«Кітап үйіне» кірсеңіз, құр шықпайсыз

Білімге қажетті оқулықтарды, көркем әдебиеттер, сөздіктер, анықтамалықтар, мектепке дейінгі балдырғандардың игілігі үшін де әдебиеттер басып шығаратын «Алматыкітап» баспасының Алматының Абай даңғылы бойында орналасқан «Кітап үйі» бар. Іші сондай жарық, кең де биік, жинақы, кірсең шыққысыз, жан-жағың толған кітап, керегіңді ал да, оқи бер.

«Алматыкітап» ЖШС жасөспірім­деріміз бүгінгідей ақпараттық технолгия қарыштап дамып, әлеуметтік желілер желдей есіп тұрған заманда кітаппен көбірек дос болса екен деп, олардың арасында кітап оқуды насихаттау мақ­са­тында, осыдан сегіз ай бұрын «Оқыр­мандар клубын» ашқан болатын. Осы уақыт ішінде көптеген қызықты таным­дық кездесулер мен әдеби кештер өтті.

Жақында ғана өткен сондай тағы бір мағыналы кездесуіне біздің де жолымыз түскен болатын. Бұл жолы «Оқыр­мандар клубының» төріне қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматы, дәлірек айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, 22 айтыстың бас жүлдесінің иегері, олардың ішінде 2-уін жыршы ретінде алған, «Манас» дастанының еліміздегі жалғыз жыр­шысы, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, лирикалық, философиялық өлеңдер, поэмалар мен оқиғалы жырлардың, көптеген пьеса, шағын сахналық шығармалардың авторы Баянғали Әлімжанов шақырылыпты.

Кітап үйіне жиналған үлкен-кіші оның балалық шағы туралы, жоғары оқу орнына түсердегі қызықты оқиға­ларын, ата-анасын бағу үшін ару Алма­тыны қиып, туған жерге қайта кеткені жайындағы естеліктерін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше мәрте кездесіп, Тұңғыш Президентпен емін-еркін әзілдескен сәттерін әңгімеле­генде, ұйып, қызыға тыңдады. Кеш мейманы өзінің балаларды аса жақсы көретінін, сондықтан болар, балалар әдебиетіне жиірек қалам тербейтінін, комедия жанры да жанына жақын екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, өмір жолында кезіккен жақсы адамдардан, ұстаздарынан алған өнеге-тағылымдары туралы сыр шертті.

Кеште Баянғали Әлімжановтың Ресейде жарық көрген, роман, повесть және әңгімелерінен құралған «Сказ столетного степняка» кітабының тұсауы кесілді. Оның шығармашылығына тілеулес – әдебиетші, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің зайыбы, филология ғылы­мының докторы, профессор  Күләш Ахметова, мемлекет және қоғам қай­реткері Жұмабек Тәшеновтің келіні, профессор Фатима Тәшенова және кітабын аударған жазушы-драматург Нұрлан Қами сынды замандас-достары да арнайы келіп, ізгі лебіздерін білдірді.

– Біздің «Оқырмандар клубында» әр сенбіде әдебиет тарихи, оның дамуы туралы лекциялар оқылады. Сондай-ақ, міне, бір айдан асты, клуб ішінде жас­тар өздерінің оқыған кітабын талқы­лайтын дәстүр қалыптасып келеді. Осының алдында ғана мүмкіндігі шектеулі балалардың салған суреттері мен өлеңдері туралы жақсы бір кеш өткіздік. Балалардың поэзияға деген қызығушылығын ояту үшін көркемсөз оқуға баулу, қазақтың тәрбиелік мәні үлкен мақал-мәтелдерін сіңіру мақса­тында мектеп, колледж оқушыларымен тұрақты кездесулер өткізуді де жоспар­лап отырмыз. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, арамызда өнерден тыс салада қызмет істеп жүрсе де, өлең-жырға жақын, күй шертіп, жыр, терме айтатын азаматтарымызды да алдағы уақыттарда қонаққа шақырып тұрғымыз келеді, – деді бізге берген сұхбатында «Алматыкітап» баспасының вице-президенті Бүбіхан Шәкиева.

Иә, «Кітап үйіне» кірсеңіз, құр шықпайсыз, рухани байып, мол тағылым алып қайтасыз.

Сөз соңында «Оқырмандар клубы­ның» есігі үлкендерге де айқара ашық екендігін айта кетейік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *