КІТАПХАНАЛАР: ӨЗГЕРІСТЕРГЕ АРНАЛҒАН ДИАЛОГ АЛАҢЫ

Грецияның астанасы Афинада үстіміздегі жылдың 24–30 тамызы аралығында Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының (ИФЛА) «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» тақырыбындағы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі өтіп жатыр. Онда рухани  саланың өзекті мәселелері талқылануда.

Ұлттық кітапхананың баспасөз қызметі хабарлағандай, Конгрестің алғашқы күндерінде ТМД елдерінің кітапханалары өкілдерінің жыл сайынғы аймақтық мәжілісі болып өтті. Мәжіліс жұмысын Ресей, Беларусь, Әзербайжан мемлекеттік кітапханаларының жетекшілерімен бірге модератор ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры  Бақытжамал  Қайырбекқызы Оспанова жүргізіп отырды.

Аймақтық мәжілісте ИФЛА президенті Глория Перес-Сальмерон және ИФЛА бас хатшысы  Джеральд  Ляйтнер құттықтау сөз сөйледі. ТМД елдері кітапханаларының өкілдері мәжілісте «Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған бірлескен жоба», «Шетел әдебиеті кітапханасының халықаралық жобалары – ТМД кітапханаларының өзара іс-қимыл алаңы ретінде», «Санкт-Петербург мәдени форумы – кездесулер мен жаңалықтар ашу алаңы», «ИФЛА-ның «Әлемдік кітапха­налар картасы» жобасының жаңа кезеңі» тақырыптарында сөз сөйлеп, өзара кең пікір алысты.

Конгресс аясында Афина қаласының «Athens Avenue Hotel» қонақүйінің конференц-залында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – ұлы даланың ақыны» атты әдеби кеш өтті.

Салтанатты шарада Қазақстан Респуб­ликасының Грециядағы елшісі Алексей Юрьевич Волков  және Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова сөз сөйлеп, Греция ұлттық кітапханасының алтын қорына және Қазақстан Республи­касының Грециядағы елшілігіне Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарыққа шыққан тұңғыш жинағының көшірмесі мен ақын шығармашылығына арналған құнды кітаптарды сыйға тартты.

Ежелгі өркениет орталықтарының бірі болған Афина қаласының төрінде Абай Құнанбайұлының әлем тілдерінде жарық көрген   өлеңдері оқылып, «Көзімнің қарасы» және «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалды. Шетел тілдерінде  ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд-шоу көрсетілді.

Салтанатты жағдайда ашылған  алқалы жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітап­ханасының директоры Б.Оспанова, Қорды қабылдап алу, бақылау және толықтыру қызметінің жетекшісі Қ.Изамбекова, Анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету қызметінің жетекшісі  А.Рахимова және басқа да  қызметкерлер қатысуда.

Сондай-ақ,  осы халықаралық шара­ның аясында «Арал аймағының эколо­гиялық ортасын қайта жаңғырту жөніндегі кітапханалық еріктілер қызметі» туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен ерікті қазақстандық кітапханашылар бірге дайындаған көрнекі (стендтік) баяндама ағылшын тілінде дүниежүзі кітапханашыларына таныс­тырылды. Көрнекі баяндаманы  Ұлттық кітапхана ұжымы әлемдік кітапхана­шылардың конкурсына қатыса отырып, ұтып алған болатын.

Баяндамада Арал теңізі аумағының биологиялық тепе-теңдігін сақтау мәселелеріне назар аударылды. Суы тартылған Арал теңізі – біздің заманы­мыздың ең ауыр экологиялық апаты болып табылады. Арал проблемасы біздің елімізге ғана емес, дүние жүзіне ортақ. Оның тартылуы салдарынан жыл сайын жел  ұшырған 75 миллион тоннаға дейінгі  шаң мен улы тұз, тіпті Еуропа мен Антарк­тидадан табылуда. Сондықтан Қазақстан­ның және әлемдік қауымдастықтың алдында Аралдың биологиялық санал­уандығын қалпына келтіру мен онда тұратын адамдарға лайықты жағдай жасау проблемасы тұр.

Ұлттық кітапхана мен ерікті кітапха­нашылар қызметінің Көрнекі баянадаманы дайындаудағы мақсаты – Арал аймағының экологиялық және әлеуметтік-эконо­микалық жағдайын тұрақтандыруға қажетті білімді іздеу мен тарату болып табылады.

Ұлттық кітапхана мен қазақстандық еріктілер бірлесіп дайындаған шара БҰҰ-ның тұрақты дамуды қамтамасыз ету саласындағы  №13 климаттық өзгерістерге қарсы мақсатын жүзеге асыруға бағытталған.

Дүниежүзілік кітапханалық  және ақпарттық конгресс аясында әлем елдеріндегі Ұлттық кітапханалар басшы­ларының іскерлік мәжілісі де өтті. Онда кітапхана саласының дамуы мен қызмет көрсету сапасын арттыру және әлем кітапханаларының іскерлік қарым-қатынасын одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар мәселелер талқыланды.

Бұл шара әлемдік кітапхана қауым­дастығы үшін маңызы зор оқиға. Жыл сайын оған 140-қа жуық кітапхана және ақпараттық ғылым саласындағы әр түрлі деңгейдегі 3500-ден астам маман қатысады.

Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының (ИФЛА) президенті Глория Перес-Сальмеронның айтуынша: кітапханалар қоғамдағы өзгерістердің қозғаушылары, ал Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференция сала мамандары  үшін жыл сайын бағыт-бағдарларын  жаңаша айқындауға жақсы мүмкіндік береді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген кітапханашылар  озық тәжірибелер мен идеялар алмасып, мейлінше жоғары сапалы қызмет көрсету жолдарын анықтап, кітапханалардың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылайды және сол арқылы қоғамға соны серпін қосады.

Соған орай оның мақсаты – аймақтық және халықаралық деңгейдегі кітапхана ісін жаңғырту, сонымен қатар ақпараттық және инновациялық басқару саласындағы озық тәжірбиелерді көрсету, бөлісу мен зерттеуге мүмкіндік жасау, заман талабына сай жаңаша ойлауды қалыптастыру және кітапхананың жаңа бет-келбетін қалыптастыру. Ол жеке мамандардың да, жалпы кітапхана қауымдастығының да өсуі мен дамуына бірегей жаңа, қызықты және пайдалы ақпараттарды ұсынады. Сондай-ақ, конгресс әлем кітапханашыларына 85-ші Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференцияның стратегиясын бірлесе жүзеге асыру және бірыңғай кітапхана алаңын құру мүмкіндіктерін береді. Білім әлемінде кітапхана – идеяларды генерациялау алаңына айналуы тиіс. Халықаралық  шара кітапхана саласындағы жаңа стратегияны қалыптастыруға және бірыңғай кітапхана алаңын құруға мүмкіндік береді.

 

                Т.ДЕРБІСАЛИН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *