«ӘКІМІ ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛАНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ МЕЙІРІМДІ КЕЛЕДІ»

Жазушылар Одағына  — 85 жыл

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

 – Әрбір ауданда  жастарға арналған шағын кітапхана ашқалы отырмыз. Ол жерде ғаламторы болады, шәй ішетін орны болады. Сөрелерден кітап алып, оқи беруге болады. Сол жерлерде кездесу өткізуді ұйым­дастырамыз. Кітабыңызды ала барыңыз. Кітапты сізге сатудың еш қажеті жоқ. Ол жағын ұйымдастыратын боламыз.

 

Рая ЕСКЕНДІР

«Ұлылардың бәтіңкесінің ізі қалған жер»

Жазушылар одағының мәжіліс залында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаламгерлермен кездесіп, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, шығарма­шылық ортасы, хал-ахуалы тұрғысында кеңінен әңгімелесті. Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ашып, жүргізіп отырды.

– «Әкімі қайырымды қаланың тұрғындары мейірімді келеді» дегендей, бүгін бір жүрегімізге мейірім ұялаған күн болып тұр. Біздің Жазушы­лар одағының былтырдан бері атқарылып жатқан шаруалары көз алдарыңызда.

Биылғы жылы да іс-жоспарларымыз аз емес. Еуразия астаналары қаламгерлерінің бас қосуын Нұр-Сұлтан қаласында өткіздік. Алдағы қыр­күйекте бүкіл Азия қаламгерлерінің І форумын өткізу ойымызда бар. Оған қызу дайындық жүргізіп жатырмыз.

Бүгінгі шараға келсек, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, бұл шаңырақ ұлыларымыздың бәтің­кесінің ізі қалған, сөзі ауаға жаңғырып сіңген, қасиетті қара шаңырақ. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, оның ар жағында арыстардың сарқытындай болған Мұхтар Әуезовтің осы жерде ғибрат аларлықтай лебіздерін біздің сол замандағы жастар, жазушылар тәлім-тәрбие алып, тыңдап өсті. Біз де сол алыптардың көзін көрген ұрпақпыз. Осында сол кісілермен аралас­қан ағаларымыз отыр, – дей келе Ұлықбек Ораз­байұлы сөз кезегін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевқа ұсынды.

– Мемлекет басшысының шешімімен қалаға басшы болып келгелі көптеген кездесулер өткізіп жатырмын. Қаланың сегіз ауданын екі мәртеден аралап шықтым. Жалпы, тұрғындар тарапынан түскен мәселелердің бәрін естідім. Кезек күттір­мейтін мәселелер шұғыл қолға алынса, енді бір мәселелердің жоспары жасалуда. Барлық саланы қолға алып жатқанда қаламыздың рухани тыныс-тіршілігін де жете білуіміз қажет қой. Сондықтан сіздермен кездескім келіп, өзім ұсыныс айтқан едім. Осындай ойымның бар екенін Ұлекеңе айтқанымда, ол кісі де қуана құптады. Жаңа Ұлекең айтып өтті ғой. «Бұл ғимаратта ұлылардың бәтіңкесінің ізі қалған жер» деп. Шынымен де мен жүрексініп, толқып келдім. Менің өмірбаянымды білесіздер, айтылып та, жазылып та жатыр.

Менің әкем өз еңбегінің арқасында Социалис­тік Еңбек Ері, Жоғары Кеңестің депутаты болды. Елбасының қасында көмекшісі болып, Кремльде алғаш рет кетіп бара жатқанымда, әкемнің жүрген жолымен кетіп бара жатқандай әсерде болдым. Елбасы әкемнің жүріп өткен жолымен мені жүргізіп бара жатқандай әсер алған едім. Сол сәт бүгін тағы да қайталанды. Осы ғимаратқа кірген сәтімде қабырғадағы ұлылардың бейнесін көріп, жүрегімде бір тебіреніс, толқу пайда болды, – деді.

– Ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқан­дай, «Әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды». Сондықтан сіздермен кездескендегі менің ойым – өзімнің ұсыныстарымды ортаға салып, бөліскенді жөн көріп отырмын. Жақында Ұлықбек Есдәу­летпен кездескен едім. Сол кезде осы Жазушылар одағына байланысты көптеген қордаланып қалған мәселелерді талқыға салдық. Осы мәселелердің ең бір үлкені – Жазушылар одағын күрделі жөн­деуден өткізу мәселесі. Әлгінде осында кірген бойда шын мәнінде ғимаратты жөндеу үшін көп жұмысты талап ететіні көрініп тұрды. Сол себепті, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары үшін қалалық мәслихаттың шешімімен 250 млн. теңге қаражат бөлдік. Сәтін салса, алдағы аптада Мәдениет басқармасы конкурс жариялайды. Күрделі жөндеу жұмысын жасайтын компания­ның арнайы лицензиясы болуы шарт.

Сонымен қатар, мына біз отырған мәжіліс залының да тозығы әбден жеткен екен. Мен құрылыс басқармасына тапсырма беремін. Бұл ғимаратқа да жөндеу жұмысы жүргізілетін бола­ды, – деген қала әкімі келесі кезекте Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойына байланысты мәселеге тоқталды.

– Үлкен мерекеге әкімшілік тарапынан да атсалысуымыз керек. Соның бір дәлелі ретінде «Әдеби өмір шежіресі» және «Қазақстан жазу­шылары анықтамалығы» атты кітаптардың жарыққа шығуына да қолдау көрсетіп отырмыз.

Мен қандай жұмыста жүрсем де, «Қазақ әдебиеті» газетін жаздырып алып отырамын

Мен қандай жұмыста жүрсем де, «Қазақ әдебиеті» газетін жаздырып алып отырамын. Экономиканы да, саясатты да басқа басылымдар жазып жатады. Осындайда көңілді басқа арнаға бұрып, демалу үшін «Қазақ әдебиетін» қолға ала­мын. Басқаша күйге түсемін. Өткенде Ұлекеңмен кездескен кезімде осы газеттің де жәй-күйі туралы сөз болды. «Қазақ әдебиетінің» жағдайын жөнге келтіру үшін мерекелі жылы бұл басылым­ға да қаржылай көмек көрсететін боламыз.

Қала басшысы әңгіме ауанын Жазушылар одағының «Шығармашылық үйі» орналасқан жер теліміне қатысты заңдастыру мәселесіне аударды.

– Мамандардың беріп отырған анықтамасы бойынша «Шығармашылық үйінің» өзі жалға берілген екен. Енді сол арендадан сіздердің мен­шік­теріңізге өткізуіміз керек. Сол кезде ғана жер де сіздердің меншіктеріңізге өтетін болады. Ғимарат жалда болғандықтан жерді беруге бол­майды.

Ендігі бір мәселе, «Жақсының аты өлмейді, ғалым­ның хаты өлмейді» деген халық даналығын жадымыздан шығармай, Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы аясында қала­мызда еңбек етіп, өміршең шығармаларын дүние­ге әкелген және бүгінгі таңда да ел руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сөз зергер­лерінің өмірі мен шығармашылығы туралы әлеуметтік-танымдық бейнероликтер циклын шығару туралы «Алматы» телеарнасына тиісті тапсырма бердім. Өздеріңізбен тығыз байланыс орнатып, Алатау бау­райында ғажайып туындылар жазған майталман­дарымыздың бейне­галереясын жасайтын боламыз. Сіздер бірге атсалысып, көмек көрсетеді деп ойлаймын.

Сонымен қатар, тағы бір бастаманың баянды болуына сіздердің де үлестеріңіз қажет болатын сыңайлы.

 

Өмір сүру мүмкіндігі аттарыңызға сай емес

Алматы – біздің талай-талай ұлыларымыздың іздері қалған, халық жүрегінен орын алған шығармалары оқырмандарға жол тартқан құтты мекен. Еліміздің өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы. Осыған орай, Жазушылар одағы тарапынан мың жылдық тарихтан тамыр тартатын ел жастарының рухани астанасына айналған Алматы қаласының терең тарихын танытып, көпшілікке дәріптеу мақсатында 2020 жылы қаламызда халықаралық деңгейде «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби-жанрлық байқау өткізу туралы ұсыныс түскен болатын. Осы бір тәрбиелік, танымдық мәні зор шараны өздеріңізбен бірлесе отырып, жоғары деңгейде өткізу үшін қажетті қаржы бөлу мәселесін қарастыратын боламыз.

Қазір көп жерлерде біздің ақын-жазушы­ларымыздың бүгінгі жағдайы туралы айтылып та, жазылып та жүр. Қаламақы да аз.

Атақтарыңыз бар, бірақ сол атақтарыңызға сай өмір сүру мүмкіндігі аттарыңызға сай емес. Сол себепті, сіздерді қолдау бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты мынадай бір ұсыныс айтқым келеді. Яғни тамыз айынан бастап грант тағайындалады. Жылдың соңына дейін жететін қаржы бөлінді. Әрі қарай да қаржы бөлінетін болады. Менің ұсынысым 30-дай ақын-жазушыға грант тағайындасақ. Бәлкім, 500 мың теңге көлемінде бола ма, одан да көп бола ма, енді ол жағын ақылдасып отырып шешейік. Өз басым кімнің басындағы жағдай қалай екенін білмеймін ғой. Сондықтан басқарма бар, өздеріңіз бар шешім қабылдап, маған айтсаңыздар.

Өз тарапымнан тағы бір ұсынысым бар. Елбасы­мыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» аясында ересектер мен балаларға арналған драматургиялық шығар­малар байқауын өткізуді қолға алып, жеңімпаз­дарды анықтасаңыздар. Егер жазылған шығарма бірінші орынға лайықсыз болса, екінші, үшінші орындарға лайықты дүниелерді таң­даңыздар. Мәселе орында тұрған жоқ қой. Мұндағы мәселе драматургтарды қолдау, сосын жазылған дүние­нің театр сахнасына қойылуына мүмкіндік жасау. Ол жаққа да қосымша қаражат бөлеміз. Міне, қысқа мерзім ішіндегі жөн-жобам, сіздерге көрсетер алғашқы көмегім осындай. Қаламыздың өміріне қатысты қандай ой-пікірлеріңіз бар? Сауалдарыңыз, ұсыныс-тілектеріңіз болса, мен қуана қабылдап, жазып алуға дайынмын, – деген шаһар басшысы қаламгерлердің лебізіне, ұсыныс-тілектеріне құлақ тосты.

 

Зиялының сӨзі

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ:

– Алматы – қазақтың рухани астанасы. Зиялы­лардың шоғырланған қаласы. Ал енді мына шығар­машылыққа келер болсам, әрбір ғимараттың тарихы болады. Кезінде бұл ғимарат ет, сүт министрлігіне арнап салынған үй еді. Ол кезде 1959 жылы Жазушылар үйі Пролетарская, 11 деген жер үйде болатын. Әрбір газетке екі бөлмеден ғана тиетін. Міне, осы кезде біздің ұлы­ларымыз М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов екеуі бірлесіп, Мем­лекет басшысы Димаш Ахметұлына кірген еді. Сондағы әдебиеттің беделі, жазушылардың беделі қандай еді. Мынадай сарайды сұрап алады. Оған «мақұл» деп, сөзге келмей мынадай үйді Жазушылар одағына берген Димаш Ахметұлы қандай ұлы десеңізші. Қазақтың үш перзентінің шапағаты тиген киелі шаңырақ бұл.

Киелі жерлерді тізімдесе, киелі орын деп енгізуді ұсынар едім. Сондай жерге келіп отырсыз. Мойын бұрып, уақыт тауып, кездескеніңізге рахмет!

Көркем әдебиетті насихаттау қалып барады. Кітап шығару қалып барады. Өз кітабымды өзім шығарам, өзім сатам. Кітап таратудың механизмі жоқ. Екі мың данамен шығарған кітабыма кеткен қаржыны әрең шығарып аламын.

 

Марал ЫСҚАҚБАЙ:

– Көп жағдайда жазушылар сөз алса қоғамның бір қотырын тауып алып, сынап-мінеп жатушы едік. Бүгін әкіміміз айтқан шаруаларды қолда­ғаннан басқа, рахмет дегеннен басқа сөз жоқ сияқты.

Алматыға басшы болып кеткен әкімдер осындай біраз жұмыс тындырса, талай мәселе шешілген болар еді. Жұмысыңыз табысты болсын! Қаланың ішінде жұмыс толып жатыр. Ісіңізге Алла береке берсін!

 

Дулат ИСАБЕК:

«Сөз бар, құлақ жоқ»

– Бүгін бір қуанышты жағдай болып тұр. Жұрт ойлап қалмасын, жазушылар басшыларды көрсе мақтай жөнеледі деп. Олай да ойлаулары мүмкін. Бірақ айтыңыздаршы, қай кезде қала басшысы өзінің үлкен жоспарларымен келіп, ақын-жазушылардың алдында сөз сөйлеп еді?

Бұл республика емес, бір ғана Алматы. Көптеген мәселелерді шешуге қаланың шамасы келмей де қалуы мүмкін.  Бюджеттің бөлінуі деген болады. «Барлық қаржыны әдебиетке бөліп, басқа саланы қайда қоясың­дар?» деген де сауал тууы мүмкін. Алматының дауы көп. Адам болған соң бірі жетсе, бірі жетпей жатады. Ешқашан жүз пайыз көңіл толған емес. Әдебиетті айта-айта ештеңенің шықпайтынына көзіміз жетті. Бұрын елдің қамы мен қоғамның қамымен мақала жазатын жазушылар болып еді. Қазір қалды. Сөз бар, құлақ жоқ. Айтқаның далаға кетеді. Бұрын бір мақала шықса Орталық Комитетте сөз болатын. Қайсысы дұрыс? Газет пе, тілші ме деп талқыға салатын. Қазір айыбын айтып, ұрлығын көрсетіп жатса да ешкім мән бермейтін болды. Сосын қойдық.

Жалпы, әдебиеттің мәселесін бір Алматының шешуі мүмкін емес. Кейде Кеңес үкіметін сағынып жатамыз. Неге? Тәртіп жоқ, жемқорлар көбейіп, қылмыс артты. Кітапты жолға қоймасақ, қалай біз көгереміз? Біздің тіліміздің тағдыры не боп барады?

Жиналыстар басқа тілде өтеді. Американдық ғалым былай деп жақсы айтты. «Өзінің елінде отырып, басқа елдің тілінде сөйлеген елдің болашағы жоқ», – деді. Дұрыс па? Біз әлі күнге өзіміздің қазақ екенімізді түсінген жоқпыз. Тіліміз бұзылып, шұбарланып бітті.

Теледидарда да кемшілік толып жатыр. Сондықтан айтар едім, телевидение оңбай, біз де оңалмаймыз. Кеш түссе ана тіліндегі хабар таба алмаймыз. Кітапты жазуын жазамыз. Оны алатын, оқитын адам жоқ. Сондықтан мемлекеттің көмегі болмайынша кітап шыға алмайды дер едім. Оқырманымызды кітап оқуға қайтара аламыз ба, жоқ па, оны да білмеймін.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ:

«Сіз жарты жылдай үлгі көрсетіп, орысша сөйлемей қоярсыз»

– Сіз Алматыға келгелі тұңғыш рет қоғамдық ұйымның табалдырығын, Жазушылар одағын аттап отырсыз. Бұл біздің мәртебемізді көтеріп, қуанышқа бөлеп отыр. Екіншіден, біз айтамыз деген мәселенің бәрін сіз өзіңіз айтып, шешетін болып сүйіншілеп хабар айттыңыз. Бұған да разы болып отырмыз.

Алматы – қасиетті қала, бірақ сол қасиетті қала­ның бір кемшілігі бар. Оңбай орыстанған қала. Күн сайын төңірегімде орысша сөйлеп тұрған жастарды көріп, төмен қараймыз. Тіпті, әкімшілікке барсақ та өзара орысша сөйлеп тұрған жастарды көріп, басымызды төмен саламыз. Түңілеміз. Бұны не істейміз? Алматы сияқты қаланың тіл мәселесінде үлгі болғаны қажет сияқты. Сіз сөзсіз, саяси рингтегі ауыр салмақты боксерсіз. Ендеше, ұлтымыздың басына төнген бір қауіп-қатерді Алматыда ұрып жықсаңыз, өзге өлкелер біздің соңымыздан ерген болар еді. Мүмкін, сіз жарты жылдай үлгі көрсетіп, орысша сөйлемей қоярсыз. Ел басқарған азаматтарымыз ең құрымағанда жарты жыл ана тілінде сөйлесе, басқаларға үлгі болар еді.

Жақын  күнде түк бітірмеген Тіл заңына 30 жыл толады. Біздің жанымыздың шырқырап тұрғаны сол. Мемлекеттік тілді қорғай алмай қор болдық. Тіліміз төрге шықпады. Әлі босағада жүр. Осыған үлгі көрсететін бір адам керек сияқты. Осы үлгіні Алматыдан бастасақ ғажап болар еді. Тілін қорғай алмаған тәуелсіздік не үшін керек? Мен осы сауалды өзіме күніге қоямын. Ұлт өзін-өзі сақтау үшін тәуелсіздігін жариялайды. Бізде осы 30 жылдың ішінде 30 ауыз сөз үйренбегендер толып жатыр ғой. Осы ма жеткен жетістігіміз. Рас, бәрі орнына келер, ақша да болар, экономика да өркендер. Ал ұлт ретінде бір-бірімізге күліп қарай аламыз ба?

Әлгі сіз айтқан байқауды балалар әдебиетінен бастауымыз керек. Қоғамға Бердібек Соқпақ­баевтар жетіспей жатыр.

 

Темірхан МЕДЕТБЕК:

– Өте жақсы сөздер айтылып жатыр. Осы сөздердің бәрі бұрыннан айтылып келеді. Әрине, қынжылып, қандары бастарына шауып сөйлеп жатқандары тектен-тек емес. Енді нақты іске оралайын.

Астанада екі форум өтпекші. Сосын проза және поэзия антологиясы дүние жүзінің 6 тіліне аударылды. Бұл – үлкен жұмыс. Мұндай іс-шара­лардың қатарында бүгінгі шаһар басшысымен кездескеніміз де бар. Кезінде 2004 жылы Иман­ғали Тасмағамбетов келіп, дәл осы залда жазу­шы­лармен кездескен еді. «Отырар» кітапханасы деген сериямен 100 кітап шығарып берем деп уәде еткен еді. Сол 100 кітапты жарқыратып шығарып берді. Және қаламақысын да төлеп берген еді. Ол кезде қазіргідей емес, қаржы жағы тапшы, кітап шығару оңай емес еді. Содан кейін келіп, бізбен кездесіп отырған өзіңізсіз. Мен өз құлағыма өзім сенбей отырмын. Бірақ сіздің мұндай сөзді тектен-тек айтпайтыныңызды білемін. Лайым солай болсын.

Қазір қоғамдық кеңестер құрылып жатыр. Төрегелді ағамыз Ақсақалдар сенатын құруға ұсыныс жасап жатыр.

Халық пен билік арасындағы диалогқа Жазу­шылар одағы үлкен дәнекер. Өйткені, жазушы­лардың артында мыңдаған адам тұр. Ұлт тұр. Бәрі де қара шаңыраққа қарайды. Сөзсіз көз де, құлақ та түрілмей тұрмайды. Сон­дықтан осы қара шаңыраққа келіп, ақылдасып отырғандай болса беделі бұрынғыдан да арта түсетін еді.

Бүгінгі кездесу тек көзі тірі жазушыларға ғана емес, өмірден өтіп кеткен ақын-жазушыларға да құрмет.

«Алматы ақшамында» қаладағы А.Байтұрсын­ұлының мұражай-үйінің жағдайы, оны мемле­кеттің меншігіне алу және «Целинный» кино­театрына Қыз Жібек атауы­ның берілуі жан-жақты дәлелденіп, әлденеше рет жазы­лып еді. Айтқандай, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Е.Раушанов осы мәселелерді де ұсыныс ретінде қалабасының есіне сала кетті.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ:

– Жаңа Смағұл жыларман болып, тіл туралы айтты. Ең алдымен айтарым, кез-келген басшы өзі қазақша сөйлеуі керек. Екінші, аудандық па, қалалық па, әкімдік қызметке аларда қазақша біле ме, сөйлей ала ма деген талап қоюы керек. Тіл бұ­зар­лар қатарына мына қаптап кеткен жарнама­ларды қосыңыз. Осылардан құтылудың жолы Тіл комитетінің бе, әкімдіктердің жанынан ба, бір комитет құру керек. Аудармашылардың айлығын жарнама есебінен-ақ шығарып алуға болар еді.

Алматы қаласына шыншыл, дара әкімнің кел­геніне қуаныштымыз. Жұлдызың шындық биігінен жар­қырасын! – деген ақын Мұхтар Шаханов Жазушылар одағының жәй-күйі мен шығарма­шылығы туралы айтып өтті. Абыз ақсақал Мыңбай Рәш, Иран-Ғайып Оразбаев өлең оқыды.

Шаһар басшысымен болған кездесуде ой-пікір, ұсыныстарын жеткізуге тілек білдіргендер өте көп болды. Екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу барысында жазбаша да ұсыныстар көптеп келіп түсті.

Қорыта келгенде, «ірі қалаларда тек ірі іс-шаралар өтуі керек» деген әкімнің өзі де ірілік танытып кетті. «Әкімі қайырымды қаланың тұрғындары мейірімді келеді» деген Ұлықбек ақынның сөзінің үдесінен шықты бұл қауышу.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *