КЕРІМ КІСІ ЕДІ КЕРЕКЕҢ

Тағзым

Өмірде өзінің мақсат-мұратынан айнымай, соған жету жолында адал еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешетін жандар да аз емес. Сондай адал да абзал, төңірегіне ақылымен, ілім-білімімен, зерде зейінімен шуағын шашып өткен жанның бірі – тараздық Керімбек Дүйсекұлы ақсақал еді. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, оқу-ағарту жұмысына арнаған ол еңбек жолын 1958–1973 жылдары Қаратау қаласындағы 22-партсъезд атындағы мектепте мұғалімдіктен бастады. Бұдан кейін бұл кісінің ерекше еңбек­қорлығы, зейінділігі ескеріліп Көктал ауылын­дағы Лермонтов атындағы орта мектепке директор болып тағайындалды. Содан соң ол поселкелік кеңестің төрағасы қызметін атқарды. 1978 жылы Таразға көшіп келіп, зейнетке шыққанға дейін орта және жоғары оқу орындарында дәріс оқыды.

Керімбек аға өте ізденгіш, көп оқитын кісі еді. Кей-кейде өзінің ой-толғаныстарын өлеңмен өріп, қағазға түсіріп отыратын. Оның жазуына өткірлік, талғампаздық, танымдық қасиеттер тән еді. Алайда, ол өзін ақын­мын деп сезінбейтін. Ақындықты биік өнер санайтын. Дейтұрғанмен де, ол ізденісін тоқтатпай, қаламын ұштай бергенде осы саланың бір айтулы өкілі болары хақ еді. Алайда, ол өзінің қарапайымдылығына салып, бұл биікке ұмтылмады. Десек те, артында ұрпағына айтар сөзі қалды. Бүгінде қыздары Күләш, Хафиза, Сәлима, ұлдары Алтай, Мұхтар ағаның артында қалған асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап отыр. Осындай тектінің тұяғы, асылдың сынығы, бүгінде белгілі ғалым, Нұр-Сұлтандағы Л.Гумилев атындағы Еура­зиялық университеттің проректоры, профессоры, ғылым докторы Күләш Керімбекқызы Дүйсековаға да көңіл айтуды парыз санаймыз.

Әлгіндегі сөзіміздің дәлелі үшін Керімбек ағаның қолы қалт еткенде қағазға түсірген ойларымен де оқырмандарымыздың таныса отырғанын жөн санадық.

***

Көзімді қыздар шарт байлап,

Ойнадық «Соқыр текені».

Қашады түртіп көп бойдақ,

Белгісіз қайсы екені.

Соқтықтым кейде жарға кеп,

Соқырлық деген қайда оңған?

Ұстадым бірін зорға деп,

Босанды көзім байлаудан.

Ісіне соқыр аңғалдың,

Күлкіге батып ел қарық.

Ал мен ше?

Соған таңқалдым –

Дүние неткен жап-жарық!

Жарқырап күнім көгімде,

Бар ойым қазір сонда тұр:

«Осындай жарық өмірде,

Адасып жүр-ау сан «батыр».

***

Адам азса, өзінен азғындайды,

Азбайтынды шайтан да азғырмайды.

Қорықпаймын Алладан-Жаратқаннан,

Жаратқан да жазықсыз жазғырмайды.

***

Адамға жау хайуан тәмамдалған,

Қалғандары бағынған – бодан болған.

Жапан түзде жалғыз да қорықпаймын,

Қорыққанда қорқам тек адамдардан.

 

Тараздың тасбақасы

(аңыз)

Тереңінен тарихтың,

Бізге жеткен бар аңыз.

Заманында нарықтың,

Ой жүгіртіп қараңыз.

«Болыпты бір саудагер,

Қарабақыр бойында.

Жақын да бір, жау да бір,

Бәрін алдау ойында.

Аңғал аузын ашқасын,

Ұн деп сатқан кебекті.

Таразының тас басын,

Шынашақпен демепті.

Қымызына су қосып,

Ұсынады шалабын.

Тым сұйылса ұн қосып,

Асырады амалын.

Шекер ал деп тұз сатқан,

Далада өскен бейбаққа.

Қалалықты қақсатқан,

Сүзбе қосып қаймаққа.

Өзі ұрыпты өз басын,

Алданған бір бишара.

Көріп Алла көз жасын,

Қолданыпты бір шара.

«Тасқа тіреп табанын,

Қара жерге қапсырған.

Таразының табағын,

Асты-үстіне жапсырған.

Тәңір соққан қайда оңған?

Теріс болып есебі.

Тасбақаға айналған,

Сол саудагер», – деседі.

Бүгінде өмірден озып, нұрлы жүзін қара жер жасырғанына қырық күн толып отырған Керімбек ақсақал бәйбішесі Мүкараммен бірге бақытты ғұмыр кешіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірді, немере-шөберелер сүйді.

Несін айтасыз, керім кісі еді ғой Керекең.

Рухы шат болсын!

Еске алушы құдалары:

Қали Сәрсенбай, Таңсұлу Алдабергенқызы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *