Киелі мекен – бақ мекен

ҰЛТ ЖАДЫНЫҢ  БІРТҰТАС КЕШЕНІ   БОЛСЫН ДЕСЕК, РУХАНИ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРІМІЗ   БЕН  ҚАСИЕТТІ  ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАНЫМЫЗ АБЗАЛ

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды, сонымен бірге, заман сынағына лайықты төтеп беру үшін  нақты жобаларды жүзеге асыруды талап ететінін айқындап берді. Солардың арасында рухани дәстүріміздің басты негіздері әрі шынайы патриотизмнің  маңызды көріністері ретінде «Туған жер» бағдарламасы мен халықтың санасына  жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында   «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»  жобаларын ұсынуын рухани жаңғыру бағытындағы  маңызды қадам деп бағалаған жөн.

Президент тұжырымдағандай, «Қазақ­станның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі  неше ғасыр өтсе де,  бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын  символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышы­мыздың қайнар бұлағы. Ол ұлттық бірегейлік негіздерінің  басты элементте­рінің бірі». Бір қуантарлығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ендігі жерде  елімізде республиканың тарихи маңызы бар нысандары бір географиялық белдеуге біріктірілетін болады. Яғни әр аймақтағы қасиетті жерлерді зерделеуге, танып-білуге зор мүмкіндік ашылады деген сөз. Демек, әрбір қазақстандық үшін  жауапкершілік жүгі де, аманат та біреу: «Қазақ мемлекетіндегі тарихи жәдігерлер­ді, қасиетті мекендерді және олардың тарихын  оның әрбір азаматы білуі  шарт».

Алматы – еліміздің әр аймағынан арман қуып келіп, жастығымыздың албырт шақтарын бірге  өткізіп, студенттік  балдәу­рен  кезеңінде жүрген біздер үшін  киелі мекен. Президентіміздің «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын  оқып шыққан  кезде біз ең алдымен өзіміздің сүйікті шаһары­мыздың символдық қалқаны болар  қа­сиетті, киелі жерлерін, зерделей бастадық. Ұлттық кітапханаға барып, ғаламтор арқы­лы  түрлі  әлеуметтік желілерге шығып, қа­ла­мыздың тарихи нысандарын, ғалым­дардың ой-тұжырым­дарын зерттедік.    Сакралды картаға енген Алматының киелі жерлері  туралы  шаһар музейінде «Қазақ­станның киелі геогра­фиясы» деген тақы­рыппен арнайы ашыл­ған  құнды жәдігер­лер фотокөр­месін  ара­лағанда  да көп мағлұмат ал­дық. 40 мың­нан аса жәдігерлер жинақ­талған музейдегі Алматының қасиетті орындарының фото­суреттері  мен кезінде шаһар маңынан табылған археологиялық заттар тарих қойнауынан көп сыр шертеді.

«Рухани жаңғыру» аясындағы ауқым­ды жобаларды жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласында да маңызды іс-шаралар қолға алынып, нәтижесінде, қала аума­ғын­дағы тарихи жәдігерлер тізімі жасалған екен. Бұл ретте «Мәдениеттерді жақын­дастыру орталығы» мемлекеттік музейінің директоры, тарих ғылымының докторы Карл Байпақовтың тұшымды пікірі бізге ерекше әсер етті.

– Бүгінде «Туған жер» және «Қазақ­станның қасиетті рухани құндылықтары» жобаларының аясында еліміздің барлық аймағындағы қасиетті мекендерге ерекше көңіл бөлінуде. Соның ішінде Алматыда да бұл бағдарға үлкен мән берілген. Бабаларымыздың осыдан мыңдаған жыл бұрын осындай қаланың негізін салғанына қуанып, мақтануымыз қажет. Сонау XІ-XІІІ ғасырдың өзінде Алматы қала деп әбден атайтындай дәрежеде болған. Оған дәлел ретінде жан-жағының қоршалуын, теңге сарайының болуын, халқының нақты саны болғанын, сауда мен кәсіптің дамығанын айта аламыз. Бағдарламалық мақаланың жоспарына сәйкес, Алматы бастапқы қадамдарын жасап үлгерді. Бүгінде жергілікті қасиетті жәдігерлер тізімі жасалды. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы қазіргі таңда 5 нысанды іріктеп алды. Оның барлығы мемлекеттік тарихи-мәдени мұралар ескерткіштерінің тізімінде бар, –  дейді  ол кісі.

Ал Әлкей Марғұлан атындағы архео­логия институтының бас ғылыми қыз­меткері Арнабай Нұржанов «Жетісу өңірі  қазақтың киелі, қасиетті жерлерінің бірі» екендігін сипаттап, «Алматы қаласы киелі аумаққа бай» деп ой топшылайды. Оның айтуынша,  оңтүстік астанамыздың аумағында  ЮНЕСКО-ның тізіміне енген екі ескерткіш бар екен. Біріншісі – қаладан 170 шақырым жердегі қола дәуіріне жататын Тамғалы ескерткіші. Екіншісі –  Талғар қаласы. Екеуі де киелі жерлер. Осы маңнан шыққан тарихи жәдігерлерден, қоладан, керамикалық заттардан  сол жерде  тіршілік еткен адамдардың  рухани байлығы туралы  тағылымды  мәлімет алуға болады. Алматы қаласының маңында петро­глифтер де өте көп кездесетінін біреу білер, біреу білмес. Оларды зерттеу-зерделеу барысында әлі талай құнды мәліметтер мен деректер аршылары сөзсіз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Рухани жаңғыруда»  құндылықтарымыз бен қа­сиетті, киелі жерлерімізге қатысты жоба­ның  идеялық негізін нақты тұжырымдап берді. «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесене­сін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құнды­лықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деді.  Осы арқылы Прези­дент  «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақ­стандық білуі үшін оқу-ағарту дайын­дығын жүргізу қажеттігін, ішкі және сыртқы мәдени туризм халқы­мыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиістігін аманаттап отыр. Ендеше бұл ортақ іске, ауқымды жобаны жүзеге асыруға  әрбіріміз  араласып, жаппай  жұмылатын кез келді. Біздер, Халық­аралық ақпа­раттық техноло­гиялар университетінің студенттері Алма­тының зерделі  жастарын  шаһары­мыздағы ұлт­тық мақтанышы­мыздың қайнар бұлағы болған   қасиетті жәдігер­лерімізді  – «Тә­уелсіздік» және «Тәуелсіз­дік таңы» монументтерін, Райымбек батыр кесе­несін, Алаштың арда ұлы, ұлт қайраткері, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін, Боралдай сақ қорғандарын (Б.з.б. VІІІ-ІІІ ғ.ғ. дәуіріне жататын  қорымдар. Ұзындығы 3 шақырым  алаңда 47 сақ қор­ғаны бар. Ең үлкен қорғанның  биіктігі – 14 метр, диаметрі 100 метр. 2007 жылдан бастап бұл алаңда ашық аспан астындағы мұражай салу жұмыстары жүргізілуде) және діни архитектураның озық үлгілерінің бірі – XX ғасырдың басында салынған Қасиетті Вознесенский кафедралды соборын танып-білуге, ұлттық құндылықтарымызды зерделеуге, құрмет­теуге, ұлт  санасына  рухани дәстүріміздің негізі болған   киелілік   ұғымын сіңіруге үлес қосуға шақырамыз. Жалпыұлттық қасиетті орындарды  түгендеуге, құнды­лықтарымызды ұлықтауға бағдар беретін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының  біз үшін тағы бір тағылымы мен маңыздылығы  осында деп ойлаймыз.

 

Бұл ортақ іске, ауқымды жобаны жүзеге асыруға  әрбіріміз  араласып, жаппай  жұмылатын кез келді.

Біздер, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері  Алматының зерделі  жастарын  шаһарымыздағы ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы болған қасиетті жәдігер­лерімізді  танып-білуге, ұлттық құндылықтарымызды зерделеуге, құр­меттеуге, ұлт  санасына  рухани дәстүріміздің негізі болған   киелілік   ұғымын сіңіруге үлес қосуға шақырамыз.

 

Дина ШӘРІПХАНОВА,

Ахметула ШАЯДИЛОВ,

Нұрила ЕРМЕКБАЕВА,

ХАТУ студенттері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *