Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы алғашқы постын жариялады

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев Facebook-тегі жеке парақшасында жаңа қызметіндегі алғашқы постын жариялады. Ол қазақстандық шенеуніктер өңірлерге іссапарға, тексерулерге шыққан кезде қалыпты «дәстүрге» айналған, мейманды күту үшін ұйымдастырылатын «ақша жинау», дастархан жаю, «сыйлық тарту» сияқты келеңсіздіктер жөнінде тілге тиек етті.

«Достар, өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін құру туралы шешім қабылдады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің күшейе түскендігінің белгісі. Институционалдық өзгерістерге қарамастан, парасаттылық идеологиясына негізделген жұмыстың жаңа форматы біз үшін басым бағдар болып қала бермек. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа былыққан шенеуніктерді ұстау ешкімнің көңіл-күйін көтере қоймайтынын білсек те, біз жұмысымызды әлсіретуге ниетті емеспіз», деп жазады Алик Шпекбаев.

Төменгі құрылымдарға қатысты үнемі таусылмайтын, «алым-салық» көзіне айналған кешенді тексерулерде, жөнсіз отырыстарға, «алым-салықтарға», көл-көсір дастархан жаюшылыққа, сый тартуларға жол берілетінін айта келе, жаңа саладағы қызметтегі алғашқы постында Төраға алдағы уақытта мемлекеттік аппаратта қалып­тасқан осы бір келеңсіз құбылыстарға жол бермеуге шақырды. Оның айтуынша, бұл мәселеге орай облыс­тардағы, аудандар мен ауылдардағы мемлекеттік қызметкерлер жиі шағымданады. Алик Шпекбаев басшылармен, тексеру­шілермен кездесулерде жасалатын мұндай жөнсіз «рәсімдерді» ескіліктің сарқыншағы деп атады. Аталған теріс тәжірибе өткеннің сарқыншағы бола отырып, адамдардың санасында терең тамыр жайған және отандық мемлекеттік қызметтің ұйымдастыру мәдениетін сипаттайтын норма сияқты қабылданады.

«Біз стандарттарына бой түзейтін ЭЫДҰ (Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде мұндай мәселе жоқ, ешкім ешкімді қабылдамайды, ал тексерулер қашықтықтан бақылау есебінен жүзеге асырылады. Түсінікті болу үшін атап өткім келеді, әрбір іссапар үшін тексерушілерге логистика, қонақ үй және тамақтану шығындарын жабатын жеткілікті қаражат бөлінеді.  Алайда, тексерушілер өңірлерге жол жүргенде өздеріне бөлінген бұл қаражаттан бір тиын да жұмсамауға айла табады. Жақсы қонақ үй нөмірі, күнделікті дәмді, тұздалған қияры бар түскі және кешкі ас, ең жақсы мейрамхана, қымбат сыйлықтар, монша және аң аулау – осының барлығы тексерілетін әріптестерінің жеке ақшасының есебінен ұйымдастырылады. Бақылаушы­лардың тәбетін білетін жергілікті басшылар басшылықты «жоғары деңгейде» қарсы алу үшін жергілікті бизнес өкілдерінен көмек сұрап жүгінеді. Мұндай көмек ешқашан тегін болмайды және әрі қарай шенеунік тарапынан бизнес өкіліне деген ерекше қамқорлыққа жалғасады. Мұның бәрі қалай аяқталатындығын еске салудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Әсіресе, аумақтық мемлекеттік органдар елорда және облыстық орталықтан келген қонақтар үшін қызықты әрі ерекше демалыс ұйымдастыру арқылы осы «институтты» әдетті түрде қабылдап, тіпті қолдап отырғаны аса ренжітеді. Әдетте, бұл министрге немесе облыс әкіміне арналған оң есеп беру мақсатында, сондай-ақ жұмыстағы өрескел кемшіліктер мен бұрмалаушылықтарды бүрке­мелеу үшін жасалады. Бұл ретте мұны өз алдына қалыптасқан ұлттық дәстүріміз, шендіні құрметтеу, басшылыққа құрмет көрсету деп ақтауға тырысатын адамдар да бар екені қынжылтады.

Бірегей кәсіби және инновациялық мемлекеттік аппарат үшін бұл мүлдем қолайсыз. Бұл менің нық ұстанымым. Мұндай тәжірибе мемлекеттік қызметтің негіз қалаушы қағидаларының беделін түсіреді және құнсыздандырады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қарқынын жылдамдатады.

Осыған байланысты өңірлік іссапарларға, түрлі конференциялар мен семинарларға шығатын барлық мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік кәсіпорын­дар мен ұлттық компаниялардың басшыларына айтарым: жоғарыда айтылған келеңсіздік көріністері жұмыстан босатудан бастап, бас бостандығынан айырудың нақты мерзіміне дейін қатаң санкциялар көзделген өрескел заңбұзушылық болып табылады. Бұл қабылдаушы тарапқа да қатысты.

Агенттік аталмыш мәселені жүйелі бақылауға алды. Жекелеген өңірлерде алғашқы нәтижелер де бар – кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылуда. Сонымен қатар, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында біз Үкіметке қашықтықтан мониторинг жүргізу арқылы көшпелі тексерулерді оңтайландыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз», – деп тұжырымдайды Алик Шпекбаев.

Төраға бұл жұмысты сапалы жүзеге асыруда аза­мат­тық қоғам институттарының маңызды рөл атқаратынын қадап айтқан. Ол барлық қоғам белсенділері мен мұндай келеңсіздіктерге немқұрайлы қарай алмайтын азамат­тарды осындай фактілерге мұқият назар аударуға шақыр­ды. Кез-келген азамат өзіне ыңғайлы тәсіл арқылы: alіk.shpekbaev@gmaіl.com электронды поштасына немесе әлеуметтік желілер арқылы жазбаша мәлімет қалдыра алады. Сондай-ақ, заңсыздықтар мен заңбұзушылықтар жөнінде Агенттіктің колл-орталығының 1424 нөміріне қоңырау шалып, хабарлауына да болады.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *