Кереку жерінде VII-қысқы универсиаданың жабылу салтанаты болды

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан Республикасы VІІ-қысқы Универсиа­дасының жабылу салтанаты  С.Торай­ғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өтті.

Жабылу салтанатына Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Бас директоры, «ҚР Құрметті спорт қайраткері» С.Мұстафаев,  С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректоры Г.Ахметова, Павлодар облысы дене тәрбиесі және спорт басқармасы­ның бастығы М.Айдашев, ҚР студенттік спорт федерация­сының бас хатшысы Ж.Ақеділов және тағы да басқа ресми тұлғалар қатысты.

Спорт және дене шынықтыру – мемлекетіміздегі мәні зор әлеуметтік сала. Сондықтан да, Елбасы Н.Назарбаев дені сау, ойы сергек ұлт қана әлемдік бәсекеге қабілетті болатынын жан-тәнімен сезінгендіктен бұл салаға жете мән беріп келеді.

Жабылу салтанатында алғашқы сөз  Павлодар мемле­кеттік университетінің ректоры  Г.Ахметоваға берілді. Ректор өз сөзінде жиналған қауымды ҚР VІІ-қысқы Универсиа­даның жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейде болуларына зор тілегін жеткізді.

Бұдан кейін құттықтау сөз кезегі ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы Бас директоры, «ҚР Құрметті спорт қайраткері» С.Мұстафаевқа берілді. Ол өз сөзінде VІІ-қысқы Универсиадаға қатысқан жоғары оқу орындарының ректорларына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Келесі сөзінде Орталықтың Бас директоры Универсиада жарыстарында ұйымдастыру алқасының жүргізілуімен өткізілген жарыстарда күш-қуатын аянбай еңбек еткен ұйымдастырушыларға, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған оқытушылар мен жаттықтырушыларды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің грамотасымен марапаттады және VІІ-қысқы Универсиада жарысында жалпы командалық есепте 1-6 орын алған командаларды марапаттау рәсімін өткізді.

Жалпы командалық есеп қорытындысы:

VІ орын  Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті;

V орын  Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті;

ІV орын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті;

ІІІ орын Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті;

ІІ орын Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты;

І орын Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті.

Аталған жеңімпаз командалар Қазақстан Республи­касы Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының кубогімен, естелік медальдармен марапатталды.

Универсиаданың жабылу салтанаты үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *