Кешегі күннің үлгісі

Жасы ұлғайған адамға кітап оқу үшін де біраз уақыт пен күш-жігер қажет. Кітап оқымай жүре алмасымыз тағы белгілі. Таяуда Елеу Көшербаевтың «Серпін», «Парыз», «Тәуекел» деген үш томнан тұра­тын кітабын оқып шықтым. 1980 жылы аудан орталығындағы Ленин ескерткішін жөндеуге бөлінген қаржыға Қорқытқа арнап ескерткіш кесене тұрғызатын Қызыл­орда облысы, Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың кітабы. Ол кезде қыл қобызды Қорқытты бақсылардың басы деп танып, дін өкілі ретінде ескерткіш тұр­ғызбақ түгілі, атын айтуға болмайтын. Теңіз­дің тамшыдан құралатыны секілді, еліміздің тарихы да болып өткен осындай әрбір елеулі оқиғалардан, жеке тұлғалардың өмір тарихынан, іргелі іс-әрекетінен тұрады ғой.

Қазақстан Республикасының Прези­денті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында: «Жаңғыру атаулы бұрын­ғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүр­лерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамы­ры­нан нәр ала алмаса, ол адасуға бастай­ды», – деп атап айтқан болатын. Мен оқып шыққан кітап та кешегі күннің жарқын бір үлгісі болған үлкен тұлғаның бейнесін көрсететін дүние екен. Үш томнан тұратын кітап маған үш ғасырдың жүгін арқалап тұрғандай көрінді.

Өткен ғасырдың 80-жылдары кеңестік саясаттың әбден пісіп-жетілген шағы болатын. Аудан көлеміндегі қыбырлаған-жыбырлағанның бәріне аудандық партия комитеті жауап беретін уақыт. Осындай жауапкершіліктің бәрін өз мойнына ала отырып, Елеу Көшербаев түркі жұртына ортақ тұлға – Қорқыт ата кесенесіне қатысты жұмысты өте ұтымды ұйымдас­тырады. Ол кезде де басы артық қаржы жоқ, бәрі есептеулі. Сондықтан оны жол құры­лысына аударып пайдалануға тура келеді. Ал ескерткішті сәулетші Бек Ыбы­раевтың жобасы бойынша Байқоңырдағы әскери құрылысшыларға жасатты. Бұл кезде аудандағы Лениннің ескерткіші қолға алынбай, беті матамен жабулы тұрған еді. Басқан ізін аңдып жүрген адамдар Көшербаевтың үстінен Орталық Комитетке домалақ арыз жазып жібереді.

Өнер мен ғылымға қашанда ерекше мән берген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бұл мәселенің ақ-қарасына байыппен қараған. Оның үстіне Елеу Көшербаев арнайы сөйлесіп, алдын-ала айтып қойған Алматыдағы ақын-жазушылар мен ғалымдар қолдау білдіріп жатқан соң, сырт көзге сыр алдырма­ғанмен, Қонаев оның бұл ісіне риза болып қалады. Мәскеу-Пекин тас жолының бойындағы дәл осы бір тұс Дінмұхамед Ахметұлының да бұрыннан ойында жүрген еді. Бюроға шақырылған Көшербаевтың ісін тоқтатып тастайды. Ал Көшербаев болса, Қорқыт пен діншіл ақын деп танылған Тұрмағамбет Ізтілеуов ескерткіш­терінің ашылуын бірге жасаған.

Жиынға сол кездегі астанамыз Алматыдан бастап құлағы шалғанның бәрі жиналған. Бәрі дегенде, ғылым соңында жүрген ғалымдар мен елге белгілі ақын-жазушылар ғана. Ал әліптің артын бағып, бір сұмдықтың боларын күткен партия бас­шылары мен кейбір жауапты жетекшілер басын бұғып қалады. Шындығын айтқанда, бұл ескерткіштің ашылуына бірде-бір облыстық партия комитетінің бюро мүшесі де қатыспаған.

Сол кездегі қалыптасқан пікір бойын­ша бұл екеуі де дін өкілдері, дінді уағыз­даған адамдар еді. Сондықтан Алматыдан келетін қонақтарды шақыру үшін облыста қазақ әдебиетінің күндерін ұйымдастырды. Оған Әбділда Тәжібаев, Рахманқұл Бердібаев, Тұманбай Молдағалиев сияқты көптеген белгілі ақын-жазушылар мен ғалымдар бастап келеді. Дегенмен, Кеңес Одағы кезінде жазылған арыз-шағымдар қаралмай қалмайтын. Ленин ескерткішін қолға алмай, қаратып қойып, айдаладағы алып құрылысқа кіріскен Елеу Көшербаев та бұдан айналып өте алмады. Ескерткіш салынып біткен соң, ол Қазалы ауданына ауыстырылады.

Көрдіңіз бе, мен автор туралы өзім білетін, сондай-ақ оқып-білген, естіген бір ғана оқиғаны ауызға алып отырмын. Кеңес үкіметінің кезінде де елге ерен еңбегі сіңген, тарихымызда өшпес із қалдырған тұлғалар болды. Елеу Көшербаев соның бірі де бірегейі болатын. Бүгін тілге тиек етудің реті келіп тұрған кітаптың маңыздылығы да осында болса керек.

Кітаптың бірінші томына 1975–1992 жылдары республикалық баспалардан жарық көрген «Өндіріс ұйытқысы» мен «Серпін» кітаптары біріктіріліп берілген. Екінші томға оның құрметті зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін жазған өмірдеректі баяны мен басылымдарда жарық көрген мақалалары, замандастары­ның жазған дүниелері еніпті. Үшінші томда автордың аяқталмай қалған жазбалары мен көзкөрген замандастарының естеліктері, арнау өлең-жырлары берілген. «Тұмар» баспа­сы басып шығарған бұл үш томдық­тың өзіндік салмағы, айрықша мән-маңызы бар.

 

Кенжалы ТОЛЫСБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *