КЕЗДЕСУ

302(Әңгіме орнына)

Ол мені танымады. Кім білсін, аңдамаған да болар. Бәлкім, көрсе де көрмегенсіп сырт айналды ма, кім білсін, әйтеуірі ол мені танымады.

Тағы көз тастадым. Сол, Сейфілдің нақ өзі. Таяқ тастам жерде тұр. Бір қолында жетектеген баласы бар, екінші қолында аузын бүрістіріп буған іші солыңқы дорбасы бар, аласа бойлы, төртбақ, шот маңдай, қыржық бет  қара жігіт бірдемеге алаңда­ғандай болып, мазасызданып, жан-жағына қарағыштап тұр. Жайыла біткен шық­шытты, қара қошқыл өңінде шара­сыздық табы бар. Ұялы тышқан көздері дүниені ін ішінен  барлағандай болып, жылт- жылт етеді.

Ол содан ары жылыстап кетер ме екен деп едім, жоқ, олай болмады. Осы маңға жоғалтып алған әлдебір қимас затын аз дамылдап, тыныстап алып қайта іздегісі келген жанның сыңайын танытып,  күйбіңдей берген.

Жиырма екінші наурыз. Мезгіл шаншылған талма түстің шағы. Базар. Мей­рамды ашу, құттықтау рәсімі бітіп, әр түрлі ойындардан соң ендігі кезек ән мен  еркін қыдырыстауға тиген еді. Ән шіркінде тегі тоқтау жоқ. Бірінің аяқтала берген ырғағын екіншісі іліп алып, мың бұралтып, құйқылжыта жөнеледі.

Жұрт сеңдей соғылысады. Үлкеннің де, кішінің де өңінде күлкі, аузында ақ тілек. Көрген жерде жайраң қағып, жаңа күнмен құттықтасады. Неше қилы асыл матаға малынып киінген қошеметшіл қауым шаттығында тіптен шек жоқ. Егемендіктің, ел­діктің белгісіндей болған  республика туы ашық көгілдір аспан аясында ішкі құпиясын құпиялап сездіргендей болып, баяу бұлықсып, толқып, тербеліп қояды.

Есіме өткен жәй түсті.

Ол кезде де дәл осындай Наурыз мерекесі еді. Ол кезде де осы араға дәл осындай ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Наурыз ел мерекесі ретінде енді-енді   ғана тойлана бас­таған әуелгі шақ еді. Қап­таған елде қисап жоқ. Біреуді біреу біліп болар емес. Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің ішіне қойылған үстелдер алуан түрлі дәмге белі қайыс­қандай болып, көз жасқайды. Базаршылар лек- лек болып, есігі ашық үйлерге кіріп жатты. Сәл шеткерек тігілген киіз үйдің алдынан қияс өтіп бара жатып, көзім біреуді шалып қалған еді. Салған жерден таныдым. Сейфіл екен.

Сейфіл он жыл мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптасым. Екеуміз бір партада отырдық.  Мектеп бітіру тойын бір күнде тойлап, бір сәтте орта білім туралы қағаз алдық.

Білім жұққан адамның қашанда ұзап оқитын әдеті ғой.  Сейфіл орта мектептен соң, институтты бітіріп, білдей қызметкер болғанда, менің қолымнан келгені шопырлық қана еді. Жылға жетпейтін мерзім ішінде кесімді оқуын бітірдім де, кәдімгі көп шопырдың бірі болып шыға келдім. Ал, Сейфіл бұл шақта аудандық астық қабылдау мекемесінің бастығы еді… Және біз оның арамыздан оза шауып, дөкей қызметкер болға­нын мақтан ететінбіз.

Көре тұрып қайрылмай кеткенім жарамас деген ойға келдім де, есікті ашып, ішке ендім. Үйдің төр жағы адамға толып, сықасқандай болып көрінгенмен, босаға жақ тұсы әлі де бос екен. Кірген бойда Сейфілге ұмтылдым. Сызыл­тып тұрып сәлем беріп, қос қолымды қатар создым. Сейфіл жалт қарағаны болмаса, отырған орнынан мізбақпады. Тоқта де­ген­дей ишара жасады. Дүниенің қорлығы — ұмсынған қолың­ды   алмаған екен. Ыңғайсыз­данып қалдым.

— Сәке, мереке құтты болсын, —  дедім тек тұрмай.

Ол үнсіз бас шұлғыды.

— Сәке, денсаулық қалай? — дедім үндемей қалуды өзіме бір түрлі сөкет көріп.

— Көріп тұрсың ғой, — деп ол кеңк-кеңк күлді. Кеңк-кеңк күлгенде кебеже қарны мен мол денесі  қатық құйған серкенің тұлыбындай болып, ырқ-ырқ етті.

— Сәке, жағдай қалай? — дедім тағы да тыныш отыр­май.

— Көріп тұрсың ғой, — деп ол быртық саусақтарын жайып, жан- жағына қарады.

Дәл осындай ортада, оның үстіне төрде отырған адамның жағдайы тегінде жаман бола қоймас дегенді үнсіз меңзе­гендей еді. Мен сезе қойдым.

Үйге кіруін кірсем де, қайта шығудың еш репетін таппадым. Опына бастағаным рас еді.  «Қап, бұл үйге бекер бас сұққан екенмін» деген ой өзегімді күйдіріп барады.

Осы кезде сау етіп, тағы бір топ адам кірді. Жапырлай қол алысып, жағалай амандасып жатыр. Бақсам, бұл келгендер әлдеқалай қызметкерлер легі екен. Амандықтан кейін отыра баста­ғанымыз сол еді, Сейфіл маған күле қарап:

— Ренжімесең, тысқа шыға тұрсаңшы, екінші топтың кіруін күтіп дегендей, — деп есік жақты нұсқады.

Сасып қалдым. Қатты әбіржігенім сонша, бастық сөзін естіген бойда арты күйген күшіктей күйбектеп, есікке бет алдым. Сонша адамға жеткен орынның маған жетпегені, абажадай үйден ең болмаса, бір үзім нан ауыз тимей құр қол шыққаным мені алабөтен азапқа салғандай еді. Денем суып, бойым сәл қалтыраған күйде сыртқа шықтым да, сәл ұзаңқырап барып, қайта айналып, осы үйге көз салдым. Сейфілге деген ыза мен реніш ішімде қазандай қайнап жатты…

Одан бері міне, аттай шауып, жиырма бес жыл  өтті. Тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық арайлы таңы атты. Талай өзгерістер болды. Кезекті қысқартудың шоқ­пары тиді ме,  әлде басқадай кикілжіңге кез болды ма, кім білсін, Сейфіл баяғыда орнынан кеткен.  Ол істеген мекеме жабылды. Жұмыс­шылары тарады. Өзі әйтеуір өлместің күнін көріп, әрнені жағалап, тапқанын талшық етті.

Енді сол Сейфіл таяқ тастам жерде қатарымда тұр. Өзі сәл жүдеңкі. Кебеже қарны солыпты. Бір кезде тырсылдап, зорға сыйып тұрған сырт киімдері қол­пылдап бос қалыпты. Аузын бүрістіріп буған, іші қабы­сыңқы сетканы умаждап ұстаған күйі киіз үйге тағы көз тастады.

Адал еңбек кімді мұра­тына жеткізбеген. Менің де өстіп, киіз үйдің алдында шәнтиіп тұрғаным сол адал еңбектің арқасы. Ең негізгісі, атыңнан айналайын Тәуел­сіздіктің арқасы. Өз алдыма шаруа қожалығын құрдым. Төрт-бес жылғы тынымсыз құмырсқа тірліктің арқасында көшіміз түзеліп, тасымыз өрге домалады. Енді міне, үлкен мерекеге арнап, өз қожалы­ғымның атынан киіз үй тігіп, қонақ қабылдап тұрған жәйіміз бар. Ішімнен жасаған иеме тәубе келтіріп, сыйынып та қоямын…

Мен енді бір қарағанда екеуміздің көзіміз түйісіп кетіп еді. Сейфіл ыржиып күлді, қымсынып, төмен қарағыштай берді. Мен қол бұлғап, бері кел деп, ишара жасадым.

Ол күлкісін тыймаған күйі не жүрерін,  не жүрмесін білмегендей состиып аз кідірді де, артынша баяу басып, киіз үйге қарай аяңдады…

Дәнеш Ахметұлы 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close