КИЕЛІ ҚАЛА АЛМАТЫ

863Дүкен көбейген кез

1970 жылдары Қазақ КСР Мәдениет ми­нистрлігі түрлі тарихи ескеркіштерді есепке алып, реставрациялау (қалыпқа келтіру) жұмысын қолға алады. Осы кезде қалыпқа келтірілген ғимарат­тардың бірі — 28 панфиловшылар паркінде орна­ласқан Вознесенск Кафедралдық соборы. Қалыпқа келтіру кезінде күмбездердің сыртын қаптап қойған жасыл бояу сыдырылғанда астынан бұрынғы алтындатылған күмбездер жарқырап шыққан. 1995 жылдың 8 сәуірі күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен собор Алматы – Семей иерархиясының иелігіне берілді.

Осы жылдары салынған «Спецавтоматика» зауыты Қазақстан жеріндегі өрттен күзетуші және электрондық-есептеу техникасын жөндеуді мойнына алды.

Алматы трикотаж бірлестігі осы аттас три­котаж фирмасының негізінде пайда болды. Ю.А.Гагарин атындағы тігін-өндіріс бірлестігі шағын тігін фирмасының негізінде пайда болды (кейіннен – «Қыз Жібек» АҚ).

1990 жылы «Алматы» жиһаз бірлестігі «Мерей» акционерлік қоғамына айналдырылды. Бұнда 35 түрлі жиһаз, 30 түрлі мәдени-тұрмыстық заттар, 10 түрлі музыкалық аспаптар жасалатын еді.

1966 жылы «Қызыл Ту» зергерлік цехының негізінде «Сувенир» фабрикасы іске қосылды. Бұл фабрикада қымбат тастардан, алтын мен күмістен түрлі әшекей жасалатын.

1960 жылы «Тұскиіз» фабрикасы ашылды. Бұл фабрикада ұлттық киім тігілетін, 140 түрлі ұлттық жабдық пен жиһаз өндірілетін.

Осы жылдары қаланың көлік кешені одан әрі күрделеніп, дамыды. 1967 жылы іске қосылған «Саяхат» автовокзалы астананы Шелек, Нарын­қол және тағы басқа Алматы облысының аудан­дарымен байланыстырды. 1983 жылы «Сайран» көлінің жағасында жаңа Орталық автовокзал салынып, пайдалануға берілді (Қазақстан облыс орталықтарына, Бішкек, Ташкент, тағы басқа Орталық Азия аймақтарына жол осы автовокзал арқылы тартылды).

Алматыда 8 автопарк, 4 таксопарк бар еді. Күн сайын желіге 1000 автобус, 220 троллейбус, 100 трамвай шығатын. Аталған көлік 1,5 млн. жолаушы таситын. 1967 жылы Көктөбеге баратын аспалы жол (канатная дорога) салынды.

1976 жылы астаналық аэровокзал салынып, іске қосылды. 1988 жылдан бастап Алматы метро­политенінің құрылысы іске асырыла бастады.  Қуатты азалюттық авиация қалыптасты. Ұшақ көлігі Алматыны Мәскеумен, одақтас республи­калардың астаналарымен байланыстырды. Ды­быстан жылдам ТУ-144 ұшағы Алматы жолаушылары үшін әдепкі көлікке айналды.

Қала халқының ахуалын көрсететін ең үлкен белгі – дүкендердің саны. Алматыда бірінен кейін бірі «Айсұлу», «Тянь-Шань», «Рахат», «Айдос», «Юбилейный», «Россия», «Мұхит» (Океан), «Береке» атты әмбебап дүкендер іске қосылып жатты. «Тұлпар» атты автомобиль бөлшектерін сататын дүкен ашылды. «Кітап үйі», «Динамо» (спорт заттары), «Киім-кешек үйі», «Алмаз» (зергерлік), «Беташар» (некелесу мен жас-жұбайларға арналған заттар), парфюмерия дүкендері, «Ажар» фирмалық жиһаз дүкені, «Достық» (кітап), «Универсам» (әмбебап), «Отан» (кітап), «Пионер» (оқушыларға арналған заттар), «Қызыл таң» (мата), «Жалын» (оқулық), «Турист» (спорт заттары) дүкендері осы жылдары ашылды.

 

Бағы жанған Бауыржан миллионға жеткізді 

1960 — 90 жылдары астана халқының саны еселеп өсіп, 1 млн. 132 мыңға жетті. Негізінен, халық саны сырттан келген адамдардың санымен және қала маңайындағы аймақтардың астанаға қосылып кетуімен өсті.

Тұрғын үй құрылысы ұлғайғандықтан, халық­тың көп бөлігі қаланың батыс және оңтүстік-батыс бөлігіндегі көпқабатты ықшамаудандарға шоғырланды.

1981 жылдың 19 желтоқсаны күні Алматы қаласының №4 перзентханасында астананың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Қадыр­сызовтар әулетінде дүниеге келген сәбиге ұлттық қаһарманның құрметіне Бауыржан деген есім берілді. Бұл жылдары халықтың ауқатының соғыстан кейінгі жылдармен салыстырғанда үлкен дәрежеде өскенін мойындау керек. Көптеген алматылық отбасыларда теледидар, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, жиһаз гарнитуралары, тағы да басқа дәулеттіліктің белгілері пайда бола бастады. Қаладағы соғыстың алдындағы және соғыстан кейінгі тұрмыстың көрінісі болып табылатын барақтар жойылды. Коммуналдық пәтерлерде тұратын адамдардың саны азайды. Алайда, әлеуметтік салада дағдарыс біліне бастады. Бұл, әсіресе, медициналық қызмет, мектепке дейінгі тәрбие (Алматыда балабақша саны ешқашан жеткілікті болған емес), білім беру салаларынан анық байқалатын еді. Тұрғын үй салу халық қа­жетіне сай емес еді (Алматының 122 жатақхана­сында ғана 88 000 адам тұрып жатыр еді). Халыққа қызмет ету, сервис мүлдем кешеуілдеді. Азық-түліктің, сапалы өнеркәсіп заттарының дефициті (жетімсіздігі) барған сайын біліне берді. Адамдарға еңбекақы төлеу әділеттен алыс еді. Әлеуметтік қайшылықтар күрт ұлғайды.

 

Жасыл желек жамылған жылдар

Халық саны көбейіп, қаланың көлемі ұлғайып, өнеркәсіп дамыған сайын Алматының төңіре­гін­дегі экологиялық ахуал да ақырындап шиеленісе бастады.

1960 жылдардың ортасына қарай Қазақ та­биғат қорғау қоғамы 875 табиғат қорғау ұйым­ын құрды. Бұл ұйымдарда 16 738 адам жұмыс істей­тін. Бағбаншылық, гүл өсіру, ауа мен өзен-көл­дердің суының тазалығын қадағалайтын бөлім­шелер бар еді. Қалалық кеңестің депутаттары мен қоғамдық инспекторлар қаланың жасыл желегін, суландыру жүйесін үнемі назарда ұстайтын.

Бұл кезде қаладағы жасыл желектің 70 пайызы қарағаш пен шынар еді. Қалада қисапсыз сквер, 8 бульвар бар болатын.

1960 жылдардың ортасында Алматы атқару комитетінің жанынан желектендіру (зеленстрой) бөлімі ашылды. 1965 жылы қаланың жасыл желек қоры 7288 гектар жерді алды. Қаланың сыртында (Бірінші май көлі, Көктөбе, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің аңғары, Үлкен шатқал) демалыс орындары ашылды.

1967 жылы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы парк ашылды (жер көлемі — 18 гектар).

Ленин атындағы алаң (қазір «Астана» алаңы), Л.И.Брежнев атындағы алаң (қазір Республика алаңы), Ленин атындағы сарай (қазір Республика сарайы), Офицерлер үйі, «Қазақстан» қонақ үйі, М.О.Әуезов атындағы драма театры, Амангелді Иманов ескерткіші төңірегіндегі скверлер мен жасыл желек аумақтары бақша-парк архитек­турасының тамаша үлгілері еді.

Алматылық ерлі-зайыптылар Мәриям Сағи­това мен Тадеуш Дзевицкий елу жыл барысында Абай атындағы ҚазПИ-дің агробиостансасында боз қарағанның (сирень) үш жүзге жуық жаңа түрін будандастырып шығарды. Боз қарағанның бұндай көлемді бағы АҚШ-та, Канадада және бізде ғана бар екен. 1988 жылы деректі фильмнің шебері, режиссер Владимир Татенко «Мәриям мен Тадеуш» атты фильм түсірді.

1969 жылы декоративті гүл өсіретін «Таугүл» кеңшары құрылды. Бұл жерде қызғалдақ, сар­ғалдақ, қалампыр, астра, райхан, гладиолус сияқты көптеген гүлдердің тұқымдары, қисапсыз көшет өсірілетін. 1980 жылдар аяғына қарай «Зеленстрой» жыл сайын 59 мың ағаштың шілігін егетін. Сондай-ақ, 107 мың бұтаның көшетін өсіріп, 7 мың шаршы метр газон, 66 мың шаршы метр гүлзар екті.

Көктөбе Алматының басты танымдық нысаны. Көктөбеге аспалы жол салынды. Төбедегі алаң­дардан қаланың және оның төңірегін тамашалауға болады. 2006 жылы таудың бөктері төмен қарай жылжи бастады. Қазір бұл бөктер мыңдаған терең қазықтармен бекітіліп жылжымайтындай етілген.

Кейінгі 25 жыл барысында Алматыда бірнеше сел болды (1963, 1973, 1977 жылдары).

«Қазбасселқорғаныс» басқармасы бұл тарапта үлкен шараларды іске асырды. Селдің жолына қуатты бөгеттер қойылды, таудағы жиналатын суды төмен ағызып тұратын арналар жасалды.

Қалаға ерекше көрік беретін нысандардың бірі – хауыздар мен су атпалары. Қалада бірнеше су атпа жүйесі бар. Ыстық күндері іске қосылатын бұл фонтандар маңайын салқынға бөлеп, Алматы­ның көркін арттыра түскендей. Мыңдаған адам­дар­дың тынымсыз еңбегінің арқасында Алматы әлемдегі ең желекті қала деген атағын әлі бермей келе жатыр.

 

Саясында сан адам оқып жүрді

1960–1990 жылдар аралығында Алматыда көптеген емдеу орталықтары ашылды. Бұл кезде қалада жоғары маманданған №1 Балалар клиникалық ауруханасы, Облыстық клиникалық аурухана, Республикалық клиникалық аурухана, Қалалық клиникалық Орталық аурухана бар еді. 1989 жылға қарай қалада 78 емхана мен 50 аурухана болды (бұл ауруханалар жүйесі бір сәтте 19 мың адамды қабылдай алар еді).

1973 жылы Қазақстан Денсаулық сақтау ми­нистрлігі жанынан Тамақтану және витами­нология ҒЗИ-ы құрылды. Бұл зерттеу институтын академик Т.Ш.Шарманов басқарды.

1975 жылы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия институтының жанынан Акушерлік және гинекология ҒЗИ, 1977 жылы Кардиология ҒЗИ ашылды. 1988 жылы Қазақ­стан денсаулық сақтау министрінің Диагнос­тикалық орталығы құрылды. Осы жылдары қала­ның төңірегінде санаторийлер жүйесі қалыптасты, («Алатау», «Алматы», «Автомобилист», «Қарғалы», «Аққайың», «Түрксіб» санаторий-профилакт­рийлері).

Қазақстандағы ғылыми жұмыстарды ұйым­дастырып, бағдарлдап отыратын – Қазақ КСР Ғылым академиясы еді.

Академияның қарауындағы институттар мен лабораторияларда 11 мың адам жұмыс істеді. Акаде­мияның ғылыми мекемелері: физикалық-матема­тикалық, жер-жаратылысы жайлы, химия­лық-технологиялық, биологиялық, қоғамдық ғылымдар болып бес тарау салаланатын.

Кеңес заманында, әсіресе, тарих саласында қа­зақ ғылымы үлкен жетістіктерге жетті. Археология институтының қызметкерлері тапқан «Алтын адам» бұрынғы, осы өлкедегі көне мәдениеттің айнымас белгісіндей еді. Осы жаңалықтың ықпа­лынан тарихтың көптеген беттері қайтадан жазылды.

ҚР Орталық Тарихи музейі алғашында 1831 жылы, Орынбор қаласындағы Неплюев әскери училищесінің жанынан ашылған. Бұл кезде ол «Орынбор каймағының музейі» деп аталатын. 1929 жылы музей Алматыға көшірілді, Вознесенск Кафедралдық соборы ғимаратына орналасты­рылды (1929 – 1985 ж.ж.).

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

КИЕЛI ҚАЛА АЛМАТЫ

  • ШАҺАР ШЕЖIРЕСI

(Жалғасы. Басы №117 санда).

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Игiлiк пен дәулеттiң қалыптасуы

24Соғыс алдындағы 12-13 жылдың iшiнде Алматы астаналық мәртебесi нығайып, iрi әкiмшiлiк, өнеркәсiптiк, мәдени және идеологиялық орталыққа айналды. Жетiсу өлкесiн немесе Қазақстанды ғана емес, кейбiр салалар бойынша тiптi Кеңес  одағының көптеген түкпiрiн тауар­мен қамтамасыз ететiн өндiрiстiк-техникалық база тақыр жерден басталды десе де болғандай едi. Қаланың бүгiнгi келбетiн айқындаған көптеген өндiрiс орындары сол, Алматының «бозбалалық» шағы – қасиеттi де даңқты 30-жылдары салынған.

1928 жылы Алматы мақта-мата комбинаты кеңейтiле бастады. Ескiрген жабдық жаңартылды. Жұмысшылар алғашқы бесжылдық жоспарларын ерекше қажыр-қайратпен орындауға кiрiстi. Сол жылдардың баспа­сөзiнде бiр-бiрiмен социалистiк жарысқа шыққан өнеркәсiп, өндiрiс орындары жайында көп жазылған. 1930 жылдың 2 – 7 қазаны күнi астанада Бүкiлқазақстандық еңбек екпiндiлерiнiң 1-слетi болды.

1931 жылы мамыр айында Алматыда, Қазақстандағы бiрiншi механикаландырылған аяқкиiм фабрикасы өз жұмысын бастады. 1934 жылы 17 қазақ маманы Ленин­градтағы «Скороход» аяқкиiм фабрикасына оқуға аттандырылды. 1934 жылы жылына 4 млн. аяқкиiм тiгетiн жаңа фабриканың құрылысы басталды.

1935 – 1939 жылдары қыш өндiретiн, темекi өндiретiн (қазiргi М.Мақатаев көшесiнде тұрған бұл фабрика жылына 6,5 млрд. папирос өндiретiн болған, Кеңес одағының бiрқатар темекi фабрикаларына хош иiстi темекi жапырағын жеткiзiп тұрған), құрылыс материалдары комбинаты, жемiс-жидек (Плодоконсервный) комбинаты, ет комбинаты, оттегi өндiретiн, терi илейтiн комбинаттар, баспахана, «Химпром», «Кiлемшi» («Ковровщица») артелi, кондитер фабрикасы салынды.

25.3Алматы өнеркәсiбiн жаб­дықтауда Мәскеу, Ленинград, Свердловск өнеркәсiбiнiң жұмысшылары ерен еңбек еттi. 1940 жылдары Алматы Қазақ­станды ғана емес, Кеңес одағы­ның бiрқатар өнеркәсiп ошақ­тарын өз өнiмiмен қамтамасыз етiп тұрды.

1930 жылдары Алматы көле­мiндегi қазба байлықтар игерiле бастады. «Алматы-1» темiр жол стансасының оңтүстiк-баты­сындағы Сұлтан-Қарасу сары балшық кенiшi осылай ашылған болатын.

Қаланың көлiк инфра­құры­лымы қалыптаса бастайды. Қа­ланы электр қуатымен қамта­масыз ету мәселесi қолға алынды. Алматының алғашқы электр­стансасы 1928 жылы iске қосыл­ды. Орталық электр­стансасы 1931 жылы салына бастады. 1935 жылдың 25 қазаны күнi iске қосылды (қазiргi №1 ТЭЦ).

1930 жылдың 16 маусымы күнi Алматыда жергiлiктi уақыт енгi­зiлдi. Бұл уақыт Мәскеудiң уақы­тынан 3 сағат, әлемдiк (Гринвич) уақыттан 6 сағат алда едi.

Сым арқылы берiлетiн радио­хабар Алматыда 1927 жылы орнай бастады. 1929 жылы Алматыда 1611 радионүктенi қамтитын үш радио­  торабы бар едi. Алматының жанынан салынған радиостанса республи­кадағы өзiндiк радиоха­бардың басы болды. 1931 жылдың 4 мамыры күнi эфирге алғаш рет орыс-қазақ тiлiндегi республика жаңалықтары шықты. Алматыдан республикаға тараған алғашқы хабар – «Еңбекшi қазақ» радио­газетi едi.

Қаладағы телеграф бойланысы 1862 жылдан бар болатын. Содан соң әрiп басып шығаратын ап­параттар пайда болды, осылайша Жетiсудың басқа қалаларымен байланыс орнаған. Қаланың алыс байланыс­тарының жалғыз түрi осы телеграф едi. 1931 жылдан бастап Алматы – Мәскеу радиотелеграф байланысы жұмыс iстей бастады: фототелеграф 1939 жылы орнатылды; қалааралық телефон стансасы 1934 жылы iске қосылды, бұл станса арқылы кү­нiне 90 адам сөйлесе алатын. Кейi­нiрек, 1937 жылы Қазақ телеграф агенттiгi құрылды (1972 жылдан бастап «Каз ТАГ» деп аталады).

1932 жылы Ауа райы бюросы құрылды (қазiр Қазақ республи­калық гидрометеоро­логиясы мен ауа райын бағдарлау бас­қар­масы). 1933 жылы Алматы обсервато­риясы ашылды.

1931 жылы қалада өрт сөндiру қызметi ашылды.

Соғысқа дейiнгi Алматы тыныш қала едi. Қалада бiр ғана милиция бөлiмшесi болатын. Узбекская (қа­зiргi Сейфуллин даңғылы) көшесiнде жалғыз абақты да бар едi. Негiзiнен, қаладағы тәртiптi өнеркәсiп орын­дары, түрлi мекемелер, оқу орын­дарынан келетiн қоғамдық тәртiп сақшылары (кейiннен ДНД – Ерiктi халық жасағы) қадағалайтын.

1932 жылы Қалалық мекенжай бюро­сы ашылды. Бұл бюро өнер­кәсiп­терге, мекемелерге және 16 жастан асқан азаматтарға қала тұрғындары жайында анықтама беретiн.

1929 жылдан берi Алматыда Орталық мемлекеттiк архив жұмыс iстеуде. Мұнда 1917 жылдан бергi мұрағаттар сақтаулы.

Алғашқы бесжылдықтар кезiнде Алматыда үлкен көлiк шаруашы­лығы қалыптасты. Темiр жол, авто­бус, трамвай, троллейбус қатынасы қаланың шетi мен қала төңiрегiн қаланың орталығымен байланыс­тырды. Верный қалашығында көше­лер пайда болғанда, ол көшелермен жүретiн көлiк-атарбалар да пайда болған. Алғашқы жеңiл автомобиль («Мерседес-Бенц») қала көшесiнде 1915 жылы пайда болса, алғашқы рейс автобусы («Форд») 1927 жылы жүрiп өттi. Алматының әлi асфальт төселмеген қиыршық жолдарымен, «ақылға сыймайтын жылдамдықпен» (сағатына 15-20 шақырым) жүрiп өткен бұл автобус Үлкен Алматы стансасын Медеу шатқалымен, Алматыны Жаркентпен байланыстырды.

Қалалық атқару комитетiнiң шешiмi бойынша 1932 жылы Алматыда жүргiншi мен жүк таситын автомобиль-лау көлiк шаруашылығы ұйымдастырылды. Бұл шаруашылықта жұмыс iстеген 138 адамның 20-сы шофер, 50-i ат айдаушылар едi. Шаруашылықтың 45 арбасы, 5 фаэтон (пәуеске), 12 автомобилi және арбаға жегетiн 100 аты болды. Фурманов пен қазiргi Райымбек көшелерiнiң қиылысында орналасқан шаруашы­лықтың үш қорасында аттар, бiр қорасында автомобильдер тұратын. Автомобиль-лау шаруашылығы 1935 жылы 1-автобус паркiне айналды. Автобустар үш қана маршрутта қызмет көрсеттi. Кiшi станса (Малая станица) мен қазiргi Көк базардың арасында ғана адам тасыды. 30-жылдардың аяғына қарай қалада 57 автобус болды. 1940 жылы автобустар Алматыда 10,3 млн. жолаушы тасыпты. Автокөлiкпен қатар мемлекеттiк автоинспекция құрылды. Алғашқы реттеушi (регулировщик) 1937 жылы, Калинин көшесi (бұрынғы Мещанская көшесi, 1991 жылдан Қабанбай батыр көшесi) мен Фурманов (бұрынғы Ленинская көшесi) көшесiнiң қиылысында тұрыпты. Алғашқы бағдаршам (светофор) 1937 жылы Карл Маркс пен Комсомол (қазiргi Төле би) көшелерiнiң қиылысында пайда болыпты. Ал жол қатынасын кең көлемде бағдаршам арқылы реттеу 1939 жылдан басталыпты.

Алғашқы трамвай жолы 1937 жылы Төле би (бұрынғы Ком­сомол) көшесiнiң бойына салыныпты. Алғашында бұл жолмен тiркемесi бар 9 трамвай вагоны жүрiптi.

Троллейбус қатынасы жайы 1940 жылдың февраль айында ойға алынған екен. Сол жылдың 19 шiлдесi күнi троллейбус желiлерi салына бастайды. 1941 жылдың 21 маусымы күнi 10 троллейбус сатып алу жөнiнде шешiм қабылданады. Бiрақ, ертеңiне соғыс басталады.

Ендi бiр қызық дерек. 1940 жылдың 3-маусымы күнi алғашқы республикааралық Алматы – Мәскеу әуе қатынасы жолы жұмыс iстей бастапты (ПС-84 ұшағы күнделiктi ұшып жүрген).

Жаңа астананың алғашқы жұрты

Қазақстан астанасының Алматыға көшiрiлуi мен Түрксiбтiң аяқталуы, құрылыстың қарқындап өсуi қаланың құлашын жайып өркендеуiне даңғыл жол ашты. 1927–1938 жылдар аралығында Алматы тұрғындарының саны бес есе өсiп, 1939 жылғы санақ бойынша 223,6 мың адамға жеттi (оның iшiнде қазақтың саны небары 25601 адам). Өлiм-жiтiм азайып, бала туу көбейдi.

Алматының этнодемографиялық тарихы ешқашан келелi зерттеудiң нысанасы болған емес. Кеңес заманындағы Алматы тек әкiмшiлiк орталық қана болатын. Қалада жергiлiктi халық, жер иесi қазақтың бар-жоғы бiлiнбейтiн. Оның таңқалатын ештеңесi жоқ. Бiрiншiден көшпендiлiк тарихын ендi ғана аяқтап, ендi ғана отырықшылана бастаған қазаққа қала жат едi. Ауыл қазағы, қаланы қашанда, жылына бiр рет келiп сауда жасап кететiн жер деп қана қарайтын. Екiншiден, 1920 жылдың, 1932 жылдың нәубеттерi қазақ халқын отап кеттi. Өз жерiнде қазақтың саны азайды. Үшiншiден, осы нәубеттерден аман қалған елдiң бiр бөлiгi үркiншiлiк кезiнде басқа елдерге, мемлекеттерге ауды. Қалған азғантай қазақ паспортсыз, ұжымшар-кеңшарларға бекiтiлiп, ыңыршағы айналған кедейшiлiкте күн кештi. Мiне, осы бiрқатар ауыр себептердiң салдарынан қазақ өзiнiң астана жұртын жайлай алмады. Алматы, шынын айту керек, әртүрлi тағдырдың қалауымен келген жатжұрттықтардың әдемi, әсем қаласына айналып бара жатты.

Алайда, «Орнында бар оңалар» дегендей, Алматыға аман қалған ұлттық интеллигенцияның өкiлдерi бiртiндеп жинала бастады. Ғылыми, шығармашыл осы азғантай зиялылар ғылымға, өнерге, жаңа заман әкелген, онсыз өмiр сүруге болмайтын, тағы да толып жатқан әлеуметтiк салаларға сыналап кiре бастады. Алайда, олардың жолы оңай болған жоқ. Мысалы, 1920 жылдары қабылданған, iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу жайлы қаулы сол қаулы күйiнде қалды. Коммунистiк, социалистiк ұранмен келiп, Қазақстанның қолқа-жүрегiндегi жаңа астананы жаулаған жатжұрттықтар, құжаттаманы ұлттық тiлде жүргiзу iсiне ырық бермедi. Ұлтшыл атанудан, жаңа репрессиядан қорыққан қазақ азаматтары әдiлетсiздiкке амалсыз көнген. Сол кезде басталған орыстанудың зардабынан бiз әлi күнге дейiн құтыла алмай келе жатырмыз…

…Әрине, Алматыдағы түбегейлi құрылыс (капитальное строительство) тек орталық аудандарда салынатын мемлекеттiк мәнi бар ғимараттарға ғана қатысты едi. Ал астанадағы негiзгi тұрғын үй кешенi төңкерiске дейiн, төңкерiстен кейiн салынғаны бар, 2-3 терезелi, аядай ғана 2-3 бөлмелi мещан особняктарынан тұратын. Үйлер ағаштан салынып, тас тұғырға орнатылатын. Көптеген үйлердiң подвал (ұра) немесе жартылай подвал астыңғы қабаты болатын. Ауыз су Алматы өзенiнен кеспекпен жеткiзiлетiн, немесе көше бойлап ағып жатқан арықтардан алынатын. Күл-қоқыс, жуынды-шайынды осы арықтарға төгiлетiн. Сол себептi, әсiресе қаланың солтүстiк бөлiгiнiң халқы асқазан-iшек ауруларынан жыл бойы арылмайтын. Үш электр стансасының өндiрген электр қуаты кино­театрлардан артылмайтын.

Алматы қалалық кеңесi 1929 жылы қаланы абаттандыру жайында арнаулы қаулы шығарды. Бұл қаулы бойынша жекеменшiк үй иелерiне және кеңестiк мекемелердiң адамдарына үйдiң, я ғимараттың маңайындағы көше-ауланы таза ұстау, күн сайын, жазда сағат 6-ға дейiн, қыста сағат 8-ге дейiн сыпырып, қоқыстан арылтып тұру тапсырылған. Күл-қоқыс арнайы аулаларда тұратын жәшiктерге салынып, толған сәтте Қалалық коммуналдық бөлiмшелер көрсеткен жерлерге тасылып төгiлетiн болған. Жазда, 1 маусым мен 15 қыркүйек аралығында көшелер мен тротуарларға су себiлiп тұруы, қыста қардан, мұздан аршылуы, көктайғақ кезiнде күл менен құм төселуi тапсырылған. Арыққа қоқыс тастауға, малды суаруға, ыдыс-аяқ пен кiр жууға, жуынуға қатаң тыйым салынды. Барлық үй иелерi көктемде, 1 мамырдан кешiктiрмей, әрқайсысы өз үйiнiң тұсынан, тротуардың бойына ағаш егуге мiндеттендi. Ағашқа сүйенiп тұруға, ат байлауға тыйым салынды. (Айта кетейiк, Алматы көшелерiне көрiк берген, аптапта көлеңкесiн сыйлаған, қисабы жоқ қарағаш орман сол 20-30-жылдары егiлген талшыбықтар едi). Бұл ереженi бұзғандар әкiмшiлiк жазаға ұшырайтын, түсiндiрiп айтсақ, 100 теңге айыппұл төлейтiн немесе бiр жыл қара жұмысқа салынатын.

Соғысқа дейiнгi Алматыда көмiр аса тапшы, зәру отын едi. Есесiне сексеуiл мол болатын. Сексеуiл арнайы базарда сатылатын. Қалада халық тiлiнде «барахолка» деп аталатын, киiлген киiм, басқа ұсталынған ескi зат сататын арнайы базар бар едi. Бүгiнде Жол полициясы басқармасы тұрған жерге орналасқан бұл базар демалыс күндерi ғана жұмыс iстейтiн. Кейiннен, 1960 жылдары бұл «халықтық сауда орны» қаланың сыртына, Қаскелеңге көшiрiлдi.

Жер жәннаты

Кезiнде қазақ композиторлары «Жер жәннаты Жетiсу» деп әнге қосқандай, Алматы, шынында, қазақтың ұйықты арман мекенi болатын. Бүгiнде қайшылықты экологиялық ахуалға ұрынып отырған ескi астананың ықылым шарттары мүлдем басқа, айтса адам нанбайтындай ертегi едi. Сыңсыған орман, гүлбақшаға оранған кәрi Алатау. Осы Алатаудың қойнауында суы бал, ауасы жұпар үлкен өңiрдi алып жатқан көркем шаһар. Таудың басына шыққан адам солтүстiкте Қапшағайдың қойын-қойнауын аралап шығып Балқашқа қарай есiлiп ағып жатқан Iле өзенiн, өзендi көмкерiп жатқан шағыл-шағыл құм төбелердi көрер едi.

Өсiмдiктердiң тегiн зерттеушi, биолог, генетик, әйгiлi ғалым Николай Вавилов Қытайға сирек өскiн-дарақтың тұқымын iздеп-сұрап барған сапарынан қайтып келе жатып 1929 жылдың 1 қыркүйегi күнi Алматыға келедi. Ғалымға қала ұнайды, алайда, заманында Париж көрмесiне қатысып, әлемдiк даңққа бөленген жергiлiктi алманың түрлерiн көрген Н.И.Вавиловтың таңданысында шек болмапты.

Өзiнiң «Бес құрлық» деген кiтабында Н.И.Вавилов былай деп жазды: «Алматы қаласын белдеулеп тау бөктерiн тұтастай жауып қалың жыныс алма бағы өсiп тұр. Бiрiншi қыркүйек – алманың пiсетiн уақыты едi. Мен алманың жетiлген көне ошағында тұр едiм. Бұл алманың тұқымын кiм, қашан будандастырғаны, мәдениеттендiргенi, осындай дәрежеге жеткiзгенi белгiсiз. Және де жабайы алманың жетiлгендiгi сондай, оны будандастырылған тұқымынан ажырату өте қиын. Оның үлкендiгi сондай, осы қазiр алма бағына мәдени тұқымдарымен қатар отырғызуға болады. Ал мәдени, будандастырылған бақтарда әйгiлi апорттан бастап, тұтас еуропалық ассортимент тұр».

Алматыда 1930 жылдары тұрған тағы бiр адамның (қырғыз қария К.Б.Оторбаев) естелiгi: «Алматы – менiң екiншi Отаным. Тап-таза, шағын, бақшаға оранған, сылдырап аққан арықтармен, көне көшелердi бойлай өскен, аспанмен таласқан шынарларымен есiмде қалыпты. Ол кезде асфальт жоқ болатын. Тас төселген көше аз, қаланың шет жақтарында кәдiмгi даланың қара жолы. Шаң болмас үшiн жұрт көшеге арықтың суын шашатын. Тазалық дәстүрiн алматылықтар көпке дейiн сақтаған.

Арықтың суы тап-таза, мөлдiр болатын, жұрт оны қайнат­пай-ақ iше беретiн. Арыққа ешкiм күл-қоқыс тастамайтын, қол-аяқ жуу деген болмайтын. Құдай сақтасын, ондай адамнан.. бүкiл қоғам болып терiс айналатын.

…Қаладағы үйлердiң көбi ағаш үй едi. Бiлетiндердiң айтысына қарағанда, бұл үйлердiң қайсыбiрi бiр шеге қақпай салынған екен. Қаржы техникумының студентi болғаннан кейiн М.Горький атындағы парктiң жанындағы жатақханаға орналастым, паркке түнгi күзетшi болып жұмысқа тұрдым. Ұйықтамайтынбыз. Көше сыпырушылар мен күзетшiлер түнi бойы жолдарды, тротуарларды сыпырып, егiлген желектi күтуге мiндеттi едi».

1930 жылдары Қазақстанның өсiмдiк және хайуанат әлемiн зерттеп, қорғау iсi түбегейлi түрде қолға алынды. 1931 жылы Түрген мен Талғар орман шаруашылықтары, Еңбекшiқазақ ауданының мемлекеттiк жер қоры, Кербұлақ ауданының шөлi мен орман-тоғайының есебiнен Алматы мемлекеттiк қорығы ашылды. Қорық Талғар, Есiк, Шелек өзендерi мен Есiк көлiнiң шеңберiнде орналасқан. Iле Алатауының орта тұсында Қырғызстанның жерiмен, Iле өзенiнiң оң жағалауымен, Үлкен және Кiшi Қалқан тауларының аралығымен шектеседi.

1933 жылы Алматыда Ботаникалық бақтың негiзi қаланып, алғашқы өсiмдiк түрлерi егiле бастады.

1934 жылы астананы жүйелi түрде желектендiру мақсатында «желектендiру кеңсесi» құрылды (1937 жылы «Зеленстрой» желектендiру тресiне айналды). «Зеленстройдың» жоспарла­рының ауқымы таңқалдырады. 1936 жылы ғана Халық Комиссарлар Кеңесiнiң жобасы бойынша Алматыда 36 мың ағаш, 87700 бұта егу, 60 мың шаршы метр газон, 28 660 шаршы метрге гүл егу жоспарланды. Гүл көшеттерiнiң саны 1,5 млн. дана. Скверлер, парктер, бульвар, оранжерея, аллеялар жұпар шашып, гүлдеп кеттi. Гүл көшеттерi, жемiс ағаштарының тұқымдары жүз мыңдап сатылды.

1935-1936 жылдары желектендiру құжаттары бойынша Арычная мен Ташкент (қазiргi Абай мен Райымбек даңғылдары) көшелерiнiң арасындағы ағаш саны – 78 мың екен. (Алматының басқа көшелерiндегi желектi, Баум орманын, Медеуге барар жолдағы қисапсыз ағашты санамағанда).

Денсаулық – басты байлық

1930 жылдардың аяғы – Қазақстан медицинасының қауырт өркендеген кезеңi. Ескi Верныйда 1913 жылы 70 төсектiк екi аурухана және 30 орындық жындыхана бар едi.

1930 жылы Алматыдағы ауруханалар 823 адамды жатқызып емдей алатын болған. Қалада 94 дәрiгер болды.

Бiрiншi бесжылдықтың аяғына қарай қалада туберкулез диспансерi, әскери госпиталь, ана мен нәрестенi қорғау пунктi, орталық емхана, 8 басқа емхана болды. Қаланың медицина саласында 15 профессор, 124 дәрiгер, 283 орта медперсонал жұмыс iстедi.

1931 жылы Биокомбинат, 1932–1934 жылдары Ана мен нәрестенi қорғаудың Ғылыми-зерттеу институты (бұдан былай ҒЗИ), туберкулез ҒЗИ, көз аурулары ҒЗИ, қан ауыстыратын орталық клиниканың филиалы ашылды. Сондай-ақ, Республи­калық онкологиялық диспансер (хирург, А.П. Сызғанов басқарған), Қызыл Крест ұйымының қалалық комитетi, перзентхана, сүт кухнясы, Социалистiк денсаулық институты ашылды.

Алматының тұрған жерi мен табиғаты, ықылым шарт­тары бұл жердi курорт аймағына айналдыруға мүмкiндiк бердi. Алматының төңiрегiндегi Алма-арасан, Құрам, Покров, Пригородный деген жерлер минерал суларына аса бай едi.

1931 жылдан бастап осы минералды бұлақтарды сауық­тыру санаторийлерiне айналдыру жұмыстары басталды.

1932 жылы Iле Алатауының биiк шатқалдарының бiрiнде «Каменское плато» атты қымызбен емдейтiн санаторий ашылды.

Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *