КОМАНДИРІН ҚҰТҚАРҒАН ҚАҺАРМАН

Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең күрделі шайқастардың бірі – Брест қамалы үшін болған шайқас екендігін, сол кескілескен ұрыста талай боздағынан айырылған ел-жұрт ешқашан ұмытпас. Брест қамалын қорғаған жауынгерлерге арналған Құрмет тақтасында біздің қазақстандық жауынгерлердің есімдері де үлкен құрметпен жазылған. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөздің ақиқат екендігіне осы Брест қорғанын қорғауға қатысқан жерлесіміз, Жамбыл облысы, Қордай ауданының тумасы Әбдіразақ Мәмиевтің өмірбаянымен таныса отырып, тағы бір көз жеткіздік.

1937 жылы Алматы облысындағы Түрген педаго­гикалық училищесін үздік бітірген жас жігіт, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Жиырмадан енді асқан жас жігіттің арманы көп. Ол 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Брест қаласына әскери борышын өтеуге аттанады. Соғыстан еш хабары жоқ жауынгерлер Отан алдындағы үш жылдық жауынгерлік борыштарын өтеп, сол сұрапыл соғыс басталатын 1941 жылдың маусымында туған елге қайтуға дайындалып жүрген-ді. Жүректері алып-ұшып, туған жерге, ата-ана, бауыр-туысқа деген сағыныштарын тауыса алмай, бір-бірімен ұзақ түн сырласқан №125 атқыштар полкінің 2-батальонының жауынгерлерінің кірпіктері айқасып, енді ғана тәтті ұйқыға кеткен еді.

Бірақ иә, бірақ олар 1941 жылдың 22 маусымының таңын олар «соғыс» деген үреймен, аспаннан жауған жау оғының «от шашуымен» қарсы алды. Жауынгерлердің елге қайтамыз деген армандарының қанаттары қайырылып, «Отан үшін, ел үшін!» деп, қан майданға кірісіп кетті. Жау әскерлерінің Кеңес жеріндегі ең басты нысанаға алып, беріспей шайқасқан ұрыс нысандарының бірі – осы Брест қамалы еді. Төбеден төпелеген жау оғы бұл қала жұртын да, тұтқиылдан келген фашистік әскерлердің шабуылына қарсы шыққан жауынгерлеріміздің де ерік-жігерін мықтап бір сынаған-ды. Бейбіт, бейқам жұртты жау оғы аямады. Қамалды күл-талқан етіп қиратып, адамдарын аяусыз оққа ұшыратты. Әбдіразақ Мәмиев әскери борышын өтеген №125 атқыштар полкінің командир Григорий Ландышев басқарған 2-батальонның жауынгерлері жау әскерлеріне қарсы шабуылға шықты. Бірақ басынан бақайшағына дейін қаруланған жаудың күшіне тойтарыс беру оңайға түскен жоқ. Батальон құрамы түгел дерлік оққа ұшып, ауыр жарақат алғандары жау қолына түсіп, тұтқындалған болатын. Сол тұтқындалғандардың ішінде гранаттың жарықшағы тиіп, ауыр жарақат алған командирін түтеген оқ арасынан алып шығамын деп арпалысып жүріп, қапыда қолға түсіп қалған Әбдіразақ Мәмиев те бар еді.

Ә.Мәмиевке командирі Григорий Ландышев өзін атып тастауға бұйрық береді. Бірақ Мәмиев бұл бұйрықты орындай алмайтынын айтып, Григорий Ландышевті аман алып қалады. Азабы болғанмен, «қырық жыл қырғында» ажалға кездеспеген Г.Ландышев өздері үлес қосқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс әкелген бейбіт күннің қызығын көріп, елдің дамуына үлес қосып, еңбек майданында да ерік-жігерін танытып, 1984 жылы дүние салды.

Ал қамалдан шыққанмен, ауыр жарақаттары естерінен тандырған Г.Ландышевтің батальонының 112 жауынгері фашистердің тұтқындар лагерінде естерін жиған еді. Польшадағы «Белоподлязка» тұтқындар лагеріндегі кеңес жауынгерлерінің көрген қиындықтары мен тозаққа бергісіз өмірлері туралы Әбдіразақ марқұм күрсіне отырып, жиі еске алатын. Тұтқынға түскендерге неміс әскерлерінің көрсетпеген қорлығы аз болмаса керек. Лагерьде су ішетін жалғыз құдық болады. Одан белгіленген бір уақытта ғана су ішуге рұқсат беріледі екен. Сол уақытта су алып үлгермегендерді атып тастайтын болған. Күніне жүз шақты тұтқын жазықсыз атылып, көз жұматын. Өлгендерді шұңқырға жинап, көме салатын деп, сол бір тозақты өмірлерін еске алып, ұл-қызына бейбіт өмірдің қадірін біліңдер, бағалаңдар, еліңе адал қызмет етіңдер, деп отыратын соғыстан кейінгі саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер аға.

Жаратқанның берер жақсылығы аз емес қой, бірде немістер тұтқындарды орманға отын жинауға алып барады. Осы кезде оларды поляк партизандары қоршап алды. Партизандардың қолына түскен кеңес жауынгерлерінің арасында Ә.Мәмиев те бар-тын. Поляк партизандарының арқасында аман қалған Ә.Мәмиев 1943 жылы Қызыл әскерлердің қатарында неміс фашистеріне қарсы қайтадан соғысқа кіреді. Үшінші фронттың құрамында ол Украинаны, одан кейін 1944 жылдың қазан айында Одесса қаласын құтқаруға қатысады. Одесса қаласы үшін болған соғыста ол ауыр жарақатының салдарынан Тбилисидегі әскери госпитальға жөнелтіледі. Оң аяғына тиген жау оғы оны аяғынан айырып, 1944 жылдың қараша айында балдаққа сүйенген жауынгер еліне оралады.

Соғыс салған зардап ауылдардың да еңсесін езіп тастаған еді. Майданға кеткен ерлердің орнында әйелдер мен балалар жұмыс істейтін. Елге оралған Әбдіразақ ауылдағы халықтың жай-күйін көріп тұрып, жайбарақат жата алмады. Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты «Қызыл әскер» ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасып, жас ұрпақты білімге жете­леп, олардың бойына отансүйгіш­тік, ұлтжандылық қасиеттерді дарытуға өзінің сүбелі үлесін қосып, елдің келешегі – жас ұрпақтың болашағы үшін жан аянбай еңбек етті. 1951 жылдан бастап «Қызыл әскер» бас­тауыш мектебінің директоры болып қызмет атқарып, ұрпақ тәрбиелеу ісінің үздігі атанды. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Қызыл әскер» ауылын­дағы Әбекең қызмет еткен мектепке бүгінде Әбдіразақ Мәмиевтің есімі берілген.

Ержүрек, командирін ажал аузынан аман-сау арқалап алып шыққан қаһар­ман, «Қызыл жұлдыз» орденді жауынгер соғыс туралы әңгіме бола қалса, өзінің емес, қасында өзімен бірге майдандас болған Брест қамалын жаудан қорғауға алғашқылардың бірі болып атсалысқан қазақстандық Әуелбек Сарыбаев, Мақсұт Ниязов, Сауыт Ушуров, Иван Тимошенко, Михаил Костенко сынды жауынгерлердің, командирі Григорий Ландышевтің ерліктері мен батырлықтары туралы көбірек айтатын.

Брест қамалын жау әскерлерінен құтқаруға қатысқан­дардың құрметіне 1971 жылы қойылған ескерткіш-тақтада есімдері құрметпен жазылған жауынгерлердің қатарында Қазақстан жауынгерлері Ыдырыс Құрнекеев, Нури Садықов, Ботабай Сүлейменов, Василий Вавилов, Василий Калугин сынды азаматтарымыздың да есімдері бар. Отаны үшін от кешкен батыр ұлдарын елі ешқашан ұмытпайды. Олардың ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, жадыларында мәңгі сақталады. Міне, сол ұрпақтың жадында қалар жарқын есімдердің бірі – біздің кейіпке­ріміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Украинаны жаудан қорғаудағы ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесінің 1975 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, КСРО қарулы күштерінің құрылғанына 50 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 20, 30 жылдығына арналған мерекелік медальдардың, Кеңес көсемі В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған медальдардың иегері Әбдіразақ Мәмиев. Екі майданның да, соғыс пен бейбіт күндегі еңбек майданының алдыңғы шебінде жүріп, туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, өзінің соңында өшпес із, өнегелі өмір естелігін қалдырған Әбдіразақ Мәмиевтей ержүрек әкелеріміздің рухына қашан да бас иіп, тәу етеміз. Олар ұрпағының есінде мәңгі қалады.

Мира АБЫЛАЕВА.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *