Кинода Азнабайдың бейнесiн алғаш сомдаған

  • ЖАҚСЫДАН СӨЗ ҚАЛСЫН

15Қазақстанның халық әртiсi Сәбит ОРАЗБАЙ қазақ театры мен кино өнерi тарландарының сахна сыртындағы әзiл-оспағын, театрдан тыс тiршiлiгiн, қарапайым өмiрдегi әртүрлi қызық оқиғаларын, өнер жайындағы және ұлттық салт-дәстүрiмiз туралы өз ой-толғамын ауызекi әңгiмесiне арқау етедi

Биылғы сапар Атырауға жасалды

Әуезов атындағы қасиеттi қара шаңы­рақ ұжымы биыл­ғы сапарында Махам­бет пен Исатайдың елi — Ақжайық бойын­дағы Атырау шаһарына аттанды. Батыс көрер­мендерiне Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарысы», немiс драматургi Герхарт Гауптманның «Ымырттағы махаббаты», Төлен Әбдiковтiң қазiргi заман қасiретiне арналған «Ұлы мен ұрысы», сонымен қатар Немат Келiмбетовтiң «Үмiт үзгiм келмейдi» спектакльдерi көрсетiлмек. Медеу Сәр­секенiң «Тендерге түскен келiншек», Әзiр­бай­жан класси­касы «Аршин мал Алан», Ис­райыл Сапарбайдың «Қыз мұңы» қойылым­дары да осы сапардың еншiсiнде. Қала маңындағы елдi мекендерге қойылым көрсе­тiлiп, қызықты кездесулер болмақ.

Осындайда өткен жылдардағы ел аралаған сапарлар еске түседi. Әуезов театры­ның арқа­сында, шүкiр құдайға, қаза­ғымның барлық елдi мекенiн, қала­ларын аралап, дәмiн таттық. Бiрiн-бiрi қайталамайтын, өнер десе iшкен асын жерге қоятын ақкөңiл, ажарлы ел — осы өңiр­ге де iссапармен сан рет келдiк. Есiмде қал­ған бiр сапарымызды айтайын. Қазақстан­ның халық әртiсi Камал ағамыз осы елдiң құдасы едi. Қаланы аралап, орталықтағы Ленин көшесiмен келе жатырмыз. Телеар­надағы «Қымызхана­ның» халыққа кеңiнен тараған кезi болатын. Басты кейiпкер Өкiрештi – Рахметбай, Түбiң­түскiрдi – Жұма­бай, Теңгетайды – Нүкетай, Мен – Шөңгебайды ойнаймын. Алдымыздан кез­дескен қазақтар «сәлем бердiк» деп, жапа-тар­мағай аманда­сады. Әсiресе, Өкiрештiң қолын алғандар үлкен мәртебеге жеткендей болады. Көздерiн алмай қарап тұратынын қайтерсiң.

Жаңағы бас құдамын деген Камал көке­мiз өзiн сыртта қалғандай сезiнiп, «Әй, мынау қандай ел? Алдымен құда­мен амандаспай ма екен?» дей бердi. Жалпы, әртiстерде кiшiгiрiм пендешiлiк болады. Олар халық көзiне көп түсiп, танымал болғанды мақтаныш көредi. Бiр сәт болса да керiлiп, кеуделенiп қалады. Қате­лiк қасындағы қаумалап келе жатқан iнiлерi — бiзден болды. Сол арада шұғыл шара қолда­нып, амандасуға келе жатқандарды Кәмкеңе қарай бұрдық. Өкiрештi ағамыз­дың артынан жүргiздiк.

– Мынау Алатаудың ақ басындай боп тұрған ағамыз Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лау­реаты, осы Атырауға құда – Камал Қармысов. Қазақ­стан орта­лық партия комитетiнде қызмет жасайтын Ғибат  Мыр­зағалиев деген күйеу баласы осы өңiрдiң азаматы. Сiздер құдасын құдайдай сыйлаған елдiң азаматы емес­сiздер ме? – деп едiк, шаруа жөнделдi де кеттi. Камал ағамыз мәз болды.

«Азайып барамыз, Сәке-ау…»

15.2Атақты Асқар Тоқпановтың шәкiртi Ша­пай Зұлқашов ертеректе Алматыдағы Жасөс­пiрiмдер мен балалар теа­трын­да актер болып, кейiн режиссер мамандығын игерiп, Аты­рау театрында көптеген қойы­лым­дар қойып, туған елiнiң көрермендерiн риза еттi. Театр деңгейiн республикада ал­дыңғы қатарға көтердi. Сол Шапай жақын арада маған телефон шалып, өткен-кет­кендi еске алып, қара ормандай қас­қайып жүрген достардың ерте кеткенiн, есте қал­ған әзiл әңгiмелерiн, жасаған тамаша образ­­дарын айтып, бiраз сырластық. Сахналас серiк­тестерiн сағынған болуы керек, үнi мұңды. «Азайып барамыз, Сәке-ау, көз көргеннiң орны ерекше ғой. Анда-санда осылай сөйлесiп тұрған да бiр ғанибет екен», – дедi.

Мен «Зымырандай зымыраған өмiр шiркiн осы ғой» деп барып, ақын өлеңiнен үзiндi оқыдым.

Таусылған ба адамзаттың арманы,

Ойында жоқ ешкiмнiң бұл фәнидiң жалғаны,

Өшкен-көшкен ғұмырдың бар ма қайтып жанғаны,

Келдiң екен кетесiң!

Тәңiрдiң сол жазғаны! – деп едiм, үндемей тұрды да: «Сау бол!» деп, кесiп алғандай теле­фонның тұтқасын қоя салды. Өнер адамының қиялы құс қанатындай ұшқыр ғой. Ойына не түскенiн кiм бiлсiн…

«Жасаған образдарымда көңiлге қуаныш сыйлайтыны жоқ…»

Менi киноға ешкiм шақырмайтын, шақырса да театрдан қолым босаған емес. Бiр жолы халықтың сүйiктi азаматы, «Бiр­жан сал» кино­сының қоюшы режиссерi Досқан Жолжақсы­нов: «Аға, алғашқы алған кином едi, бiр бидiң бейнесiн жасауға сiздi қалап отырмын» деп қолқа салды. Денсау­лы­ғым да оңып тұрған жоқ едi. Дей­тұрғанмен, көндiм. Түсi­ру сұлу Көкше­тауда, табиғаттың тамаша қой­науын­да өттi. Дайындық көп рет қайта­ланып, ақ тер, көк терге түсiрдi.

Жұмыстан соң қонақ үйге келген бетте арт жағымнан бiр дүлей күш құшақтай алғаны. Досқан «Ой, байқа, ағаның ертең съемкасы бар. Қой деймiн, жүре алмай қалады» деп әрең тоқ­татты. Қарасам, сыр­тынан жақсы бiлетiн, Қазақ­станның еңбек сiңiрген әртiсi, Атырау театрының актерi Төлеген Қуанышев екен. Өзi түсiнген болуы керек. «Е-е, белi ауырады екен ғой…. ол еш нәрсе емес, менiң құлағым естi­мей қалды, сахналас серiктестерiмнiң сөздерiн түгелдей жаттап алуым керек. Солай… «Басқа түссе баспақшыл» деген, үйренiп кеттiм», – дедi.

Мен де әзiлге басып, «Немiстiң ұлы компо­зиторы Людвиг ван Бетховен тас керең болса да қаншама ғажап шығар­малар жазған. Орыстың атақты актерi Алек­сандр Остужев Шекспир­дiң Отелло­сын ойнап, дүниенi дүр сiлкiндiрген», – деп едiм, жiгiттер ду күлдi.

Айналамыз қалың қарағай, ну орман, ауасы қандай тамаша. Сол отырыста Тө­леген Қуанышев екеумiз бiраз сырластық.

– Мен КСРО халық әртiсi Хадиша Бө­кеевадан бiтiрдiм де, Арқалық пен Қарағанды театрларында бiраз жыл қызмет жасадым. Қазiр Атыраудамын. Облыстың аты – облыс. Үлкен дәрежелi бейнелер жасап, көрерменнiң сүйiктiсi болу үшiн Нұрмұхан, Ыдырыс ағалар сияқты Алма­тыда, Әуезов театрында мықты режис­серлермен қызметтес болу керек екен. Бәрi бар, бiрақ, жасаған образдарымда көңiлге қуаныш сыйлайтыны жоқ, – деп бiр тоқтады. Сәл үнсiздiктен кейiн:

– Аға, кешiрiңiз, қайдағы-жайдағыны айтып маза­ңызды алмайын. Армансыз адам жоқ қой, дегенмен iште шер бар» – дедi де, тағы кiдiрдi. Менiң бiр байқағаным, сөйлеген сөздерi, бiр орнында тыпыршып тұра алмай, ары-берi жүргенi, бойында күш-қуаты мол, ұзаққа шабатын тұлпар­дай немесе өткiр көздерi жалт-жұлт жай­нап, бiр шаңқ етiп биiкке самғайтын қы­ран­дай болып көрiндi.

Досқан нағыз азамат қой, құрбы-құр­дас­­тарын ұмытпайды. «Бiржан салдағы» Азнабай­дың рөлiн Төлегенге берген екен, тамаша атқарды. Бiр суретiнде тарантастың үстiнде айналасы жандармға толы генерал-губернатордың алыстан келе жатқанын қарап тұрған Азна­байдың (Төлеген) көзiнде мұң, жүрегiнде қайғы-қасiрет бар. Мүмкiн өмiр сапарының көпке бармай үзiлетiнiн сезген де болар.

Азынабай бейнесi тарихта қалды. Ал өзi өмiрден өттi де, сағымға айналды. «Алдам­шы үмiт жетелер сездiрмеген салмағын, Әркiм өзi көтерер, тағдырдың басқа салғанын» деген осы болар.

Атырау қаласындағы Махамбет атындағы театрда 19 қыркүйекте сахна пердесi ашылды. Қара шаңырақтың қойылымдары 27-сiне дейiн көрсетiледi. Алматыдағы Әуезов театрында маусымның ашылуына байланысты дайындық қызу жүруде. Алдындағы субұрқақты қала әкiм­дiгiнiң тапсырмасымен мамандар жөндеу­ден өткiзуде. Заңғар биiк Алатауға қас­қайып қарап отырған Мұхаңның ескерт­кiшi мен аспанға атқылап жатқан субұр­қақ төңiрекке ерекше көрiк бередi. Қан­шама көңiлдi көрер­мендер суретке түсiп, мәз болуда.

«Мәмбе­тов­ семiру мәселесiне қатты қарайтын»

Театр ғимаратының iшiндегi өзгерiс­тердiң ең бастысы – үлкен залдағы орын­дықтарды ауыстырып, көрермендердiң азын-аулақ айты­лып жүрген өкпе-наздары орындалатын сыңайлы.

Әлi есiмде, мамыр айының соңында кешкi қойылымнан кейiн сыртқа шықсам, есiктiң алдында үш келiншек тұр екен. Екеуi толықша келген, бiреуi орташа. Аман­дастық. Толықша келгенi «Аға, сiздiң «Алматы ақшамына» жазып жүргенiңiздi оқып тұрамыз. Әзiл-оспақ, тiптi, тарихи тұлғалардан бастап, өнер қайрат­керлерiнiң өмiрiндегi қызықты кезеңдер де әдемi шыққан. Соның iшiнде құда мен құда­ғидың айтысы бар ғой…», – деп кiдiрдi. Есiне түспей қалса керек. Мен iлiп алып:

– Бұл айтыс емес, бiрiн-бiрi қағыту. Құданың бiрiншi тиiсуi: «Құдағи, тым семiз екенсiз» дейдi. Сонда Құдағи:

Әйелдiң семiзi ерге төсек,

Еркектiң семiзi өлiге есеп.

Шындыққа ендi тұрарсыз.

Айналып келгенде

Жұмсақты жек көрмейтiн шығарсыз! – дейдi.

Еркектiң жауабы:

Құдағи, сiз қателестiңiз.

Еркектiң семiзi елдiң құты,

Әйелдiң семiзi үйдiң жұты.

Жұмсақтығын қайтейiн

Қосылып кетсе екi бұты.

Әйелдiң жауабы:

Масқара!..Қосылып кеткен жердi

Жарып шығатын күшiңiздiң болмағаны

«Еркекпiн» деп мақтанбаңыз,

Жағдайыңыздың оңбағаны…».

– Осыны айтып тұрсыңдар ма? – дедiм.

– Иә, иә.

Келiншектер бiраз күлiп алып, сөз баста­ды.

– Күлсек те бiраз жерге бардық де­гендей, Құдайға шүкiр, заман жақсы, жү­деудiң сан алуан шарттарын айтып жатыр ғой. Өзiңiз толықтарға тиiсе бергенше, анау жастар мен опера театрлары сияқты, әкемтеатрдың орындықтарын ауыстыртпай­мысыз. Театрды жақсы көремiз, тұрақты көрерменiмiз, орын­дықтар тар, сол жағы ыңғайсыз, – дедi. Мен әзiлге бұрып:

– Бiздiң театрға денесi сыптай сұлулар ғана келедi, – деп едiм, үшеуi бiрдей «шу» ете қалды..

– Сiз де айтады екенсiз. Толып кетiп сах­наға сыймай, ырсылдап жүрген өзiңiздiң актриса­ларыңызды қайда қоясыз. Бiр кездерi жасөс­пiрiмдер театрында Ақтоқ­тыны ойнаған қызды бiлесiз бе? Қандай едi?

– Иә, – дедiм.

– Төбесiнен қарасаңыз точка, жанынан қарасаңыз бочка, – деп өздерi тапқан теңеуiне өздерi күлдi. Мен:

– Шынайы өнер адамдары үшiн дене құрылысын бiр қалыпта сақтау — үлкен бақыт және үлкен жауапкершiлiк. Мәмбе­тов­тiң кезiнде семiру мәселесiне қатты қарайтын. Таңертең жастардың бәрi шарт­ты түрде биге қаты­сады. «Қаққанда қанын, сыққанда сөлiн» алатын. Әртiстермен бiрге өзi де билейтiн.

Қазақ қыздарының қандай көркем, ақыл­ды сұлу екенiн дүние жүзiне танытқан Меруерт­тi бiлесiңдер ғой. Гүлдей жайнап, мың бұралып тұрған кезi. Соны шақырып алып: «Мұхтар Әуезовтiң Қаракөзiн ойнайсың, бiрақ, жүдеу керек» деп шарт қойды. Меруерт жүдедi. Қаракөздi тамаша ойнап шықты… Құдай қаласа, тiлектерiңiз орындалып қалар. Дегенмен, өздерiңiз де тiзгiндi жiбере бермей, тамақ­ты аздап-аздап асаңыздар. Толықтардың жағдайын ойлап, орындықты жылда ауыстыра беретiн мүмкiндiк жоқ, – дедiм әзiлдеп. Сөйтiп тарқастық.

Құдай аузыма салды ма, «болып қалар» дегенiм шындыққа айналды. Үлкен залда жаңа орындықтар қойылып жатыр. Жайлы да кең. Мейлi ғой, орындықтар жақсы бо­лып, театрдың iшi сәнделер. Бiрақ, құдайым жаман спектакль көруден сақтасын.

Балықты маңдайынан сүйдi де,  суға жiбердi

Үш президент – үш түрлi мiнез

Осы жылдың сәуiр – мамыр айларында теледидардан үлкен өзеннiң жағасында балық аулап отырған жүзi таныс бiр қартты көрсеттi. Байқасам, Американың прези­дентi болған үлкен Буш екен. Екi көзi қар­мақтың бүлкi­лiнде. Қармағына балықтың үлкенi iлiндi. Балаша қуанып, айқайлап жiбердi. Көмекшiсi болса керек, шапшаң қимылмен әлгi балықты көтерiп әкеп, Буш­тың алдына қойды. Салмағы 27 кило екен. Буштың көңiл-күйi көтерiлiп, мәз болып қуанғанын көрсең. Бiр қызығы, үлкен ба­лық бұлқынып, шоршыған жоқ. Бушқа жа­саған құрметi ме, салмақты мiнез көр­сеттi. Буш «Бiздiң өзендерiмiз бен көлдерi­мiзде бұндай iрi балықтардың өсуi хал­қымыз­дың табиғатты аялауы және жабайы жануар­ларға сүйiспеншiлiкпен қарауы» деп, балықты маңдайынан сүйдi де, суға жiбердi. Балық бiрден кете қойған жоқ. Мен өлген екен деп ойладым. Жоқ, өлмеп­тi. Буш ақырын жонынан сипап едi, құй­рығымен суды шолп еткiзiп, жүздi де кеттi.

Жақын арада Ресей президентi Путин Тыва республикасында өзеннен балық аулап, сал­мағы 21 кило шортан ұстады. Iлгекпен көтерiп тұрды. Көңiлденген жоқ. Сенбеу­лерiңiз мүмкiн, бiрақ, ұстады… Шортан су тiршiлiгiнде тойымы жоқ, нағыз жебiр балық. Ал жер бетiн­дегi алпауыт жебiр­лер де аз емес. Сон­дық­тан болар, бос­тандық берiп, суға жiбермей, пласт­мас­садан жасалған көк бөшкенiң iшiне лақтырып жiбердi.

Осының артынша, балық аулаудан бiз де кем емеспiз дегендей, ғаламторда Бе­ларусь президентi Александр Лукашен­коның салмағы 40 килоға жететiн үлкен балық ұстағанын хабарлады. Ұсталған балықтың тағдыры жөнiнде еш нәрсе айтылмады. Балығы бар болсын, Беларусь президентiнiң машина апаттары жөнiнде шығарған жарлығы ұнады. Ол жарлық бы­лай: рөлде мас болып отырып машина айда­са, машинасын тартып алып, өзiн мәңгi бақи көлiк жүргiзу құқынан айырады. Осындай батыл шешiм қабылдамаса болмайды.

Жазып алған – 

Сәрсенбек  БЕКМҰРАТҰЛЫ.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *