КЕПТЕЛІСТЕН КӨЗ АШПАҒАН БОРАЛДАЙ

Айнабай МӘДИ

Алматымен іргелес жатқан облыстың елдімекені –   Боралдай халқы облыс басшылығына базынасын білдіруде. Оған себеп, төселмей жатып құбыр жүргізу үшін қайта қопарылған жаңа тасжолдың астаң-кестең болуы. Міне, бір жылдан бері  төңіректе үздіксіз көлік кептелісі. Жолға сыймаған жүргізушілер жаға жыртысуда. Іле ауданының Ашыбұлақ, Казцик, Қараой, Қарасай ауданының Елтай, Жармұхамет, Шамалған тәрізді жиырмадай ауылының жұрты Алматыға осы Боралдай  арқылы ағылады. Оннан астам шағын аумағында 40 мыңнан астам халық тұратын Боралдай жолының қазылып тасталуы, әрине, қынжылтады.

Бұл төңіректе күндіздің өзінде кептеліс. Ой-шұңқырдан әрең өтіп жатқан көлік нөпірін көріп, бас шайқайсың. 5-6 шақырымдық жолдан «ілдәлеп» өтудің өзі мұң. Сағаттап кептелісте тұрғаның… Боралдайдың орталық көшесіне осыдан екі жылдай  бұрын жаңа жол төселген. Соған қарамастан, басшылық  тендер өткізіп, жолдың астымен 14 шақырымдық  су құбырын тарту керек деп шешкен.  Мына машақат – соның зардабы.  370 млн. теңгелік тендерді ұтқан «Бюротекс» ЖШС жұмысын жарты жолда тастап кеткен.

Боралдайдың құбыр өтпеген, басқа да көшелерінің оңып тұрғаны шамалы, ойқы-шойқы. Әкімдіктегілер бір-біріне сілтейді. «Жол мәселесі бұдан бес жыл бұрын басталған. Жөндеу жұмысы сәуірдің бірінен басталуы тиіс-тін. Тендер облыстан шешіледі. Әкімдікке қағаз жібердік. Қолдан басқа ештеңе келмейді», – дейді Боралдай ауылдық округі әкімдігіндегілер.

Жұмыс сәуірде басталса да, көлік кептелісінің жыры жуырда бітпейтін секілді. Жұмысын бұра тартқан  «Бюротекс» компаниясы мен биліктегілер арасындағы   дау-дамай әлі жалғасуда. Сот үкімі шығып,  миллиондаған қаржыны тиімді жұмсамаған компанияға 15 мың теңге айыппұл салынған. Демек, тендерді ұтқан мердігер компаниямен соттасу әлі жалғасуда. Дау-дамай бітпей, қопарылған жолдың жөнделуі қиынға соғып тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *