Әкемтеатрдағы жаңа қойылым

Тиннеси Уильямс — есімі қазақ көрерменіне таңсық болғанмен, әлемдік классикада өзіндік орны бар тұлға. Ал, «Шыны хайуанат» – Томас Ланирдің алғашқы әрі атын шығарған туындысы. Жуырда М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры аталған автобиографиялық драманы халық назарына ұсынды. Тиннеси Уильямстың шығармасы 1944 жылы жазылғанмен, уақыт пен өркениет өзгерді демесеңіз, спектакльдегі өзекті мәселелер бүгінгі таңда да бар. Адамның сенімі, сезімі шыны секілді емес пе? Сәл бір селкеу түссе, шыны секілді шағыла салуы бір-ақ сәт. Оқиға кейіпкері Аманда (Д.Жүсіп) көзінің ағы мен қарасындай болған ұл-қызы Том (Е.Бектасов) мен Лаураның (С.Бақаева) болашағына алаңдайды. Әсіресе, жасынан күйзеліске ұшыра­ған, ақыл-есінде кілтипаны бар Лаураның келешегін көз алдына елестетсе, мейірімді ана жүрегі қарс айрылатындай болады. Бірақ, оларды өмірдің уақытша қиындықтарынан бақытқа деген сенім құтқаратыны анық. Лаураның «Шыны хайуанат» әлемінен шығуына жәрдемін тигізетін де сенім ғана. Драма авторы «Байлар ғана бақытты болады» деген аксио­маның дұрыс еместігін өз өмірін, отбасын бейнелеу арқылы жеткізген.

«Бұл – менің алғашқы режиссерлік жұмысым. Еуропа мен көрші Ресей сахналарында қойылып жүрген аталған драманы өзімізде сахналауды Әлия Бөпежанова ұсынды. Көздеген негізгі мақсатым – әлемдік клас­сикадан спектакль қою. Асқар Сүлейменовтің аудармасы қолыма тиген сәтте қуанышымда шек болмады. Менімен жұмыс істеген, бойындағы бар талантын көрсетуге тырысқан Дәрияға, Ермек, Салтанат, Наз бен Дарханға алғы­сымды айтамын», – дейді өмір­баяндық драманы қалың көрерменге ұсынған режиссер Алена Қабдешова. Сонымен бірге, режиссердің еңбегінде өз үлесі бар суретші Мұрат Сапаров «Шыны хайуанаттың» басқа сахна­лардағы қойылымдарымен танысып шыққанын айтады. Қоюшы-суретші көрерменнің 40-жылдардағы амери­кандықтардың өмірімен танысуына мүмкіндік жасаған. Премьерадан ерекше әсер алған көрермен қауым сахнадағы әртістердің талантына дән риза болды. Шыныдай нәзік ғұмырда болаттай берік болуды «Шыны хай­уанат» қойылымы тағы бір үндегендей.

Е.НАЗАРҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *