Кіржуғыш пен қолжуғышқа көлікте орын бар ма?

Skoda Karoq Velo псевдоконцептісін көргеннен кейін көпшілікті осындай сауалдың мазалауы да орынды болар.  Шағын кіржуғыш машинамен және қолжуғышпен жабдықталған бұл көліктің пайда болуына британиялық велосипед­шілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі себеп болыпты. Сауалнамаға қатысқан мың жарымға жуық адам вело­сипедпен сапарлауға арналған автокөлік­тен не көргісі келетінін айтқан. Шайтанарбаны тасуға ыңғайлы бекіткіштер сынды әдеттегі тілектерден бөлек, тізімнен кіржуғыш машина сынды оғаштау дүниелер де табылды, оны қатысушылардың 27 пайызы қалаған. Ал сіз қалай қарайсыз?

Данияр, қала тұрғыны:  Көлік бағасын қымбаттатпаса

–       Көлікте қол, кір жуатын орын­ның болғаны жақсы ғой. Әсіресе, ұзақ жолға шыққанда керек. Бірақ көлік шығарушылар оған кеткен қаражатты есептеп, көлік құнын көтеріп жібер­месе. Жолға шыққанда сергек отырайық деп үнемі бетімізді, қолымызды жуып отырамыз. Ол үшін көлікке бөтелке­лерге су құйып алып жүремін.

 

Әсет, банк қызметкері:  Артық деп ойлаймын

–       Ондай заттарды орнату көліктің салмағын да көтеріп жібермей ме? Бағасын өсіретіні өз алдына. Кіржуғыш пен қолжуғыштың орны үйде секілді. Оның бәрі көлікте болса, көп ағала­рымыз үйге баруды біржолата қоятын сияқты ғой. Өзі кірін жуып, жуынып көлігінде жүре беруді әдетке айналды­рады-ау. Меніңше, қолжуғыш болса мейлі, бірақ кіржуғыш артық секілді.

 

Мадияр, сатушы: Тазалыққа не жетсін?!

–       Мен сондай көлік болса, алар едім. Бәрін жуып-шайып қойған жақсы ғой. Көліктің орындықтарының қабы, көрпешелері, сүрткіштер секілділерді тасып жүрмей жуып ала саласыз. Көлік болғасын бұзылатыны бар, қолымыз май болып жатады. Сондайда сабын алып қойып, бірден жуып алған дұрыс секілді.

 

Асылзат, тігінші: Сондай көлік болса, мен алар едім

–       Міндетті түрде алар едім. Ол бір жағынан, уақытты да үнемдейді. Ойлап қараңызшы, жол жүресіз, әрі кір жуыла береді. Оның үстіне ер кісілер май қолдарын үйге кіріп жуады. Жуына­тын бөлмеге жеткенше барлық есіктерді ұстайды, кір қылады. Одан қалса, жуынатын жерден майдың өзі де, исі де кетпей қояды. Өздері жинама­ғасын, әрі көлік жөндегенде мұрнына исі сіңіп қалатын болғасын ба, оны байқай бермейді.

 

Еркін, инженер: Жақсы ой екен

– Автокөліктегі қолжуғышты тек күннің жылы кезінде ғана қолдануға болатын шығар. Себебі, қыста су қатып, ол мәселені шешу үшін біраз әуре-сарсаңға түсуге тура келеді. Өйткені, қат­пайтын улы сұйықтықпен қол жумай­сыз. Ал қыста содан басқаның бәрі қатып қалады. Әлде, көлік қызып тұрған кезде іске асырыла ма екен? Десе де, жақсы ой екен.

 

Жол қозғалысын ақылды бағдаршамдар реттейтін болады

2020 жылы ару қаламызда 93 ақылды бағдаршам орнаты­лады. Жаңа құрылғы­лар қаладағы қозғалысты қалай реттеу керектігін өздері шешеді. Шаһар басшы­лығы қаладағы бағдаршамдарды жетіл­діру туралы жоспарымен бөлісті. Қала­лық мобильділік басқармасы хабарла­ғандай, құрылғылар жолдағы жағдайға өздігінен бейімделу үшін арнайы бағдарла­мамен және хабарлағыштармен жұптаса жұмыс істейді. Қозғалыстағы басымдылық қоғамдық көлік пен арнайы техникаларға беріледі.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, аталған жүйе көшедегі кептелісті айтарлықтай азайтып, жол апаттарын азайтады деп отыр. Жетілдірілген бағдаршамдардың алғашқы 93 данасы 2020 жылға дейін орнатылса, қалған бөлігі 2022 жылы іске қосылмақ.

 

Жылдамдықтың азайғаны апатты да азайтты

Шаһардың магистральды көшеле­ріндегі ең жоғарғы жылдамдықтың шек­телуі жолдардың қауіпсіздігін арттыр­ды. Оған дәлел жылдамдық шектелген көшелердегі көлік астына түсетін жаяу жүргіншілер санының азаюы.

Естеріңізге сала кетейік, көшелерге қойылған «80» деген белгілерді Шығыс айналма жолы, әл-Фараби даңғылы, Саин көшесінің бойынан үстіміздегі жылдың қаңтар айында алып тастаған болатын. ҚР БП-ның Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, содан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған 33 жол апаты тіркелген екен, ал 2018 жылдың дәл осы кезінде 45 оқиға тіркеліпті. Бұл 1,5 пайыздық азаюды көрсетеді.

 

«Сергек» – Өскеменде

Бұған дейін «Сергек» бейнебақылау камералары елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында орнатылған бола­тын. Енді аталған қырағы камера Өскемен қаласына келді. Соған сай, үстіміздегі жылдың шілде айының 15-жұлдызынан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзған­дарды камералар анықтайтын болады.

Осылайша Өскемен қаласы еліміздегі төртінші сергектелген қала атанбақ.

 

Электрлі MІNІ 11,5 млн. теңге тұрады

MІNІ Cooper SE деген модель жарыққа шықты. Жаңа көліктің дизайны стандартты «куперден» қатты ерекшеленбейді. Машина­ның радиатор торы ғана бітеу.

Cooper SE-ге BMW і3S-тің күштік құрылымы қойылған. Көліктің максимал жылдамдығы – 150 шақырым/с.184 аттың күшіне ие электромобиль 270 шақырым жүре алады.

MІNІ Cooper SE Ұлыбританияда 24 400 фунт стерлинг тұрады (шамамен 11.5 млн.теңге).

 

RFІD таңбалары күзде қолданысқа енбек

Елімізде ақылы жолдармен жүруге арналған жапсырмалар күзде беріледі деп күтілуде. RFІD таңбаларын алдымен ақылы жолдардың маңында орналасқан елді-мекен тұрғындары алмақ.

RFІD таңбалары дегеніміз көлік туралы мәліметті автокөліктің мемлекеттік нөмірін оқымай-ақ автоматты түрде анықтауға көмек беретін бірегей нөмірмен жабдық­талған жапсырмалар. Бекеттегі шлагбаум­дар ондағы деректер негізінде ашылып, ақылы жолдан еш кідірместен өтуге мүмкіндік береді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ RFІD таңбала­рын өткен жылы таратпақ болыпты. Деген­мен, жоба үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қолданысқа енбек. Қазіргі таңда жол мамандары 80 мыңға жуық таңба алып қойған. Бірінші кезекте оларды ақылы жолдардың маңында орналасқан елді мекен тұрғындарына тарату көзделіп отыр. Өйткені, ақылы жолдармен ең көп жүретін де солар. Бастапқыда таңбалар тегін беріледі, ал жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда қайта алу ақылы болады.

 

Өзгерістер енгізілгенмен қуаты артпады

Chevrolet Nіva чип-тюнингке ие болға­нымен, қуаты артпады. Көлемі 1.7 литрді құрайтын қатарлы төрттік бұрынғыдай небәрі 80 аттың күшін береді.

«GM-АВТОВАЗ» жол талғамайтын Chevrolet Nіva-ға сәл қарқын қосуды ұйғар­ды. Ол үшін зауыт мамандары басқару блогы мен қозғалтқышын қайта жасақтапты. Алайда, бұдан көліктің қуаты арта қойған жоқ. Агрегат бұрынғыдай 80 күш пен 127 Нм береді.

«GM-АВТОВАЗ» мәлімдегендей, өзгеріс тек төмен және орташа айналым­дардағы тартысқа әсер етеді.

 

КӨліктер дыбыс шығаратын болады

Автоөндірушілерді қозғалтқыш дауы­сына ұқсас дыбыс шығаратын құрал­дармен жабдықтауға міндеттейтін заң Еуроодақ елдерінің аумағында үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Осылай­ша еуроодақ электромобильдерді дыбыс шы­ғаруға міндеттемек. Сол арқылы еуро­палық заң шығарушылар электрокардың жақын­дап қалғанын естімейтін жаяу жүргін­шілерді қауіптен сақтауды көздейді.

Жаңа ереже 2021 жылдан бастап қолда­ныстағы электромобильдерге де қатысты болады.

 

Бетті дайындаған – Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *