Кредитке той жасау жастардың бақытына кепіл бола ала ма?!

Бір жақын туысымыздың Айдын есімді жалғыз ұлы бар-тын. Бір күні ол ата-анасына өзінің үйленгісі келетін қызды кездестіргенін айтады. Таны­сып, қыз бен жігіт болып жүргенде әлгі сабазымыз ғашығына күнде қымбат сыйлық, құшақ-құшақ гүл сыйлап жүрсе керек, қыздың жүрегін аз уақыт ішінде-ақ жаулап алған ғой. Қош! Сонымен, Айдынның ата-анасы той қамына кіріседі. Тойға дайындалудан бөлек, «қалың малға қанша апара­мыз?» деген әңгіменің болуы заңды­лық қой. Жігіттің ата-анасы еш ойланбастан, «миллион апарамыз» деді. Той-тойлауға ақшалары жетпесе банктен кредит алу көп отбасы үшін тиімді шешім. Алайда, несие аларда алмақтың да салмағы бар екенін ойлауды ұмытпаған абзал. Сонымен не керек, кредит деген бәлеге басын байлап, ата-ана банктен қарыз алады. Қанша дегенмен жалғыз ұл. Ешкім­нен кем етпей той жасап бергісі келе­тіні жасырын емес. Жалғыз ұл болса, неге жиған қоры жоқ дейтін шығар­сыз. Оларда сол құрғыр миллионнан басқаның бәрі бар еді. Қымбат көлік, екіқабатты коттедж үй…

Сөйтіп, қалың малына миллионын алып, китін салып қызға құда түседі. Жастар үйленеді. Жігіттің ата-анасы қаланың қақ ортасындағы бір қымбат мейрамханада тойын жасайды. Адам жақсыға тез үйренеді ғой. Үнемі қым­бат сыйлық алып үйренген ару келін болып түскеннен кейін де жалғасады деп ойласа керек… жігітінің тосын­сый­ларының сап тыйылғанына көнді­ге алмады. Той өткен соң қызымыз қылық шығара бастайды. Әдетте, әдепті қыздың өнегелі келін болаты­нын білуші едік. Келген келініміздің кертартпа, қыңыр мінезді, еркетотай екеніне налыдық. Ерте тұру, ата-енеге ас әзірлеу, үй тірлігіне араласу, жалпы, келіндік міндетін атқару дегенді мүлде білмейді. Бөлмесінде жатып алу күнделікті әдетіне айналды. Алғашын­да «жас қой, үйренер» деген ата-ененің көңілі су сепкендей басылды. Ұзын-сөздің қысқасы, екі-үш ай өтпей-ақ, екеуі ажырасып тынды. Мұн­дайда «кеткен қыз шиден тысқары» дейтін шеше қайда? Себеп-салдарын білместен, қызды шешесі келіп алып кетті. Бүгінде сол шаңы­рақта қарызға батырған қуаныштың ізі де жоқ.  Ұлдың әкесі әлгі миын қатыр­ған миллионды төлеу үшін күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Анасы көкірегі қарс айрылып, жалғыз ұлының жолы болмағанына налып үйде отыр. Жігері құм болған жігітіміз ата-анасынан кешірім сұрағаннан басқа амал таппай жүр.

Кім кінәлі? Ата-ананың үкілеген үмітін ақтамаған, тәрбиесіз қыз ба, әлде, сырын білмей, ғашық болып, асығыстық жасаған жігіт пе? Бәлкім, баласының айтқанын орындағысы келген ата-ана шығар! Не десек те, таразылайтын біз емес. Енді «аузы күйген үрлеп ішер». Миллион жастар­дың бақытына кепіл бола алмады. Мына оқиғадан кейін кредит алып, той жасаудың қайыры жоқ екенін түсінсек керек. Реті келсе, «көрпемізге қарай көсілуді» үйренейік. Бір отба­сының жағдайын көріп, көп отбасы ойланар. Біреудің қателігін ке­лесі бір жан қайталамаса екен, осындай келеңсіз оқиғалардан жастар сабақ алса екен деген ой ғана менікі.

Бейбіт НҰРСАДЫҚҚЫЗЫ.

Алматы қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close