Кез-келген ортада уағыз айтуға тыйым салған дұрыс

4d73637c

Бүгінде әңгімеші де көп, тыңдаушы да көп. Ол қандай әңгімеші, қандай тыңдаушы? «Аңқау елге арамза молда» демекші, көрер көзге шешен көрінетіндер шала сауатты жұрттың өзін бүлдіріп бітпей ме? «Дүмше молда дін бұзар» деп қазақ осындайда айтса керек. Ал енді уағыз айтуға келгенде де осындай «шешендер» көбейіп кеткені жалған емес. Демек, ендігі жерде мешіттерде, тиісті орындарда сөйлейтін шешендерді іріктеуде талғам, талап тұрғысынан қарауды күшейтпесе болмайды. Бұл — уақыт талабы. Аузы дуалы,  сөзі уәлі ұрпақ тәрбиелеу үшін кез-келген жерде уағыз айтуға заң жолымен тыйым салынуы керек. Бүгінгі «Сенбілік сауалнамада» осы тақырыпта оқырмандарымыз өз ойын ортаға салады.

Сара ҚҰДИЯРБЕКҚЫЗЫ,  көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері:

Мешітте уағыз тыңдауға Сіз жол сілтеңіз…

– Үйдегі ата-ана баласына дұрыс бағыт беріп, жүрегіне иман нұрын ұялатса ғана ол баланың уағыз тыңдауға құштарлығы оянады. Сонда ғана шаңырақ бұлағынан тұнық су ішкен перзент мешіттегі қайнардан уағыз тыңдап шөлін қандырады. Білген үстіне біле түскісі келіп, уағыздың нағыз ордасы мешітке бет түзейді. Сондықтан, кез-келген адам діни сауатты болғаны жөн. Бірақ, «әр үйде уағыз айтылмасын» деп екі елі ауызға қалай қақпақ боларсыз? Отырыстарда уағыз болмаса да дін турасында әңгіме қоз­ғалмауы мүмкін емес. Мәселен, балаңызға тамақты ас бөлмеде ішу керектігін, ас бөлмеде қалғып отырса, жатын бөлмеге баруды сіз айтасыз ғой. Сондықтан уағызды мешітте тыңдау керектігіне де Сіз жол сілтейсіз…

 

Амантай НҮСІПҰЛЫ,  математика пәнінің мұғалімі:

Тегінде әр істі өз маманы атқару керек

– Тегінде әр істі өз маманы атқару керек. Есепті – математик, тілді – әдебиет­ші дегендей… Егер уағызды әркім айта берсе, «соқыр тауыққа бәрі жем»… Яғни, діни сауаты төмен адам жақсыны да, жаманды да «дұрыс» деп қабылдайды, нәтижесінде адасады. Ол өзге сектаның адамы еместігіне көзіңіз жете ме? Сон­дықтан кез-келген ортада уағыз айтуға тыйым салған дұрыс!

 

Ержан ЗАКАРЯНОВ,  қала  тұрғыны: 

Әркім «білгенін» айта берсе, маңыраған қойдай бытырап кетпейміз бе?

 

Әрине,  уағыз арнайы орындарда айтылуы тиіс. Яғни, уағыз тыңдағыңыз келсе, мешітке барыңыз! Онда сол саладағы тиісті білімі бар имамдар сіздің бар сұрақ­тарыңызға сауатты жауап береді. Өзіңіз ойлаңыз, кез-келген отырыстағы әркім «білгенін» айта берсе, маңыраған қойдай бытырап кетпейміз бе түрлі ағымға еріп… Ол  «уағызшының»  қай бағытты ұстанатынын діни сауаты жоқ адам қайдан білсін! Міне, осыдан келіп сана уланады, адасушылық туындайды. Ал адасқанға қайта үйірін табуға кепіл жоқ!

 

Әзірлеген — Қ. ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *