Кене «шабуылын» бастады

Биылғы ауа-райының құбылмалы мінезіне қарамас­тан, кенелер белсенділігі артып, осы жәндіктердің шағуынан жапа шеккендер саны көбейіп келеді. «Сан­титар­лық-эпидемиоло­гиялық сараптама және мони­торинг ҒПО» мәліметінше, бүгінге дейін Қазақ­станда 4831 адамды кене шаққан.

Кене шағуынан кене инфекциясына шалдығу қаупі туындайды. Мысалы, орталық жүйке жүйесін зақымдай­тын ауыр инфек­циялық кесел – кене энцефалиті адамның мүге­дектігіне немесе өліміне апарып соғуы мүмкін. Дегенмен, бұл кенелер тарата алатын жалғыз ғана жұқпалы дерт емес. Кене энцефалиті мен кене борре­лиозы бөлек кенелерден жұғады. Кене энцефалиті туралы естіген болсақ, ал боррелиоз немесе өзге де кене инфекциялары туралы аз білеміз. Біз төменде соларға тоқталуды жөн көріп отырмыз.

 

Кене боррелиозы немесе Лайм ауруы

Кене боррелиозы – бұл қауіпті бактериал­дық жұқ­палы дерт. Бастапқы сатыда науқасты дене қызуының  38 градусқа дейін жоғарылауы, әлсіздік пен шаршау тәрізді ауру белгілері мазалауы мүмкін. Сондықтан оны көп жағдайда ЖРВИ-мен шатастырып алуға болады. Сол себепті, көбінесе ол назардан тыс қалуы мүмкін. Дұрыс емдеу шаралары тағайындал­маса, жүйке және жүрек-қантамырлар ауруы мен тері және қимыл-тірек аппара­тының зақымдалуының созылмалы түріне ұласуы мүмкін.

Ауруға шалдығудың белгісі – шағып алған жердің ортасында солғын түсті, ал шетінде ашық түсті сақина тәрізді эритема пайда болады. Әдетте, дәл осы белгі адамдардың үрейін тудырып, дәрігерге қаралуға итерме­лейді. Мұнда ең бастысы – ауруды анықтай алатын және зертханалық тексерусіз клини­калық-эпидемиологиялық тәсілмен диагноз қоя білетін жұқпалы аурулар дәрі­герінен кеңес алу. Дерт бастапқы кезеңінде қан талдауы арқылы анықталмайды және қарсы денелер тек бірнеше аптадан кейін пайда болады.

«Санитарлық-эпидемиологиялық сарап­тама және мониторинг ҒПО» паразитолог-маманы, б.ғ.д. Жанна Шапиева былай дейді: «Кене боррелиозы Қазақстан аумағында Алматы және Шығыс Қазақстан облыста­рында, Алматы қаласында кездеседі. Кейінгі жылдары бұл ауруға шалдығудың бірлі-жарым фактілері Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыста­рында тіркеліп отыр. Кене боррелиозын қазақстандық мамандар осы кесел бойынша нормативті құжаттамаға сай тек 2012 жылдан бастап есепке және тіркеуге алып жүр. Бұл статистикаға сай, кене борре­лиозын жұқтыру кене энцефалитіне шалдығу оқиға­ларынан аз. Мысалы, былтыр кене энцефалитіне жұқтыру оқиғасы 35, ал кене боррелиозына  шалдығу бойынша12 оқиға тіркелді. Алайда, бұл боррелиоз сирек кезде­седі дегенді білдірмейді. Біздің пайым­дауымызша, оған шалдығу оқиғалары әркез анықтала бермейді».

 

Дәрігерге сен, бірақ сақ бол!

Жоғарыда аталған кеселдің уақытылы анықталмауы­ның бірнеше себебі бар. Біріншіден, кене шаққан адам­ның өзіне төнген қауіпті байқамауы немесе болған оқи­ғаға салмақты түрде қарамауынан меди­циналық көмекке бірден жүгінбеуін атауға болады. Екіншіден, медицина­лық мекемеде қате диагноз қойылуы мүмкін. Себебі, кейде про­фильді емес мамандар сақина тәрізді эритема сияқты анық белгіні кене шағуына аллер­гиялық реакция деп бағалауы мүмкін. Бұған қоса, жәндік шаққан жерде ешқандай өзгеріс болмайтын эритемасыз түрі де жиі кездеседі. Соның нәтижесінде аурудың бастапқы кезеңі дер кезінде анықталмай қалады.

Уақытылы диагностика және емдеу тәсі­лінің дұрыс таңдалуы науқастардың толықтай айығуын қамтамасыз етеді. Мамандардың сөзінше, барлық кенелер инфекция тарату­шы болып есептелмейді, сол себепті олар шабуыл жасағанда бірден үрейге бой алдырмау қажет. Ең дұрысы, табылған кенені зертханаға тапсырып, онда кене энцефалитін қоздырушы­ның бар-жоғын анықтау.

Қауіп-қатер тобы мен эндемиялық аумақтар тұрғындары үшін кене энцефа­литіне қарсы екпе, кенеге қарсы иммуногло­булинмен шұғыл түрде профилак­тикалық ем көрсету, сонымен бірге кене инфекциясына шалдыққан кезде емдеу тегін көрсетіледі. Кене боррелио­зына қарсы екпе жоқ.

Алматыдағы Альбедо және MSHelp вакци­налау бойынша жеке клиникаларында екпенің 1 дозасы 5 мың айналасында, сәйке­сінше, толық курс 15 мың тұрады. Кенеге қарсы иммуногло­булин жекелеген дәріхана­ларда ғана бар және оның құны шамамен 50 мың теңге (жарақат пункттерінде тегін екенін еске саламыз).

 

Жанна ШАПИЕВА,

«Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ҒПО» паразитолог маманы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *