«Әкемнің қыз да болсам ұлындаймын»

Елінің үкілеген аруы, Сыр бойында басшылық қызмет атқарған, елдің сүйікті қызына айналған Аманкүл Болтайқызы халқының есінде жүр

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Біздің жас кезімізде ауданда жалындаған жас қыздардың есімдері дүркіреп шығып жататын. Жаратылысы әйел заты болса да, сол кездегі партия саясатынының ықпалы мен үндеулеріне ер жігіттермен қатар үн қосып, трак­тор рөліне отырды, қолына таяқ алып шопан болды. Сондай ержүректі қыздары­мыздың бірі — құмкенттік Аманкүл Бол­тайқызы еді. 1963 жылы Құмкенттегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті үздік бітіріп, ауылдағы комсомол-жастардың белсенді ұйымдасты­рушыларының бірі болды. Сүгір күйшінің күйлерін домбырада шебер орындап, халық композиторларының әндерін тамылжыта орындайтын. Сол кезде даңқы дүрілдеп шығып тұрған республикаға танымал күйші Файзолла Үрмізовтің бастамасымен құрылған ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі болды. Республика көлемінде өткен ауыл өнерпазда­ры­ның байқауларында талай мәрте жүлде алды. Үлкен сахналарда оркестрге қосылып күй тартып, ән айтып, аудан мен облыстың атынан өнер көрсетті. Аманкүлдің әкесі Болтай кезінде Оңтүстік өңіріне кең танылған, ел басқарып, би болған. Қазақтың қайраткер ұлы Сәкен Сейфуллин, кемеңгер жазушылар Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов Құмкентке келгенде қасында болып, тілдескен, дастар­хандас болған жан. Ел ішінде «Ойда Бостан, қырда Бостан» деген сөз қалған. Баба Түкті Шашты Әзіз әулие кесенесін жаңартуға атса­лысқан, кеңестік кезеңде партия ұйымының хат­шысы болған, елдің жаңа қоғамға бейім­делуіне еңбегін арнаған жан.

Аманкүл Болтайқызы да республика бас­шылығы көтерген «Жастар – екінші тыңға!» үндеуіне үн қосып, мектепті бірге бітір­ген құрбы-достарымен бірге комсомол-жастар бригадасын құрып, еңбек етті. Одақ көлемінде аты шыққан созақтық Бибі Төлебаева әпкесі­нің ізімен аудандағы озат шопандардың қата­рында аты аталып жүрді. Жас шопандар­дың республикалық слетіне қатысып, Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында да болады. Ұлы адамның сөзі жас қыздың жүрегіне берік орнығып қалса керек, ауылдың көсегесін көгертуге мықтап бет бұрады. Алматы зоотех­никалық-малдәрігерлік институтына келіп түсіп, болашақ мамандығын таңдайды. Жоғары оқу орнының қабырғасында оқып жүріп те жалындаған жастық қабілетімен танылады. Жастар арасында белсенділік танытып, комсомол ұйымының мүшесі болады. Көркем­өнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, жастар­дың білім алумен бірге ұлттық өнерден де қол үзбеуіне ұйытқы болады. Жоғары оқу орны басшылығы мен комсомол ұйымының мақтау қағазын алады. 1969 жылы институтты үздік бітіріп, жолдамамен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Төменарық» кеңшарына келіп, еңбек жолын одан әрі жалғастырады. Осы жоғары оқу орнында оқып жүргенде бола­шақ өмірлік қосағы Дінислам Доскелді­ұлымен тағдыр қосады. Дінислам да өнерлі жігіт. Аманкүл ән шырқағанда домбыра мен баянда сүйемелдеп тұрады екен. Жұптарын жазбастан сахнада өнер көрсетіп, жүрген жерінде төңірегіне сәуле шашады. Ауылға кел­генде шаруашылықтың есеп жұмысын жүргі­зіп, жаңа ортада қабілеттілігімен, еңбексүйгіш­тігімен тез танылады. Көп ұзамай кеңшар комсо­мол ұйымының хатшысы болып, ауыл жастарын еңбек пен өнерге тартады. Осылай­ша жалынды қыздың қызмет сатысы біртіндеп жоғарылай береді. «Түгіскен» ауылдық кеңесі төрағасының орынбасары, 1975 жылы «Жайылма» ауылдық кеңесінің төрайымы қызметіне келеді. Одан кейін «Задария» кеңшары партия ұйымының хатшысы болады. Жастайынан бойына ерекше қабілет берген дарынды қыз қайда жүрсе де, елмен ортақ тіл табысып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. «Красная звезда» мен «Түгіскен» кеңшарлары партия ұйымының хатшысы болып ауысқанда да, шаруашылық экономикасын арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсар­туға күш-жігері мен іскерлік қабілетін арнады. Кешегі кеңестік жүйе ыдырағанда «Аққорған» ауылының әкімі қызметін де абыроймен атқарды. Ең бастысы, адами қасиетімен танылып, ауыл тұрғындарының қуанышы мен қайғысын бірге бөлісуінің арқасында елдің ішінде зор беделге ие болды. «Нұр Отан» партиясының ауылдағы жетекшісі, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, округтік сайлау комиссиясының жетекшісі қоғамдық қызмет­терінің басында жүріп те елмен ортақ тіл табыса білді. Әр жылдары «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың игерудің 30 жылдығы» медальда­рымен, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің Құрмет граматосымен марапатталды. Ауылдық, аудан­дық және облыстық кеңестердің бірнеше мәрте депутаты болып сайланды. Созақтан шы­ғып, Сыр өңіріне судай сіңіп, тастай батқан Аманкүл Болтайқызы «Домалақ ананың ұрпағы», «Ауылдың анасы Аякең» атанды. Өзі де аяулы ана, сүйікті жар бола білді. Өмірлік қосағы Дінислам екеуі шаттықты ғұмыр кешті, үш перзент өсіріп, он бес немере сүйді. Зей­нетке шыққаннан соң да елмен қоян-қолтық араласып жүрді. Ел-жұртына қадірі артқан, еңбек ардагері, қоғам белсендісі, ұлттық өнердің үлкен жанашыры Аманкүл Болтай­қызы 2007 жылы 61 жасында кенеттен қайтыс болды. Туғанынан жалындап өткен, халқының қадірлісі болған, мейірім-шапағаты мол жанның жүрек соғысы осылай тоқтаған еді.

Көзі тірісінде мағыналы ғұмыр кешкен, еліне елеулі, халқына қалаулы болған Аман­күл Болтайқызының соңында жақсы сөз қалды. Кезінде қазақ қаламгерлері Сафуан Шаймерденов пен Қосжан Мүсірепов елінің құрметіне бөленген Аманкүл Болтайқызын шығармаларына арқау етті. Созақтық қаламгер Сабырбек Олжабаев «Аққудың әні» атты поэтикалық пьеса жазды, Д.Доскелдіұлы естелік эссе кітап арнады. Аманкүл Болтайқы­зы өмірден көкейге түйгендерін өлең етіп жазып, «Елімнің үкілеген аруымын» атты жырла­рының таңдаулыларын баспаға ұсынған екен. Кезінде әндер де шығарған, өлең-жырла­рының негізгі өзегі туған жерге деген сағыныш пен елдің ынтымақ-бірлігіне, адамгершілік асыл қасиеттерге арналды.

«Әкемнен қазына емес, сөз қалыпты,

Жырымен тентектерді тезге сапты.

Еңбегі мен қызметінің куәсі боп,

Көркейген, өсіп-өнген ел қалыпты.

Ішінде омыртқаның жұлындаймын,

Әкемнің қыз да болсам ұлындаймын.

Әкемнің алақанын сахна етіп,

Сайраппын бес жасымда бұлбұлдайын.

Мен-дағы әке жолын таңдап алдым,

Халқыма қызмет етсем деп армандадым.

Әкенің ізгі арманын жалғастырып,

Елімнің қызметіне жарап жүрмін»

деп жаза­ды Аманкүл Болтайқызы «Өзім жайлы» өлеңінде. Әкесі зор денелі кісі болса керек, бес жасар қызын алақанында тұрғызып, үйреткен тақпақтары мен әндерін ел алдында айтқызады екен.

«Туған жер туралы толғау» атты өлеңінде:

«Ғасырлар шежіресі кенттер екен,

Құмкентім кенттердің төресі екен.

Бабалар топырағынан жаралған бұл,

Тектілік пен іріліктің үлгісі екен.

Бабаларым өзіңде өсіп-өнген,

Аналарым жіп есіп, өрмек өрген.

Отау тігіп ағалар, інілерім,

Ақ босаға аттаған жеңге, келін.

Едіге, Алпамыс батырларға рух берген,

Баба Түкті Шашты Әзіз пірім екен.

Ел жұртыма су ішкен «Жылы бұлақ»,

Құт-береке дарыған киесінен.

Жиендерін жетектеп, тағзым етіп,

Төркін жұртқа сағынып кеп жүремін»,

деп жазады.

«Сәкеннің әні – Қаратау,

Сүгірдің – күйі Қаратау.

Қыздың көші – Алтынтау,

Мәртебеміз өскен тау»,

деп жырға қосады «Қаратау» атты өлеңінде.

«Қыз — жат жұрттық» дегендей, Теріс­кейден түлеп ұшып, еңбегімен, ән-күйімен ерте елге танылып, Сыр бойына бойжеткен болып ұзатылып, барған жерінің бағын ашқан, адами асыл қасиеттерімен төңірегіне шапақ шашқан Аманкүл Болтайқызы аққан жұлдыздай өмірден өткенімен, соңына өшпес із қалдырып кетті. Туып-өскен туған жері мен Сыр өңірінің халқы елі үшін аянбай еңбек еткен ардақты қызының есімін есте сақтау мақсатында көшелерге атын беру туралы мәселе көтеріп жүргені де осындай игі мақсаттан туса керек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *