Керек дүниенің бәрі өз мәдениетімізде бар

Әуезов көшесі болса, оның атақты бір шығарма­сының желісімен бірнеше кейіпкерлерінің мүсінін жасап, оның жанында шағын сквер болса, сол жерге қалалықтар демалып отыратындай мүмкіндік жасалса, ол қалаға бір әдемілік, сүйкімділік берер еді. Наурызбай батыр, Қабанбай батырларымыздың көшесі тұр, олардың бәрін атқа мінгізіп отырғызып қоймай,  басқа образда көрсетсек деймін. Балалар ертегілерінен кейіпкерлерді алып, олардың бәрін қимыл-қозғалысқа келтіріп, кафелердің жанына орнатар болса, қалаға ерекше келбет берер еді.

Бізде қаланың сырт келбеті, архитектурасы түгелдей төртбұрышты жасалған. Солардың бәрін қазақи формаға келтірсе деген тілегім бар. Көпқабатты үйлерді жасау мүмкін бола қоймас. Шағын ғимараттарға қазақи түр берсе деп ойлаймын. Және осы саланың мықты мамандарын сырттан іздей бергенше, өзіміздің институт, университеттің ішінде жақсы жоба жасайтын талантты жастарымыз бар. Қаланың игілігі үшін жасалатын осы өзгерістің бәрін нағыз мамандардың өздері бақыласа екен деймін. Суретшілер одағы деген қаншама суретші, мүсіншінің басын қосқан үлкен одақ бар. Міне, осы жердегі мамандар бақылайтын болса, қаланың эстетикалық келбетінің тартымдылығы артар еді.

Одан кейінгі мәселе – анимациялық ертегілердің кейіпкерлері, мысалы біздегі Алдар көсе, Тазша бала, Жиренше шешен, «Бір шіңкілдек, тоғыз тоңқылдақ» секілді ертегілеріміздегі кейіпкерлердің мүсінін балалар ойнайтын алаңға жайып жіберсек, олар бірте-бірте соларды танып өседі ғой. Күнде сол алаңда ойнаған баланың рухы ертең қазақ болып өседі. Оның үстіне қаланың танымалдығы да бірден артар еді. Өйткені, шетелдік туристердің өзі қаладан сондай ұлттық келбет іздейді, оларға біздің ұлттық құндылығымыз қызық. Ертең бір турист келіп, сондай ұлттық стильдегі балалар алаңын көріп, инстаграмға суретін салып кеп жіберсінші, бір минуттың ішінде атағымыз мұхит асуы ғажап емес. Керек дүниенің бәрі өзіміздің мәдениетімізде бар, сондықтан сыртқа жүгіре берудің қажеті жоқ.

Үміт ЖҰБАНЫШҚЫЗЫ,

суретші.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close