Кемелдікке жеткен әйелдер

Мәриямның анасы ұзақ жылдар бала көтермейді. Жаратушы тілегін қабыл алғаннан кейін Ханнаның басынан өткен жәйттер Құранда баяндалғандықтан, біз үшін үлкен сабақ. Өйткені, аяғы ауыр екенін білген сәтте Ханна, Мәриямның анасы Алла Тағалаға ант етіп: «Жаратушы Алла, құрсағымдағы баланы Саған арнаймын, оның Сенің дініңе, Байт-әл-мағдиске қызмет еткенінен басқа ештеңе қаламаймын» дейді. Адам өзге біреуден алған затын қайтарып бере алады. Ал егер ант еткен болса, ол антты кері қайтарып ала алмайды. Біз бүгін Ханнаның Жарату­шының алдындағы ниетін, оған берген антына тоқталамыз. Бұл сөздерді біз үлкен сызықтармен сызып, мағы­насына терең үңілуіміз керек. Осындай ниеті бар аналар батыр ұлдарды өмірге әкеледі. Сондықтан біз осы тақырыпты кеңінен сөз етпекшіміз. Осы бір тақуа әйелдің, Ханнаның ізгі ниеті әлемді құтқарып қалды. Қарап тұрсақ, бұл әлемнің аман қалуы тақуа аналардың құрсағында-ақ басталады екен. Біздің бүгінгі әлем балаларын ізгі ниетпен Аллаға тапсыратын осындай дәрежедегі аналарға мұқтаж. Бүгін қандаймыз? Артымыздан ерген баламыз болса, оған машина, киім алып беруге асығамыз. Менің абыройым деп ұлымызбен мақтанамыз. Оның ержетіп, әке-шешесіне көмектескенін, қолғанат болғанын қалаймыз. Бірақ Ханнаның тілегі бұл емес еді.

– О, Алла! Менің тілегімді қабыл алшы. Ақиқатында, Сен бәрін Естушісің және Білушісің, – деп құрсағындағы баласының Алланың дініне кызмет еткенін қалай­тынын сұрады. Тақуа әйелдің бұл сөздері Құранда келтірілген.

Бірақ ол өмірге қыз бала әкелгенде біраз абдырайды. Өйткені, Байт-әл-мағдиске тек ер азаматтар ғана қызмет ететін.

Сұбханалла! Пайғамбарымыз (с.а.с) өз хадистерінде айтып кеткеніндей, жер бетіндегі тіршіліктің Адам алейхис­саламнан бастап ақырзаманға дейінгі аралықта Тажалдың шығуымен басталатын бүліктен үлкен бүлік жер бетінде болмайды. Тажалдың жер бетіне шығуымен көп адамдар жолынан «адасып», соның кесірінен тозаққа түседі дейді пайғам­барымыз. Ал сол Тажалға қарсы тұрып, оны тоқтататын кім? Ол – Мәриямның ұлы Иса пайғамбар. Ал Иса пайғамбардың дүниеге келмей тұрғандағы оның туыстық бастауы кімнен бастау алады? Оның бастауы – Мәриямның анасы Ханнаның балаға зар болып жүргенде Жаратушыға берген уәдесі, ішкі ниетінен басталған болатын. Жер бетіндегі ең үлкен бүлікке қарсы тұрар күш – әйелдердің ниетінде жатыр. Әйелдер қауымы, егер сіздер құрсақтарыңызға бала біткен күннен бастап ниеттеріңіз түзу болса, тәрбие осы құрсақтан басталады. Бүгінгі ғылым құрсақта жатқан бала анасының көңіл-күйі мен сөздерін қабылдайтынын дәлелдеді. Егер анасы ашуланшақ болса, бала да шаршайды. Егер анасы сабырлы, сенімді болса, іштегі бала да сондай күй кешеді. Ал анасы Ханна сияқты «менің балам Сенің дініңе қызмет жасаса екен» деп дұға жасайтын болса, ол баладан қандай үлкен тұлға шығатынын ойлай беріңіз. Біз бүгін неге осындай тілек тілемейміз?

Құранда Алла Тағала Ханнаның жоғарыда айтқан дұға-тілегі, антына былай жауап береді: «Алла – бәрін Естуші, Білуші. Кемшілік атаулыдан Пәк Алла сенің ниетіңді әрі жүрек түкпіріндегі қалауыңды біледі» дейді. Ханна, Мәриямның анасы Алла Тағаланың Еститінін, Оның Ханнаны естіп тұрғанын білетін. Ақиқатында, Алла бәрін Естиді, ол сіздің де, менің де дұғамды естиді. Соны білген Ханна Алланың бұл Сипатын жүрегінде сақтайды. Ханнаның тілегін қабыл алған Алла оған Мәриямды беріп, оның дәрежесін көтереді. Ал Мәриям болса кейін өз уақытында бүкіл ғаламды Тажалдан құтқаратын Иса пайғамбарды өмірге әкеледі. Бір деректерде айтыла­тындай, Иса пайғамбардың келуімен Тажал суда еріген тұздай болады. Оның құпиясы неде дейтін болсаңыз, ол әу баста Аллаға таза ниетімен дұға жасаған Ханнаның «Исламға қызмет ететін бала болсын» деген тілегі. Мәриям ханымның өміріне қатысты бұл дерек біз бен сіздерге үлкен  ғибрат. Кез-келген ісімізде біздің ниетіміз түзу, адал болуы әрі Аллаға иек артуымыз керек. Біз бүгінде сараңбыз. Бұл бала – менің балам, ол менің атымды иеленіп жүр, менің ізбасарым дейміз. Бірақ ол балаларды да  Алла Тағаланың өзі берді. Сондықтан олардың амандығын біз үнемі Аллаға аманат етуіміз керек. Иә, Алла, Өзіңнің шексіз Мейірімің арқылы Мәриямның анасына нәсіп еткен адал, таза ниетті бізге де нәсіп еткейсің. Әумин!

 

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *