КIТАП – ЖАН АЗЫҒЫ

Тәрбиенiң алтын арқауы – халқымыздың өнеге мен әдеп, әдет-ғұрып және тұрмыс-салт туралы ғибратты ойлары мен тәлiмдерi болса керек. Ел ертеңi болатын өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу ұлттық тәрбиенiң тамыры тереңде жатқан өзегiмен сабақтасқан жағдайда ғана алға баса алады. Бұған қазiргi таңдағы экономикасы, саяси тұрғыда өркендеуi жағынан өркениеттiң көш басында тұрған елдердiң мәдени, әлеуметтiк және ағарту саласындағы қол жеткен табыс­тары айқын дәлел бола алады.

Әрине, ұлттық тәрбие мен халық педагогикасы саласында зерттеулер мен ғылыми тұжы­рым­дар аз айтылып жүрген жоқ, дей­тұрғанмен, қазiргi мектептердегi оқу-тәрбие мақсаттары мен талаптары оқушыларға қойыла­тын бiлiмдi игеру тұрғысындағы тапсырмалар мен мiндеттер, көп жағдайда, тәлiм мен тәрбие тура­лы ұлттық идеяларға сәйкес келмей тұратын сияқты. Ұлттық оқыту бағыттары оқушылардың, не ұстаздардың киiмiне ұлттық киiм нақыштарын жапсырумен немесе орындықтарына құрақ көрпешелер төсеумен шектелмесе керек. Ұлтымыздың тәрбие туралы асыл маржан ой-пiкiрлерiн жаңа оқыту технологияларымен қандай жолдар арқылы тиiмдi ұштасты­руға болады, бұл жерде осы сауал төңiрегiнде көптеген пiкiрталастар туындауы сөзсiз.

Ал, iс жүзiнде, қалай орында­лып жатыр деген сауалға да мысалдар келтiруге болады. Қазақ сыныптарының көптеген оқушы­лары өз ойларын ана тiлiнде еркiн де айқын жеткiзе алмайды, оның орнына оқушылар тарапынан да, ата-аналар тарапынан да бала ке­лешегi үшiн дегенге саятын ағыл­шын тiлiн оқып-үйренуге ерекше құлшыныс мол, сонда ел ертеңi деп отырған жастарымыз ертең қай тiлдi насихаттайды? Әрине, ғаламдық, жаһандық өркениеттi жоққа шығармаймыз, сонда ата кәсiбiмiз – қазақтың кең жазира даласында мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын өркен­детудi кiмдер еншiлейдi.

Кез-келген елдiң байыпты пара­­саты мен салиқалы кемелдi­гiнiң өлшемi ойлы қаламгерлерi десек, неге сол қалам иелерiнiң туындыларын қазiргi мектеп оқу­шылары оқы­май­ды. Бүгiнде қазақ тiлiндегi кiтаптар аз шығатыны бел­гiлi жағдай, ал оқушылар мек­теп кi­тап­ханаларының қорын­дағы шағын мөлшердегi кiтаптар да оқыл­майды, бұл — ойланарлық жағ­дай. Кiтапқа деген қызығу­шы­лық, насихат аз, бұл ұстаздар­дың кәсi­би бiлiктiлiктерiне тiкелей бай­ла­нысты. Қазiргi мектептердегi оқу, тәрбие бағыты сападан гөрi сан­­дық көрсеткiштердi алға тартады.

Әр оқушының iшкi әлемi байыпты, байсалды, жан-жақты бiлiмдi болсын десек, оқушыларға кiтап оқуды насихаттау қажет, бұл жерде отандық, шет ел әде­биеттерiнiң озық үлгiлерi аса маңызды. Кiтап әлемi – дүниенi танудың кiлтi десек, балалары­мызды кiтап оқуға насихаттайық.

Зәуреш СҮГIРБАЕВА,

қазақ тiлi мен әдебиетi

пәнi мұғалiмi.

Астана қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *