«КЕЗ-КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗ ТҮЙТКІЛІ БОЛАДЫ»

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. Жұртшылық пікірі ескерілетін алаңда мемлекеттік саясаттағы маңызды мәселелер талқыланды.

Ұлттық кеңес аясында саяси, эконо­микалық және әлеуметтік бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылған.

«Азаматтық белсенділік, ел тағдырына деген жауапкершілік, тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылыс халқымызды алға жетелейді. Осы ұстанымдарды басшылыққа алып, еліміздің дамуына тың серпін беру маңызды міндет. Кез-келген мемлекеттің өз түйткілі болады. Алға ілгерілеу үшін қордаланған мәселелерді уақытылы шешу керек», – деді ҚР Президенті алқалы жиында.

Мемлекет басшысы қазіргі саяси-әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық дамудың сипаты айтарлықтай өзгеретінін айтты.

«Биылғы сайлау науқаны соны анық көрсетті. Ел өмірінде болып жатқан маңызды өзгерістерге құбылмалы әлемнің де ықпалы зор екендігін түсінуіміз қажет. Дегенмен, Ұлттық кеңес жұмысының бастауында алдағы жұмыстың өте маңызды әрі түбегейлі сәттерін белгілеп берсем. Біздің күш-жігеріміз дамуға бағытталған болуы тиіс. Мен барлық уақытта шектеулі болуға қарсы болып келемін. Себебі, ол танымалдық әкелуі мүмкін, бірақ еш нәтиже бермейді. Ал бізге жемісті жұмыс қашанда керек. Сондықтан өзімнің Қазақстан халқына Жолдауымда саяси реформаларды алдыға ентелеместен, ойластырып, біртіндеп жүзеге асыратын­дығымызды баса атап өткен едім. Тарихи дамудың логикасы осындай. Дегенмен, уақыт талабынан қалып қоймау керек. Яғни реформа – реформа үшін емес, қажет­тілік үшін. Реформалардың қажет­тілігі пісіп-жетілді, ол барлығына да түсінікті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ал­ғашқы отырысына қатысқан оның мүше­лері де пікір білдірді. Мәселен, ҚР Пре­зиденті жанындағы Орталық комму­никациялар қызметінің басшысы Талғат Қалиев Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің келесі отырысына нақты нәтижемен келу үшін қазір жұмыс істеу керектігін айтты. «Бүгін өте өзекті мәселелер көтерілді. Барлық жұмыс тобы бірдей белсенді жұмыс жүргізді. Мұның алдындағы жұмыс топтарының басқос­уында талқы­лау­лар, дискуссиялар өте қызу өткен болатын. Көптеген консенсусқа дауыс беру арқылы келдік. Мәселен, біз сайлау туралы, партия туралы заңға өзгеріс енгізу бағы­тында жұмыс жүргізбек­піз. Бәрі де пар­тия­ны тіркеу жұмысын жеңілдетуді мақұлдап отыр. Қол жинау ісінде тәртіп орнату керек. Себебі, қазіргі цифрландыру кезеңінде барлығында ЭЦҚ бар. Сол секілді, бәлкім, дәл қазіргі уақытта аудан әкімдерін сайлау жүйесіне өту кезеңі де келіп тұр­ғандай. Өйткені, олар қазіргі таңда халықпен тікелей жұмыс жүргізіп, бюд­жетті бақылап отыр», – деді кеңес мүшесі Т.Қалиев.

Ал саясаттанушы Саясат Нұрбек елде тиімсіз жұмыспен қамту белең алғанын атап өтті. «Біздегі Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі адам капиталын бірлесіп дамыта алмай отыр. Бірінші мәселе – білімге деген жаппай сұраныс жоқ. Жалпы ішкі өнімнің түсіп кеткеніне қарамастан, бізде тиімсіз жұмыс орындары сақталуда.  Білім беру жүйесі білім экономикасының мамандарын әлі күнге дайындамай отыр. Жоғары білімнің бұқаралық сипат алып кеткенін Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында да көтерді.  Жоғары білімнің бұл мәселесіне енді ғана жүйелі қарап жатырмыз. Сөйте тұра, білім беру жүйесі бизнеске құлақ аспайды.  Жұмыс берушілердің 91 пайызы түлектердің практикалық білімі мен машығы жоқ екенін айтуда.   Диплом ие­лерінің жарты­сына жуығы  өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 25 жастан кейін біздің адамдар білім алуды тоқ­татады. Білік­тілігін арттыруға зер сал­май­ды.  «Еңбек кедейлігі»  деген түсі­нік қалып­тасты. Мысалы, бізде дәрігер мен көлік жүр­гізушісінің айлықтарындағы айырма­шылық 20 пайыздан аспайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 260 пайыз, Германияда  174  пайыз,  Бразилияда 172 пайыз. Осы­лайша неғұрлым жоғары білікті, шығыны елеулі мамандықтарға сұраныс байқалмай отыр. Бұл өте күрделі проблема», – деді С.Нұрбек.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысын қорытындылаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құр ұрандатпай нақты жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.

«Бүгін өте жақсы пікір алмасу, жалпы әңгіме орын алды. Баршаңызға ризашы­лығымды білдіремін. Жалпы, Ұлттық кеңес мүшелерінің интеллектуалдық деңгейі  өте жоғары. Сондықтан бүгін өте тиімді, қызықты ұсыныстарды тыңдадық. Бұл ұсыныстарды мен қолдаймын. Келешекте амандық болса бәріміз бір ұжым болып іске асырамыз деп  ойлаймын. Біздің ең құнды мақсат-міндет, ұғым – бұл еліміз, мемле­кеттілік. Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ жәй ұрандар тастамай, нақты қадамдары­мызды жасауымыз керек. Қазір бізге үлкен құжат, жоспар қажет. Әрбір салада жеке жоспар дайындауымыз тиіс. Алдымызда тұрған мақсаттар өте ауқымды, күрделі деп айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *