КЕМЕЛДІККЕ ЖЕТКЕН ӘЙЕЛДЕР

Таң намазының қадір-қасиеті

Әли мен Фатиманың шаңырағы тақуалық, діндарлық және тәрбие этикасына тұнып тұратын. Күн­дердің күнінде Хасан мен Хусейн ауырып қалады. Сонда Фатима мен Әли «балаларымыз жазылып кетсе, үш күн бойы ауыз бекітіп, ораза ұстаймыз» деп бір-біріне серт береді. Алланың қалауымен оларға шипа қонып, жазылады. Бірақ осы күндері бұл шаңырақта тіске басар тамақ жоқ еді. Содан Әли тамақтың жартысын қарызға алады. Бір-біріне уәде еткендей оразаның алғаш­қы күні кешкілік ауызашар сәтінде Фатиманың қолында бір тілім нан болатын. Ниет етіп, дұғасын жасап, ауыз ашам дегенше үйдің есігін қаққан дыбыс естіледі. Есікті ашқаны сол еді, киімі өрім-өрім, аш-жалаңаш бір қайыршы жеуге тамақ сұрайды. Ас үйге қайта кірген Фатима еш ойланбастан өздері ауыз ашамыз деп отырған бар тамағы – бір тілім нанды қайыр­шыға бергізеді. Ал өздері қара сумен ғана ауыз ашып, соған қанағат тұтады. Екінші күні ауызашар сәтінде бұлардың есігін жетім бала қағып, жеуге тағы тамақ сұрайды. Үшінші күні ауызашар сәтінде тұтқын келіп, есік қағады. Бұл күні тағы бар тамақтарын беріп, өздері аш қалады.

Осындай қиын күндердің бірінде пайғамбарымыз (с.а.с.) мешітте болатын. Жанында жүрген Хасан мен Хусейн аштықтан талықсып қалады. Сонда Алла елшісі оларды құшағына қысып, немерелерінің аш екендіктерін түсінеді. Осы сәтте Жаратушы Алла «Әл-Инсан» сүресін түсіреді.

Бүгінгі күні аналар осындай тәуекелге бара ала ма? Ауызашар сәтінде өзіне тиесілі соңғы тілім наны болса да, өзін де, баласын да аш қалдырып, есіктің артындағы мүсәпірді жарылқай ала ма?

Күндердің бірінде Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкір мен Омар үшеуі тамақтанып отырған сәтінде алдын­дағы астың бір бөлігін алып, «мына тамақты Фатимаға жеткізіңдерші, Алланың атымен ант етейін, ол үш күннен бері нәр татқан жоқ» дейді. Расында, ол қызының үш күннен бері ас ішпегенін білген еді.

Басқа бір күні Фатима үйде нан жеп отырып, әкесінің аш екенін сезіп, жаппа нанның жартысын Алла елшісіне әкеп береді. Қызы­ның қамқорлығына сүйсінген пай­ғамбарымыз риза кейіппен жаппа нанды жеп алады.

Бүгінгі күні тұрмысқа шығып, балалы болған қыздар әкесінің жағдайын ойлай ма? Кейбіреулері тіпті, ата-анасын ұмытып кетеді. Ал жасы жетіп, егде тартқан адамдар ауырып, қиналып жүруі әбден мүмкін. Мүмкін, оларға дәрі керек шығар. Ал тұрмысқа шыққан қыз­дар отбасы, бала-шағасы, күйеуінен аса алмай жатады. Қызының әкеп берген жаппа нанымен өзек жалғаған пайғамбарымыз «Алланың атымен ант етейін қызым, үш күннен бері нәр татпай, өзек жалғап отырғаным осы» дейді. Әкесі мен қызының арасындағы ерекше бай­ланыс, құрмет, қамқорлық оларды көрегендіктің ең жоғары деңгейіне жеткізді. Сондықтан болар, Алла елшісі Әли мен Фатиманың үйіне бара жатыр дегенді естісе, олар «пайғамбарымыз оларға қандай тәлім-тәрбие, өнеге айтып жүр екен» деп елеңдеп отыратын. Өйт­кені, олар Алла елшісінің ол шаңырақ дегенде жүрегі махаббат пен қамқорлыққа тұна, елжіреп тұратынын білетін.

Әдеттегідей Алла елшісі күйеу баласының үйіне келгенде қызы Фатима үй шаруасымен жүретін де, Әли үнемі өз ісімен болатын. Сондайда Алла елшісі немерелері­мен ойнап, соларға көңіл бөлетін. Сондай күндердің бірінде ол үйде Фатиманың жалғыз отырғанын көреді. «Қызым, Әли қайда? деген сауа­лына:  «қатты ашумен үйден шығып кетті» деген жауап алады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды демекші, жұбайлар арасында болатын реніш секілді олардың да арасында аз-маз ұрыс болған екен. Алла елшісі күйеу баласын іздеп, оны мешіттің ішінде ұйықтап жатқан жерінен тауып алады. Жерде жатқандықтан оның бетінде топырақ­тың іздері болған еді. Алла елшісі Әлиді түртіп, о, Әбу Тұраб, жер әкесі, көзіңді аш, көзіңді аш дейді. Жәймен ғана көзін сығырайта ашқан Әли алдында тұрған Алла елшісін көріп, ұшып тұрады. Екеуі ақырындап үйге қарай беттейді. Күйеу баласының үйіне кірген пайғамбарымыз қызы мен Әлиді татуластырады. Осыдан кейін Әли өзін Әбу Тұраб деп атағанды жақсы көреді. Өйткені, бұл лақап атты оған Алла елшісі қойған болатын.

Тағы бір күні Алла елшісі өз үйінде Үммі Сәләмәмен отырған еді. Ол өзіне күйеу баласы мен Фати­маны және немерелерін шақыртады. Бәрі жиналған кезде Алла елшісі оларды құшағына алып, үстеріне жеңіл күртешені шатыр сияқты жапқызады. Өзін де, балаларын да құшағына алып тұрып, Алла елшісі «О, Әлемдердің Раббысы, мынау менің отбасым, бұларды күнәлерінен тазартып, жамандықтан сақтағайсың» деп дұға етеді. Осы сәтте Үммі Сәләмә үйдің шатырының да «әмин» деп айтқанын естігенін айтқан.

Әрбір таң намазын оқитын кезде Алла елшісі Әли мен Фатиманың есігін қағып, «намаз, намаз, намазға тұрыңдар» деп оятатын. Ересек жастағы отағасы мен отанасы болса да, Алла елшісі балаларына деген қамқорлығын ұмытпайтын. Өйт­кені, таң намазының екі рәкәт сүннеті пен парызын оқу —  адамды түрлі жаманшылықтан сақтайтын  Алла алдындағы дәрежесі жоғары құлшылық.

 

Тосын сауал — тосын жауап

Қазіргі кезде киім сатып алуға «kaspі red» деген Каспий банктің қызметі шықты. Сол арқылы алуға бола ма, болмай ма?

«Каспий ред» – бөліп төлеу. Бөліп төлеу үкімінің негізі бар ғой. Бірақ каспий редте уақытылы төлесең еш айып­пұл немесе пайыз төлемейсіз. Ал уақытынан кешіктірер болсаңыз, 2000 теңге айыппұл бар. Бұның үкімі қандай болады?

АЗИЗБЕК.

Құрметті сауал жолдаушы, «kaspі red» қызметі қарызға ақша беруге көбірек ұқсайды. Осы жөнінен алған­да, аталған қыз­меттің шари­ғатқа келіңкіремейтін тұстарын байқауға болады. Соның бірі – берілген қарыз ақшаны уақы­тылы төлемегені үшін тағы­латын айыппұл. Мұндай айыппұл шариғатта өсім болып есепте­лінеді. Оған ғалымдар арасында талас жоқ. Бұл жайында Халық­аралық Фиқһ академиясы былай деген:

Егер пайыздық өсім алу қарас­тырылған болса, кредиттік төлем карталарын шығару және оларды қолдануға рұқсат жоқ. Тіпті, карта ұстаушы жеңілдік кезеңі ішінде (өсім өсірмей – авт.) төлеп тастауға ниетті болса да үкім осы.

Тағы көзге батар қайшы тарапы, аталмыш клубқа ену – бірінші жылы тегін. Екінші жыл­дан бастап таңдаған лимит бойын­ша бастапқы жарна төле­неді. Мысалы, 50 мың теңгелік лимит үшін 5995 теңге жарна төлеу шарт. Бұл жерде берілетін қарыз есебінен пайда көрушілік байқалады. Ал қағида бойынша қарыз беруші берген қарызынан пайда көретін болса, онысы өсім болмақ.

Ендеше, діни тұрғыдан қара­ғанда, аса зәру жағдайда болмаса, мысалы, балалардың киіміне, емделуге, т.б. осы сияқты зәру кездерде ақша қажет болып, қарызға алатын жер табылмаса мәжбүр болғандықтан жүгінуге рұқсат деуге болады. Алай­да, жайшылықта (зәру жағдай­лардан тыс уақытта) аталмыш қызмет түрін пайдаланбаған дұрыс. Өйткені, өсім бар. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! www.іslam.kz

 

Бетті дайындаған – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *