ӘКЕМТЕАТР ФРАНЦИЯДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театрының ұжымы Францияның Авиньон қаласында өткен «Festіval d’Avіgnon» атты халықаралық театр фестиваліне орталық Азиядан тұңғыш рет қатысып келді.

Өнер ұжымы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар күллі түркі халық­тарының аңызына айналған Қорқыт ата тағдырынан сыр шертетін драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» атты қойылымын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қалың көрерменге тарту етті.

– Францияда өткен бүкіл әлемдік Авиньон фестиваліне Қазақстанның аты­нан барып, қатысып келдік. Франция елі бізді қуанышпен қарсы алды. Төрт күн бойы өнер көрсеттік. Әлемге әйгілі театр жұлдыздарымен жүздестік, өзара тәжірибе алмастық. Парижде, оның ар жағындағы Марсельде болдық. Бұл мәдени мереке көңілімізде ерекше әсер қалдырды. Әлемдік театрлар қазір қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын және бүгінгі біздің театрдың даму деңгейін байқадық. Ең бастысы, фес­ти­вальде қазақ театрын насихаттап, аман-есен елімізге жеттік. Ұжыммен жүргеннен кейін жолдың алыстығы, ауырлығы сезілген жоқ. Шет елдерден әр келген сайын елі­міздің кең-байтақ екендігіне көз жеткіземіз. «Қазақстанға бірнеше Франция сыйып кетеді» деп бекер айтпайды екен. Кең-байтақ жеріміз, егемен еліміз аман болсын! Біз өнерімізді насихаттау арқылы егемен елімізді, жерімізді дүние жүзіне таныту мақсатын көздейміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған Мәдениет және спорт министрлігіне қолдау көрсеткені үшін үлкен ұжымның атынан алғысымызды білдіреміз, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда.

«Авиньон» халықаралық театр фести­валінің үшінші күні М.Әуезов театрының ұжымы Литваның және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал режиссер Йонас Вайткустің сахналауымен «Қорқыт­тың көрі» қойылымын ұсынды. Фести­вальде әлемнің түкпір-түкпірінен келген үш мыңға жуық театр ұжымдары өнер көрсетті. Фестивальдің өзіндік ерекшелігі де бар. Фестивальге қатысушы театрлар өздерінің өнерін, спектаклін қала көшеле­рінде шеруге шығып жарнамалайды екен. Билеттер мен афишаларды таратады. Спек­такльді қояр алдында, М.Әуезов театрының актерлері Авиньон көшесімен жүріп өтіп, сақ, ғұн дәуірін, шамандық дәстүрдің сипа­тын еске түсіріп, қала тұрғындарына қазақ жерінен келгенін айтып өтті.  Осы орайда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс фейзбук парақшасында Франция еліне барған әсері туралы былай­ша ойын бөлісті:

«Елбасы мәдениетіміздің озық үлгілері­нің әлемдік деңгейде кеңінен танылуы мен бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық дең­гейге сай келуі аса маңызды екенін, мәде­ниет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын айқындауға болатынын айтқан еді. Кез-келген ұлттың өнері, ең алдымен, өзінің ұлты үшін керек. Ұлы өнерін әлемге паш ету үшін кез-келген ұлт, ең алдымен, өзі талпыныс жасағаны жөн.

Бұл орайда үш мың театр қатысқан дүниежүзілік театр фестивалі өткен Фран­циядағы Авиньон шаһарын «Театр фести­валі қаласы» деуге әбден лайық. Осы шағын қала аталмыш фестивальді өткізу арқылы өзін-өзі асырап отыр. Француздар өз тілін құрметтейтін ұлт болғандықтан, өзге тілде сөйлеуге құштар xалық емес.

Франция көшелерінде сақ, ғұн дәуірін көрермендердің көз алдына келтіріп, шамандық дәстүрді, бақсылық өнердің сипатын көрсетіп, қала тұрғындарының назарын өзімізге аудара алған сияқтымыз. Қала жұртшылығына қазақ жерінен келгенімізді айтып, жер бетінде қазақ деген ұлт бар екенін шама-шарқымызша xабар­дар етіп жүрдік.

Франциядағы театр фестиваліне қаты­суымыз әлемдік доп додасының жарысы­мен тұспа-тұс келгені де тегін емес шығар. «Жақсы қонақ келсе – құт, жаман қонақ келсе – жұт» демеуші ме еді, өзім әу бастан жанкүйер болған  командам жеңіске жетті. Франциялықтардың жеңісті қалай тойла­ғанын сол елде көрдім. Елдің мерейін асырған бұл жаһандық жеңіс ұлттың руxын аспандатты. Көшедегі әр адамның көзіндегі қуанышты көріп көңілім өсті. Бұл елде ұлт мерейін өсіретін жағдайда ғана көліктердің дабыл қаққыштарын іске қосады екен. Көліктер «серенадасынан» құлақ тұнған сәтте «қашан менің елімді жұдырықтай жұмылдырып, осылай қуантатын уақыт туады» деген ой келді. Бойымды билеген қуа­нышты сәт бір демде кеңсірігімді ашытып, кеудемді өксікке толтырды. «Жаратқан соған жеткізе гөр!» деп тіледім» деп жазған актер Бекжан Тұрыс.

Еске сала кетейік, әкемтеатр 1984 жылы Францияның Нанси қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне Ә.Мәмбе­товтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спек­таклімен қатысқан болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, араға 34 жыл салып, өнер ұжымы орталық Азиядан тұңғыш рет әлемнің үздік театр фестиваліне қатысып келді.

 

Әділғазы КЕРЕЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *