КIММЕН ҚАШАН ОЙНАЙТЫНЫМЫЗ АНЫҚТАЛДЫ

Сәкен СЫБАНБАЙ

2014 жылы Бразилия жасыл алаңдарында өтетiн ХХ Әлемдiк доп додасының iрiктеу сыны өзге құрлықтарда басталып кеткенiмен, Еуропа елдерi жарысқа келесi жылдан кiрiспек. Жақында УЕФА аймағының үшiншi iрiктеу тобына түскен Қазақстан ұлттық құрамасының ойын кестесi белгiлi болды. Алты ел өкiлдерiнiң Майндағы Франкфуртте (Германия) өткен алқалы отырысында анықталған күнтiзбеге сәйкес бiз турнирдi Ирландиямен кездесуден бастап, сол Ирландиямен болатын қарымта матчпен аяқтаймыз. Ұлттық командамыздың толық ойын кестесi мынадай:2012 жыл

7 қыркүйек. Қазақстан – Ирландия

11 қыркүйек. Швеция – Қазақстан

12 қазан. Қазақстан – Австрия

16 қазан. Австрия – Қазақстан

2013 жыл

22 наурыз. Қазақстан – Германия

26 наурыз. Германия – Қазақстан

6 қыркүйек. Қазақстан – Фарер аралдары

10 қыркүйек. Қазақстан – Швеция

11 қазан. Фарер аралдары – Қазақстан

15 қазан. Ирландия – Қазақстан

Кестенiң қазақ командасы үшiн ұтымды тұстары бар ма? Әрине, бар. Бiрiншiден, жарысты бiрден тобымыздың сөзсiз көшбасшысы – Германиямен емес, әлеуетi одан едәуiр төмен қарсыластармен бастаймыз. Рас, ирландықтар да, шведтер де – осал командалар емес, алайда барымызды салсақ, бұлардан ұпай жырып алуға шамамыз келедi. Екiншiден, қосарланған матчтардың бәрiнде де бiз олардың алғашқысын өз алаңымызда өткiземiз. Яғни, өз жерiмiздегi ойындарға өте тыңғылықты дайындалуға мүмкiндiк аламыз, ұшақпен ұзақ бару-келу сапарлары болмайды. Bз алаңымыздағы кездесулерден соң, жақсылап тынығып, «жарақаттарымызды жалап жазып» болып барып, сырттағы ойындарға аттанамыз. Үшiншiден, Ұлыстың ұлы күнiнде өз алаңымызда Германияны қабылдаймыз. Ұлттық мерекеде өз жанкүйерлерiн қуанту мүмкiндiгi – футболшыларымыздың патриоттық сезiмiне әсер етiп, жiгерiн жани түседi деп үмiттенемiз.

Ал футбол күнтiзбесiнiң тиiмсiз жақтарына келетiн болсақ, ең әуелi, 2012 жылдың қазанындағы және 2013 жылдың наурызындағы қосарланған ойындардың екеуiн де бiр қарсыласпен (бiрiншiсi Австрия, екiншiсi Германия) өткiзуiмiздi айтар едiк. Себебi, төрт күн iшiнде бiр командамен екi рет ойнау – аса ұтымды шешiм емес. Сосын елiмiзде футбол додасы қызып жататын маусым айына неге бiрдебiр ойын белгiленбеген? Шамасы, ол уақытта бiздiң елде қандай ыстық болатынынан хабардар еуропалықтардың ешқайсысы Қазақстанға жазда келгiсi келмеген болар…

Bткен iрiктеу циклында ұлттық құрама тек қана Астанада ойнады. Алдағы турнирде Мирослав Беранек шәкiрттерi өз алаңымыздағы ойындардың кейбiрiн Алматыда да өткiзсе екен деймiз.

Жеребе және жауапсыздық

2 желтоқсан күнi 2012 жылы Польша мен Украинада өтетiн ХIV Еуропа чемпионаты финалдық турнирiнiң жеребесi тартылды. 54 минутқа созылған спорттық-мәдени думанды «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тiкелей эфирден көрсетiп, қазақ көрермендерiн разы еттi. Рас, ара-тұра дауыс естiлiп тұрғанымен, көрiнiс үзiлiп қалып жатты, алайда ол тiптi де ұлттық арнаға қатысты себептерден емес едi. Украин халық биi гопактан басталған Киевтегi 4 мың адамдық «Украина» өнер сарайындағы шараны украин тележұлдызы Ольга Фреймут пен поляк спорт комментаторы Петр Собчински жүргiздi. Украина президентi Виктор Янукович Euro-2012 турнирiнiң ойдағыдай өтетiнiне сенiм бiлдiрiп, сәт сапар тiледi. Әншiлер Джамала мен Осеана жұртшылықты өнерлерiмен тәнтi еттi.

Дегенмен, думанның басты мәнi – футбол едi. Украинаның аты аңызға айналған жеңiл атлетi Сергей Бубка қолына алдағы Еуропа чемпионатының ресми добы – «Танго 2012»-нi алып шығып, көпшiлiкке таныстырды. Сосын осыған дейiнгi құрлық додаларында жеңiмпаз атанған командалардың өкiлдерi – 13 чемпион сахнаға шықты: Виктор Понедельник (Кеңес Одағы, 1960 жылы чемпион болған), Луис Суарес (Испания, 1964), Джанни Ривера (Италия, 1968), Пауль Брайтнер (Германия, 1972), Антонин Паненка (Чехословакия, 1976), Хорст Хрубеш (Германия, 1980), Ален Жиресс (Франция, 1984), Марко ван Бастен (Голландия, 1988), Петер Шмейхель (Дания, 1992), Оливер Бирхофф (Германия, 1996), Зинедин Зидан (Франция, 2000), Антониос Никополидис (Грекия, 2004) және Хоан Капдевила (Испания, 2008). Бұларға қарап-ақ көрермен қай елдiң қанша рет Еуропа чемпионы атанғанын бiлiп отырды, сондай-ақ, бұл – уақыт үнемi алға жетелегенiмен, бәрiбiр өткендi ұмытпау керектiгiн, кешегiлердi құрметтемей келешектiң кемел болмайтынын меңзейтiн тамаша қадам едi.

Бұдан соң УЕФА президентi Мишель Платини сахнаға Еуропа кубогын алып шықты да, оны сарапқа салатын 16 үздiк команданы 4 топқа жiктейтiн жеребе де басталды. Осы тұста, өкiнiшке қарай, газетiмiздiң өткен санында ғана өзiмiз тiлге тиек еткен спорт комментаторларымыздың кәсiби бiлiксiздiгi тағы да байқалды. Атап айтқанда, тiкелей репортажды жүргiзушiлердiң бiрi – Ержан Көшкiнбаевтың өтiп жатқан шара туралы әңгiмеге мүлде әзiрсiздiгi қынжылтты. Кiсi аттарын, олардың қай елдiң азаматы екенiн, командалардың iрiктеу сынындағы жетiстiктерiн шатастырғанына аса көңiл аудара қойған жоқпыз, өйткенi, олар – былайғы ойын репортаждары кезiнде де кетiп жататын кемшiлiктер. Ал оның жеребе тәртiбiнен әсте бейхабарлығы көрермендердiң жүйкесiне тигенi анық.

Мәселен, чемпионат қожайындары ретiнде «А» тобын Польшаның, «D» тобын Украинаның бастайтыны бұрыннан мәлiм-дi. Жеребенiң әуелi 1-қоржындағы қалған екi команданы (Испания мен Голландия) «В» және «С» топтарына жайғастырудан басталып, сосын 4-қоржынның, артынша 3-қоржынның, содан кейiн барып 2-қоржынның кезегi келетiнi туралы бүкiл спорт газеттерi мен ғаламтор ай бұрын жазып, хабарлап жатты. Әр қоржыннан қолға алғаш iлiккен кiшкене шардағы команданың «А» тобына, екiншi шыққанының «В» тобына, үшiншiсiнiң «С» тобына, соңғысының «D» тобына түсетiнi де әу баста-ақ егжейтегжейлi түсiндiрiлген-дi. Алынған шар ашылып, iшiндегi құрама аты халайыққа жария етiлген соң, оның топтағы орнын да (2, 3 немесе 4) жеребе анықтайтыны айқын едi. Бiрiншi турда, мәселен, «А» тобының 1-командасы сол топтың 2-командасымен ойнайтыны, жалпы бiрiншiлiк күнтiзбесi УЕФА-ның сайтында былтырдан берi iлулi тұр. Bкiндiргенi, Е.Көшкiнбаев осының бәрiн шатастыра бердiө Бiр ғана мысал, УЕФА бас хатшысы Джанни Инфантино бастаған кiсiлер сахнада белгiлi бiр команданың топтағы орнын анықтағалы жатса, бұл «қазiр оның қай топқа түсетiнiн бiлетiн боламыз» деп айдалаға лақты (өз iсiн жетiк бiлетiн комментатор Есей Жеңiсұлы әуелде әрiптесiнiң әр қателiгiн түзеп отырғанымен, ақырында ол да мән бермеуге тырысқандай болды).

Ғаламторда бүкiл мәлiмет дайын тұрған бүгiнгi заманда өзi жүргiзетiн iс-шараның қыр-сырын алдын ала мұқият бiлiп алуға тырыспаған адамның мұнысын жауапсыздық демеске лаж жоқ. Көрерменнiң бәрi бiрдей жеребе жұмбақтарынан хабардар болмауы мүмкiн, сондықтан олар комментатордың түсiндiрмесiне имандай сенiп, иланады. Ал көзi қарақтылары жүргiзушiлердiң әлгiндей әлегiне қарап, ашуланады-ақ. Жанкүйерлердi «қалам-қағаздарыңызды дайындап, топ құрамдарын жазып алып отырыңыздар» деп үндеп алып, өзi кiмнiң қай топқа түскенiн бiлмей (сiрә, өзi жазып отырмаған), әбден шатастырған адамға жұрт қалай басқаша қарайды?

Ұлттық арна бұл жеребенi бүкiл әлем көз тiккен ауқымды оқиға болған соң тiкелей эфирден көрсеттi. Яғни, «комментаторлар қателiгiне осынша шұқшиып назар аударудың қажетi қанша?» деу орынсыз. Рас, бiр қарағанда, бүлiнген ештеңе жоқ шығар, бiрақ көрерменнiң қалған көңiлi ше?..

…Сонымен, УЕФА-ға мүше 53 елдiң iшiнен iрiктелiп шыққан 16 үздiк құраманы жiлiк-жiлiкке бөлген жеребенiң нәтижесi былай болды:

«А» тобы: Польша, Грекия, Ресей, Чехия

«В» тобы: Голландия, Дания, Германия, Португалия

«С» тобы: Испания, Италия, Ирландия, Хорватия

«D» тобы: Украина, Швеция, Франция, Англия

Турнир Польшаның (Варшава, Вроцлав, Гданьск, Познань) және Украинаның (Киев, Донецк, Харьков, Львов) сегiз қаласында өтедi. Чемпионат 2012 жылдың 8 маусымында Варшавада Польша – Грекия матчымен ашылып, 1 шiлде күнi Киевтегi финалмен аяқталады. «Қазақстан» ұлттық арнасы доп додасының ойындарын тiкелей эфирден көрсетпек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *