Коронавирусты тұзды су жояды деген ақпарат жалған

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті онлайн-брифингте қаланың инфекционист-дәрігері Тамара Утағанова бүгінгі ахуал төңірегінде біраз мәселені тарқатты.

Брифинг барысында инфекционистке БАҚ өкілдері шетелдік басылымдарда коронавирусқа қарсы қолданылатын кейбір дәрі-дәрмектердің уытты деп көрсетілгенін айтты. Ал ондай токсинді медикаменттердің кейбірі қазір біздің елде де қолданылады.

– Біз қолданып жүрген парацетамол да токсинді препарат. Қазір беріліп жатқан дәрілер көбіне стационарда емдеуге арналған. Бұл дәрілерді қабылдау кезінде дәрігердің бақылауында болған абзал. Көп дәрі пациентке алдын ала түсіндірілген соң барып оның келісімімен беріледі. Дәрінің қаупі жоғары болса, берілмейді, – деді Т.Утағанова.

Қазіргі таңда, жасыратыны жоқ, халық арасында ауырсын, ауырмасын, дәрі-дәрмекті қораптап сатып алып жатқандар да бар. Т.Утағанова сырқаттанып қалмасаңыз, дәрі-дәрмекті көптеп сатып алып, үйде қор жасаудың қажеті жоқ екенін айтты.

– Егер ауыра қалсаңыз, дәрігер ем-домды сіздің үйіңізде бар дәріге қарап тағайындамайды. Сондай-ақ, олардың жарамдылық мерзімі де бар, – дейді дәрігер. Оның айтуынша, антибиотик – вирусты пневмонияны емдеуде ең бірінші кезектегі қажетті дәрі емес, ол тек бактериалды асқыну, екінші инфекция қосылған жағдайда тағайындалады.

– Бізге келген науқастардың көпшілігі үйінен антибиотиктің бір емес, бірнеше түрін көтере келеді. Антибиотиктен де ағзада аллергия болуы мүмкін. Кейін одан дисбактериоз туындауы да ықтимал. Сондықтан ол керісінше ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетеді, – дейді маман.

Естеріңізде болса, бұған дейін әлеуметтік желілерде коронавирус тұзды суда өледі екен деген ақпарат тараған еді. Спикер еш жерде ғылыми тұрғыда дәлелденбеген мұндай ақпараттарға сенбеуге шақырды.

– Коронавирус тұзды суда өледі деген жалған. Бұл вирус тек антисептик пен дезинфекциялық құралдардан өледі. Сондықтан қолымызды осы залалсыздандыратын заттармен жиі жуып жүрген абзал. Қазір Қазақстанның өзінде емдеу хаттамасының 11-ші редакциясымен емдеп жатырмыз. Емдеу хаттамасы бүкіл әлем бойынша жинақталған тәжірибелер негізінде өзгеріп отырады. Бүгінде елімізде вирусқа қарсы терапия қайта қаралғаны рас. Бұрын ДДҰ ұсынған «Гидрокслиохлорохин», «Лапиновир» препараттарына қазір тыйым салынған. Оның орнына «Ремдесивир», «Фавипировир» препараттары қосылды, – деді дәрігер.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясынан көбіне ересектер жапа шегеді. Ал балаларда жеңіл өтетіні рас дейді. Бірақ бұл қамсыз жүре беру дегенді білдірмесе керек. Сондықтан міндетті түрде үлкен де, кіші де санитарлық талаптарды сақтауы тиіс деп шегелей айтты спикер.

Брифинг барысында Алматыда қатерлі індетпен қайталап ауырғандар болды ма деген сауал да қойылды.

– Бізде коронавируспен қайта ауырып ауруханаға жатқандар болған жоқ. Көптеген сауығып шыққан адамдар иммуноферменттік талдаудан өтті және оларда М және G класты иммуноглобулиндер қалыптасқан. Дегенмен, менің ойымша, олар сақтық үшін, жан-жағындағы адамдардың денсаулығы үшін 14 күн бойы үйде оқшауланғаны дұрыс, – деді дәрігер.

Қазір шаһарда бетперде тағу міндеттелген. Жалпы, бізді маскалар қалай қорғайды? Спикер бұл сауалға да жауап берді.

– Қазір біреулер өздері қолдан тіккен, екіншілері дәріханадан сатып алған маскаларын қолданып жүр. Зауытта жасалған маскалар үш қабатты және матасы тығыз болып келеді, сондықтан олар вирустардан жақсы қорғайды. Ал үйде жасалған бетперделердің қалай қорғайтынын оның қандай материалдан жасалғанына байланысты. Бірақ ең бастысы – маска тағу және оны жиі ауыстырып отыру қажет. Нақтырақ айтсақ, әр үш сағат сайын ауыстырған жөн. Масканы шешіп, қалтаға салуға, содан кейін оны қайтадан киюге болмайды. Бетперденің тазалығы маңызды, аурудан сақтайтын да сол, – деді дәрігер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close