КЕШЕГІ АЙТЫСКЕРЛЕРДІҢ ІЗІНДЕ КІМ БАР?

Біз бұл жолы жер жаннаты аталған  киелі Жетісуымыздағы айтыс өнерінің Ақын Сара дәуіріндегі, сонау ерте заманнан бері келе жатқан танымдық тарихын қазбалап баяндайық деп тұрған жоқпыз. Рас, Жүрсін Ермановтың жанқиярлық ізденісімен, ұтқыр ұйымдастыруының арқасында әр  тақырыпта, әр өңірде  республикалық деңгейде өтіп келе жатқан айтыстарға жетісулық Балғынбек пен Жандарбек секілді жүйріктеріміз де қатысып, ойып тұрып жүлделі орын алып жүргені қуантады. Алайда, қуана тұрып, ойландыратын бір мәселе бар: Ол – осы Жетісудан шыққан кешегі Сүйінбай мен Жамбылдың, Құлманбеттің, Көдек пен Таңжарық, Қойдым анамыздың, Үмбетәлі мен  мұндаға дейін төкпе айтыс ақыны ретінде елді сүйсінткен Әсімхан Қосбасаров пен Әлімқұл Жамбылов, Надежда Лушникова жеңгеміздің, сыршыл Есенқұлдардың  жолын қуып, ізін  басатын жас таланттардың сиреп бара жатқаны…

Өткен ғасырдың жетпісінші жылда­рының  аяғы мен сексенінші жылдарының басында, «қызыл империяның» қылышы­нан қан тамып   тұрған тұстың өзінде, Алматы облысын Асанбай Асқаров,  Кеңес Аухадиев секілді ұлтжанды ағаларымыз басқарып тұрғанда, «Арбаны да сындыр­май, өгізді де өлтірмей», қиыннан қиыс­тырып, қиюын тауып, алдымен ауданара­лық, одан соң облыстық деңгейде ақындар айтысын ұйымдастыру қолға алынған еді. Оған сол кездегі облыстық партия коми­тетінің идеология мен мәдениет саласына жетекшілік ететін хатшысы Ізбасар Балтағұлов ағамыз тікелей басшылық жасаған болатын. Айтыстарды ұйымдас­тыру мен өткізуді мәдениет басқармасы атқарғаны да есімізде. Зерделеп қарасақ, айтыс өнері тәрбие мектебі деуге де болтындай. Ендеше, ақша қуып, өз дінінен жеріп, басқа ағымға кіріп жатқандарды, ақшадан басқаның бәрін – иман мен арды, кісілік келбетті, әділдік атау­лыны табанға таптап талтаңдап, ділін, тілін сатқан­дарды, ел бай­лығын қара басы үшін ғана пай­далануды мақсат етіп, соңында масқарасы шы­ғып жатқандар­ды «сөз сойыл­мен» жөнге салатын да – осы айтыс өнері. Ендеше, бағзы замандардан бері талантты ұрпақтар сабақ­тастығы  үзілмей, бүгінге жеткен Жетісу жеріндегі айтыс өнерін бүгінгі күннің тәрбие құралы, «Рухани жаң­ғыру» үрдісінің жасампаз көрі­нісі ретінде жаңа мақсатпен, жаңаша талаппен  қолға алуымыз керек-ақ.

Жоғарыда біз айтып өткен сексенінші жылдардың басында бір жолы Балқаш ауданының орталығы Бақанаста, келесіде Нарынқол мен Кегенде, Ұзын­ағашта, Еңбекшіқазақ пен сол кездегі Күрті аудандарында ақын­дар айтысы өтуші еді. Жұрттың ықыласы  да бөлекше бола­тын. Күніміз Мәскеуге қарап, тек жоғарғы  жақ­тың ұйғарымымен өтетін мәдени шара­лардың арасына әлгі айтыстарды сыналап кіргізіп, ұтқыр ұйым­дастыруға әлгінде біз айтқан облком хатшысының білгір орынбасары болған Ізбасар Балтағұлов, облыстық Мәдениет басқармасының сол кездегі басшылары Рамазан Ешмұханбетов, Мәдқасым Шөп­баев секілді азаматтардың Қазақ ұлттық өнері – айтыс үшін қалай жандарын сала іс атқарғанын жас болсақ та көріп едік сол кезде. Ал солар жайлы қазіргі жетісулық жас буын біле ме екен?

Алғаш ауданаралық, кейін облыстық деңгейде өткен әлгі айтыстарға Жамбыл ауданынан Әсімхан Қосбасаров, Әлімқұл Жамбылов, Надежда Лушникова, Есенқұл Жақыпбеков, Жолдасқан Құрамысовтар қатысатын. Нарынқолдан Еркін Ібітанов, Биғайша Медеуова, Қасен Саматыров, уыздай жас Ораз Досбосынов, Бақыт Жағыпаров, Жұматай Әміреевтер, Әбді­рахман Айнабеков және біз келуші едік. Кегеннен Мұса Жанаділов, Нәсілхан Тоқта­сынова, Төлен Ақмұратов, Сабыр Досым­бековтер, Бақанастан Нұрсапа Аманжоловтардың қатысатыны есімізде. Дәл қазір әлгі аудандарда солардың жолын қуып, ізін басып келе жатқан жас айтыс­керлер бар ма? Бар болса, олар кімдар?.. Жоқ болса, облыс пен аудандардағы осы салаға жауапты мәдениет пен өнер саласы­ның басшылары не істемек керек? Бола­шақта алдымен ауданаралық, одан суыры­лып шыққандарды дұрыс саралып, үздік­терін облыстық ақындар айтысына алып шығу – аса қиын шаруа емес секілді.Тек ынта, ізденіс керек.

 

Айтақын  ӘБДІҚАЛ,

ақын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *