КЕНЕСАРЫНЫҢ СУРЕТІН САЛҒАН КІМ?

Қали СӘСЕНБАЙ

Мерзімді басылымдарда Кенесары хан жөнінде жиі жазылып келеді. Сол материалдарда батырдың портреті де қоса жарияланып жүр. Оған қазір жұрттың көзі үйренген болуы керек. Құжаттың ең құндысы, қымбаты дерек пен дәйекке негізделген сурет. Көзі тірісінде Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов «бұл портрет менікі» деп еді. Қолында растайтын құжаттары да бар болып шықты. Ақсақалдың сондағы айтқан сөзін қаз-қалпында беріп отырмын.

29– Бұл портретті мен осыдан 50 жыл шамасы бұрын салдым (әңгіме 90-жылдардың басында жазылып алынған). 1941–46-жылдары бірнеше рет дербес көрмеме қойылды. Сонау жылдары түпнұсқасы Мәскеуде ме, бір тұста қалып қойды. Бірақ, қолымда куәгер құжаттар бар. Қ.Сәтбаев, И.Омаров, Е.Ысмайылов қатысқан комиссия қабылдап, оң бағасын берген. Портретті салу оңайға түспеді. Үлкен кісілер Кенекеңнің Ташкенттегі немересі, гидрогеологияның ірі маманы, академик Натай Кенесарин Садық төренің айтқандарынан көп, нәрсе түюге болады деген еді, соның көп көмегі тиді. Бұл портрет ол кезде Қазақ КСР тарихында Кенесарыға байланысты материалмен бірге басылып шықты. Ал қазір әлдекімдер оның басына дулыға кигізе салған. Тек ішінара өзгерістер жасаған. Бірақ, түр-түсі, бет-әлпеті сол қалпы. Мен жез телпек кигізіп салған едім. «Киіз қалпақ, жез телпек, хандар кисе жарасар» деп жырлаған ғой ежелгі жырауларымыз. Маған Сәкеннің әкесі Сейфолланың айтқан әңгімесінің әсері ерекше болды.

Аталмыш портреттің ыстық көрінетіні – қаншама жүйке тоздырып, түн қатып, КГБ-ның қыспағында жүріп салған едім. Өкінішке қарай, бұл аралықта Кенекең де тарихымыздан аласталды ғой. «Байтал түгіл бас қайғы» заманда түпнұсқаның қайда қалғанын да білу мүмкін емес еді. Тек бір ғана үміт етерім – қолымдағы бұрынғы КСРО Суретшілер одағы басқармасының көркемдік қоры қазақ бөлімшесінің мөрімен бекітілген эталон, куәгер-қағаз. Онда «Портрет 1500 сомға бағаланған. Көлемі 60×40. Авторы – Ә.Ысмайылов. «Қазақ халқының батыры Кенесары Қасымов» деп жазылған.

Суретші Әубәкір Ысмайылов осылай деген. Олай болса, басылымдарда жарияланып жүрген портреттің авторын да көрсетіп отырғанымыз жөн болар. Әрине, суретші уақытында тарихи дүниелерде сақталған фото құжаттарды да пайдалануы кәдік. Онда Әбекең оны қалпына келтіруші болып саналмай ма? Ойландыратын тұстар көп. Дейтұрғанмен де, кезінде танымал суретші өтінішін жерге қалдырмай, фототілші Шүкір Шахай түсірген портреттің көшірмесін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *