Колбинді кетірген «Сталинге хат»

Қали СӘРСЕНБАЙ

Жұмбағы жықпыл-жықпыл, құпиясы әлі де қырыққабат жер астында жатқан тақырыптың бірі – Желтоқсан көтерілісі. Оның бәріне ұлы мәртебелі уақыттың өзі сарапшы. Демек, жылдар өткен сайын ақиқат өзі ашыла береді. Бұл өмірдің бұлжымас қағидасы. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқының намысын шырқау биікке алып шығып, кешегі кеңестік одақтас республикалардың бұйығы өмірінде күрт бетбұрыс жасаған Желтоқсан көтерілісінің жадымызда жаңғырып жүретін кейбір деректерімен де бөліскенді жөн көрдік.

Қайсыбір жылы Елбасының «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы шықты. Онда белгілі көсемсөзші, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың Тұңғыш Президентпен сұхбаттары топтастырылған. Бұл сұхбаттардың ерекшелігі Қазақстанның тәуелсіздік тұсындағы бастан кешкен хикметтері турасында еді. Сол сұхбаттың бірінде қазақтар Көлбай атап кеткен Колбинге де өз бағасы берілді.

Айталық, С.Плехановтың «Жібектей жел емес» атты кітабында «Колбин қуатты келген быртық саусақтарын тіреп, кеңес өткізетін үстелдің жанында тұр. Бойшаң, беті домбаздау біткен түксиген еркек. Түрі кәдімгі обком хат­шысының түрі. Бірақ республиканың бірінші хатшысының түріне келе қоймайды. Еңсегей бойлы Димаш Ахмет­ұлынан кейін…» деп жиіркенішті суреттелетін Колбиннің кескіні мен сол тұстағы кезеңді Нұрсұлтан Әбішұлы былай баяндайды:

«Колбин кезеңі» дейсің бе? Ел тарихындағы бір кезеңді Колбиндей кісінің атымен атау артық болады. Мәселе Колбиннің өзінде емес. Көлденең көк атты келіп, бір республиканы билей беретін жағдай қалай қалыптасты? Мәселе, міне, осында. 1986 жылғы желтоқсанда жастар шын мәнінде алаңға Қонаевты жақтап та шыққан жоқ, нақты Колбинге қарсы болып та шыққан жоқ, жастар алаңға ең алдымен ұлттық намысты қорғап, қоғамды жайлап алған жалғандыққа, қазақ елі бар деп есептемегеніне, бізді мүлдем білмейтін адамның басшылыққа келуіне қарсы шықты. Одан он жыл бұрын республика билігіне сырттан адам әкелінсе, ол таңдау басқа ұлттың өкіліне түссе, мұндай жағдай орын алмауы да әбден мүмкін еді». (204-бет).

Елбасының Желтоқсан көтерілісіне түрлі саяси жағдайлар арқылы келіп баға беруі, оның тоталитарлық жүйеге көрсетілген алғашқы қуатты қарсылық екенін тың деректер мен дәйектер арқылы келтіріп айтуы, әсіресе, Колбиннің жергілікті халықтың ойынан шығамын деген «Жилье-91-дің» «Жулье-91-ге» айналуы, азық-түлік мәселесін шешу үшін «құс атыңдар» деген сөзіне дейін келтіріп, оның болмысын ашудағы қолданатын тәсілдері көңіл төріне бірден қонақтап қалады. Ақырында он жасар немересінен айырылып, өмірінің соңғы күндерінде метро вагонының ішінде өмірден өтуі «құдайға қараған» қазақ деген халықтың көз жасының жібермегені емес пе?  Осы бір қолдан жасалған трагедиялық халді Сауытбек Абдрахмановтың Елбасына қойған мына бір сауалы мен оған берілген жауап тереңдете түседі.

«Колбиннің драмасы оның Қазақстаннан кетуімен де бітпеген екен. Негізінде, өмірден өткендер туралы теріс айтпау жөн делінеді. Бірақ бұл сөз мыңдаған адамдардың тағдырын шешетін саяси тұлғаларға қатысты болмауы керек сияқты. Колбин Мәскеуде КСРО Халықтық бақылау комитеті төрағасының қызметін аз уақыт атқарып, Одақ тарап, зейнетке шыққан соң үйінде томаға-тұйық өмір сүріпті. Ешкімді көргісі келмей, ешкіммен сөйлескісі келмей, ештеңе де оқымай, күні бойы диванда жатады да қояды екен. Сөйтіп жүріп, ақыры Мәскеу метросының вагонында бара жатқан жерінде жүрек талмасы ұстап, қайтыс болыпты. Бірнеше күн бойы мәйітханада жатып, біреу зорға дегенде танып қалып, туысқандарына хабар берген…

Көз жасы жібермейді ғой. Зауал деген бар. Түбі бір сондай зауал болатынын Колбин ТЮЗ-де Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» драмасы бойынша қойылған спектакльді көргенде сезген де сияқты. Сіз алып келіп едіңіз театрға. Мәдениет секторының меңгерушісі болатынмын, бәрі әлі көз алдымда тұрғандай.

– Дәл сол спектакльге әдейі апардым ғой оны. Көрсін дедім. Көрді. Түрі өзгеріп кетті. Талай нәрсені түсінді. Сахнадағы Сталин – Горбачев, ал Голощекин – өзі екенін сезді. Бұл елден есі барында кету керектігін ұқты-ау деймін сонда. Тарихтың тағылымын танытуға жазушылар да осылайша үлес қосуы керек».

(238-239-беттер)

Тапқырлық деген осы. Ел басына түскен қиын ахуалдан алып шыққан сол халықтың өзінің құдіретті өнеріне қалай қол соқпайсың. Елбасының осындай қиын сәттерде жазушы қауыммен кеңесуінің өзін тапқырлықтың бір қырына балауға болатын шығар.

Жылдар өткен сайын осы бір дерек жүрек тұсымды жылытып, жадымда жаңғырып жүреді. Халықтың рухын көтеретін, болмысын сақтап қалатын да ұлы өнері ғой. Сол спектакльді біз де көрдік. Қойылымның авторы Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметов еді және Голощекин рөлін қалай ойнады десеңізші! Тұрарды Айдос Бектеміров, Сталинді жер-жебіріне жеткізіп, жүрегі қан жылап ойнап еді-ау. Осынау қасірет қартинасын көріп отырып, қандай жауыз болса да жүрегі қайдан шыдасын. Шынында да мына спектакльден кейін Колбиннің қайда келгенін әбден түсінгені шындық еді. Бәлки, «Сталинге хат» болмаса ол қанқұйлы әрекеттерін жалғастыра берген болар ма еді.

Бүгінде сол Тұрар көкесімен бірге рухы мәңгілікке тыныстап жатқан ұлы ұстазымыз Шерхан Мұртазаның бұл ұлт үшін жасаған есепсіз ерлігінің бір қыры ғана. Пейіште нұрыңыз шалқысын, Шераға!

Осылар да қара жерге сыйып жатыр-ау.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *