Қиын кезеңді тек тастүйін болып біріккенде ғана жеңіп шығамыз

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, филология ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

 

Қазақстан Республикасы Президентінің кешегі телеүндеуіне бүкіл әлемді жайлаған індеттің біздің елімізді де сансыратып отырғаны ашық айтылды. Елімізде болып жатқан күрделі ахуалды мемлекет басшысының анық біліп, нақты бақылап отырғандығы мен жете таныстығы айқын көрінді. Мемлекет басшысы қордаланған жағдайды саралай келіп, осындай жағдайда бізге халық арасындағы түсіністік пен ынтымақтың, береке-бірліктің қажеттігі бұрынғыдан да асып отырғандығын баса айтты. Қазір еліміздің басындағы қиын жағдай мен пандемиядан төніп тұрған үлкен қатерден аман шығу үшін халқымыз бір тудың астына, бір төбенің басына тастүйін болып жиналуы қажет. Қандай қиын кезеңде болмасын оны еңсерудің бірақ жолы бар, ол өзара сенім мен идеялық бірлік.
Қазіргі халық көңіл-күйіндегі үрей мен алаңдаушылық күн сайын асқынып бара жатқандай. Бұған бүкіл әлемге таралып жатқан әлеуметтік желідегі жаңсақ хабарлар, еліміздің түкпір-түкпіріндегі күрделі ахуалдардың бәрі әсер етуде. Сондықтан қазіргі басты дүние ел Президентінің үндеуінде айтылғандай ел жүрегіндегі үрейді сейілтіп, халық көңіліне сенім ұялату. Ол үшін әрине, үкімет тарапынан пәрменді шаралар қажет. Мемлекет басшысы осындай ілкімді шараларды қолға алудың жолдарын нақты көрсетіп отыр. Міне, осы орайда халық көңіліндегі үрейді басып, сабырға шақырып, сенім ұялататын идеологиялық жұмыс та өте қажет.
Әрине, еліміздегі ахуал оңай болып тұрған жоқ. Оны біз күнделікті ақпараттардан айқын сезініп отырмыз. Жіберген қателіктеріміз де аз емес. Президент өзінің үндеуінде оны ашық айтты. Кеткен қателіктерді жөндеу – халықтың көңіл-күйін орнына түсірудің ең басты тетігі, шындыққа, терең талдауға негізделген ресми ақпараттарды молайту. Бүгінге дейін түрлі әлеуметтік желідегі ақпараттарға сенудің арқасында біршама ағаттықтарға жол беріп алғанымыз жасырын емес. Тіпті, біз осы уақытқа дейін әлемдік әлеуметтік желілерде таралған коронавирус жоқ, ол әлдекімдердің ойлап тапқан идеологиясы деген ақпаратқа да иланған кезіміз болды. Міне, осындай алаөкпе ақпараттар салдарынан біз өзіміздің сарабдал санамыз бен сергек сенімімізден де айырылып, cансырап қалғандаймыз. Тек қана ресми ақпараттарға құлақ асу керектігін енді ғана түйсіне бастағандаймыз.
Сондықтан Президенттің карантинге қатысты талабын толық сақтайтын болсақ және оны әлеуметтік желі емес, ресми ақпараттарға сүйене отырып, бұған дейінгі олқылықтардың орнын толтыруға бәріміз бірігіп, бір кісідей атсалысар болсақ, бұл індетті де жеңеміз деп ойлаймын. Сол үшін қазір бізге әрекеден гөрі береке өте қымбат, ағайын. Бұл орайда сан-саққа жүгірткен тиянағы жоқ сөздерді сапыра бергеннен көрі жақсылыққа, игілікті нақты іске шақырған хабарларды көбірек таратқанымыз абзал болар еді. Оның алғашқы үлгілері әлеуметтік желіде көріне бастады. Желілерде жанын аямай, ақысыз, пұлсыз еңбек етіп, ең жоқ дегенде сөз көмегімен жұртты жұбатып жүрген жандардың өнегесі айтыла бастады. Біздіңше, елге қазіргі ең қажет дүние осындай жадау көңілге медеу болатын рухани демеушілік. Сондықтан ел азаматтары жақсылыққа, берекеге ұйытатын, сабыр мен төзімділікке шақыратын ізгі дүниелерді көбірек таратқаны жөн болар еді.
Президенттің 13 шілдені Қаралы күн деп жариялауы халықтың қам көңілін жұбатудың бір жолы. Сонымен қоса, тағы он төрт күнге қабылданып жатқан шаралардың бәрі халықтың пайдасына, дерттің таралу қарқынын тұрақтандыруға, дәрі-дәрмекті молайтып, ауруханалардағы ахуалды оңалтуға, ең бастысы жұртшылық жүрегіне сенім ұялатуға қызмет етеді деп сенейік. Сондықтан бүкіл ел болып жұмыла, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір идеяға ұйып, өзіміздің мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатын пәрменді жүзеге асыруға барынша атсалысқанымыз жөн деп ойлаймын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *