КІШКЕНТАЙ ТУРИСТЕРГЕ ГИД-КӨМЕКШІ

«Сәлем, Қазақстан!» гид-бояғыштары жарық көрді

«Меломан» кітап дүкендері желісінде «ABAYbooks» баспа үйінің алғашқы өнімі «Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптарының тұсаукесері өтті. Кітапшаны балалар жазушы, психолог Джан Амании, иллюстратор София Филатова және жоба жетекшілері таныстырды.

Бояғыш кітаптың мақсаты – балаларды өз Отанындағы қалалар­дың көрікті жерлерін иллюстрациялар бойынша тануға үйрету, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту. Сондай-ақ, өнер және оның түрлері туралы балалардың танымын тереңдету болып табылады.

Жоба жетекшісі әрі редакторы Кәмшат Алибекова «Сәлем Қазақ­стан!» бояғыш кітаптарының артық­шылықтары мен ерекшеліктері туралы айтып өтті.

– Кітап дүкендерінде жануарлар мен өсімдіктер, ертегі кейіпкерлері мен көліктердің бояғыштары өте көп болғандықтан, біз Қазақстанда алғаш рет қалалардың көрікті жерлеріне арналған бояғыштарды жасап шығар­дық. Әр қаланың тарихы тереңде жатқан танымал жерлері бар. Кітапта әрбір қаланың көрікті орындарының қысқаша мазмұны мен қызықты тарихи деректері жазылған. Мұқаба­сындағы кейіпкерлер де кішкентай балалардың назарына түсетіні анық. Сонымен бірге, бұл бояғыштар кіш­кентай туристерге гид-көмекші  қызме­тін де атқарады. Мысалы, бір қалаға саяхат жасағыңыз келсе, кітап­шаларға қарап отырып, ол қала­ның қай жерлеріне баруға болатыны, тарихи ескерткіштері, мұражайлары мен театрлары, мешіттердің қай жылы, кімнің бастамасымен салынғаны туралы көптеген маңызды мағлұмат­тарды білуге болады, – дейді  Кәмшат Алибекова.

Кітап алты жастан асқан бала­ларға арналған. Бояғыш иллюстра­циялардың 18 түрі мемлекеттік тілде ұсынылған. Отандық серияның ерекшелігі – ол бірыңғай қазақ тілінде шығарылады. Бұл – Қазақстандағы қалалардың көрікті жерлері туралы мемлекеттік тілдегі алғашқы бояғыш кітаптар топтамасы.

– Бояғыш кітаптар арқылы бала­лар түс таңдауды, пішіндерді есте сақтауды, кейіпкерлерді қалай бояу керектігін үйренеді. Әр композия­ция­ны бояй отырып, назар салу қабілетін арттырады. Сурет салу баланың шығар­машылығын дамытады, қия­лын­дағы бейнені қағаз бетіне түсіріп, түрлі оқиғаларды ойлап табады, – дейді «ABAYbooks» баспа үйінің директоры Майра Әлжанова.

«Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптары – «ABAYbooks» баспа үйінің алғашқы өнімдерінің бірі. Жоба 5 айға жуық дайындалды. Әр бояғыш пен иллюстрацияларды салуға кәсіби дизайнерлер атсалысып, сапалы туындылар жасап шығарды.

Жазушы-психолог, «Алуан түрлі балықтар және Дария» атты танымал балалар кітабының авторы Джан Аманиидың айтуынша, бояу кезінде ата-аналар балаларына мүмкіндігінше көмек көрсету керек.

– Бояғыштарды қолға алған сәттен, оларға деген үлкен қызығу­шы­лық пайда болады. Жазушы болған­дықтан, бұл кітаптар қажырлы еңбек­тің арқасында жарық көргенін жақсы білемін. Расында да, бояғыш кітаптар балалардың шығармашылығын дамы­тады. Ата-аналар аз ғана уақытын бөліп, балаларымен бірге бояғыш­тарды бірге бояғаны абзал. Бұл балаға қызықты әрі танымды болады. Егер де ол басқа елге баратын болса, онда өз елінің қайталанбас әрі таңғажайып тарихи орындары туралы мақтаныш­пен айтып жүретін болады, – деді Джан Амании.

Тұсаукесер соңында виктори­налық сұрақтар қойылып, қызықты ойындар ұйымдастырылды.  Бояғыш кітаптарға байланысты, әр қаланың көрікті жерлері туралы берілген сұрақ­тарға дұрыс жауап берген жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.

«Сәлем, Қазақстан!» бояғыш кітаптарын «Меломан», «Алматы­кітап», «Қазына» және басқа да кітап дүкендерінен алуға болады.

Қыркүйек айында «ABAYbooks» баспа үйі Қазақстанда алғаш рет әлемге әйгілі «Dіsney» ертегілерінің қазақ тіліндегі топтамасын ұсынатын болады.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *