КІШКЕНТАЙ ЕЛДІҢ ҮЛКЕН ҮМІТІ…

  • Гагаузия да Еуропаша  бақуат өмірді аңсайды
  • Мұнда башкан болып Ирина Влах  сайланды

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

…Көріп-білмесек те,  бұрын гагауз туралы еміс-еміс еститінбіз.  Ең алғаш мен гагауз азаматын 80-жылы кездестірдім. Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебінде бізбен бірге Максим Танко дейтін жігіт оқыды. Өзі сары, көзі көк. Дәу де болса, не орыс, не украин болар деп ойлайтынмын. Бір жолы дене тәрбиесі сабағында футбол ойнап жатқанбыз. Кенет ол менің аяғымды басып кетті. Ауырсынған мен шыдай алмай қазақшалап:

– Ой, көзіңе қарамайсың ба? – деп жібердім. Ол бұрылып қасыма келіп:

– Гешир, – деп  арқамнан қақты.

– Максим, сен қазақша білесің бе? – дедім таңданып.

– Жоқ, мен саған гагаузша сөйледім…

Әрі қарай екеуміз бір-бірімізді жақын тартып сөйлесіп кеттік. Сонда Максим маған: «тіліміз, салт-дәстүріміз жоғалып барады. Гагаузша оқытатын бірде-бір мектеп жоқ. Тағы жиырма жылда құритын  шығармыз», – деп мұңын шағып еді.

***

Молдова  Республикасында  АҚШ, Еуро­одақ және Ресейдің араласуымен билікке  талас-тартыс әупіріммен әрең басыл­ған тұста оның құрамындағы    Гагау­зия автономиясында ел басшысы  – башканды  сайлау  өткізілді. Негізінде бұл мәселе өткен жылдың қыркүйегінде халық жиналысында қаралып,  2019 жылдың 19 мамырына белгіленген. Елдегі жағдайға байланысты ма екен, артынан  30 маусымға ауыстырылды.  Башкандыққа үміткерлер­дің ішінен төртеуі: Ирина Влах, Сергей Чимпоеш, Иван Бургуджи және Дмитрий Манол іріктеліп өтті. Бәсеке-талас тәп-тәуір қызу жүрді. Сонда да басқалардан гөрі Ирина Влах пен Сергей Чимпоештың мүмкіндіктері жоғары екені байқалды.

Сергей Чимпоештың қолдаушылары Влахтың осыған дейін 2015 жылдан бергі  башкандық қызметте мардымды іс тындыр­мады деп сынап, сайлаушыларды  өз канди­даттарына  дауыс беруге шақырды. Оның   жобалаған сайлау алдындағы бағ­дар­ламасының  елді дағдарыстан  шығара­ты­нына  сендіруге тырысты.

Башкандыққа бірден-бір үміткер Сергей Чимпоешпен кездесуде  сайлау­шылар әсіресе, зейнеткерлер өздерінің: «Гагаузияға күшті башкан, күллі гагауз қоғамын ұйыстыра алатындай  саясаткер керек. Ақиқатын айтқанда, мынадай қиын кезеңде  Гагаузия   көз алдымызда  ыдырап, құлдырап барады. Жастар жан-жаққа жұмыс іздеп сабылып, зейнеткерлер кедейшілік күн кешуде, бізге  түбегейлі өзгерістер қажет. Бұған дейін  басшылар зауыттар мен фабрикалар саламыз, арзан газ жеткіземіз деген уәделер берген еді. Соның бәрі бос сөз болып қалды», – деген  жанайқайын жеткізді.

Басқа үміткерлер де шама-шарық­та­рынша  үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп,  халық сенім білдіріп, башкандыққа сайла­са қандай реформалық өзгерістер жасай­тынын айтып жатты.

Ирина Влах командасының  айтуынша,  ол басшылық жасаған төрт жыл ішінде автономияның табысы 47 пайызға өсіп, 2000 жаңа жұмыс орын ашылған, шеттен инвестиция тартудың арқасында 1100 адам жұмысқа тартылған.  Жаңадан аурухана, мектеп, балалар бақшасы бой көтеріп,  бірне­шеуі күрделі жөндеуден өткізілген.

Күткендей-ақ,  30 маусымда  Гагау­зияда  автономия басшысы – башканды таңдау шарасы өткізіліп, ОСК (Орталық сайлау комиссиясы)  дауыс беруге  55210 тұрғын – 50,35 пайыз сайлаушының қаты­насып, саяси науқанның заң талаптарына  сәйкес өткізілгенін жариялады. Алайда,  үміткер Дмитрий Манолдың бақылаушы­ларының есебінше,  келгендердің саны 48 пайыздан аспаған.  Сергей Чимпоеш те сондай  пікірде екенін айтып, бірақ та мәсе­ленің сотта әділетті қаралатынына сен­бейтіндіктен, арыз-шағым жазбайтынын жеткізді. Және де іштегі: «Мен Ирина Влахқа емес, қалыптасқан жүйеге жеңіл­дім. Жұрт былыққан қоғамда өмір сүруді қаласа солай болып қала берсін», – деген ренішін де жасырып қалмады.

Сонымен,  ОСК-ның  мәліметінше  сай­лаушылардың  92 пайызы  Ирина Влахты жақтап дауыс берген. Әйтсе де, біреулер бұл көрсеткіш: «әкімшіліктің күш салуымен  жасалды» деген күдік келтірді.

Санақ нәтижесі белгілі болысымен қайта сайланған башкан:  «Біз  сайлауал­ды бағдарламамызды  толықтай орында­дық. Негізінен  әлеуметтік жобаларға ден қойып,  саламыз дегенімізді салдық, жа­саймыз дегенімізді жасадық», – деп ағынан жарылды. Базбіреулердің болжауынша, оның  «Ресеймен қарым-қатынасты жан­дандырып, халықтың әл-ауқатын жақсар­тамын» дегені  көпшіліктің көңілінен шыққан  тәрізді.

Ирина Влахты алғаш болып Молдова президенті Игорь Додон құттықтады.  Әрі  сайлау алдында  Гагаузия орталығы Ком­ратқа келіп, оған қолдау көрсеткен бола­тын. Бұдан  екеуінің идеялас, саяси ұста­нымдары ұқсас екені  аңғарылады. Сон­дықтан болса керек, Еуроинтеграциядан гөрі Мәскеумен ынты­мақтастықты жақтай­тын саясаткердің жеңіске жеткенін Кремль  де құп көріп, қана­ғаттанған­дық­пен қабылдады.  Мұның  айқын лебі  кейбір Ресей басылымдарында  жарық көрген мақалалардан да  байқалды. Өйткені, мойындалмаған Преднестровье  республи­ка­сына  және  өзге де себептерге бай­ла­­нысты Молдовамен  дүрдараз болып тұрған тұста Кремльге Гагаузияны өзіне  тарту  қажет-ақ.

Осы сияқты Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған Ирина Влахқа құттықтау жеделхат жолдады. Онда: «Біз бауырлас гагауз халқына  бұдан әрі де қолдан келер көмегімізді көрсетеміз. Гагауздар Молдова мен Түркияның арасын жалғап тұратын көпір болады. Молдовада олардың құқық­тары мен мүдделері сақталатынына  сене­мін», – деген изгі ниет жазылды.

Ресейлік танымал  «Новая газета» басылымының хабарлауынша, Ирина Влахқа  РФ вице-премьері, Молдовамен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту  жөніндегі арнаулы өкіл Дмитрий Козак пен Түркия  Сыртқы істер министрі  Мәулет Чавушоглы  телефон соғып құт­тықтап, оған башкандық қызметінде  табыс­тар мен  жетістіктер тілеген. Ол екеуі­мен Гагауз башканы  солардың өз тілде­рінде: Козакпен – орысша, ал Чаву­шог­лымен – түрікше сөйлескен. Түріктер «біздің арғы ата-бабарымыз көне гагауз тілінде сөйлеген»  дегенді айтады.

Осының артынша Влах ханым өзінің  әлеуметтік парақшасында Ресей вице-пре­мьерімен  әңгімеде  жақын арада   Гагауз  авто­номиясы мен Ресей  аймақтары ара­сындағы  экономикалық және гуманитар­лық  байланыстарды  одан әрі нығайту  жайын талқылап,  келісімдер жасасуға уағдаласқанын  хабарлады.

Тағы да сол  «НГ» газетінің жазуынша, Гагаузия мен Ресейдің қатынасында ешқа­шан қайшылық, түсініспеушілік  болмаған.  Керек десеңіз,  Молдовамен байланыс шиеленіскен  кездің өзінде  гагауздардың жеміс-жидек пен көкөністерін  Ресей аймақтарына  емін-еркін  сатып өткізуіне рұқсат етілген.  Мұны: «біздің қарым-қатынасымызда ешқандай қиындық болған емес,  ресейлік аймақтар  жіберген өнімде­рімізді    ықыласпен сатып алып, қолдау көрсе­тіп отырады. Осымен айналысуға тиіс Молдова-Ресей мемлекетаралық комис­сиясы  шарасыздық танытып, бұрынғы үкімет керісінше кедергі келтірді. Ендігі жерде жағдай  өзгеріп,  сауда-эконо­мика­лық қатынаста қиындық болмаса керек. Өйткені,  парламенттегі  көпшілік пен үкімет ЕО-пен де, ТДМ елдерімен де  ынтымақтастықты  жақсартуды жақтап отыр», – деп    Ирина Влах та растайды.

Басқаларға қоса Ирина Влахқа  Қазақ­станның  Украина мен Молдовадағы елшісі Самат Ордабаев және  Кишеневтегі Бас консул Ерлан Мұқашев  құттықтау хаттарын жолдап: «Сіздің  басшылы­ғыңыз­бен гагауз халқының  тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған  кең көлемді әлеуметтік жаңғырту  істерінің  жалғаса беретініне сенеміз», –  деген жылы лебіздерін  білдірді.

Орайы келіп тұрғанда  гагауз халқы хақында түсінік бере кеткіміз келеді. Сәл өкініштісі, гагауздар жайында зерттеулер өте жұтаң.  Десек те, гагауздардың тілі – түркі тілдеске жататыны, ал діні – православиелік христиан екені даусыз.

Тарихи еңбектерде: «олар  орта ғасырларда Оңтүстік-Сібір, Орталық Азия және Каспий даласынан оңтүстік-шығыс Еуропаға  қоныс аударған:  печенег, оғыз – түрік және қыпшақ секілді  көшпенді түркі тайпаларының  ұрпақтары», – деп ай­тылады. «Гагауз»  атауы  – «қоңқақ  (дөң) мұрын», «тура танау»  деген мағына береді деседі. Өте қонақжай халық, ер адамдары  қасқыр тотемін мойындарына тұмар ғып тағып  жүргенді мәртебе санайды.

XІІІ ғасырда Болгарияның солтүстік-шығысындағы  Добруджи мен Делиор­манда  гагауз этносы ретінде қалыптасып,  христиан дінін қабылдаған. 1806–1812 жыл­дардағы орыс-түрік соғысының салда­рынан гагауздар  екіге бөлініп: азырағы Болгарияда қалып, басым бөлігі Бессарабия арқылы патшалық Ресейдің қарауына өткен. 1905–1907 жылдары көбірек шоғыр­ланған Комратта гагауздар бас көтеріп, өздерінің  Комрат республикасын жарияла­ғанымен оны   Ресей самодержавиесі аяу­сыз­дықпен   басып тастады. 1917-1918 ж.ж. екінші рет авто­номиялық тәуелсіздігін жариялаудың орайы келгенімен  Бессара­бияны Румыния­ның жаулап алуымен сәтсіз аяқталды.

1940 жылдың 2 тамызында Молдавия Кеңестік Социалистік Республикасы жарияданған кезде  гагауздардың 80 пайыз осында, қалған 20 пайызы Украинада қалды. Бұл айтылғандардан байқайтыны­мыз, салыстырмалы түрде саны аз болға­нымен гагауздардың өз алдына дербес ел болуы  талайдан бергі арман-мақсаты.

1989 жылғы санақта  Молдавиядағы гагауздар саны 152 мың болған болса, 2014 жылы 134 мыңға дейін кеміген.  Шамамен 40 мыңдай гагауз көршілес Украинаның Одесса облысында өмір сүреді. Аз мөлшері Украинаның Запорожье облысында, Кабардин-Балкарияда, Қазақстанда және де Болгария, Румыния, Греция мен Түркияда кездеседі.

Кешегі  90-жылдары дербестік үшін Молдова мен  Приднестровье арасында жанжал туған шақта  Гагаузия да  қантө­гіс­сіз егемендік алуға әрекеттенді. Ол әре­кеттері молдовалық ұлтшылдарға ұнамады. Сон­дықтан да олар 1990 жылдың  25–30 қаза­нында  Кишеневтен  Комратқа жорық жасап, гагауздарға қысым көрсетті. Әйтеуір басқа­лардың  ара түсуі және приднес­тровьелік­тер­дің  қолдауымен  қақтығыс  оты тұтанбады.

1993-1994 ж.ж. орталықтағы Молдова билігімен автономия мәртебесін  алу бойынша бірнеше диалогтар жүргізілді. Сол тұстағы Түркия президенті Сүлеймен Деми­рел  араағайындық  жасап: «Біздің Молдова­мен қарым-қатынасымыз  гагауз  мәселесі­нің шешілуіне байланысты болмақ. Гагауздар Молдованың сенімді азаматтары ретінде Түркия мен Молдова Республи­касының арасында  дәнекер болады», – деп гагауздарға автономиялық дербестік берілетін болса, Молдоваға түрік инвес­тициясын  әкелуге уәде берді. 1994 жылы желтоқсанда Молдова парламенті гагауздар жиі қоныстанған өңірде  «Ерекше құқықты Гагауз Ери  туралы» заң қабылдап, келесі  жылы  шілдеден Вулка­нешт, Комрат және Чадыр-Лунг аудандары  автономияның  территориялық  аумағы  болып белгіленді. 1999 жылы  бірқатар әкімшілік реформасы  жүргізіліп,  Молдова Конституциясында Гагаузия автономиялық құрылымы   біржо­лата  бекітілді.

Экономикасы жайында айтар болсақ, гагауздар  негізінен  бау-бақша, жүзім, күн­­бағыс және  темекі өсіруімен айналы­сады.  ЖІӨ 70  пайызы  аграрлық саланың үлесіне тиеді. Ауыл шаруашылығындағы 150 мың  гектар жарамды жердің  100 мың гектарына бау, 26 мың гектарына жүзім егілген. Тамақ және жеңіл өнеркәсібі  осы шикізаттар негізінде жұмыс істейді. Өндір­ген өнімдерін  жоғарыда айтылғандай,  Кремль­дің мақұлдауымен  Ресейдің облыс­тарына экспортқа шығарылады. Бірақ Молдованың басқа  өңірлерінен,  көршілес  аудандарынан тауар-өнімдер алып, делдал­дықпен асыра сату, яғни  рэкспорттауға қатаң тыйым салынған. Мәскеудің  Гагауз­ға бұлай сауда-саттық  жөнінен кеңшілік жасауының өзіндік  ішкі  есебі  бар.

Түркия республикасы  түркітілдес  ел ретінде іштартып, Гагаузияға шама-шарқынша қолдап, инвестиция жасап отырады. Сондай ағайындық мақсатпен 2000 жылдары едеуір қаржылай көмек көрсетілді. Түрік елі бөлген қаражатпен бірнеше елді-мекендерге  тұщы су  құбыр жүйесі тартылды. Жолдар жөнделді.  Ча­дыр-Лунгта  молдова-түрік лицейі  ашылды. Ол лицейде  білім алған жастар  әрі қарай оқуды Түркия университеттерінде жалғас­тыруға  мүмкіндік  берілді.

Жасыратыны жоқ,  Гагаузияда  ұлттық тілдің ахуалы аса  мәз емес. Ресми  түрде үш тіл: гагауз, молдаван және орыс тілі таныл­ғанымен, сыртқы  ұйымдар мен мекемелерге қатынас хаттар молдованша және орысша жазылады.  Тұрғындардың көбі орыс тілінде сөйлейді. Мысалы, 2008 жылы елдегі 23293 оқушының  22163 орыс тілінде, 707-і  молдован тілінде, 423-і  аралас тілде білім алған. Мемлекеттік  органдарда  іс қағаздары басым түрде орысша жүргізіледі. Орыс тіліндегі БАҚ құралдары да көбірек. Соңғы кездері ғана гагаузша кітаптардың   көбейе бастағаны байқалады.

Ел билігіне араласатын алдыңғы шептегі  саясаткерлер және зиялы қауым  өкілдері Гагаузияның  даму, өсіп-өркендеу мүмкін­дігі Ресеймен қарым-қатынаста жандан­дыруда деген пікірде. Сондайлардың белсене ұйымдастыруымен 2014 жылғы 2 ақпанда  автономияда  референдум өткізі­ліп, оған қатысқандардың 98 пайызы  ЕурАзЭС-тың Кедендік одағына   қосылу­ды қолдады.  Мол­дова үкіметі  мұндай референдумның өткізілуін заңсыз  деп жариялады.

Гагауз жұртының жері 1848 шаршы шақырым, халқы 134 мың  (Түркістан облы­сындағы Мақтаарал ауданындай) бол­ғанымен арманы үлкен.  Бұлар да көршілес Еуропа елдері сияқты еңсе көтеріп, бай да бақуат өмір  кешуді көксейді. Әйтсе де,  Молдованың өзі   Еуропадағы ең кедей елдерінің қатарына жататындықтан,  оның құрамындағы Гагауздың да  экономикалық қуаты әлсіз, халқының тұрмысы  төмен.

Келешектен үміт етпейтін ел болмайды. Сол айтқандай, кешегі кезекті  Гагаузия башканын сайлауда гагауздықтардың көпшілігі  осыған дейін елді төрт жыл басқарып тәжірибе жинақтаған,  бірқатар маңызды әлеуметтік жобаларды ұсынған,   ресейшіл бағыттағы, Ирина Влахты жақтап дауыс берді. Себебі белгілі, кез-келген  елдің тығырықтан шығып, даңғыл жолға түсуінде бірінші  басшының  біліктілігі мен іскерлігі жетекші де шешуші рөл атқарады. Сайлаушылар  бірінші кезекте осыны ескерген болса керек.

Екінші рет  башкандыққа сайланған Ирина Влахтың өзі үш айдан астам уақыт талас-тартыстан кейін қиындықпен билік­ке қол жеткізген социалистік партияның өкілдері:  президент Игорь Додон, парла­мент спикері Зинаида Гречаный және ACUM блогының өкілі,  премьер-министр Майя Сандумен түсіністікпен  тіл табысып жұмыс істей алатынына  үміт артады.

Сонымен,  Гагауз жұртында  тағы да  саяси таңдау жасалды. Оның қанадй нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.

Ендеше, түркітілдес  гагауз халқының  дағдарыс пен кедергілерді жеңіп,  эконо­микасын көтеріп,  мәдениетін гүлдендіріп, өркениетті елдер көшіне ілесіп кетуіне  тілектестігіміз  шүбәсіз.

«Ақшамның» анықтамасы

Ирина Фёдоровна Влах (гагаузша Іrіna Vlah) 26 ақпан 1974 жылы Молдавия КСР-ның  Комрат қаласында туған. Әкесі гагауз, шешесі болгар. 1991–1996 ж.ж. Гагаузиядағы Комрат  мемлекеттік университетінің  Заң факуль­тетінде білім алған. 2001–2008 ж.ж. Молдова Ғылым академиясы жанындағы  докторан­турада оқып, «Молдова Республикасында  мемлекеттік  қызмет дамуының заманауи тұжы­рымдамасы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Мемлекеттік басқару­дың мәселелері, ұлтаралық бейбіт қатынасты нығайту, т.б. тақырыптар бойынша бірнеше ғылыми еңбектің  авторы. 1996–2003 ж.ж. Гагаузия Автономиялық құрылымындағы (ГАҚ)  салық инспекциясының заңгері. 2003–2005 ж.ж. ГАҚ  Атқару комитеті (үкіметі) заң бөлімі­нің бастығы. 2005–2014 ж.ж. Молдова Республикасы  Парламентінің депутаты, әрі сондағы құқық, тағайындау және иммунитет  комиссия­сының мүшесі. 2007–2014 ж.ж. МРКП (Молдова Республикасы Комму­нистік Партиясы)   Комрат аудандық комитетінің  басшысы, партия орталық комитетінің мүшесі. 2014 жылы  ұстанымдық келіспеушілікпен парламенттегі Компартия фракциясынан, кейіннен оның  қатарынан шықты. 2010 жылы алғаш рет  Гагауз автономиясы башканы сайлауына түскенде  сайлаушылардың үштен бірі  ғана қолдап, мәреге жете алма­ды. 2014 жылы  Гагаузияда Еуразиялық Кедендік одаққа кіру жөнінде референдум өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болды. Онда ел тұрғындардың  98 пайызы қолдап дауыс берді. 2015 жылы 2 наурызда  екінші рет башкандық сайлауына  түсіп, 51,11 пайызбен  жеңіске жетті. Өткен төрт жыл ішінде Ирина Влахтың  Гагаузиядағы   басшылық қызметін оң бағалаушылармен қатар көңілі толмайтындар да кездеседі. 2019 жылғы 30 маусымда  тағы да бағы жанып, башкандыққа   сайлан­ды. Орыс, молдован және  гагауз тілдерін біледі. Дін жағынан өздеріне тартқандары шығар, 2018 жылы Орыс Православие шіркеуі  оны мерекелік медалімен марапаттады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *