КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында жоғары медициналық колледж ғимаратын аралап көріп, оқу орнының қызметі туралы есепті тыңдады.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Қоғамдық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Қанат Төсекбаев өзінің сөзінде мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша колледжде бюджеттік қаржыны орынсыз жұмсау фактілерінің және бухгал­терлік есеп пен салықтық  көрсеткіш ара­сын­да сәйкессіздіктің орын алғандығын айтты.

Тіпті, колледж директоры 2019-2020 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік тапсы­рысты алу жөніндегі конкурсқа қатысу үшін өтінішті уақытылы бермеген, ал бұл оқу орны басшысының кезек күттірмейтін басты міндеттерінің бірі болып табылады. Демек, колледж оқушылардың жалпы санының 60 пайызын қамтитын мемле­кеттік тапсырысты орындамаған, осының салдарынан қаланың медицина­лық ұйымдарында орта буын кадрлар жетіспеуі және абитуриенттердің, оның ішінде аз қамтылғандар арасында әлеумет­тік шиеленістің туындауы мүмкін.

– Денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы бөлінуде, алайда  тұрғындар тара­пы­нан медициналық қызмет сапасына жыл сайын шағымдар көп түсуде. Бұл – дәрімен  дұрыс қамтамасыз етпеу, қызметкерлердің дөрекілік танытуы. Маған қазір ғана баян­дағандай, кейбір медицина ұйымдарының басшыларына кірудің өзі қиын екен, олар өздерін дәл патшалардай сезінетін көрінеді.  Кейбіреулер  тіпті жеке  ісімен айналысып, жұмыс орындарына келмейді екен, соның  салдарынан еңбек ұжымы зардап шегуде. Жемқорлыққа қарсы күресте біз  халыққа жүгінетін боламыз. Бірде-бір арыз, бірде-бір шағым ескерусіз қалмайды, – деді Бауыр­жан Байбек.

Мегаполис басшысы қаланың барлық медициналық мекеме басшыларының кеңселеріне видеокамералар орнатуды, ондағы суреттердің тікелей Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жібері­луін тапсырды. Басқарма басшысының кеңсесіндегі видеокамерадағы көріністер қала әкімінің осы салаға жауапты орын­басарына бірден беріледі.

Бұдан өзге, басқарма басшысына тәуел­сіз Қадағалаушылар кеңесін құру жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру, азаматтардан өтінімдер қабылдайтын жедел желі ашу тапсырылды. Жасалған KPІ индикаторларын медициналық ұйым басшыларының еңбек шартына енгізіп, барлық емдеу-диагностикалық процестер­дің ашықтығын қамтамасыз ететін цифрлық жүйелерді пайдалану қажет.

«Алматы – адалдық алаңы» жобасы аясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге сырқаттарға қолдау көрсету үшін ашық кеңістік жобасы қолға алынады, мұнда медициналық мекеме­лердегі қабылдау бөлімінің меңгерушілері тіркеу мен қабылдау нүктелері жанында өз міндеттерін атқарады.

– Осы колледжден-ақ біз өздерінің тікелей міндеттерін орындамайтын бас­қарушы құрамның проблемаларын көрдік. Бізге іске жаны ашитын, білікті, өнегелі, адал басшылар қажет. Дәл осындай басшы­лар өздеріне қолдау көрсету жөнінде қоңы­раулар ұйымдастырмайды. Өйткені, ол өзіне сенімді, білімді әрі білікті, ісіне берік, жауапкершілігі мол. Тағы да қайталап айтамын, келеңсіз фактілер орын алса, онда бірден қызметінен босатқан жөн. Барлық өтініштер мен шағымдар бойынша құқық қорғау органдарымен бірге белсенді жұмыс жасау керек. Біз бәріне ұнаудан аулақпыз, тың әрі нақтылы шараларды қолданатын боламыз, – деп атап өтті қала әкімі.

Бұрын берілген тапсырмалардың қалай жүзеге асып жатқандығы туралы баяндаған Қоғамдық денсауалық сақтау басқармасы­ның басшысы сатып алу транспарентін және сырқаттарды дәрімен қамтамасыз ету үшін биылғы жылдың сәуірінен бастап барлық дәрілерді сатып алу электронды платформаға көшетінін хабарлады. Тексеру барысында қымбат дәрілерді алған 304 науқастың қала тұрғындары емес екендігі және қайтыс болғандығы анықталды. Осыған орай дәрі-дәрмекті «Аптека роботы» арқылы беру қолға алынады.

Сонымен бірге, сатып алынатын бар­лық медициналық техниканың құны эконо­микалық сараптамадан өтеді. Қазіргі кезде медицина ұйымдары жанында жал­ған жұмыс істеген 46 Қадағалаушы кеңес таратылды. Денсаулық сақтау жүйесінің сапалы басшылық құрамын қалыптастыру мақсатында әрбір медицина ұйымының басшысы үшін КРІ-дің 70 индикаторы жасалды. Бұлардан өзге, биылғы жылы 28 медицина мекемесін қайта құру жоспар­ланған, қазіргі кезде олардың сегізі қайта жасақталуда.

Сондай-ақ, қоғамдық денсаулық сақ­тау саласының басшысы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне қойылар талап­тардың күшейтіліп, сапалы да адал қызмет көрсету қатаң талап етіліп отырған­дығын айрықша атап өтті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *