бұлар да  марксизм-ленинизмнен бас тартып,  ресми идеологиясы етіп  чучхе ( «өз күшіңе сенуді») таңдаған.

Оңтүстік Азиядағы  Шри Ланканың (бұрынғы Цейлон)  атауы  демократиялық социалистік  ел болғанымен  идеологиясы, ұстанған саясаты, мемлекеттік құрылым мен басқару әдістері  социализмге жат­пайды.  Ел президенттік-парламенттік рес­пуб­лика  аталады. Көп партиялық жүйе қалыптасқан. Қазірше екі партия: Бірлес­кен ұлттық партия және Шри Ланка бостандығы партиясы ықпалды саналады және бұлар соңғы 45 жыл бойына елді бас­қаруда.  Бұларға қоса,  билікке әлі қол жеткізе алмаған, маоистік бағыттағы: Шри Ланка Коммунистік партиясы  мен  Ұлт-азаттық майдан партиясы, сондай-ақ, троцкистік ұстанымдағы: Ланка Сама Самаджа,  Нава Сама Самаджа төңірегіне топтасқан солшыл азаттық майдан партиясы, Шри Ланка социалистік пар­тиясы, Теңдік социалистік партиясы, Бірік­кен социалистік партия және Рево­люциялық жұмысшы  партиясы  жұмыс істейді.

Сонау Латын Америкасындағы «бостандық аралы» Кубада социализмнің салтанат құруын саясаттанушы мамандар  марксизм-ленинизм идеясына шынайы берілген ержүрек революционер, коман­данте Фидель Кастро Рустың есімімен байланыстырады. Расында да Куба Кас­троның қайтпас қайсар күрескерлі­гінің арқасында өткен ғасырдың 60-жылда­рынан бері қарай  айналасындағы АҚШ бастаған каптиталистік елдердің  саяси-экономикалық қысымына  қасқая төтеп беріп,  социалистік  жүйені сақтап келді.

Дейтұрғанмен, адамзат қоғамында, оның ішінде билікте өзгермейтін және  мәңгілік ешнәрсе  жоқ. Сол айтқандай, Фидель Кастро 2008 жылдың 19 ақпа­нында Куба Социалистік Республикасын елу жылға жуық басқарған коммунис­тердің бас газеті  «Гранма»  арқылы  хал­қы­на үн қатып, өзінің Министрлер кеңесі­нің төрағасы, Мемлекеттік кеңестің төр­ағасы, Бас қолбасшы және Куба ком­мунистік партиясының бірінші хатшысы сияқты лауазымды қызметтерден кетенін жариялады. Өз отандастарына осыған дейін өзіне үлкен сенім мен үміт артып келгендері үшін  шынайы алғыс сезімін жеткізді. (Бұл жөнінде  «Жағдайың қалай, Куба?» деген мақалада кеңірек жазғанбыз. «Алматы ақшамы», 15.04.2016).

2008 жылы 24 ақпанда  парламенттегі сайлауда   97,7 пайыз дауыспен Фидельдің туған інісі, 77 жастағы Рауль Кастро  мем­лекет басшысы – Мемлекеттік кеңестің төрағасы болып сайланды. Қызметке кіріс­кен бойда ол мемлекеттік аппаратты ықшам­дап, қысқартуды, тұтастай алғанда әкімшілік реформа жүргізуді қолға алды. Басшыларды жұртты мезі ететін «жина­лыс құмарлықтан» аулақ болып, жасанды іс-шаралардан  барынша бас тартуға шақыр­ды.

Кубалықтар кейінгі  он жыл көлемінде  Бостандық аралында жүргізіліп келе жатқан  реформалық өзгерістерді, әсіресе, елдің дәстүрлі рыноктық экономикаға бет бұруын   Рауль Кастроның қажырлы еңбегі­нің нәтижесі  деп біледі.

Десе дегендей-ақ,  оның тікелей бас­тамасымен уақыттың талабына сай жос­парлы және орталықтанған экономикалық жүйе өзгертілді. Ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіретін жергілікті шаруашылық­тарға еркіндік беріліп, олар бұрынғыдай барлығын өкіметке өткізбей артық өнім­дерін базарға шығарып сатуға мүмкіндік алды. Осыған орай кәсіпкерліктің көптеген түрлерімен айналысуға  рұқсат ететін, жеке кәсіпкерлікті реттейтін заңдар мен нормативтік актілер қабылданды.

2010 жылдың аяғында Рауль Кастро отандастарына үндеу тастап, «елдің келешегінің қыл үстінде тұрғанын» ашық мойындады. Сондықтан социалистік құры­лысты сақтап қалу үшін жеке кәсіпкер­ліктің үлесін көбейту қадамына барып отырғанын жеткізіп, осы  мақсатта  қолға алған реформалық қадамдарын жұртшы­лықтың қолдап-қуаттауын өтінді. Мұндай амал-әрекетке баруын: «қайтадан капита­лизмге көшу емес. Жетекші коммунистік партияның  ұсақ жеке кәсіпкерлік туралы теріс көзқарасын өзгерту, жіберген қателіктерін жөндеу», – деп түсіндірді.

2013 жылғы ақпанда Рауль Кастро  Куба  Мемлекеттік кеңесінің төрағалығына  екінші рет сайланғанда парламентте сөз сөйлеп: «Мен жақында 82 жасқа толамын. Алдағы  бес жылдық мен үшін соңғы мер­зім болмақ. Әрі  қарай  менің  демалысқа кетуге моралдық құқым бар деп ойлай­мын», – деді. Сөйтіп, өзі атқарып отырған  мемлекеттік кеңес төрағасының бірінші орынбасарлығына  сол кезде 52 жастағы Мигель Диас-Канельді ұсынып, сайлатты.

Әскеи тәртіпті, бірсөзділікті сүйетін Рауль Кастро  уәдесінде тұрды.

Өткен 2018 жылдың сәуірінде Куба билігіндегі сабақтастық дәстүрге  сәйкес   Ұлттық жиналысы  (парламенті) 604 депу­таттың 603-нің қолдауымен Мемлекеттік кеңестің төрағалығына, яғни ел басшы­лығына Мигель Диас-Канель сайланды. (Қара­ңыз: «Кубада жаңа көшбасшы», «Алма­ты ақшамы», 26.04.2018).

Мигель Диас-Канель парламентарий­лердің алдында сөйлеген сөзінде: «Мен өзіме елдің ендігі жетекшісі деген жауапты міндетті қабылдап алып отырмын. Біздің бұдан әрі де  революциямыздың  тарихи  көсемі, бас қолбасшымыз Фидель Кас­троның идеялары мен мұраларына  адал бола­тынымызға, сондай-ақ, Куба рево­люция­сының қазіргі жолбасшысы,  армия­мыздың генералы  Рауль Кастроның  ақыл-парасаты мен ерлік істерінен үлгі алып оты­ратынымызға  кәміл сенімдімін. Кубаның сыртқы саясаты  өзгермейді, тағы да қайталап айтамын,  біз Куба революциясын  өзгенің таптауына жол бермейміз!», – дегенді айтты.

Сарапшылар тарапынан БАҚ беттерінде жаңа басшының  тәжірибесі, қабілет-қарымы, қандай реформалар мен өзгерістер жасау ықтималдығы туралы әр қилы болжамдар мен топшылаулар жасалды. Әлдебіреулер: «ел  Конституциясында көр­сетілгеніндей  Куба коммунистік партиясы  жетекші рөл атқарады. Соған сәйкес  партияның    басшысы ретінде бәрін  Рауль Кастро бақылап отырады. Мигельдің  еркін қимылдап, реформа жасауына мүмкіндік берілмейді» деген күдігін жасырмады.

Қазіргі таңдағы әлемдік саясаттағы және экономикадағы  өзгерістер,  ғылым мен техникадағы, ақпараттық техноло­гиядағы  озық жаңалықтар мен жетістіктер  Куба жұртына  әсер етпейді десек ақиқат­тан алшақ кеткен болар едік. Сондықтан мұнда да уақыт пен өмірдің талабынан,   заман­ның ағымынан қалып қоймауға деген ұмтылыс пен  әрекеті  аңғарылады.

Кубаның осы күнге дейін  қолданыста болған Конституциясы  Фидель Кастроның  жетекшілігі тұсында 1976 жылы қабыл­данған-тын.  Одан бері  43 жыл уақыт  өтті. Қоғамдық өмірдің талабына қарай  мемле­кет басшысының өкімімен  бірталай актілер, нұсқаулар, ережелер қабылданды. Олардың кейбіреулер бір-біріне қайшы келіп жатты. Адамзат қоғамы да  біршама ілгерілеп, геосаясатта, экономикада көпте­ген  өзгерістер көрініс берді.  Осының бәрі сөзсіз елдің басты заңы – Конституцияны  жаңартуға жетелеп әкелді.

Осыған байланысты 2018 жылдың шілдесінде  Кубаның  жоғары басшылық органы  –  Халық Ассамблеясы   жан-жақты талқылай отырып, Конституцияның жаңа үлгісін  қабылдады. Ең бастысы, одан коммунистік қоғам орнату міндеті алынып тасталды. Жекеменшіктен бастап, мен­шіктің жеті түрі мойындалып, жекелей сау­дамен айналысуға, еркін сауда-саттыққа рұқсат етілетін болды. Шет ел инвести­циясына  даңғыл жол ашылды.

Биылғы 2019 жылдың  24 ақпанында  жаңа Конституция бойынша  елде рефе­рендум өткізілді. Оны тұрғындардың 87 пайы­зы мақұлдап дауыс берді. Жаңа Конституция мәтінін бірқатар халықара­лық  сарапшылар  өте батыл  және либерал сипатта жасалған деп бағалады.

Әлемнің көптеген елдеріндегі секілді  мемлекеттік басқару құрылымына: прези­дент және премьер-министр қызметі енгі­зілді. Президент елдің стратегиялық  дамуы­на басшылық етіп,  сыртқы саясатты жүргізеді. Премьер-министр  әкімшілік мәселелерге жауапты болып, министрлердің жұмысын бақылап және  үйлестіріп  отырады. Жоба авторларының пікірінше, биліктің бұлай бөлінісі  мемлекетті оперативті басқаруға мүмкіндік береді.

Президентті  бір мандатты парламент – Халық Ассамблеясы  сайлайды.  Премьер-министрге үміткерді президенттің ұсыны­сы­мен парламент қарап бекітеді. Прези­дент қызметінің мерзімі бес жыл. Бір адам президенттік лауазымға екі рет қана сайлана алады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция экономиканың  ілгерілеуіне заңнамалық негіз жасаған прагматикалық мән-мазмұнда жазылған құжат деп танылды.  Әйтсе де, қызығы сонда, талай­лар таңданып жатқандай,  Конституцияда  елдің социалистік даму бағдары, Ком­мунистік партияны жетекші рөл атқараты­ны сақталынып қалды. Демек,  Куба елінде  социализмнен үміт үзбейтіндер әлі де баршылық.

Куба елі  бас-аяғы 15 провинция және 168 муниципалитеттен  тұрады дейтін болсақ,  ендігі жерде оларға   еркіндік пен өзін-өзін басқару мүмкіндігі  берілмек. Бұдан былай  провинциалық және муни­ципиалдық басшылық жергілікті өндіріс, білім мен денсаулық сақтау ісіне қатысты мәселелерді жоғарыға жалтақтамай өздері шешеді. Тек көрші облыстар мен аудан­дардың мүдделеріне де қатысты істерді шешуде ғана жоғары басшылықтың төре­лігіне  жүгінеді. Мамандардың пікірінше,  басқарудың мұндай үлгісі –  демократия мен халықты билікке  қатыстырудың  жақсы бір үрдісі болмақ.

Жоғарыда шет жағасы айтылғандай, алдағы уақытта  шетелдік инвесторлардың келіп, бірлескен кәсіпорындар құрып  емін-еркін  жұмыс істеулеріне  қолайлы жағдайлар тудырылады. Бұл ретте кезінде әр түрлі себептермен  шет ел ауып кеткен қазіргі күнде күйлі де қалталы  байырғы кубалықтар да атамекендеріне инвестиция құяды деген үміт бар.

Соңғы түскен мәліметтерге қарағанда,  Куба Халық Ассамблеясы  10 сәуірде  арнайы  кеңес өткізіп,  жаңа Конституция  мәтінін қабылдайды. Сонан соң ол бас­пасөзде жарияланып,  ел көлемінде  қолда­нысқа енеді.

Әрине жаңа Конституция қабылданып, күшіне енісімен Кубағы саяси-эконо­микалық және әлеуметтік жағдай  бірден оңа­лып, жақсарып кетеді деп айтуға болмас. Оған біраз уақыт пен мүмкіндік керек. Оның үстіне  елдің дамуына ішкі  тұрақты ахуалға қоса, сыртқы факторлар  да айтарлықтай  әсер етеді.

Бұдан бұрынғы  мақалада біз мынадай фактілерді келтіріп, 1991–2001 ж.ж. аралығындағы  Куба экономикасының  баяу дамығанын, сәтін салып ЖІӨ  2003 жылы – 3,8 пайызға, 2005 жылы – 11,8 пайызға, 2006 жылы – 12,5 пайызға, 2007 жылы –  10 пайызға өскенін, бір өкініштісі, 2008 жылы орын алған табиғи апат: «Густав» пен «Айк» дүлей дауылдарының кесірінен 11 млрд. доллар көлемінде шығын келгенін жазғанбыз.

Дегенмен, мұндай табиғат апатынан гөрі  Кубаның дамуы мен өсіп-өркендеуіне алпауыт Американың тигізген зиян-залалы орасан зор екені даусыз. Мәселен, кейбір мәліметтерге сүйенсек, 1960–2014 ж.ж. аралығында АҚШ  25 әр түрлі санкция, эмбарго, оқшаулау т.б. шектеу, тыйым салу шараларын келтірілген зиян мен шығыны  975 млрд. долларға жеткен.

Жасыратыны жоқ,  Оңтүстік Амери­кадағы  басқа да құрлықтағы көпшілік елдер  Кубамен  ашық сауда-экономика­лық қатынас жасауға Құрама Штаттар­дан  жасқанады. Вашингтон өзінің ық­пал­ды одақтастық санкция-эмбарго­ла­рымен  оларды да  шектеп, тұсап тастаған­дай.

АҚШ-тың қаһарынан қаймықпай  Кубамен емін-еркін  қарым-қатынас жа­сас­қан елдердің бірі – Венесуэла болатын. Каракас  1998 жылдан бастап  Гаванамен  екіжақты тиімді келісім-шарт жасасып,  күніне 53 мың баррель мұнай жеткізіп беріп отырды. Куба да қарап қалмай 15 мың кәсіпқой да білікті дәрігер, мұғалім, инженер-техник мамандарын жіберіп, олар Венесуэла  жемісті еңбек еткені мәлім. 2011 жылы Кубаны осы заманғы интернет желісімен қамтамасыз ету үшін Венесуэла­дан су астымен кабель желісі тартылды. 2013 жылға қарай екі ел арасындағы келім-шарт саны 175-ке жетіп, көптеген сала­ларды қамти түсті.

Өкінішке қарай, қазіргі күнде Вене­суэлада  саяси дағдарыс белең алып, жағ­дай  ушығып тұр. Ақ үй әкімшілігі  Кубаны  «Венесуэланың әлі тақтан таймаған президенті  Николас Мадуроны қолдап, оған  түрлі көмектер беріп отыр», – деп айыптайды.  Осыған байланысты жақында  АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон: «мұндай жағдайда  Құрама Штаттар  Кубаға  қарсы экономикалық санкцияларды бұрынғыдан да күшейте түсетінін» ескертті. Ал  Мемлекетік хатшы  Майк Пампеоның  айтуынша, АҚШ билігі  Куба мен Ресейдің көмегі мен ықпалын әлсірету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

«Русская Весна» ақпараттық агентті­гінің  хабарлауынша, 23 наурызда   100 ресейлік әскерилер мінген Ил-62 және Ан-124 ұшақтары  Каракас  әуежайына барып қонған. Венесуэла үкіметінің түсін­діруін­ше бұрыннан жасалған  әскери-техника­лық ынтымақтастық келісіміне сәйкес Ресейдің әскери мамандары  әскери әзірлік пен стратегиялық  мәселе­лерді талқылауға қатысады. Мұндай жай­сыздау  жаңалық­тың  АҚШ-тан бастап, Мадуро режиміне қарсы елдер тобын  мазасыздандырып  отырғаны анық. Бұл орайда 28 наурызда  Венесуэланың Ресейдегі елшілігінің әскери атташесі Хосе Торреальба  Перес өз елінің  ресейлік әске­рилерді  қандай да бір әскери операция­ларға  қатыстыруды жоспарлап отырмаға­ны туралы  хабарлама таратты.

Әйгілі  «Reuters» агенттігінің  жазуын­ша,  АҚШ президенті Дональд Трамп  Кремльден Венесуэлаға  апарған әскери ма­ман­дарын  шұғыл кері әкетуді талап еткен. Осыған қарағанда Каракасқа  бар­ған  Ресей  әскерлерінің саны едәуір болса керек.

Жалпы, Венесуэладағы тақталастан туған саяси дағдарыстан  халықаралық қатынастың  күрделеніп  бара жатқаны байқалады.  Әйтеуір  осындай қайшы­лықтың  кесірінен Латын Америкасында  тағы бір от тұтанып,  бұқара халық  қасірет шекпесе болғаны.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *