КЕШІККЕН КОСТЮМ

немесе Марат аға туралы сөз

Адам өмірге өсіп-өніп, артында ізін басатын ұрпақ қалдыру үшін келеді. Осы жолда қатарынан қалыспай тырбанып, тірлік кешеді. Бұл – әркім атқаруға тиісті заңдылық. Алайда, біреуге ерте, біреуге кеш дегендей, әркімнің тағдыры әрқилы өріледі. Мәселен, мен мектептен кейін еңбек етіп, әскери борышымды өтеп, араға бес жыл салып барып оқуға түстім. Арамызда мен секілділер біршама еді. Деканымыз әу бастан қалыптасқан дәстүр бойынша ересектерден «стариктер» тобын жасақтады да, екінші топқа мектепті енді ғана бітіріп келген «үрпекбастар» мен еңбек өтілі екі жылға толмаған қыз-жігіттерді жинақтады. Сонымен оқу-ізденіске толы, қайталанбайтын дырду-думаны  да мол студенттік шағымыз басталып кетті.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, журналист, «Жыл он екі ай» журналының Бас редакторы

Әсте, біршама өмір көріп, есейіңкіреп келгенімнің арқасы шығар, үшінші курсқа көшкен жылы Қазақ радиосының жастар мен жасөс­пірімдерге арнап хабар тарататын редакциясына жұмысқа орналастым. Күнделікті қызмет пен күндізгі оқуды қатар ұштастырдым. Эфирден өткен материалдарымды қайта өңдеп «Ленинші жас», «Қазақстан пионері», облыстық «Жетісу» газеттеріне де беріп тұратынмын. Осы әбжіл­дігім­нің пайдасы – сол редакцияларда қызмет істейтін кісілердің бәрімен етене таныс болып алдым. Материалдарым кідіріссіз басылады. Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің Баспасөз секторын басқаратын Уәлихан Қалижанов ағамен де жүздесіп жүретін едім. 1980 жылдың қараша айында «Қазақстан пионеріне» редактор болып барды. Барған бетте мені бөлім мең­герушілігі қызметіне шақырды. Әлі студентпін. Ғажап ортаға қосылдым да кеттім. Таң атысымен жұмысқа асығамын, түстен кейін университеттегі сабағыма барамын. Соңғы курстарда ол азаяды екен.

Осылай бес жыл өте шықты. Аудиториялас достар жан-жаққа тарап кетті. Жалғыз келгендердің біразы өмірлік сыңарларымен жұптасып кетті. Абдолла екі балалы болды. Құрдасым Жұмабектің Дастаны төртке толды. Ал мен, ойпырай десейші, үйлену, үй болу дегенді мүлде ескермеппін. Онда да селт еткізіп есіме салған інім Ергебек. Ауылшаруашылық институтының 2-курсында оқитын. Жазғы каникулдан оралысымен: «Кемпір-шал үйлене ме, үйленбей ме деп сәлем айтты. Егер алатын қызы жоқ болса, келсін, пәленшенің қызы бар, соны әпереміз деді», – дейді. Бұл сәлемі өзім қала­майтын бір қызға күштеп үйлендіріп қоятындай ауыр әсер етті.

Сол күні әзіліміз жарасып жүретін бір сұлу қыз бар еді, соған бардым. Әңгіменің ашығын бір-ақ айтайын, тонымды шешіп алмас деп, «сен маған тиесің бе?» дедім. Ол да кетәрі емес екен, бетіме күле қарап, «сен мені аласың ба?» деді. «Алғанда қандай!» дедім мен. Сөйтіп, шаруа сәтімен шешілді. Келесі күні той өткізетін жерді таптым. Бас редакторымыз Уәлихан аға «асабаң кім?» деп сұрады. «Енді іздеймін» деп едім: «Онда оған әуре болмай-ақ қой, «Жетісу» газетіндегі Марат ағаңа айтамын, сол басқарады» деді.

Сонымен бүгінгі «Қазақстан» қонақ үйінің жанындағы «Арман» деген асханада дүркіркеп тойымыз өтті. Келген қауым Марат ағаның артық ауыз сөз қоспай, қажет кезінде күлдіріп, ой саларлық әңгімелерімен әрлеп өткізген асабалық өнеріне риза болды. Той тарқар кезде үлкендік жөнін жасағысы келген Талапбек көкем, төрт-бес сағат бойы тік тұрып қызмет қылған Марат ағаға алғысын айтып, «орамал тон болмайды, жол болады» деп, пакетке салынған жейде мен коньякты ұсынып еді, ол кісі «бұныңызға рахмет, алмаймын» деп бас тартты. Мына абыр-сабыр басылсын, содан кейін тойға қызмет еткен кісілердің басын қосып шай берермін дедім ішімнен. Бірақ бір шақырғанымызда ол кісі іссапарға кетіп қатыса алмады, одан кейін және бір себеп болды.

Өстіп уақыт озды. Зымыраған жылдармен бірге балалар өсті. Өзім ата жасы алпысқа келіп, Қазақстан Жазушылар одағында мерейтойлық кешімді өткізетін болдым. Оны кімге жүргізсем екен дедім. Ойыма Марат аға оралды да, салып ұрып Көкбазардың қарсы бетіндегі журналис­тердің ордасы болған ғимараттағы «Президент және халық» газетінің редакциясына бардым. «Аға, өзіңізбен ақылдасуға келдім. Кештің тақырыбын «Қазағым, берерім көп саған менің» деп қойсам қайтеді?»  деп  сыр тарттым. «Дұрыс екен. Алпыс деген не тәйірі?! Оны Шерағамыз «талтүс» деген», — деді жылы жымиып. «Ендеше осы есеп беру кешімді өзіңіз жүргізсеңіз жөн болар еді. Баяғыда үйлену тойымыздың да асабасы болып едіңіз ғой» дедім. «Неге жүргізбеймін, қуана-қуана жүргіземін» деді іліп алып.

Қасиетті қара шаңырақтағы екі сағатқа жуық уақытқа созылған алпыс жылдығыма арналған жиын өз деңгейінде өтті. Сахна төріне шығып сөйлеушілерге Марат аға орайымен сөз арнады, менің шығармашылық кешім жөнінде, өмірлік сыңарым туралы да жылы лебіздерін айтудан аянбады. «Сонау жастық шағымызда Нұрбақытпен «Дәуір» баспасының жатақха­насында да, баспаха­насында да бірге жүргенбіз» деді.

Осылай атаулы мерейтойым өз дүрмегімен өте шықты. Әйткенмен  әркімге қалдыратын әсері көпке дейін ұмытылмай әлдилеп жүреді екен. Бір күні атақты диктор, теле-журналист, Шерағамыз Қазақ теле-радио комитетінің басшылығын қолға алып, ұлтымызға бетін кілт бұрғызған кезеңде бірінші орынбасары болған Тыныс Өтебаев ағаның үйінде отырғанда да әңгіме еттік. «Сырқаттанып одақтағы жиыныңа қатыса алмадым, жеңгең Шолпан Марат өте жақсы жүргізді деп мақтап келді» деді. «Ол кісі осымен менің екі тойымды басқарды, енді өзіне арнайы шай беретін ретім» деп, берілмей қалған жейде мен коньякты ауызға алдым. «Коньяк дейсің бе? Мен білетін Марат ағаң салауатты өмір салты деп жүргеннің нақ өзі! Ішімдік қойылған дастарханда «мен сіздерге ішіңіздер деп күнәһар бола алмаймын» дейді. Талапбек ағаң бергелі тұрған пакеттегі коньякты көре салып тұра қашқан екен, – деді күліп. Содан соң:  «Әй, Талғат, сен менің ең жақсы көретін інілерімнің бірісің. Менің ағалық ниетім, ақыры шай берсем деп отырсың, үйде екі-үш шетелдік костюм-шалбар бар, соның ішінен Марат ағаңа дәл келеді-ау деген бірін таңдашы. Ол менің саған деген пейілім болсын, ал сен оған кигізсең, ол – ағаңа көрсеткен ілтипатың болады», – деді. Ағаның аузынан шыққан осы сөзді аңдып тұрғандай-ақ Шолпан жеңешем төргі бөлмеге қарай кетіп, киім ілгіші мен сырғымалы қаптамасы бар үш костюм-шалбарды алып келді. «Болмайды деген болмайды, ал енді таңда» деді Тыныс аға. Патша көңілін пәсейтудің  жөнін таппай, амал жоқ, таңдауға кірістім. Бәрі жақсы киімдер. Көз салып тұрдым да, сұр мен қара түстісін емес, қоңырқай өңдісін қолтығыма қысып алып үйге қайттым.

Содан қонаққа шақыруымыз ұзай берді. Марат ағаның жұмысы менікінен де көп, біресе Ақтауға ұшады, одан келе Астанаға жи­налады, оралысымен Амери­каға кетіп бара­мын дейді. Дейді-дей­дімен әйтеуір сәтті күніміз жетті-ау. Үйге Тыныс ағаға қосып өзі сый­ласып жүретін кісі­лерді де шақырдым. Онда да газеті шыға­тын күнге сәйкес келіп, Марат аға кешігіңкіреп жетті. Төрге озып, кішкене дәмнен ауыз тиген соң:

– Аға, осыдан отыз бес жыл бұрын біздің үйлену тойымыздың асабасы болып едіңіз, – дедім назарын өзіме аударып. – Сонда өзіңізге берсек пе деген жейдеміз еді. Өзі өсе-өсе келе костюмге айналыпты.

– Ой, Талғатжан, кішігірім қызметімізді бұлдайтын пенде емес­піз ғой, – деп күлген елге қосыла күлді. – Жақсы сөзге жанымыз семіреді, ниетке тоя­мыз…

Міне, есімі дүйім елге танымал Марат Байділдәұлы Тоқаш­баев ағаның бар бол­мысы! Өзінен гөрі, өзгелерді көбірек ой­лайды. Халқым, қаза­ғым деген сөздерді айқайлап айтудан гөрі ұлттың ұлттығын ұлық­тайтын іс-әре­кеттер атқаруды биік парыз санайды. Солай болғандықтан да қазақ мектептері азайып, аяулы тілімізге теперіш көрсетушілер санаты еселеп артып бара жатқан 80-жылдары Шона ағамыздың қасынан табылып, Алматының көше-көшесін шарлады; Желтоқстан көтерілісінен соң, сағы сынған қазақтың қатарында еңсесі езілмей, Қазақстан Жазушылар одағы жанында ұлт мүддесін жалаулатқаны үшін қудалауға ұшы­раған, жазықсыз жазаланған қыз-жігіттерімізді ақтап, әділдіктің тезірек салтанат құруы мақсатында құрылған комиссия құрамында жұмыс істеді. Күні қазірге дейін қазағымыздың тілі, діні мен жерін қорғау үшін деп бас қосқан қандай жиын, отырыстар демейік, солардың бәрінен Марат ағаны ұшыратуға болады. Ойы айқын, өз пікірін қай кезде де, қандай жауапты қызметте жүрсе де іркілмей сыртқа шығарады. «Бұл – менің міндетім, азаматтық ұстанымым» дейді өзі. Айтып қана қоймай, сол ойларын мерзімдік басылым­дарға, әлеуметтік желілерге жазады, журналис­терге сұхбат береді. Айты­ңызшы, қолына қалам ұстаған әріптестеріміздің бәрі осындай ма?!

Енді Марат ағаның қаламгерлік қызметі туралы да тілге тиек ете кеткеніміз дұрыс-ау. Журналистік еңбек жолын сол кездегі астаналық облыстың «Жетісу» газетінен бастап, респуб­ликалық «Білім және еңбек» журналында, одан соң Жоғарғы Кеңестің «Халық кеңесі» газетінде жауапты хатшы болып жалғастырған. Бас редактордың орынбасары қызметінен жаңадан ашылған «Заң газетіне»  Бас редакторы болып барады. Қазақ теледидарында Бас редактор, «Қазақ­стан-1» телеарнасында директор қыз­меттерін абыроймен атқарады. ҚР Президентімен Түркияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа сапарға бірге барып, репортаждар жүргізеді. Кейінгі жылдары халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінде және оның жанынан шығатын «Мөлдір бұлақ» балалар журналында Бас редактор бола жүріп, зейнет демалысына шығады. Алайда, қол қусырып отырғысы келмей, «Президент және халық» деген газет ашады. Ол газет бүгінде еліміздегі белгілі басылымдардың санатында.

Ағаның атқарып жүрген қоғамдық жұмыс­тары туралы да осылай көсіліп жазуға әбден болады. Бірақ оның бәрі елдің назарында болғандықтан, сөзімді осымен доғарғаным дұрыс шығар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *