Киіз басып, кесте тіккен қаракөздер

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Алматы музейінде «Шебер  қолдар» тақырыбында гобелен, кесте және киіз бұйымдарының байқауы, сондай-ақ, қолөнер бұйымдарын жасау шеберлік сыныптары өтті. Байқау жаңа таланттарды ашуға, сәндік-қолданбалы өнерді сүйетін жеткін­шектердің кәсіби шеберлігін шыңдауына қосымша мүмкіндіктер туғызу, олардың интеллектуалдық деңгейлерін жетілдіру, отандық және әлемдік өнер мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

Қазақ халқының  қолөнері – халық тұрмысымен бірге жасасып келе жатқан, ұзақ тарихы бар  ежелгі өнер. Осындай  бай мұраларымызды бүгінгі жастарымыздың да жалғап әкетіп, түрлендіріп, жүректерін арнап жүргендігі бізді қуантады.

Байқау О.Таңсықбаев атындағы Алма­ты сәндік-қолданбалы өнер колледжінің бастамасымен, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы колледжі­нің, Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы музейінің, CENTER OF YOUNG ARTІSTS, Бостандық  ауданы әкімдігінің, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО ҚР Ұлттық Клубтарының қолдауымен ұйымдастырылды.

Бұған дейін музейде көркем әшекейлеу және графика бұйымдарының байқауы өткен болатын. Енді наурыз айы бойына Алматы музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 80 жылдығына және Т.Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер акаде­мия­сы мектеп-интернат колледжінің 30 жылдығына орай колледждер арасында мүсін және қыш, сосын ағаш ою және зергерлік бұйымдарының байқаулары және шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Сондықтан Алматы музейінің есігі кез-келген адамға айқара ашық.

СУРЕТТЕ: гобелен, кесте және киіз бұйымдарының байқауына қатысқан О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің бір топ студенті. Бәрі де жалындап тұр, бәрінің де жүрегі өнер деп соғады. Аталмыш колледж­дің көркем тоқу факультетінің 2-курс студенті (кураторы Ұлжалғас Қырғызбай) Дана Бекқазиеваны сөзге тартқан болатынбыз.

–  Әрине, киізден гобелен тоқу, шимен жұмыс істеу оңай емес. Бірақ мен әр жұмысымнан ләззат аламын, жаным рақаттанады. Пейзаждарымда қанық түстерді, көбіне жасыл, қоңыр түстерді пайдаланамын. Бұл ұлттық бітім-болмы­сымызға жақын түстер деп санаймын. Болашақта киізден түрлі киімдер, көйлектер тігіп шығарғым келеді. Мен ұлтымды сүйемін! – дейді өзі әлі кішкентай болса да арманы үлкен Дана қыз.

Арманыңа жет, айналайын. Мереке­леріңмен, ҚАРАКӨЗДЕР!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *