Коронавирустан жазылған адам емханадан шықты

Мәншүк БЕКБОСЫН
26 наурыз 18.30-дағы уақыт бойынша Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай туралы
Бүгін, 26 наурызда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан COVID-19 індеті расталған әйел адам толық емделіп шығарылды. Ол еліміздегі коронавирус індетін жұқтырған алғашқы жанның бірі болатын. Науқас шет елде жүріп, яғни еуропалық елдердің бірінде коронавирус індетін жұқтырған. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.
Емделіп шыққан азаматша вирусқа қарсы емдеу мен симптоматикалық терапияның толық курсын алды. Оның сырқаты симптомсыз өтті. Ем-дом шаралары кезінде асқынулар болған жоқ. Соңғы жүргізілген екі бақылау талдауы коронавирусқа теріс нәтиже көрсетті.
Қазірде Алматыда COVID-2019 індетін жұқтырғандар саны 40 адамды құрады. 1995 жылы туған бірінші науқас 21 наурызда Нью-Йорк – Мәскеу – Алматы рейсімен ұшып келді.
Коронавирус анықтаған қалған адамдар КВИ-дың расталған жағдайындағы адамдармен байланыста болғандар.
Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.
Бүгінде қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 40 науқас болса, оның екеуі – бала.
Емханадағы 38 емделушінің жағдайы қанағаттанарлық болса, 1 баланың жағдайы орташа дәрежеде. Ересек науқастың біреуінің жағдайы ауыр. Онда ентігу бар. Сол себепті өкпесіне жасанды желдету аппараты қосылды.
Ескеретін жәйт, 1956 жылы туылған бұл науқастың өкпесінде созылмалы обструктивті ауруы болған.
Бүгінде провизорлық госпитальда карантинде 931 азамат, оның ішінде 57 бала жатыр. Жалпы карантиндегі барлық адамдардың дене қызуы қалыпты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *