«ӘКІМДЕРДІҢ КАБИНЕТІНДЕ ДОМБЫРА ТҰРУЫ ТИІС»

Осыдан біраз уақыт бұрын «Алматы ақшамында» «Әкімдердің кабинетінде домбыра тұруы тиіс» деген мақала жарияланып, қоғамда үлкен пікір туғызғаны есімде. Сол мақаладағы мына бір жолдар менің тұла бойымды кәдімгідей елжіретіп, үлкен ой салған еді. Оқиық.

«Домбыра. Қобыз. Халқымыздың кеше­гі тарихы бүгінге ұлтымыздың осы ұлы музыкалық аспаптарының үнімен жетті. Кешегі өткен хандар, батырлар, би, болыстардың басым көпшілігі күйші, домбырашы болған.

Домбыра – рух, алапат күш. Ұлы баба­ларымыздың оқулығы дала мен домбыра болған. Дала – Демосфендері, түз – Талей­рандары бар даналық ойларының мәйегін дала дәптеріне домбырамен жазған. Дом­быраның мүмкіндігі шексіз. Оның шанағы­нан төгілген қосбасарлар, ақжелеңдер одан шешен, одан шебер бола бермейтініне дәлел.

Қысқасы, домбыра болмаса бұл елдің тағдыр-тәлейі ендігі қалай болары да беймәлім еді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып жарияланды. Осыған орай, 1 шілдеде Астанада «Ұлттық домбыра күні» өтеді. «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр ақын­ның атақты өлеңінің бір шумағы қазір телеарнаның осы шараға арналған жарна­масының мәтініне айналған. Бірақ бұл Қадырдың өлеңі екені айтылмайды. Мәселе онда емес, оқасы жоқ, жұрт біледі деп ойлайтын шығар.

Мәселе ұлт жанына жақын осындай ізгі шаралар бұдан былай ел арасында басым сипат ала берсе, біз бабалар болмысына сон­шалықты жақындай түсер едік. Көпші­лік орындардың төрінде, мектепке, пойыз­ға, ұшаққа, т.б. кіреберісте домбыра тұрса. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орын­дарында бұл күннің маңызын айқындай­тын терең танымға негізделген ашық сабақ­тар өткізілсе дұрыс болар еді.

Балаңыз халықшыл, елшіл болсын десеңіз, өнерге беріңіз. Оның музыкант болуы мақсат емес (ол таланттың шаруасы), домбыра ұстап өскен бала балалықтан ерте алыстап, даналыққа біртабан жақындай түседі. Домбыра ұстай білген бала ертең елді де ұстай біледі.

Әлгінде ұлы бабаларымыздың күйші, домбырашы болғанын айттық қой. Әрине, әр қазақтың үйінің төрінде домбыра болуы міндет. Домбыра тұрған жерге бәле-жала, жын-шайтан жоламайды. Ал бүгінгінің би, болыстары әкімдердің кабинетінің төрінде домбыра тұрса, әлгі біз жиі айтып, кейде жалыға бастаған «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөзге де соншалықты сенім кіріп, әкіміңіз халыққа біртабан емес, толайым жақындай түскен болар еді.

Айтпағым, қазір той жарыстыру емес, ой жарыстыру заманы. Астанадан бастау алған осынау ұлық мереке енді алдағы уақытта еліміздің бар өңірінде жалғасын тапса, кереметтің кереметі сол емес пе!?

Бұл тек өнерді ұлықтау, соған тамсану тойы ғана емес, өз тарихыңды, рухыңды танытатын шараға айналуы тиіс».

Егер қателеспесем, бұл мәселе газет бетінде ертеректе көтерілген еді. Елбасының 1 шілдені «Ұлттық домбыра күні» деп жария­лауы осы ойға серпін беріп, қайта жарияланған еді. Оның алдындағы жария­ланымда басқа-басқа, Түрксіб ауданының әкімі Устюгов кабинетіне домбыра қойы­ңыздар деп пәрмен бергенін естіген едім. Ол кісі домбыраны төріне шығарды ма, жоқ па білмеймін, алайда аталмыш жарияла­ным­ның ықпалы болғаны сөзсіз. Сондық­тан меніңше осы тақырыпты одан әрі қаузай берген әбден дұрыс. Өйткені, Елба­сының соңғы жылдарда жазылып, қоғамда айрық­ша рухани дүмпу туғызған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақалаларының рухы­на сай дүниелерді көбірек беру бұл біздің тарихқа есесі кеткен халық үшін өте қажет.

Таяуда «Саялы» ықшамауданына қонақ­қа барып, қыдырыстап жүргенімде «Әр бала, дара бала» атты домбыра мекте­бінің маңдайшасына жазылған сөзді оқы­дым. Айтайын дегенім, домбыраны ұстап, үйреніп өскен бала елін де, жерін де сүйеді. Өйткені, домбыраның бойында бәрі бар.

 

Г.СӘПИЕВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close