Кемелдікке жеткен әйелдер

Ең жақын жандарың­нан айырылу деген үлкен қасірет. Оның қайғысын көтеру адамға оңай емес.  Фатима 15 жасында ана­сынан айрылады. Одан кейін үлкен әпкесі Зей­неп аурудан көз жұмады. Тағы аздаған уақыттан кейін Фатима тұрмысқа шыққан жылы әпкесі Руқая қайтыс болады. Тағы біраз уақыт­тан кейін әпкесі Зейнептің бірнеше бала­сы өмірден озады. Бұл қай­ғыдан ес жия алмай жат­қанда Фатима ең соңғы әпкесі Үммі Гүлсімнен айрылып қалады. Енді осындай ауыр қайғыға сырт көзден қарап көрі­ңізші. Алла елшісі бала­ларын бірінен кейін бірін жер қойнына тапсырып жүр. Ақыр аяғында пайғам­барымыз жалғыз қызы Фатимамен ғана қалады. Ал Фатима үшін әкесі адамдардың ішіндегі ең қадірлісі еді. Әкесі қызының жүрегіндегі асыл жан болатын. Алла елшісі оның жан-жүрегі, ішкі әлемімен тұтасып кеткен болатын.  Пайғам­бары­мыз (с.а.с.) өмірден оз­ған­да Фатиманың қасі­реті анасы мен әпкесін жоқтап қайғырған кезде­гі­ден де ауыр алды.

Ең соңғы қажылық сапарында Алла елшісі сырқаттанып қайтқан­дықтан Фатима оны емдеу үшін ерінбей-жалықпай  әкесі­нің үйіне жиі барады. Ол әкесін бір минутта жалғыз қал­дырмай жанында бо­лады. Тек аздап көз шырымын алатын кезде ғана үйіне қайтып, таң атар-атпастан қайта әке­сінің жанынан табылатын. Қызының әкеге, Алла елшісіне деген қарым-қатынасы осылай сүйіс­пеншілік пен құрметке толы болатын. Сондықтан да Алла елшісі бұл пәни дүниеден озарда бәрінен бұрын осы қызы қатты қина­латынын білген. Өйткені, бәрінен бұрын Алла елшісіне ең жақын адам Фатима еді. Фатима басқаларға қара­ғанда әкесін қатты жақсы көретін. Сол үшін де бұл қайғы оған ауыр тиетінін әкесі сезеді.

Сондай қиын күн­дердің бірінде пайғам­барымыздың жанында жұбайы Айша, қызы Фатима және тағы бір­неше әйелдер отырған болатын. Сонда Алла елшісі ақырын ғана қызын шақырып, оның құлағына естілер-естілмес сыбыр­лап қана бірдеңелер айтады. Сонда Фатима­ның өңі бұзылып, жылап жібе­реді. Аз уақыттан кейін ол Фатиманы жанына шақы­рып алып, қайтадан құла­ғына сыбырлайды. Сол кезде Фатима жымиып, күледі. Мұның бәрін көріп отырған жанындағылар бұл көрініске таңғалады. Осы­дан кейін бәрі ол бөлмеден сыртқа шығады. Алла ел­шісінің қызына не айтқаны Айшаны (р.а) қатты қызық­тырған­дық­тан, ол бірден «О, Фатима, әкең саған не айтты?» деп сұрайды. Сонда Фатима «кешір, мен Алла елші­сінің құпиясын жария ете алмаймын. Айта ал­маймын, ренжіме» дейді.

Пайғамбарымыздың өмірден озға­нына екі-үш күн өткенде Айша (р.а) Фатимадан «өткен жолы Алла елшісі саған не айт­ты?» деп қайтара сұрайды.

Сонда Фатима әкесінің бірінші рет шақырғанда құлағына не сыбырлап айтқанын бөлісіп, былай дейді: «О, Фатима, Жәбі­рейіл періште маған әр жыл сайын Құранды бір рет қана оқитын. Осы жылы Рамазанмен қос­қанда екі рет оқыды. Осы аурумен бірге мен о дүниеге атта­натын сияқ­тымын» дейді. Сол кезде Фатима жылап жібереді. Ал екінші рет шақырғанда әкесі қызына «Сен жұмақ­тағы әйелдердің ханымы болуға разы емес­сің бе?» дейді. Ал екінші бір деректерде Алла елшісі қызына «менің артымнан көп кешікпей келетін жан­ның бірі – өзің боласың» дегенді естіп, қуанып кеттім дейді.

Менен кейін сен де көп кешікпей өлесің дегенді естігенде қуанатын адам кемде-кем шығар. Бірақ Фатима ханым өз өмірін Алла елшісінен кейін бір сәтке болсын елестете алмайтын.

Пайғамбарымыздың соңғы демі жақындап, бұл дүниемен қоштасар сә­тінде қызы жанында отырған болатын. Әкесінің ең соңғы сәті, ең соңғы демі екенін көріп отырған Фатима «қайғы, қайғы» деп деген сөздерді айта бастайды. Сонда Алла елшісі қызына қарап, ақырын ғана «О, Фатима, сенің әкең үшін енді бүгінгі күннен кейін қайғы жоқ. Бұл дүниенің уайым-қайғысы осымен аяқталды. Мен енді кем­шілік атаулыдан пәк болған Ұлы Раббыма қарай жол тарттым» деп мәңгілікке көз жұмады.

Әнәс (р.а): «Біз Алла елшісін жерлеп, моладан қайтып келгенде Фатима бізден, «О, Әнәс, сендер не істедіңдер?» деп сұ­райды. Біз пайғамбарды жерлеп қайттық» деп жауап бердім. Сонда Фати­ма маған: «сендер қалай ғана қолдарың барып Алла елшісін жер­леп, оның жүзін топы­рақпен жаптыңдар? Сен­дер қалай ғана бұны істедіңдер?» дейді. Сонда Әнәс (р.а.):

«О, ардақты Алла елшісінің қызы, біз не істегенімізді білеміз. Ал­ланың шариғаты осын­дай» деп жауап қатады.

Фатима болса әкесі­нің моласына қарай асы­ға басып, оның басынан екі уыс топырақ алып, жүзіне басып тұрып: «пайғамбар қабі­рінің демін жұтқан адам бұдан кейін еш­қандай да мускустың жұпарын иіскегісі келмей қалады. Менің басым­дағы қай­ғының үлкендігі сон­дай, егер бұл жарық күндері басыма түссе, жер беті түнек болар еді» дейді. Әрине, бәрінен бұрын Алла елшісі, пайғамбар­мен қоштасу оңай емес. Бірақ Алланың қалауы сол еді. Пайғам­бары­мыз­дың өмірден озғанына алты ай болғанда, Фатима күн санап нашарлай бас­тайды. Омар ибн әл-Хат­таб сияқты ұлы­лардың өзі біршама уақыт бойы ақылдарынан адасып қалса, Әли сияқты батыр, нағыз арыстандай азамат орнына тұра алмай қалады. Алла елшісінің көз жұмғанын естіген жұмсақ мінезді Осман сөйлеуге үні шықпай қалса, ең жақын қызы Фатима қандай күйде болуы мүмкін? Алла елшісінің ең сүйікті қызы екенін біліп, көріп өскен Фатима да әкесін әке ретінде, пайғамбар ре­тінде де, тәлімгері, ұстазы ре­тінде де жақсы көретін. Сондықтан оның қаза­сынан кейін ешкім Фати­маның күлгенін көрген емес. Осындай қиын күндерде балалары мен жұбайы Әли оны бір сәтке де жалғыз қалдыр­май, үйде, жанында болады. Тіпті, ол Әбу Бәкірдің ант беру сәтіне де кешігіп барады. Алты ай бойы Әли жұбайы Фатиманың жанында болып, оның қайғысын бірге бөліседі. Бұдан кейінгі Фатиманың өмірі жайлы дәрісімізді біз келесі жолы толықтай  түйіндейміз.

 (Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Бетті дайындаған –

Әсел ДАҒЖАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *