КЕПКА КИГЕН ЖҰМЫСШЫ КЕЙПIНДЕГI МЭР Лужковтың сабағынан туындаған ой

Белсендi авторымыз, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаевтың елiмiз бен ТМД аумағындағы, сондай-ақ әлемдегi саяси сахнада орын алып жатқан әртүрлi оқиғалар мен жекелеген қоғам және мемлекет қайраткерлерi туралы өзiндiк көзқарастары мен салмақты сараптамалары газетiмiзде үнемi жарияланып келедi. Таяуда Елбасының Жарлығымен Әбдеш Қалмырзаевқа «Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» атағы берiлдi. Газетiмiздiң биiк сатыда тұрған абзал жанашырын лайықты марапатымен құттықтай отырып, оқырман қауымға авторымыздың тағы бiр пәлсапалық пайымдамасын ұсынып отырмыз.

Әбдеш Қалмырзаев,

философия ғылымдарының

докторы, профессор

Ескi бедел iске кедергi болмауға тиiс

Мәскеу қаласының мэрi Юрий Михаилович Лужковтың тақтан тайдырылғаны жөнiндегi әңгiменiң басылғанына көп болған жоқ. Көгiлдiр экранда, баспасөзде түрлi саққа жүгiртiлген қаңқу сөздердiң тыйылғанына аз ғана уақыт болды. Сонда да болса, осы оқиға көпшiлiкке түрлi ой салады.

Лужковқа деген екi түрлi көзқарас қалай қалыптасты? Билiк басында отырғанда өлгенше мақталды. Үлгi еттi, сыйлады, пiр тұтты. Бас қаланың бас сәулетшiсi, iскер басшы, шаруаның көзiн бiлетiн iрi ұйымдастырушы, бiр сөзбен айтқанда, қаланың көкесi деп саналды. Ендi орнынан алынып едi, келесi күнi телевизия бiткен, газет-журналдар шулап қоя бердi. Бәрi жамырасып, кеткен мэрдiң кемшiлiгiн жiпке тiзгендей қоздата жөнелдi. Кешегi жақсы адам, бiрден жаман болып шыға келдi. Қалада құрылысты қалай болса, солай салған, көшеде көлiк бiткен кептелiп жүре алмайды. Мәскеудiң қақ ортасындағы тарихи ғимараттар сақталмаған, биiк үйлер салынып, қаланың ансамблi бұзылған. Жаңа ескерткiштер қалай болса, солай орналастырылған, Церетелидiң көркемдiк сапасы төмен туындылары қаланы жайлап алған. Мэр болса, қаланы жеке- дара билеген, ешкiммен, көркемдiк кеңеспен де санаспаған, бiлгенiн iстеген, бәрiн бүлдiрген. Әйелi болса қаланы бiр өзi жекешелендiрiп алған, күйеуiнiң әкiмшiлiк ресурстарын барынша пайдаланған. Байлыққа белшесiнен батып, шет елде зәулiм сарайлар салдырған. Не керек, iстемегенi жоқ. Жағаңды ұстайсың, бұрын қалай бiлмегенбiз деп ойлайсыз. Лужков ұзақ отырып, даңдайсыған, нақты өмiрден алшақтап, шындыққа сын көзбен қарауды ұмытқан. Өзiм бiлемiнге салынған. Айналасы бұған құдайдай сенген. Мэр не айтса сол болған. Юрий Михаилович қателеспейдi деген ұғым берiк қалыптасқан. Юрий ақсақалдың бұған әбден бойы да, ойы да, етi де үйренiп кеткен. Өзiн ақиқаттың символы сезiнген. Нақты жағдайдан гөрi виртуальды шындыққа көбiрек бой алдырған.

Алғашқыда жас президент сабырлылық сақтаған. Кейiн Мәскеу мэрiнiң феноменiне зер сала бастаған. Ол шынымен қателеспейтiн, көрiпкелi мол пайғамбар ма, әлде өзiне-өзi көбiрек сенетiн көнекөз кәрия ма? Жас президент асықпады. Осыны анықтап бiлуге зер салды. Мәскеу жағдайына, қалада туындаған түйткiл проблемаларға тереңiрек үңiлдi. Зерек көңiл, жастық жалын, көреген көз көп жағдайды аңғарды. Шындықтың бетiне ол тура келдi. Ақыры Президент мэрге сенiмiн жоғалтты. Лужковтың сағым дүниелерi қала күнгейлерiн бүркемелей бастағанын көрiп бiлдi. Сөйтiп Президент бiржола тоқтамға келдi. Ескi бедел iске кедергi болмауға тиiс. Президент сенiмiнен шықпағаны үшiн мэрдi қызметтен кетiруге жарлық бердi. Қысқа мерзiмдi демалыстан келген мэр жұмысқа шыққан күнi Президент жарлығын көрдi. Қызмет орнынан кетуге мәжбүр болды. Дағдылы дүйсенбiлiк планеркасын өткiзудi бiрiншi орынбасары Ресинге тапсырып, өзi И.Кобзонмен бiрге машинасына отырып, Юрий Долгорукий ескерткiшiнiң алдынан өтiп, көшедегi көлiктер нөпiрiне кiрiп кете барды.

Әрине, осы сәттегi Юрий Михаиловичтiң көңiл-күйiн көзге елестетуге болады. Он сегiз жыл, екi ай үзiлiссiз бiр қызметте болған үлкен лауазым иесiнiң бiр сәтте билiктен кетуi, әрине, жеңiл шаруа емес. Оны басынан өткiзген адам ғана бiледi. Бiрақ, мұндай мөлшерде билiкте болған жандар көп емес.

Күштi басшы деп осы кiмдi айтамыз?

Лужков тақтан кеткен күнi-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, телевизия мен радио бiр ауыздан жарысқа түскендей Мәскеу мэрiнiң кемшiлiктерiн әшкерелеумен болды. «Россия» каналы арқылы Владимир Соловьевтiң бейсенбiлiк «Жекпе- жегi» Лужковқа арналды. Жекпе-жектiң сарбаздары Николай Сванидзе мен Александр Проханов тiлдерi жеткенше Мәскеу мэрiн қаралаумен болды. Осы хабарды көргенде ерiксiз ойға қаласың. Лужковтың күйреуiне оның жалғыз өзi кiнәлi ме? Оның кемшiлiктерiн он сегiз жыл бойы ешкiм байқамаған ба? Байқаса да төзген бе? Неге төзген? Қадағалау, билiк органдары қайда болған? Мәскеу Лужковтың вотчинасы ма едi, ол жеке мемлекет пе едi? Бiр мемлекеттiң iшiндегi бiр қаланың тiршiлiгi ешкiмдi ойландырмаған ба? Федеральдық билiк қайда? Орталық үкiмет қайда қараған? – деген сауалдар еске оралды.

Лужков соншама жағымсыз пенде болса, халық оны неге сыйлаған, неге құрмет көр- сеткен? ТМД елдерiнiң басшылары да онымен жақсы қатынаста болуға тырысты. Лужков жеке-дара саясат жүргiзген бе? Ол ерекше жаратылған тұлға ма? Ол неге беделдi болды, сөзiне көпшiлiк неге құлақ асты? Әлде оның күштiлiгi билiгiнде, қолындағы майлы күлшесiнде ме? Күштi басшы деп осы кiмдi айтамыз? Адам қолындағы билiгiмен ғана күштi ме, әлде оның күштiлiгi өзiнiң ақыл- ойында, iс-әрекетiнде ме? Осы ойлар әркiмдi-ақ ойландырары сөзсiз. Лауазымын арқаланып, күштi көрiнiп жүргендер өмiрде аз ба? Неге билiктегiлердiң әйелi, ұл-қыздары, құдалары, жиен- нағашылары, сыныптастары шетiнен бай, неге олай? Билiктегiлер өз таныстарын, жақындарын байыту үшiн отыр ма? Олар неге өзiн еркiн сезiнедi, ештеңеден қысылмайды? Тайдай талтүсте мемлекет қаржысын қымқыруға барады. Шiркiндерде ұят болсайшы десеңiзшi. Бiр шiмiрiкпейдi. Осыған қарағанда билiк жүйесiнде, оған кадр таңдауда бiр кiлтипан бар секiлдi. Соны тауып, неге жөндемеймiз?

Жоғарыда айтылған В.Соловьевтiң «Жекпе-жегiнде» «Завтра» газетiнiң бас редакторы А.Проханов Ресейде жемқорлықты жою қиын, өйткенi бұл кесел ресейлiктердiң қанына сiңiп кеткен. Одан арылту әзiрше мүмкiн емес, – дедi. Сондай-ақ, қараша айында «Нұр-Отан» партиясының жемқорлықпен күрес жөнiндегi қоғамдық кеңесiнiң мәжiлiсiнде Жамбыл облысының басшысы есеп бердi. Сонда облыс әкiмi Қанат Бозымбаев әдеттегi шенеунiктердiң дағдылы мiнезiн қайталаған жоқ. Облыста жылдар бойы етек алып, тамырын терең жайып кеткен жемқорлықпен күрес барысын баяндай келiп, бұрынғы басшылардың әдетiне баспады, кемшiлiктердi мойындаймыз, оны таяу арада жөндеймiз деген жоқ. Қ.Бозымбаев жемқор- лықты күштеу, жазалау органдарының қолымен ғана жоюға болмайтынын, ең алдымен халықтың санасына сiңiп, әдеттегi дағдысына айналып кеткен жемқорлық пиғылынан арылтуымыз керек. Облыста терең тамыр жайып кеткен бұл кеселдi бiр күнде сылып тастаймын, тез арада жемқорлықты жойып жiбе- ремiн деп уәде бере алмаймын, дедi. Жас басшы бұлталаққа салған жоқ, шындықтың бетiне тура қарады, коррупцияның тамырына бiр күнде балта шаба алмайтынын ашық айтты.

Рас, жемқорлықтан таза бiр ауыл, бiр аудан, бiр қала, бiр облысты табу қиын. Коррупциядан бiр ауданды, не бiр қаланы тазарту мүмкiн де емес, оның пайдасы да шамалы. Өйткенi, адамдардың қатынасы, тiршiлiк-тынысы бiр кеңiстiкпен шектелмейдi. Ол айналасымен, көршi аудан-қалалармен араласады. Экономикалық, әлеуметтiк, рухани қатынасқа түседi, тауарлар алмасады. Сонда жемқорлықтың жегi құрты жаңа ортаға қарай ойысады, оны кеселге ұрындырады. Жемқорлық деген жұқпалы iндет секiлдi, оның паразиттерi, бактериялары жаңа организмге тез жұғады. Оны карантин қоюмен шектеп, емдей алмайсыз. Жұқпалы ауруларды арнайы емханаларда, сыртқы ортадан аластап, антибиотиктермен, гормондармен емдейтiнi белгiлi. Ал жемқорлыққа жұқпалы дерттiң бұл емiн қолдана алмайсыз. Ол нажағай оты секiлдi, барлық ортаға кiрiп кете алады. Жемқорлықпен күрестiң қиындығы да осында. Шындығында Ю.Лужковтың мерзiмiн аяқтамай қызметтен кетуiнiң бiр ұшы осы коррупцияда жатуы мүмкiн. 3йткенi, қала мэрiнiң әйелi миллиардер Елена Батурина Мәскеудiң қожасына айналды. Күйеуiнiң атымен оның бизнесi шалқи түстi. 3зiн халықшыл санаған Лужков әйелiне неге тоқтау салмады? Байлықтың батпағына белшесiнен батқанын қалай сезбедi? Мұны күнде көрiп-бiлiп жүрген мәскеулiктердiң қала қожасына деген iлтипатына бұл күдiк туғызды. Ю.Лужков бұдан қоры- тынды шығара алмады. Жоғарыдан да, төменнен де оған деген сенiмге жарықшақ түсе бердi. Ақыры бұл қала мэрiнiң күй- реуiне әкеп соқты. Мәскеу мэрiнiң сабағы көптi ойлантуға тиiс. Билiктегi кейбiр жандардың өздерiн ең кереметпiз, данышпанбыз, бiлгiштермiз деп жүргендерi аз емес. Бiрақ оларға билiктiң күш берiп, сөздерiн өткiзiп, ел құлақ асатын етiп отырғандарын олар әркез сезсе де, селт етпейдi. Билiктен кеткен күнi тағдыры қалай болатынын Лужков мысалы еске салып отырған жоқ па!

Адам адамға дос бола ма, әлде оның қызметiне дос бола ма екен?

Шындығына келсек, Лужков әулие емес шығар, бiрақ ол ақылсыз адам емес. Сөйлей де бiлетiн, iстiң көзiн де бiлетiн, ұйымдастыру таланты да ешкiмнен кем емес, ел алдында харизмасы да жоғары болатын. Соған қарамастан, тақтан кетiп едi, бiр күнде жұрт одан айналып шыға келдi. Пендешiлдiк қандай күштi десеңiзшi, адам адамға дос бола ма, әлде оның қызметiне дос бола ма екен? Достық қолдау көрсетудiң орнына көңiлдес жақындары үнсiз қалды. Оның үстiне қала мэрiнiң кемшiлiгiн, қателiгiн айтушылар қаптап шыға келдi. Ойлап қарасаң, кеше олар қайда болған, ауыздарына кiм қақпақ болған? Бұл жағы белгiсiз. Лужков Марста емес, жерде, көппен бiрге қалада, Мәскеуде өмiр сүрдi. Дер кезiнде оны неге сынамаған, кемшiлiктi бетiне баспаған? Бұқаралық ақпарат құралдары жапырлап мақтады, сұхбат алды, көкке көтердi. Рас, Қырымға байланысты Юрий Михаилович патриоттық сөздер айтты. Ештеңеден тайсалмады. Севастополь орыс қаны төгiлген ежелгi қала деп ашық айтты. Халыққа әлеуметтiк көмек көрсетудi де ұмытқан жоқ. Гуманист, бұқарашыл, көпшiл, кепка киген жұмысшы кейпiндегi мэр көпке ұнады. Үкiметтегi басшылар да онымен санасты. Тiптi имендi. Мәскеу iрi мегаполис қана емес, кiшi Ресей, мемлекеттiң жүрегi, тарихи қала, үшiншi Рим саналды. Оның басшысы көпшiлiктiң көз алдындағы саяси тұлға, мәртебесi биiк шенеунiк болды.

Осындай үлкен тұлғаның күйреуi тек Лужковтың өз басында ма екен? Сiрә қалыптасқан жүйенiң де әсерi жоқ па екен деген көкейде сауал тұрады. Лужков сықылды лауазым иелерi қателiкке ұрынбауы үшiн осы жүйенi жөндеуге, ретке келтiруге, жетiлдiре түсуге болмас па екен? Қайталап айтуға тура келедi. Лужков ақылсыз адам емес, естi адам. Сол естi адамның өзiн адастырған қандай күш? Бұл қалыптасқан кадр жүйесiне жабысқан бiр пәлекет емес пе екен? Сол пәлекеттен қалай құтылуға болады? Он сегiз жыл екi ай бойы бiр орында тапжылмай отырудың өзi жұқтырған кесел емес пе екен деген заңды сауал туады. Сол кесел бiр күнде сыр берiп, жүгiрiп жүрген кез-келген жанды мүгедек етпесiне кiм кепiл?

Бiзде де мақтап жүрген үш-төрт әкiм, екi-үш министр бар. Ұлтжанды деймiз, халықшыл деймiз, мәдениет пен әлеуметтiк өмiрге көңiл бөледi, ақын-жазушыларға пәтер берiп, кiтаптарына демеушiлiк жасап, шығарып бередi деп мақтаймыз. Жұмысы жүрсе екен, iсi оңға басса екен деп тiлектес болып отырамыз. Бiрақ жақсы басшы болу үшiн осы жеткiлiктi ме екен-ау? Юрий Лужков та осы бағытта аз жұмыс атқармағаны белгiлi. Бiрақ мерзiмiн аяқтатпай-ақ қызметiнен кетуге мәжбүр етiлдi ғой. Демек, жақсы басшы болу үшiн тек iскерлiк, өжеттiк, тiлмәрлiк, шешендiк аздық ететiнiн ендi бiлгендеймiз. Ең бастысы, жақсы басшы болу үшiн жоғарыдағы қасиеттерге қоса басқа да сапалар қажет сияқты. Ең бастысы – адалдық, тазалық, әдiлдiк, адамсүйгiштiк. Бұл қасиеттер тапшы жерден жақсы басшы шықпайды. Адамсүйгiштiк кең ұғым. Ол бiрен-саран өзiңе керектi, болашақта пайдасы тиедi-ау дегендерге қолұшын созып, бар жағдайды жасау деген сөз емес. Мұндай көмектiң артынан сорайып өзiмшiлдiктiң, эгоизмнiң, жеке бастың қамын ойлаудың көлеңкесi көлбеңдеп тұрады. Мұндай жасанды мырзалық көзбояушылықтың бiр көрiнiсi болып табылады. Адамсүйгiштiк бұдан әлдеқайда биiк тұрады. Ол кедей- кепшiкке, кемтарға, әлсiзге, ауру-сырқауға, панасыз қарттарға, жетiм-жесiрлерге ұлтына, алыс-жақындығына, руы мен тайпасына қарамастан қолдан келген қамқорлықты жасау деген сөз. Мұндай көмектiң рахмет-сауабы күштi болады. Ондай басшыны халық көредi, iштей риза болады, сүйiспеншiлiгiн бiлдiредi. Елдiң шын сүйiспеншiлiгiне iлiнген басшының сөзi өтiмдi, абыройы асқақ болады.

Мәскеу мэрiнiң мысалына қайта оралайық. Лужковтың синдромын кеш те болса тани бiлген Ресейдiң жас басшысының талантын мойындамасқа болмайды. Оның шындық пен жасандылықтың ара-жiгiн ажырата бiлу қабiлетi күштi жетiлген секiлдi. Ел мақтаған, көпшiлiк аңызға айналдырған, Ильичтiң кепкасын киген, қарапайым жұмысшы кейпiндегi Лужковтың бойынан көрiнбейтiн микробтың барын көре бiлген Ресей Президентiнде керемет көрегендiк бар секiлдi. Лужковты жоғары билiкте жақтаушылар да аз емес едi, «Единая Россия» партиясының көсемдерiнiң бiрi болатын. Мұның бәрiне жас Президент философиялық салқынқандылық танытып, құбы- лыстың (явление) iшкi мәнiн (сущность) көре бiлдi. 6йткенi, мәннiң бәрi жағымды бола бермеуi мүмкiн. Мән кейде терiс құбылыстың өзегiн құрап, соған жасырын фон болып қызмет етуi ықтимал. Әрине, әр құбылыстың жағымды, оңды мәнiмен бiрге терiс астары барын да аңғара бiлу әркiмнiң қолынан келе бермейдi. Ол үшiн тұтас жүйенi (система) талдай бiлетiн аналитик-менеджер болу керек. Жүйенiң буындарының өзара байланысын, астасуын ажырата бiлу қажет. Сонда ғана iсiктiң қауiптi (злокачественный) және қауiпсiз (доброкачественный) екенiн айыруға болады. Осы екi iсiк-жараның қараңғы пендеге, анатомия мен физиологиядан хабары шамалы адамға екеуi де қорқынышты. Жараға секеммен қарайды. Бүлдiрiп, асқындырып алам ба деп операциядан қашады. Бiлiмдi хирург операцияға батыл барады. Жараны сылып тастайды. Ресей басшысы бiлгiр хирург екенiн танытты. Бюрократияның бойындағы бiр «жараны» сылып тастаудан жүрексiнген жоқ, оны жасауға батыл барды, қоғамдық пiкiрге жалтақтап жатпады. 6з тоқтамына сенiп барды, солқылдаған жоқ. Туған күнi екен деп қысылып та жатпады. Қытайда жүрiп-ақ жарлықты күшiне енгiздi.

Бiз оны табалау үшiн жазып отырған жоқпыз

Лужковтың мәселесi көпке сабақ боларлық iс. Көп отырып, бiр орындықтан екiншiсiне ауысып, ешқандай таршылық көрмей, өздерiн тас құдай (идол) сезiнiп, халықты, қоғам алдындағы жауапкершiлiктi ұмытып бара жатқан кейбiр басшылар бiздiң билiктiң барлық деңгейiнде де баршылық. Әрине, Лужковтың мәселесi көршi елдiң, басқа елдiң iшкi iсi екенi белгiлi. Бiзге тiкелей зияны да, пайдасы да жоқ екенi рас. Бiрақ басқаруды жетiлдiруде Лужков сабағының бiз үшiн де тағлымдық өнегесi мол. Ол неге бiр орында ұзақ отырды? Ұзақ отырғандар неге коррупцияға белшесiнен батады, кемшiлiктi көрмей, оған етi үйренiп кетедi? Лужков тағлымы бiзге кадр саясатына мейлiнше ықтият болуымызды талап етедi. Әрине, Лужков келдi, кеттi. Бiзге оның не қажетi бар, несiне сөз етiп отырмыз деп кейбiреулердiң ренiш бiлдiруi де мүмкiн. Бұл дұрыс емес, Лужков синдромы бiзге де үлкен сабақ болуға тиiс. 6йткенi, бiздiң де өз Лужковтарымыз жеткiлiктi. Солар өздерiне сабақ алуға тиiс. Iскерлiк танытумен бiрге тазалықтың, адалдықтың, арлылықтың да үлгiсiн көрсете бiлулерi керек. Әйтпесе, олар да Мәскеу мэрiнiң кейiне ұшырауы сөзсiз.

Қысқасы, Лужковтың тарихтағы рөлiн ресейлiктер қалай бағалайды? Бұл көршiлерiмiздiң, мәскеулiктердiң өз iсi. Қайткенмен де экс-мэрдiң харизматикалық бейнесiн ешкiм де жоққа шығара алмайды. Кепка киген, пролетарлар көсемi Ильичке сырттай ұқсас, қарапайым жанның кез-келген ортаға емiн-еркiн араласып, ортақ тiл тауып, солардың тiлiнде сөйлей бiлетiн, жайма базардағы қарабайыр жұртшылықпен де, жатақханадағы жастармен де, университеттегi академик- профессорлармен де тең дәрежеде, солардың өз лексиконында әңгiме-дүкен құра бiлетiн талантын ешкiм де жоққа шығара алмайды. Астанаға келгенде Юрий Михаилович жауыр болған таптаурын тiркестерсiз өзiне тән шешендiкпен Қазақстандағы, Елордадағы үлкен өзгерiстерге, Елбасының ерен еңбегiне дәл әрi объективтi түрде баға бергенiне талай рет куә болғанбыз (әрине, теледидар арқылы).

Осындай ақылды шенеунiк те бiр орында көп отырып, болып жатқан замана лебiн жете сезiнбей, өзiн, өз күшiн асыра бағалап алған секiлдi. Осы мақаланы бiз оны табалау үшiн жазып отырған жоқпыз. Кiм кемшiлiктен құлан-таза дерсiз. Сүрiнбейтiн тұяқ, жаңылыспайтын жақ жоқ екенi белгiлi. Бiрақ, Лужков синдромынан бiз де үлкен сабақ алуға тиiспiз. Шынды- ғында, ол тұтас бiр заманның күштi де, әлсiз де жағын бойына сiңiрген үлкен тұлға.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *