КІРЕБЕРІСТЕР МЕН АУЛАЛАР АПТАСЫНА ЕКІ РЕТ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРЫЛАДЫ

Ағымдағы жылдың 25 наурызынан бастап төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штабтың шешіміне және Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұсынысына сәйкес, мамандандырылған компаниялар қаладағы тұрғын үй қорын жаппай залалсыздандыру жұмыстарын бастады.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев айтты.

Республика бойынша ең ірі тұрғын үй қоры Алматы қаласында. Оның құрамында 800-ден астам басқару органы қызмет көрсететін шамамен 8,5 мың көппәтерлі үй, 23,5 мың кіреберіс және 4 мың аула бар.

         – Жұмыс көлемінің ауқымдылығы ескеріліп, барлық ауданда залалсыздандыру 3 күнге бөлініп, олардың жалпы санының кем дегенде күніне 33%-ы қамтылады. Осылайша, көпқабатты үйлердің кіреберістері мен аулаларына кестеге сәйкес аптасына 2 рет дезинфекция жұмыстары жүргізіледі.

Жұмыс кестесіне келетін болсақ, залалсыздандырудың алғашқы кезеңінің тәжірибесін ескере отырып, біз оларды түзеттік, ал бүгінгі күні олар веб-сайттарда және аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілердегі ресми есептерінде қолжетімді, сонымен қатар кіреберістер мен ақпараттар ілінетін тақтайшаларға орналастырылған.

Қазіргі уақытта жұмысқа шамамен 70 бригада, 500-ден астам адам жұмылдырылған, – деді М.Отыншиев.

Спикер дезинфекциялық құралдардың құрамына да тоқталып өтті.

– Мердігер ұйымдар көппәтерлі үйлердің кіреберістеріне, аулаларға дезинфекция жасайды. Барлық дезинфекциялық құралдар сертификатталған және адамдар мен үй жануарларына қауіпсіз.

Олар вирустың қоздырғыштарына, жедел респираторлы вирустық микробтарға белсенді төтеп бере алады,

         Алматы әскери гарнизоны көшелерді залалсыздандыру жұмыстарымен айналысуда. Ол үшін гипрохлорит натрий қолданылады. Нұсқаулық бойынша  бұл ерітіндіге 10 литр натрий мен 1200 литр су пайдаланылады. Бірақ қоршаған ортаға зияны тимеуі үшін 1 литр натрийге 1200 литр су араластырылады.

         Ал «Алматы тазалық» күн сайын аялдамаларды, урналарды, орындықтарды, жерасты және жерүсті өткелдерін, сондай-ақ, азық-түлік дүкендерінің кіреберістерін дезинфекциялайды.

Залалсыздандыру жұмыстарына «Дезотабс» таблеткасы қолданылады, микробтарға және вирустарға қарсы қуаты жоғары. Медициналық ұйымдарда, мектептерде және балалар мекемелерінде, бактериялық, вирустық, саңырауқұлақ этиологиясының, әсіресе қауіпті және карантиндік инфекциялардың ошақтарында профилактикалық дезинфекция ретінде қолданылады, – деді М.Отыншиев.

Бұрын хабарланғандай, қала әкімдігі тұрғындарды қолдау бойынша бірқатар шараларды қабылдады, соның ішінде алматылықтар сумен жабдықтау және су тарту қызметтеріне («Алматы Су» МКК), жылу және ыстық сумен жабдықтауға («Алматы жылу желілері» ЖШС) және электр энергиясына («Алматыэнергосбыт» ЖШС), газбен жабдықтау («ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалы) және телефон байланысына («Алматытелеком» АТД) төлем жасауды кейінге қалдырды. Басқарма басшысы осы жөнінде де айтып өтті.

– Бұл бастаманы лифт ұйымдары да қолдады. Олар қала тұрғындарына айыппұл санкцияларын қолданбай, екі айға (наурыз, сәуір) төлемді кейінге қалдырды. Осыған байланысты, бүгінде тұрғындар тарапынан коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру жөндеу және қызмет көрсету ақыларына да қатысты ма деген сұрақтар жиі қойылады. Тұрғын үй саясаты басқармасы тарапынан ай сайынғы жарналар болмаған кезде, басқару органдарының қызметін қамтамасыз ету мүмкін еместігін түсіндіреміз.

Тұрғын үйді жөндеу және күтіп ұстау қорынан аула сыпырушылардың, клинингтік компаниялардың еңбекақысы, авариялық қызметтердің, лифтілер мен көтергіштер сияқты қауіпті техникалық құрылғыларға қызмет көрсететін ұйымдардың шақырулары, сондай-ақ кондоминиумның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және ортақ мүлікті қауіпсіз пайдалану, онда тиісті тәртіпті сақтау, дезқұралдарды пайдалана отырып, санитарлық ылғалды тазалау үшін қажетті басқа да шығындар төленеді.

Бұл ретте, басқару органдарына төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде жарналарды кейінге қалдыруды көздей отырып, күрделі жөндеуге жарналар жүргізуге мүмкіндігі жоқ меншік иелеріне айыппұл санкцияларын қолданбауды ұсынамыз, – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары М.Отыншиев.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *