КИЕЛІ ЖЕРЛЕРДІҢ БЕРЕРІ КӨП

Қазақ елінің дербес ел болып жетілгенін, өркендегенін мақтанышпен кеудесін кере айта алатын қазақ ұрпағы бүгін қалыптасты. Тәуелсіздігіміздің аз уақыт ішіндегі қол жеткізген теңдессіз табыстары, біріншіден, әлем картасында болмаған мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан құрылды, мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітіліп, мемлекеттік басқарудың Конституция негізінде жұмыс істеп тұрған тиімді жүйесі құрылып, заманауи Қарулы Күштер мен құқық қорғау жүйесіне ие болдық.

Ә.БЕЙСЕНОВА, г.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі

Экономиканы ілгерілеттік, Елбасы біртіндеп елдің жетілуін, көркеюін, елдің дамуын халықтың ой-санасының өзгеруін  жүзеге асырды.

Ата-бабаларымыздың армандаған сонау ғасырлар қойнауында Күлтегін идеясының негізінде жазылған «Мәңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айнал­дырып, елдігіміздің ХV ғасырлық тамырына нәр бердік, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Осынау аршынды қадамдардың баршасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақ­станды «Мәңгілік Елге» айналдырудағы абыройлы істерді Ұлы Дала елінің келеше­гін кеңейте түсетіні ақиқат.

Осы жоғарыда айтылған ұлы табыс­тарды жалғастырып, дамытып, соны халық­тың бойына сіңіру мақсатында Елбасы Қазақ елінің мәңгілік болуына, оның іргетасын қалаған табыстарын әрі қарай дамытуда қазақ халқына мынадай жолдау арнады:

Бірінші – рухани жаңғыру; екінші – туған жер; үшінші – сана; төртінші – прагматизм; бесінші – «Нұрлы жол».

Елбасы болашаққа бағдар ретінде «Рухани жаңғыру» идеясын ортаға салды. Ұлт рухының арқауы неде?

Туған жердің ерекшелігін көрсету, әдет-ғұрыпты жаңғырту ақпарат көздерінде жиі көтеріледі, оның жаңғыруы деген не? Өркендеген елдердегі ақыл-ой иесінің жоғары сатысындағы қалыптасқан дәстүр.

«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Жалпы, ұлттық идея қандай уақытта дами­ды? Ұлтты кемістеуден ұлттық рух оянып, ұлттық сезім пайда болады. Намыссыз­дықпен күн кешіп, 300 жыл Ресейдің қоластында болдық. Намысты туындата­тын, оны қозғайтын әсер болмайынша, қалыптасқан ой-сана кейінгі ұрпаққа руха­ни азық бола алмайды. Біздің ойшыл­дарымыз, абыздарымыз ой-сананың дамуы­на ықпал етіп, жаңалық ашуға итермелеген. Ол жастарды ылғи да зұлымдықпен күре­суге, оны өзгертуге, жаңартуға бағыттаған.

Жастар – кез-келген қоғамның бола­шағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей ел жастарының білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байла­нысты. Сондықтан да мемлекеттік саясат­тың негізгі бағытының бірі – жастардың ой-санасын ояту, жаңалықты дұрыс қабылдату.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Үкімет қазіргі толқынға, жастарға үлкен үміт артылуда. Жастарға қоятын негізгі талабы: біліктілік, білім алу, рухани құнды­лықтарды қастерлеу, отан сүйгіштікті дамыту.

Дамыған мемлекет құру үрдісі эконо­миканы жаңғыртып, постиндустриалдық қоғам құрумен шектелмейді. Төртінші индустриалдық революцияны бастарынан өткеріп жатқан мемлекеттер жоғары деңгейге рухани, біліми, ғылыми, тәрбиелік мәселелерді шеше отырып өз мақсаттарына ұмтылуда. Сондықтан материалдық өнді­рісті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсар­ту қаншалықты маңызды болса, рухани салада жаңару да соншалықты маңызды. Себебі, халықтың, соның ішінде жастардың рухани сапасының артуы сол елдің экономикасының қарыштап дамуы­на мүмкіндік береді. Ел дамуының бола­шағы саналатын жастардың рухани жаңғы­руында Қазақ жерінің киелі мекендерінің маңызы зор болмақ.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласы біздің қоғамда көптеген рухани дүниелердің жаңаруына тың серпін берді. Халқымыздың материалдық және рухани әлемі – атамекен, жер-су, әдебиет, өнер мен мәдениет саласын жандандыруда шамшырақ тәрізді қалың жұртшылықтың қызығушылығын, ерекше ықыласын тудырды.

Осыған байланысты Елбасы тапсыр­масы негізінде, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен халқымыз­дың тарихынан елеулі орын алатын Қазақ­станның киелі орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынды. Ғылыми-сарап­тамалық кеңес ашылып, бұл іске бұрыннан бері осы сала бойынша жұмыс істеп, зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар тарихшылар, өлкетанушылар, этнографтар тартылып, ғылыми жүйе құрылды. Зерттеушілер басшылыққа алатын нұсқаулықтар жасалып, ол барлық өңірлерге жолданды. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық ұстаным деңгейіне көтеру.

«Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін табиғи-мәде­ни мұра, зайырлы және діни сәулет ескерт­кіштері, кесенелер, сондай-ақ Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байла­нысты орындар ұғынылады. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын, ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретінде көрінетін нысандар кірді.

Киелі орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар нысандар болып бөлінді. Еліміздегі барлық қасиетті нысандар бес топқа жіктелді:

  1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыста­рының нәтижесінде пайда болған орындар.
  2. Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглиф­тер, қорымдар, халқымыздың қалыпта­суында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемле­кетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған ортағасырлық қалалар кіреді.
  3. Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар. Мұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыс­ты­руға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және ортағасырлардағы, сонымен бірге XІX аяғы XX ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды.
  4. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостан­дығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызды мәсе­лелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен батырлар, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қол­басшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағарту­шылар туралы мәні зор орындар алынып отыр.
  5. Саяси, тарихи оқиғаларға байла­нысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсар­лықты насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қалдырған қасіретті орындар мен қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары еніп отыр.

Біз Қазақстанның табиғи, монумен­талды, архитектуралық, археологиялық ескерткіштерін сақтау арқылы өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштікті қалыптас­тырумыз керек. Осы тұрғыда мұражай­лардың атқаратын рөлі зор. Мұражай жәдігерлерді сақтап қана қоймай, оның энергетикасын ұрпақтың бойына сіңіріп, тәуелсіздік тірегі болатын ұрпақты қалып­тастыруда да рөлі зор. Елбасы мақала­сында сырттан келген қауіп-қатерге төтеп бере білуіміз керектігін баса айтқан. Жат ағымдарға қарсы тұратын дүниеміз – ұлт­тық код. Ал ұлттық кодымыз өзіміздің қасиетті жерлерімізден бастау алады. Қазақта «кіндік қаны тамған жер» деген ұғым бар. Сол туған жерінен қазақ ешқа­шан көшпейді. Ата-бабамыздың моласы, бейіті бар, кіндік қаным тамған жер деп жерді құрмет тұтады. Осының өзі біздің қасиетті, киелі деген сөздерімізге терең мағына береді.

Жастар қасиетті жерлерімізбен, жәдігер­лермен танысып, тарихын білуі шарт. Осынау рухани мәдениетімізді шет елге таныстыру жайында айтсақ, бұл бағытта заманның ең озық технологияларын пайда­лану керек. Біріншіден, еліміздің түкпір-түкпіріндегі, әр ауданның, әр ауылдың киелі жерлерін халыққа таныту үшін бағыт-бағдарын, тиімді бару жолын көр­сететін картасын әзірлеген жөн. Екіншіден, әрбір интернет пайдаланушысы үйден көре алатындай виртуалды мұражайлар жасал­ғаны дұрыс. Қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынуда. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, Қазақстан­ды әлемдік брендке айналдыру жолында цифрландыруды қолдануымыз қажет. Үшіншіден, қасиетті жерлерге баратын инфрақұрылымды жақсартуды қаперге алсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Ұлы дала түрік жұртының Ата жұрты сыр бойынан оғыздар ауа көшкенде қаптауының түркімен түрік жұрты, әзер­байжандар болып, Қорқыт атаны піріміз деп таныды. Ұлы түрік қағанаты ыдыра­ғанда жаңа сападағы тайпалар мен ұлыстар болашақ тұтас жаңа ұлттың негізі қалып­таса бастаған. Тұрмысы, тілі салт-дәстүрі­мен ыңғайласып, сол даланың төл перзен­тері тарихи уақыттың өтуіне қарамастан біртіндеп қазақ ұлтына айналды. Жер­ұйықтай болған керемет кең дала көрші­лердің көзіне түсіп, қызықтырмай қойма­ған кезең. Туып-өскен жерді қорғау керек болды. Бұл тұста Тоныкөкпен Білге қағанның тасқа қашап жазған өсиет сөздері бүгіні күнге дейін біздің халқы­мыздың тарихы болып саналады. Әруақ қолдаған, сыйынған, содан бізге мирас болып қалды. Сыйыну дегенің үлгі тұту, соған қарап өсу деген сөз. Бұл жайында Ахмет Байтұрсынов «Бұрынғылар жауын­гершілікке тән болса, кейінгі заманда батырлар жан есебінде, елді қорғаушы есебінде қалыптасқан. Жалпы халықтың жаны, рухы туралы әңгіме қандай да болмасын сонау көне дәуірде қалыптасқан. Ұлы даланың киесі болып табылады. Соған мысал ретінде ұмыт қалған, бірақ ел аузынан түспеген, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің рухы әрдайым елес беріп, қорғап жүрген. Бұл ұлы даланың болмысымен біте қайнасқан айнымас атрибуттары. Осы кезеңде В.В.Бартольд Қорқыт баба мен Баба Түкті Шашты Әзіз әулиені даланың ұлы патриархтары деген болатын. Осы кезеңнен бастап «Ұлт рухы» деген қасиетті ұғым атайлап алға шықты. Қорқыт мәңгі өмірді аңсап, дүниені шарласа, өлім өмірдің астары екеніне көзі жеткен. Қорқыт өнер арқылы, күй арқылы өмірді ұзарта алаты­нына көзін жеткізеді. Ал екіншісі – Шашты Әзіз әулие ел жұрттың қамқоршысы мен сақшы­сы, қиянатқа қарсы тұрар әділеттік­тің жаршысы. VІІІ ғасырда Ислам діні Мауренахрдан асып Ұлы далаға жеткен кезі. Мұны біз Исламның таралуы деп айтамыз. Баба Түкті Шашты Әзіз сол дәуірдің тарихи тұлғасының бірегейі.

Түкті Шашты Әзіз туралы академик Қ.Сәтбаев 1927 жылы «Едіге» жырын бас­тыртса, М.Әуезов пен С.Мұқанов жазып шыққан қазақ әдебиетінде, әдеби оқулық­тарында Шашты Әзіз әулие туралы аңыздарға ерекше орын берілген. Бұлардың бәрінде де Шоқан Уәлиханов жыршыдан жазып алған, одан В.М.Жирмунский мен А.А.Диваевтар жинаған материалдарда Шашты Әзіз әулиенің перінің қызынан туылған жайында және өзі де перінің қызына үйленгендігі туралы айтылады. Энциклопедияда «Баба Туклас» болып жазылған. Тануынан гөрі таңуы басым бұл деректер сырт адамдарының қазақ тілін бұрмалауынан, болмаса дәл айта алмауы­нан болған. Жалпы, Шашты Әзіз туралы аңыздар мен жырлар көп. Бұл әлі толық зерттелмеген дүние. Қаратаудың теріскей беткейінде Құмкент шаһарында халық орнатқан Мавзолейі бар. Қазақ тарихын танып білуде аса құнды дерек болып табылатын барлық батырлық жырлар мен эпостарда Шашты Әзіз әулиенің есімі өзге әулиелерден шоқтығы биік болып тұрады. Ысқақ баб дін таратушылар ішінде дала түріктерінің көсемі Шашты Әзіздің ықпалында болғаны байқалады.

Үш жүздің басын қосқан «Таңбалы тас»

Қазақтың ұлы шежіресі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Бетпақ шөлінде Таңбалы нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тастан барып қарасады. Алаша ханның жарлығы­мен жасалған таңба» деседі. Қазақ өз тарихын таңбалармен және ұрандармен жазған халық. Қазақтың тап-табының таңбалары бар. Шежіреде тайпалар «Ақжол ұранды», «Қаптағай ұранды», «Ойбас ұранды», «Алатау ұранды» делінеді. Ал таңбасына байланысты «Көз таңбалы», «Босаға таңбалы», «Көсеу таңбалы», «Ергенек таңбалы» болып бөлінетіні белгілі. Зерттеушілер атақты шежірелі Таңбалы тас үш жүздің басын қосатын дейді. Бірақ қазір ол тас желдің, судың әсерінен үгітіл­ген. Қ.Сәтбаев өзінің «Жезқазған ауда­ны­ның көне ескерткіштері» деген мақала­сында «Таңбалы тасқа» ерекше көңіл бөлген. Бүгінгі күнге дейін әлі дұрыс зерттелінбеген.

Қазақтың кең даласында осы сияқты киелі жерлер өте көп болған: Арыстан баб, Бекет ата, Сайрам, Сығанақ, Сарайшық, Отырар және т.б.100-ге тарта орындары бар күні бүгінге дейін сақталған, сол арқылы елдің тарихын, ұлттың мәдени тұрмысын, өткен өмірде әруақтарға сыйыну, ұмытпау тек біздің елде ғана емес, басқа мемле­кеттерде де баршылық. Көне тарихтың куәсі ретінде мұндай әулие жерлер өте көп. Олардың барлығы халықтың өткен өмірдегі тарихының куәсі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *