Кез-келген азамат өзінің еңбек құқын жетік білуі керек

жұмысшы­лардың еңбекақысын дер кезінде бермеген 42 заңды тұлғаға 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

 

Алматы өңірлік комму­никациялар алаңында Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқар­масының басшысы Талғат  Разақов  Алматы қаласының кәсіпорында­рында  ҚР Еңбек заңының сақталуы  жөнін­де журна­листер­мен баспасөз мәслихатын өткізді. 

Басқарма басшысы Талғат Көшенұлы  журналистерге  еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қызметкерлерді жаза­тайым оқиғалардан сақтандыру, сондай-ақ тарихи Отанына оралған қандастарымызға «Оралман мәртебесін беру» бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады. Өткен жылы Алматыдағы кәсіпорындарда 127 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан  17 адамның қайтыс болып, 41 адам ауыр жарақат, 76 адам жеңіл жара­қат­тар алыпты. Сонымен қатар,  басқарманың еңбек инспекторлары  аза­мат­тардың еңбек құқықтары мен мүдде­лерін қорғауға бағытталған 827 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 960  еңбек заңының бұзылғандығын анықтап, осы тексерулердің қорытындысы бойынша заңбұзушы­лықтарды жою туралы 483 нұсқаулық шыға­рылып, 331 лауазымды және заңды тұлғаға  58,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жазаға тартылыпты. 481 қандас бауырларымыз «Оралман» мәртебесін алыпты.

Ал биылғы жылдың  осы кезеңіне дейін еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған 168 тексеру жүргізіліпті. Оның қоры­тын­дысы бойынша 193 заңбұзушылық анықта­лып, 84 нұсқаулық шығарылыпты.  Еңбек заңына қатысты заңбұзушылықтардың көбі  еңбекақыны  уақытылы төлемеу, еңбек дема­лысын дұрыс есептемеу немесе төлемеу, еңбек келісім-шартын жасамауға байланысты туындайтынын басқарма басшысы айтқан мәліметтерден байқауға болады. Жұмыс күшін пайдаланғанмен, оған ақы төлеуді естен шығаратын басшы­лардан жұмысшылар  көп жағдайда еңбекақыла­рын  заңды түрде талап ете алмай жататын көрінеді.

– Жұмысшылар жұмысқа тұрғанмен, өздерінің құқықтарын білмегендіктен үнемі өз мүмкіндіктерінен ұтылып қалып жатады.  Жұмыс берушіден еңбекақы, жәрдемақы, еңбек демалысын талап ету үшін жұмыс беруші мен жұмысшы арасында арнайы келісім-шарт жасалуы тиіс,– дейді бас­қарма басшысы. Осы жағдайларды ескер­ген еңбек инспекторлары еңбек заңнама­сының нормаларын түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп  отырады.  Осы түсіндіру жұмыстары бойынша 1977 адамның қаты­сумен  42 кездесу ұйымдастырылыпты. Биылдың өзінде еңбектік құқық ережелерін бұзғаны үшін 59 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тарты­лып, оларға 13,4 миллион теңге көле­мінде айыппұл салыныпты. Ал жұмысшы­лардың еңбекақысын дер кезінде бермеген 42 заңды тұлғаға 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.  Осы бес ай ішінде қаламыздағы кәсіпорындарда 15 апаттық жағдай орын алып, 1 адам қайтыс болып, 10 адам ауыр жарақат алыпты.  Баяндамаға құлақ түре отырып,  мына бейбіт күнде жұмыс орнында опат болып, ауыр жарақат алып жатқан адамдардың саны артпаса азаймай тұрғанын  байқауға болады. Бір жылда  жұмыс бабында жүрген 17 адамнан айырылу аз емес. Ал  жаза­тайым жазымдардың салдарынан мүгедек болып жатқандар қаншама?

Күні кеше ғана отбасын асырап отыр­ған сол азаматтар қазір отбасын мүгедек­тігіне байланысты алатын мардымсыз жәрдемақымен асырауға мәжбүр. Жұмыс беруші тарапынан оларға ешқандай көмек көрсетілмейтіні бесенеден белгілі. Жұмыс орнында болатын  өлім-жітімнің себептері неде деген сауалға  жұмысшылардың техникалық қауіпсіздікті дұрыс  сақта­ма­уынан делінеді, ал сол техникалық қауіп­сіздікті сақтауға, оны жұмысшылардан талап етуге жұмыс беруші жауапты емес пе, ал біз болсақ,  көп жағдайда  енді қайтып дауласа алмайтын өлген адамды кінәлі етіп қоятынымыз бар.   Басқарма басшысы сөз ретінде  еңбек инспекторларының  өз бетінше тексерулер жүргізе алмайтында­рын, тек  азаматтардан  шағым түскен жағ­дайда  ғана, онда да   прокуратураның  ұйғарымымен тексеру жүргізуге құқылы екендіктерін жасырмады.  2018 жылы  304 қандас бауырымызға  «оралман» мәртебесі беріліпті.   Журналистер  тарапынан қойыл­ған  заңсыз еңбек мигранттары, қоғамдық көлікте  заңсыз билет бақылаушысы болып жүрген тұлғаларға байланысты қойылған сауалдарға Талғат Көшенұлы  қаламыздағы 15 қалалық, 2 облыстық жолаушылар тасы­малымен айналысатын автопарктерді тексеру барысында олардың штат кесте­сінде билет бақылаушы деген қызметтің жоқтығын айтты.

Ал заңсыз  еңбек етіп жүрген жұмыс­шылар анықталған жағдайда оларға және оларды заңсыз пайдаланған жұмыс беруші тұлғаларға тиісті көлемде айыппұл салына­тындығын айтып, кез-келген азаматтың өзінің еңбек құқын жетік білуі керектігін ескертті. Өз құқын білген адам ешқашан ешнәрседен ұтылмайды, – дейді еңбек құқының сақталуына жауапты басқарма басшысы Талғат Разақов мырза.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close